Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3917 0 пікір 23 Қаңтар, 2014 сағат 06:23

Рүстем Әлқожа. Смағұл жолы – елшілдік жолы

1-сурет: Смағұл Садуақасұлының портреті. Суретші Ж.Бауырхан

2-сурет: Смағұл Садуақасұлының зираты

3-сурет: Смағұл Садуақасұлының кітабы

4-сурет: «Смағұл жолы – елшілдік жолы» іс-шарасына қатысушылар

 

(Осыдан 80 жыл бұрынғы С.Садуақасұлы «қырқын» еске алу орайында)

         1933 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш тұлғасы Смағұл Садуақасұлының «қырқын» білген, естігін адам кемде-кем шығар.

         Қазақы жүйемен қарағанда, қайраткер қайтқан соң 40 күн шамамен 1934 жылдың 25 қаңтары болады екен.

         Халқымыз «Ораза, намаз – тоқтықта» дейді. Сондықтан 30-жылдардың қиын-қыстауында Смағұлдың «қырқын» ет жақындары болмаса кім есіне алып жатты дейсіз?

1-сурет: Смағұл Садуақасұлының портреті. Суретші Ж.Бауырхан

2-сурет: Смағұл Садуақасұлының зираты

3-сурет: Смағұл Садуақасұлының кітабы

4-сурет: «Смағұл жолы – елшілдік жолы» іс-шарасына қатысушылар

 

(Осыдан 80 жыл бұрынғы С.Садуақасұлы «қырқын» еске алу орайында)

         1933 жылы 16 желтоқсанда қайтыс болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Алаш тұлғасы Смағұл Садуақасұлының «қырқын» білген, естігін адам кемде-кем шығар.

         Қазақы жүйемен қарағанда, қайраткер қайтқан соң 40 күн шамамен 1934 жылдың 25 қаңтары болады екен.

         Халқымыз «Ораза, намаз – тоқтықта» дейді. Сондықтан 30-жылдардың қиын-қыстауында Смағұлдың «қырқын» ет жақындары болмаса кім есіне алып жатты дейсіз?

         Зерттеулерге қарағанда, С.Садуақасұлының қайтыс болғанын «Известия» газетінен басқа бірде-бір газет, оның ішінде Қазақстанның ешбір басылымы хабарламаған. Мәскеу газетіне қазанаманы сол жерде қызметте жүрген Т.Рысқұлов пен Н.Нұрмақов бастаған қайраткерлер беріпті (Қамзабекұлы Д. Смағұл Садуақасұлы. Алматы: «Қазақстан» баспасы, 1996,  37-б.).

«С. Садуақасұлын ақтық сапарға шығарып салған азалы жиынға қайын атасы Әлихан Бөкейхан, жары Елизавета Әлиханқызы, Мәскеудегі қайраткерлер (Т.Рысқұлов, Н.Нұрмақов т.б.), қаламгерлер, студенттер қатысыпты.

Сол қаралы шараға куә болған қаламгер Ғалым Малдыбайұлының (ол кезде студент) естелігіне құлақ түрелік:

 «Бір жолдас: «Өлерінен екі күн бұрын Смағұлға барсам, жүдеген екен, халы төмендеп, көзі көрмеуге айналған екен. Бірақ ақыл-есі дұрыс екен.

  • Смағұл, қалайсың? Тиышпысың? – дедім.
  • Тиышпын. Ана жылдары ұрсып жүргенде «сен өлсең, мыңдаған «пахарон» (өлімді хабарлаған қағаз – Д. Қ.) жасаймын деуші едің, енді жаса «пахаронды» деді» деп, ол жолдас шорт кесіп, әлденелер ойына түскендей қабағын шыта қалды...

Крематория басына жиналғандардың ішінен бір жолдас: «Смағұл өмірінде сатылуды жек көретін, өз жолында мықты жігіт еді. Оқуын бітіре салып, қазаға ұшырағаны аса аянышты болды» деді...»

