23 мыңнан астам көлік техникалық жарамсыз болып танылған
Көлік министрі Марат Қарабаев техникалық байқаудың алдын ала нәтижесін жарялап, 1 миллион 800 мың көлік құралдары техникалық байқаудан өткенін хабарлады. Нәтижесінде 23 мыңнан астам көлік техникалық жарамсыз болып танылған.
"Бұл ретте парламент сенатының қарауындағы заң жобасы шеңберінде жалған техникалық байқау жұмыстарын жүргізуді болдырмау үшін техникалық байқау операторларының рұқсат қағаздарынан айыру және айыппұл мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен 100-ге дейін ұлғайту қарастырылған", – деді министр үкіметтің бүгінгі отырысында.
Оның айтуынша, осы шаралар техникалық байқаудан өту кезіндегі заң бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда жалпы 950 техникалық байқау операторлары жұмыс істейді.
Abai.kz