Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» (жалғасы)
4.
Туы қайта желбіреген «Манастың» жинақталған нұсқасын іріктеудің жолын көрсетіп берген Әуезовтің көмегіне қырғыз ағайындар әлі де мұқтаж еді. 1952 жылдың қараша айында СССР Ғылым Академиясы Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенті Д.А.Қонаевқа: «Манастың» басылымын іріктеуге көмек көрсету үшін академик Мұхтар Әуезовті Қырғыздың Тіл, әдебиет және тарих институтына ұзақ мерзімге жіберу туралы өтініш білдірді. Оған 22 қараша күні: Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1953 жылдың 1 қаңтарынан бастап СССР Ғылым Академиясының Қырғыз бөліміне көмекке баруына рұқсат етілсін,– деп Д.А.Қонаев бұйрық берді.
Бірақ ол бұйрық орындалмады. Өйткені М.Әуезовті «Манастың» жырын емес, өзінің басын қорғайтындай, тіпті, қорғай алмайтындай шамырқанулы күндер күтіп тұрды. «Манастың» кезекті конференциясы 6-шілдеге қойылды. Тура сол күндері «Абай» мен «Абай жолы» романдарының тас-талқанын шығарған мақаланың әлегімен басы дауға қалып, шытырман ойға шырмалып жүрген еді. «Манастың» бұл дауына қатыса алды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.
Реті келгенде айта кетейік, 1954 жылы 11-наурыз күні ол өзінің көптен күпті боп күткен еңбегінің өтеуі ретінде А.Дәулеткелдиевтен:
4.
Туы қайта желбіреген «Манастың» жинақталған нұсқасын іріктеудің жолын көрсетіп берген Әуезовтің көмегіне қырғыз ағайындар әлі де мұқтаж еді. 1952 жылдың қараша айында СССР Ғылым Академиясы Қазақ ССР Ғылым Академиясының жаңа президенті Д.А.Қонаевқа: «Манастың» басылымын іріктеуге көмек көрсету үшін академик Мұхтар Әуезовті Қырғыздың Тіл, әдебиет және тарих институтына ұзақ мерзімге жіберу туралы өтініш білдірді. Оған 22 қараша күні: Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1953 жылдың 1 қаңтарынан бастап СССР Ғылым Академиясының Қырғыз бөліміне көмекке баруына рұқсат етілсін,– деп Д.А.Қонаев бұйрық берді.
Бірақ ол бұйрық орындалмады. Өйткені М.Әуезовті «Манастың» жырын емес, өзінің басын қорғайтындай, тіпті, қорғай алмайтындай шамырқанулы күндер күтіп тұрды. «Манастың» кезекті конференциясы 6-шілдеге қойылды. Тура сол күндері «Абай» мен «Абай жолы» романдарының тас-талқанын шығарған мақаланың әлегімен басы дауға қалып, шытырман ойға шырмалып жүрген еді. «Манастың» бұл дауына қатыса алды ма, жоқ па, ол жағы бізге беймәлім.
Реті келгенде айта кетейік, 1954 жылы 11-наурыз күні ол өзінің көптен күпті боп күткен еңбегінің өтеуі ретінде А.Дәулеткелдиевтен:
«Құрметті Мұхтар Омарханұлы! СССР ҒА Қырғыз академиялық филиалы сізге «Манас» эпосының жинақталып, іріктелген трилогия жобасының үш бөлімін жолдап отыр. Мүмкін болса, наурыздың аяғына дейін өзіңіздің қорытындыңызды жазбаша жіберуіңізді өтінеміз»,– деген хат алды.
«Абай жолын» аяқтап көңілі көтеріліп жүрген шалқымалы тұсына тап келген бұл хаттың жауабы тез қайырылуы да мүмкін. Тек қырғыздардың мынандай рухани ерлікке барып жатқан кезінде қазақ эпостарының қапасқа қамалып, жариялануына тиым салынуы жүрегін бір шымшып өткені анық.