Ғ.Малдыбайұлы Смағұлдың «қырқына» орай ол туралы естелік жазып, 1934 жылдың қаңтарында «Социалды Қазақстан» газеті басқармасының атына жіберді. Газет оны баспайды. Қайта газет редакторы Әйтіке Мұсаұлы осы хаттан үзінді келтіре отырып, 1934 жылы 22 ақпанда «Төңкеріс дұшпаны – ұлтшылдардың сыры жеріне жеткізіле ашылсын» атты мақала жазады» (Бұл да сонда, 36 -б.).

     Күрделі жылдардың күмілжіген естеліктері осылай сөйлейді.

     Тоталитарлық билік қазақ арғымағының аяғын ғана тұсаса бір сәрі ғой, ауыр балғамен маңдайдан ұрып сұлатты немесе жасырынып тұрып ту сыртынан атып құлатты. 1933 жылы. Қақаған қыста. Сол жылы Смағұл болжаған ашаршылықтан қалың елі қынадай қырылып жатты...

     Кремль қазақтың көз жасын не қылсын?!.. 1934 жылы С.М.Кировын өз қолымен өлтіріп, өтірік «қабырғасы қайысып» тұрды. Ұлаңғайыр террор осылай басталды...

     Халқымыз әдетте қайтқан кісінің «қырқын» дәл 40 күн толтырмай, ерте де беріп жатады. Бәлкім, 30-жылдары Мәскеудегі Алаш зиялылары да солай істеді ме екен?..

     Осы және басқа да тарихи оқиғаларды еске ала отырып, Астана қаласындағы «Мейірім» қоғамдық қоры (төрағасы А.Жайжұманов) 2013 жылы 28 желтоқсанда Хан Кене сарбаздары қорымына қайта жерленген Смағұл Садуақасұлы рухына дұға бағыштап, елдік деңгейде имандылық шарасын өткізді.

     Шара «Смағұл жолы – елшілдік жолы» деп аталды. Оған елорданың Қ.Тәукенов, Қ.Бейсенов, Ә.Сәтенов, Б.Кәрімов, Қ.Смағұлов бастаған ақсақалдары, М.Өтелбаев, Ж.Мәлібекұлы, С.Негимов, Д.Қамзабекұлы, З.Қабылдинов, Б.Әбдуәлиұлы секілді ғалымдары, М.Мұсаев сынды дін қызметкері және жастар ұйымдарының өкілдері қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

     Төменде осы жиында сөйленген кейбір сөздерді қысқаша ұсынғанды жөн көрдік.

Қасым Тәукенов, мемлекет және қоғам қайраткері:

     - Біз – тарихы терең, дәстүрі бай елміз. Арғы түркі заманына дейін де, түркі заманында да, хандық дәуірінде де, отаршылдық бұғаудағы зар заманда да, кеңестік қыспақта да біздің қанымыз, жанымыз «Азаттық! Мәңгі ел!» деп тулады. Қазақтың маңдайына сыймай кеткен арда ұлы Смағұл - осындай арманнан туған тұлға. Оны туған, өсірген – қазақ халқы, қазақ арманы, ел мүддесі. Бар болғаны 18 жасында қайраткер болып қалыптасады. Бір атаның баласымын демейді, тұтас қазақтың баласымын дейді. Жаңа заманның бар жақсылығын туған халқына әкелу үшін күреседі. Кеңес өкіметі аяқтан тұрмай жатып кооперация мәселесімен шұғылданып, қазақтың малы, жүн-жұрқасы, ет-сүті елдің игілігіне жарасын, қаланың техникасы ауылға келсін деп бәйек болады. Ол тек саясатпен айналысқан жоқ, қолына қалам алып, газет-журнал басқарып, елдің көзін ашу мен талғамын көтеру жолында көп дүние жазды. Омбыда да, Орынборда да, Мәскеуде де кім қазақты ұлт ретінде, ел ретінде кемітсе, кеңірдегінен алды. Мірдің оғындай сөзімен, дәлелімен ұлтын көздің қарашығындай қорғады. Кеңес қызметінде жүрсе де оның әрбір сөзінен, ісінен Алаш рухы байқалды. Ол Қазақстан шекарасын айқындауға байланысты Алаш жолын жалғастырды. Ақмола мен Семей губернияларын Сібірге, яғни Ресейге кіріп кетуден сақтады.