Ол 1956 жылы 3-шілде күні «Манастың» басылымын жүзеге асыру жөніндегі кеңейтілген редакциялық мәжіліске қатысып, өзінің осыдан төрт жыл бұрынғы пікірлерінің орындалу барысымен танысып, төрт кітаптан тұратын «Манас» жырының соңғы нұсқасының бекітілуіне қолын қойды. Қазақ тіліндегі аудармасына алғысөзді, әрине, оның өзі жазды.
Өзгесін былай қойғанда, Мұхтар Әуезовтің «Манас» эпосының тағдырын шешкен осы еңбегінің өзі-ақ оның есімін әлемдік руханият тарихында мәңгі қалдыруға толық татитын ерлікке пара-пар оқшау оқиға еді.
Әрине, мұндай көсемдік парасатты кеңестік идеология кешірмейтін. Сондықтан да олар Мұхтар Әуезовке қарата шұғыл да шөгел жазалау шарасына кірісті. Бірінші болып партияның «көксемсерлі жауынгері» «Правда» газеті жаза зүлпүһарын көтерді.
АЛТЫНШЫ ТАРАУ: ПӘҢГІНІҢ ТАЛҚЫСЫ
(«Ең сорлы өзімшіл ... күншіл күйік…бақытсыз жазушы»)
1.
Кеңестік Сталин дәуірінің соңғы жиһад дауылы 1953 жылы 13-қаңтар күні соқты. «Халықтар көсемінің», «ұлттардың әкесінің» ми қан тамырларының жұмысы бұзылып, дауасыз дерті мизаялыққа ұласып, емделуден күдер үзе бастағанда ғаззауаттың бас сұрқылтайы Берия өзін әрі сақтап, әрі ақтап қалудың амалына көшіп, жаңа лаң бастады.
Сол күні барлық ТАСС жүйесі мен «Правда» газетінде «Бір топ дәрігер-зиянкестердің тұтқындалуы» туралы дүрбелең хабар басылды. Бұл соңғы үш жылдың ішіндегі жүргізілген саяси жазалау мен қастандықты әшкерелеуге нүкте қоятын, Мұхтар Әуезовтің өзі «жеті басты жалмауызға» теңеген айдаһардың жетінші басы еді. Онда:
«Осыдан біраз уақыт бұрын Мемлекеттік қауіпсіздік мекемесі өздерінің алдына зиянкестік емдеу арқылы кеңес өкіметінің белсенді қайраткерлерінің өмірін қысқартуды мақсат етіп қойған бір топ дәрігерлердің террористік тобын әшкереледі. Бұл террористік топтың қатарында: профессор Вовси М.С.; емдеуші-дәрігер, профессор Виноградов В.Н.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган М.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Коган Б.Б.; емдеуші-дәрігер, профессор Егоров П.И.; емдеуші-дәрігер, профессор Фельдман А.И.; дәрігер отоларинголог, профессор Этингер Я.Г; емдеуші-дәрігер, профессор Гринштейн А.М., дәрігер-невропатолог, емдеуші-дәрігер Майоров Г.И. бар.
Деректік құжаттар, медициналық экспертизаның зерттеулері мен қорытындылары, тұтқындалғандардың көрсетіндісі бойынша, қылмыскерлер, жасырынған халық жаулары ауруларды қасақана зиянкестікпен емдеп, олардың денсаулығын бұзған. Тергеу жұмыстары мынаны көрсетті: террористік топтың мүшелері өздерінің дәрігерлік құзыры мен аурулардың сенімін пайдалана отырып емделушілердің денсаулығына қасақана зиян келтіріп, зерттеу барысында нақты анықталған дертке жалған диагноз қойып дауасын өзгертіп, шипасына сай келмейтін ем жасады. Қылмыскерлер, Жданов жолдастың сырқаттығын пайдаланып, оның жүрек талмасы бар екенін біле тұра мұндай ауыр дертке қарама қарсы әсер беретін ем қолданды, сөйтіп Жданов жолдасты қасақана өлтірді. Тергеу барысында қылмыскерлер А.С.Щербаков жолдастың да өмірін қысқартты, оны емдеуде аса күшті дәрілерді қолданғандықтан да ол кері әсерін берді, оны осындай жағдайда өлім ауызына әкелді. Дәрігер қылмыскерлер ең алдымен кеңестік әскери жауапты басшылардың денсаулығына зиян келтіріп, оларды қатардан шығарып, отанымыздың қорғанысын әлсіретуге тырысты... Бұл, кісі өлтіруші дәрігерлердің, ғылымның қасиетті туын таптаған, ғылым қайраткері деген атты қорлаған адам кейпіндегі қанішерлердің – шет ел барлауының жалдамалы агенттері екені анықталды... Тергеу таяу уақытта аяқталатын болады»,– деп атой салынған.