     Экономикаға байланысты да көп жұмыс істеді. Республика Госпланын басқарды. Өндірісті жергілікті жерде қалыптастырудың жөн-жобасын ойластырды. 1925-1927 жылдары Халық ағарту министрі болып тұрғанда қаншама мемлекетшіл істердің бастауында тұрды. Екі жылда нағыз ел басшысына лайық жұмыстарды атқарды. Бұл туралы ғалымдарымыз жақсы жазып жүр.

     Смағұл сүйегінің күлі 2011 жылы елге жеткізілді. Бұл бізді сынаған кезең болды. «Бүгін біз даңқты бабаларымыздың жолына лайықтымыз ба? Ісіміз мемлекеттік өреде ме?» деген сұрақ тұрды. Түптің түбінде Құдай қолдап, оның сүйегі Кенесары сарбаздарының қорымына жерленді. Туыстары мен зиялылар басын көтерді, оған да тәуба!

     Алдағы жоспар мынау: Ақмола – тарихи өңір. Қазір жұртқа таныс болып қалған «Хан Кене сарбаздары қорымынан» бөлек Тайтөбеде де осындай зират болған. Ол қорымды дұрыс тауып, сол жерге лайықты белгі қою керек. Осы «Қараөткел зиратын» ел қадірлейтіндей, Тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалар жерленгенін сезінетіндей қалыпқа келтіруді жауапты орындардан талап етуіміз керек. Бұл – олардың абырой жинайтын борышы.

     Бейіт - өткен мен бүгінді жалғастырып отыратын тарихи орын. Смағұл сүйегінің Астанаға келуі – мұнда зиярат етушілерді ғана емес, халқымыздың бәрін ойлантады деп санаймын. Халқын шексіз сүйіп, ұлтты дамыту жолында аянбай тер төккен, алмас қылыштай мінез танытқан Смағұлдай қаһарманымыздың шәйіт өлімі де, аманат-мұрасы да, бейіті де - біздің құндылығымыз!

Мұхтарбай Өтелбаев, ҚР ҰҒА академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:

     - Мен бүгінгі жастар ұлттың батырлары түгіл, ұлттың қарапайым дәстүрінен ажырап қала ма деп қорқамын. Тілдің жағдайы күнде сынға ұшырап жатыр. Төбеден гептил құйылып, киіктеріміз қырылды. Балалар мұғалімдікке емес, сауда-саттыққа, әділеттікті місе тұтпайтын мамандықтарға ұмтылып жүр.

     Алаш зиялылары қандай бақытты! Биік идеялар үшін күресті, сол жолда мерт болды. «Алла бәрін көруші, бәрін сезеді» деп жазылған Құранда. Ендеше олар – нағыз шейіт, жұмаққа баратындар. «Қараөткел қорымында» Хан Кене сарбаздары тасына «200 сардар шейіт кетті» деп жазыпты. Сол заманда-ақ бағасын берген екен.

     Смағұл туралы біраз материалды оқып жатырмыз, өткен жылдары екі конференциясына қатыстық. Өзі жап-жас, бірақ Шоқандай ғұлама, Наурызбайдай батыр екен. Мен биліктің көзін жеткізе отырып, театр, институт ашқан, ашып қана қоймай мазмұнын Алаш зиялылығымен байытқан С.Садуақасұлындай көреген қайраткер аз деп ойлаймын. Замандары солай болды ма, бұлар шетінен энциклопедист. Біз олардың шаңына ілесе алмаймыз. Мені өкіндіретін жайт: осындай адамдар ұзақ жасай алмады. Кеңес өкіметі қыршынынан қиды.

     Тәуелсіздік алғанымызда, осы Смағұлдай зиялылар қайта ақталғанда, біз «енді ел боламыз» деп қуанған едік. Енді бүгін қарасақ, әлі баяғы проблемалар аяғымыздан шалып жатыр. Оны осы біз шешпегенде, бүгінгі билікте жүргендер шешпегенде, болашақ ұрпақ шеше ме? Олар өз проблемасын шешсін.

     Астана ақсақалдарының, «Мейірім» қорының бүгінгі шарасы өте орынды деп білемін. Аруақтарға Құран бағыштасақ, біз тек сауап аламыз. Ал, жамандыққа, Голощекинге қарсы тұрған Смағұлдай тұлғаға дұға оқу – сауаптың сауабы.

     Менің ұсынысым: С.Садуақасұлының сүйегі жерленген қорымда кемі 200-150 жылдық құлпытастар тұр. Хан Кене сарбаздары тасының жөні бөлек. Осыны кешіктірмей оқып, халыққа жариялау керек. Мен – математикпін, сондықтан барлық жазуда жүйе бар, ол міндетті түрде оқылады деп есептеймін.

     Екінші айтарым: осы ескі қорымға мұғалімдер мен жастарды әкеліп тұру керек. Астана тарихын, үлкен тұлғаларды танып білсін.

Жандарбек Мәлібекұлы, ҚР Мемлекеттік Елтаңбасының авторы, профессор:

         - Бұл бейітті қорғап қалудың өзі - бір кітапқа жүк болғандай тарих. 2006-2007 жылдары жергілікті ақсақалдардың сұрауы бойынша мен осы зиратты зерттеп, қалыпына келтірудің және елордалық кейіпке бейімдеудің нобайын жасай бастадым. Суретке түсірдік, ескі жазуларды оқыта бастадық. Қай жерге ашаршылық кезінде адамдарды жинап көмгенін анықтадық. Сол уақытта мешіт-тағзым орны-музей біріккен кешенінің жобасын өмірге алып келдім. Қла басшылығына ұсындым. Осы жобада «егер Кенесарының бас сүйегі немесе Алаш зиялыларының сүйегі табыла қалса, қойылатын орын» да жоспарланды. Бүгінде «тәуба!» дейміз, Хан Кене сарбаздарының қорымы анықталып, С.Садуақасұлы сүйегінің күлі Мәскеуден Астанаға алынып келінді. Осы екі факт аталған зираттың мәнін арттырып отыр.

Менің пікірім: «Тағзым-имандылық кешенін» соғуды бастауымыз керек. Кенесары сарбаздары жерленген тұстан зират сыртына «тағзым орын» жоспарлағанымыз жөн. Мұнда қарапайым халық пен әскерилер келіп, танысып, ант қабылдайтын болады.

     Өмірімде екі нәрсеге қатты қуанамын. Бірінші, Ташкенттегі Төле би кесенесін қайта қалпына келтіру жобасына қатыстым. Екінші, Алаш қайраткері С.Садуақасұлын қайта жерлеу шарасына атсалыстым.

Серік Негимов, ҚР Гуманитарлық ғылымдар академиясының академигі, профессор:

     - Атам қазақ бар сынды орнымен қолданған ғой. «Сандалбай сөз сайтан ауыздан шығады» деген мәтел бар. Дана Абай ниеті бұзықты «сайтанкөз» дейді. Осы «Баһадүрлер қорымын» бір кезде «Тегістейміз, көшіреміз, мұнда кәдімгі пенделер жатыр. Бейіттің ғұмыры елу-ақ жыл» деп көкігендер болды. «Қалалық парк жасаймыз» деген шенеуніктер де кездесті. Аяғы не болды? Бұл қорым 2010 жылдан қаланың қорғалатын ескерткіштер тізіміне енді. Соңғы уақытта Хан Кене сарбаздарының бейіті табылып, осында Смағұлдың сүйегі қайта жерленді. Мен С.Садуақасұлының болмыс-бітімін сипаттайтын бейнені таптым: ол – бойына Әл-Фарабидің ақылы, Атилланың қаһармандығы біткен тұлға!

     Бұл бейітте әйгілі көпес Қосшығұл, өнерпаз Бабақ әулеті жерленген. Балуан Шолақтың Ғалиясына да, атақты Халфиндерге де, Ақмола мешіттерінің имамдарына да, Х.Болғанбай балаларына да топырақ осы жерден бұйырған.

     Пантеон дегенді қазір көп айтып жүрміз, бұрынды-соңғы қазақ зиялылары осында халқынан бөлінбей-ақ жатса, «Баһадүрлер қорымы» осы болмағанда қайсы болады?

     Менің ұсынысым: бірінші, сырттан келген қонақтар қала тарихын білуді осы жерден бастауы керек; екінші, Астананың тарих-жағрафия және тіл-әдебиет мұғалімдер міндетті түрде осы жерде көргені жөн, әйтпесе қала мен өлке тарихы туралы олар балаларға не айтады?; үшінші, қазір әлі де болса кеудесі көмбе Қасым Тәукенов сияқты қарияларымыз бар, осы қорым тарихы туралы сол кісілерден көп нәрсе жазып алуымыз қажет.

Дихан Қамзабекұлы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор:

         - Құдайға шүкір, қазір Астана халқы 800 мыңнан асты. Мектеп саны 80-ге жетті. Көзі ашық ағайын қазан айның соңынан Хан Кене сарбаздары мен С.Садуақасұлы бейітіне зиярат етіп келеді. Кеше желтоқсан айындағы Тәуелсіздік мерекесі шараларында көп жиын осында қазақ тұлғаларына тәу еуден басталды. Ерлердің рухына дұға бағышталып жатыр. Ата дәстүріміз, ата салтымыз осындай.

         Біздің бойымызда кеңестен қалған қорқыныш, үрку, сенімсіздік әлі де бар. Смағұл сүйегінің күлі мұсылман тәртібімен жер қойнына берілмегені шымбайымызға батып жүретін. 2011 жылы «тәуекел!» деп елдік шараны бастадық. Сонда біраз жауапты азамат: «Әлі ерте, кейін арнайы делегациямен барамыз» деумен болды. Қазір сол азаматтардың қайда жүргенін де білмейміз. Олар Мәскеу үкіметі күнде бізге орайлы шешім шығаратындай сенімді болды деп айта алмаймыз, жай жауапкершіліктен қорықты. Ал, сол кезде Смағұл сүйегінің күлі тұрған орында 1992 жылдан күнде христианның діни рәсімдері жасалып жатты. Бір басшы Д.Медведев мәңгі отыратындай «Мен оның көмекшілерін танимын, келешекте солар көмектеседі» деді. Бұрынғы РФ президентінің көмекшілері тоқсан сайын демейік, жыл сайын ауысатыны қарапайым адамға да белгілі ғой.

         Басында Мәскеуге барамыз деген депутаттар делегациясы әлдекімдердің пәрменімен «бармайтын» болып қалды...       

Жарайды, ақыры қайраткер сүйегі елге жетті. Одан кейінгі жүрексінулер ше? Зиялы қауымның көңіл-күйі сенат пен мәжіліс депутаттарын да қозғап жіберді. Әңгіме Елбасына дейін жетті. 2011 жылы 18 мамырда осы мәселеге байланысты Парламентте жабық отырыс болды... «Жазмыштан озмыш жоқ» деп, «қара молаға» аманттап қойдық. «Шүкір!» дейтін іс - сол жолы елорда әкімдігі 250-300-дей зиялы азаматтың басын қосып, С.Садуақасұлы рухына Құран бағыштап, құдайы ас берді.

         Нақ бұл кезде пендешілікпен былай деп ойладық: «Егер Хан Кененің бас сүйегі табылса, осындай салғырт күй кешеміз-ау?..» деп.

         Себебі, мұндайда алақан жайып өкіметке қарап отыруға болмайды. Қоғам, қауым, жанашырлар қайда? 2013 жылы  қазан айында Смағұл сүйегінің Хан Кене сарбаздары қорымына жерленуі, басына ескерткіш орнатылуы осылай жүзеге асты.

         Осы жолда біз Астана ақсақалдарынан, діндарларынан көп кеңес алдық.

         Уақыт бір орында тұрмайды. Қалай дегенде де тарихи Ақмола мен Кенесары хан қозғалысының тағдырлас жері көп. Сондай-ақ бір кездері «Ақмола губерниясы» деген аумақ 20-жылдары Смағұлдар болмаса Ресей еншісінде кетері анық еді. Олай болса Ақмола тарихы С.Садуақасұлы тұлғасымен де тағдырлас. Біздіңше, біздің ең үлкен міндетіміз – осы тарихты халқымызға және елордалықтарға кеңінен насихаттау болмақ. Тарих – одан сабақ алу үшін де тарих.

Зиябек Қабылдинов, ЕҰУ «Еуразия» ГЗО директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

         - Қазір әлемде қазақ 16 миллионнан асты. Шеттегі 5 млн қазақ қандай жағдайда жүрсе де қара шаңыраққа қарап елеңдейді. Сайттардан және туыстардан естіп жатырмыз: Астанадан Хан Кене сарбаздары зираты табылғаны оларды рухтандырып отыр. Смағұл Садуақасұлының басына ескерткіш қойылғанына олар да қатты қуанады. Осы тұста Елбасымыздың салиқалы саясатына, қала басшылығына, бастамашыл азаматтарға рахмет айтамыз.

         Омбы өлкелік музейінде Кенесарының ұзын мылтығы тұр. Аты-жөні қатталып жазылған. Осыны неге алуға немесе Ресей үшін құнды басқа бір жәдігермен ауыстыруға болмайды?

         Мені ХХ ғасырдағы адамзаттың жантүршігерлік оқиғасы – Кейкі батыр бас сүйегінің РФ Эрмитаж Кунсткамерасында тұрғаны қатты ойландырады. В.Путин большевиктермен күрескендердің бәрін ақтап алды. Сонда біздің Кейкі адамзаттың соры ма, қоры ма?.. Мемлекет басшылығы немесе ұрпағы неге мәселені тікесінен қоймайды? Торғайдан шыққан біраз ақсақалдарды білеміз, солар осы мәселені тіпті айтпайтын болды. Кезекті орден, атақ алғандарына мәз. Ау, Кейкі қор болып жатқанда не орден, не қуаныш? Мен бұл сұрақты Торғайдың ғана емес, барлық қандасыма, өзіме де қоямын.

         Өзім Омбыда туып, сонда оқып, жетілдім. Шақат, Байтұяқ, Қоянбай Құдық-шілік, Сегізбай, Қараөзек, Жарағаш, Қызылағаш, Тұмба, Қараман, Алқұл, Сармырза, Қасқат, Томар ауылдары мен Шарбақкөл, Есілкөл аудандарының аты мен заты, тамырынан ажырамаған ақсақалдары бізді тәрбиеледі. Мен мәңгі-бақи туған жеріме, оның азаматтарына қарыздармын. Сондықтан «Омбы қазақтары» атты сериялы кітаптар жазу – менің борышым. Смағұл сынды тұлғалардың Омбыда оқып-жетілгені де – мен үшін мақтаныш.

         Ұсынысым: бүгінгі патриот қазақ жастарының портретін жасауымыз керек! Патриот азамат Кенесарыны, Алаш зиялыларын, соның ішінде Смағұлды білуі керек, ана тілін, ата дінін, ұлт музыкасын меңгеруі керек т.б. Осыларды білмесе, «білігі төмен, антипатриот» деген баға алуы тиіс. Әйтпесе қазір тарихты білмей-ақ, қазақ тілінде сөйлемей-ақ «патриот болуға» жағдай жасалып қойған.

Мәмлүк Мұсаев, С.Ғылмани мешітінің найб-имамы:

         - Дүниеде барлық нәрсенің себебі бар. Алланың жазуы дегенді ұмытпалық. 90-жылдары Ақмолада жалғыз ғана мешіт болды. Бірде бас сәулетші В.Лаптев атынан біздің қолдауымызды сұраған жоба келді. Онда осы ескі зиратты сырып тастау көзделіпті. «Мұсылмандар мұндайға қатты қарсылық білдіреді» деп қол қоймадық. Жергілікті ақсақалдарға, өлкетанушыларға рахмет, осы қабірстанды сақтап, қорғау үшін көп жұмыс істеді. Әрқашан бізбен кеңесіп отырды. Бұрынғы дарбаза үстіндегі Құран сөзін біз жаздыртқан болатынбыз. Байырғы имамдарымызға топырақ осы жерден бұйырғанын білеміз. Оларға жиі дұға бағыштап тұрамыз.

         Хан Кене иманды болған. Өлтірердің алдында намазын оқуға пұрсат сұрапты деген сөз бар. Сарбаздары да иманды деп ойлаймыз. Әйтпесе ел үшін, жер үшін, азаттық үшін күресіп, сол жолда жайдан-жай шаһит болды дейсіз бе? Смағұл Садуақасұлының әкесі - молда болған адам. Мен сол елге күйеу баламын. Бүгінге дейін шалдар Садуақас молда туралы жақсы сөз айтып отырады. Өзін жазықсыздан-жазықсыз 37-жылы атып жіберіпті. Смағұл - «Исмаил» пайғамбарымыздың атынан алынған ныспы, ол – Ибрагим пайғамбарымыз бен Ажар анамыздың тұңғышы. Араб этносының бастауында осы Исмаил тұр. Садуақас – Мұхамед пайғамбарымыздың «Саад ибн Абу Ваккас» есімді ержүрек сардар-сахабасының аты-жөнінен алынған атау. С.Садуақасұлы кітаптарында қазақтың дәстүрлі дініне деген табиғи көзқарас бар. Ғалымдарымыз осыны білсе дейміз. Сондай-ақ біз тарихты айтқанда тұлғаларды дүниелік білімді ғана ойлаған етіп көрсетіп, дін-исламнан тысқары алып кететін атеистік тұжырымдардан арылуымыз қажет.

         Құдай Ақмоланың көне қорымына жерленген әйгілі азаматтардың о дүниесін берсін. Біз олардың басына барып Құран оқу арқылы Алланың пендесіне берген кең несібесін, ел үшін құрбан болудың мәнін, сын сағаттағы ерліктің үлгісін, тәубаға келудің жолын түсінеміз.

Бекжан Әбуәлиұлы, ЕҰУ Мәдениет және рухани даму институтының директоры, филология ғылымдарының докторы:

         - С.Садуақасұлы еңбектерінде ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы мәдени-рухани үдеріс жақсы сипатталған. Меніңше, оның еңбектерінен тілшілер, әдебиетшілер, тарихшылар, мәдениеттанушылар, экономистер көп нәрсе ала алады. Бізде, өкінішке қарай, қазақ экономикасына қазақтың көзімен қарау жетіспейді. Смағұл осы мәселені жақсы жазады. Өзі кооперация арқылы қазақ шаруасын өркендету ісінің басында тұрыпты. Бүгінгі ауылды қараңызшы. Не көресіз? Жұмыссыздық пен рухани деградация. Аграрлық ел екеніміз жасырын емес, ендеше неге Смағұлдар айтқан жолмен ауылды гүлдендіруге болмайды? Мал бағып, соның қызығын көрмеу деген не?.. Қазір театр мен педагогика туралы жиі айтатын болдық. Осы істі жүйелі ұйымдастырудың басында Смағұл тұрғанын неге айтпаймыз? Корифей дейтіндеріміздің бәрі 1925 жылдың соңында С.Садуақасұлының бастамасымен Қызылордаға жәрмеңкелер мен ауылдардан жиналғанын білеміз бе? Бірінші институт деп жүрген ҚазПИ-дің негізі министр С.Садуақасұлының үлкен жігерімен Ташкентте 1926 жылы қаланғанын неге ұмыттық? Смағұл өз тұсында 5-6 газетке редактор болды. Сол басылымдарға Алаш зиялылары жиі мақала жазып тұрды. Бүгінгі журналистер осы жағын тереңірек айтса дейміз. Қазір коньюнктурадан шықпаған қайсыбір министрлерді тұлға деп дабырайтатын болдық. І.Омаров, Ө.Жәнібеков сынды халықшыл министрлердің бастауында Смағұл Садуақасұлы тұр. Биліктен шеттетілген Алаш тұлғаларының бәрі Смағұлды арқа тұтқан, әйгілі М.Әуезовтің өзі жас кіші Смағұлды «аға тұтқан». Біз егер С.Садуақасұлын нағыз мемлекет қайраткері деп жиі айтатын болсақ, бүгінгілер сондай тұлғаларға бой түзер еді...

Қадырбай Бейсенов, Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің мүшесі, еңбек ардагері:

         - Қазір еліміз бен ел басшылығы тарихқа, тарихи тұлғаларға Тәуелсіздіктің мақсат-мұраты тұрғысынан қарап келеді. Қаншама игілікті шаралар атқарылды. Елорда әр жылы тарихты тану мен ұлықтауға байланысты кешенді жұмыстарды жүзеге асырады. Қазақ елі монументі, Жәнібек пен Керей ескерткіші, Отан-Ана ескерткіші, Ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш және мұражайлар ел тарихын көрсетеді.

         Астанада Хан Кене сарбаздары зиратының табылғаны, С.Садуақасұлы бейітіне құлпытас орнатылғаны – елорда зиялыларының ауызбірлігі, тарихты қадірлеуі деп білемін.

         Елорда ардагерлері – үлкен ұжым. Біз зираттарды күту, тарихи орындарды бағалау қажеттігін жастарға жиі айтамыз. «Атаның батасы» деген жақсы сөз. Мен елорданың дәстүр сабақтастығы мықтап орнаған қала болып қалыптасуын қолдаймын. Смағұл мұрасы қазір Қазақстан үшін өте маңызды.

Құрбан Смағұлұлы, «Қараөткел» зиратының шырақшысы:

         - Бұл зираттың тарихи маңызы зор екені сөзсіз. Төңкеріске дейін Ақмолада 5 мешіт болса, соның бар имамы осында жерленген. Қазан, Уфа, Ташкент, Бұхара, Самарқан қалаларынан келіп осында ғұмыр кешкен ірі дін қайраткерлері мен көпестер де сонда қойылған. Әл-Азхарды бітірген М.Смағұлов деген ғалым бар. Сол кісі құлпытастардан ғұламалар мен имамдарды ажыратып отыр. Кейде қайран қаламын, мен - Сыр бойынан, Марат Есіл бойынан, бірақ аталарымыздың аты Смағұл екен. Бұл да бір Алла бұйыртқан сәйкестік шығар.

         Зират қоршалғанша мұнда не болмады? Алқаштар мен бұзылғандар өріп жүрді. Бір кездері мұндағы құлпытастарды зауыт пен үйдің іргетасы етіп қалап жібергенін естудің өзі ауыр... Қазір көп нәрсе түзеліп қалды. Астана әкімдігіне, ескерткіштерге жауапты К.Қоқымоваға, ингуш тамырымыз М.Гуцериевке, осы қорымды абаттаймын деп жүрген А.Найманов, М.Әбсеметов сынды кісілерге алғысымыз шексіз. Хан Кене сарбаздары бейітінің табылып, Смағұл Садуақасұлы сүйегінің осында жерленуі бұл зираттың маңызын одан сайын арттырды. Құдайға тәуба дейміз. Зиярат етушілер, тарихқа қызығушылар көбейді. Құранның жиі оқылғаны бәрімізге жақсы. Әлі де ел болып бірлесіп атқаратын жұмыстар жеткілікті.

Абай Жайжұманов, «Мейірім» қоғамдық қорының төрағасы, қоғам қайраткері:

- «Жастар шағын ауданындағы мұсылмандар қорымында Кенесары сарбаздары жерленген» дегенді бұрын жергілікті көнекөз қариялар сыбырлап қана айтатын. Оның себебін кейін түсіндік, «тарихқа қырын қараған өкімет біліп қойса, бұзып тастайды» деген болуы керек. Рас, осында насос зауыты тұрғызылғанда, көп бейіт тас сонда тасылған. Бұл жер қаланың шеті болып, еріккен жастар құлпытастарды қаруына мешен еткен. Мұнда оқтан ойылған, тесілген тастар көп-ақ.

Қасым Тәукенов ағамыз Смағұл Садуақасұлы сүйегі Астанаға әкелінген кезден қатты әбіржіп жүрді. «Қайраткерді лайықты жерлеу керек!» деп. Ойлы, талапты жастар әрқашан ақсақалдардың батасына, кеңесіне зәру ғой. Қазақ елі осындай азаматтардан құралақан емес. Астана зиялылары, қайраткердің туыстары атсалысып, басы қарайтылды. Ел болудың жолы - осы.

Кезінде Қорғалжын ауданын басқарып жүргенімде Кенжебек Күмісбековке мәдени бағытта ескерткіш орнатқанымыз бар. Болашақта Астананың көрнекті орнына С.Садуақасұлына ескерткіш тұрғызған дұрыс, оның атындағы шеттегі тар, қысқа көшені жаңа даңғылмен ауыстырған орынды, қаланың бір мектебіне есімен берген жөн деп ойлаймыз. Ең басты міндет – жастарға Смағұл қасиетін сіңіру, оның еңбегін халыққа кеңінен насихаттау.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5322