Иә, әдейі келтіріп отырған бұл мәтіндердің бәрі де бізге таныс сөз тіркестерінен құралған. Отыз жетінші жылы да дәл осындай «шет ет барлауының жалдамалы шпиондарының» тергеуі жаппай ату жазасына бұйырылумен аяқталған болатын. Енді, «ашынған халық» пен еңбешілердің, жұмысшылар мен оқшантайдағы зиялылардың «ашу-ызаға» толы хаттары мен мәлімдеулері газеттерге жаппай жамырай басылатын.
Әбден тақыстанған әдіс көп күттірмеді, бүкіл кеңес зиялыларының ішінен «халық жауларын», халықаралық еврей қауымдастығының астыртын мүшелерін, ал республикаларда буржуазияшыл-ұлтшылдарды іздестіріп, тауып, әшкерелеу сүркіні жүрді. Олардың әр қайсысының басына түскен талқы жеке адамның тағдыры болудан қалып, ұлттық, тіпті, жалпы кеңес халқына ортақ зауалға айналды. Енді Қ.Сәтбаевқа, М.Әуезовке шындап қауіп төне бастады. Өкінішке орай С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, М.Әуезов, Қ.Жұмалиев, Ә.Тәжібаев арасындағы кикілжің де тиылмады. Керісінше, мына бас көтерген саяси науқан одан әрі ушықтыра түсті. Т.Жароков та оларды сыдырта әшкерелеумен болды. Әр жиналыста, жазушылардың пленумдарында бет жыртысу жалғаса берді. Үш жылдан бері шайқалып барып түзелетін бәйтеректің (М.Әуезов) де түбі босап, енді құлауға бет алды. Бұрын жалғыз бәйтеректің тамырын қопсытатын, енді олардың саны екеу болды.
Қазақ әдебиеті мен тарихына, сол арқылы зиялыларына кеңестік ғазауат жариялаған Мәскеу мен оның жандайшабы «Правда» газеті Қазақстандағы бұл майданды жеңіспен аяқтау мақсатымен, соңғы, шешуші шабуыл ретінде 1953 жылдың 30-қаңтары күні, яғни, «дәрігерлер ісі әшкереленгеннен кейін» 17 күннен кейін шұғыл түрде П.Кузнецовтың «Сынау орынына мадақтағандық» атты мақаласын жариялады. Бұған себеп болған З.Кедринаның «Мұхтар Әуезов», Т.Нұртазиннің «С.М.Мұқановтың творчествосы туралы» зерттеу кітаптарының орыс тілінде жарыса жарық көруі еді. Мақаланың мұндай шұғыл ұйымдастырылуына бір кездері «Звезда» журналы туралы қаулыға орай Алматыға келіп баяндама жасап, қазақ әдебиетін «дұрыс жолға» қойып кеткен, соның ішінде М.Әуезовке де «кеңес берген» сол кездегі Орталық комитеттің бөлім меңгерушісінің орынбасары Н.Н.Поспелов болатын. Ол М.Әуезов пен С.Мұқановтың өзара бақталасын да, мақаланы кім жаза алатынын да жақсы білетін.
«Правданың» мақаласында сыналған жекелеген адамдар туралы оларды мадақтаған монографияның жарияланып жатуы «аға басылымның» шамына тисе керек. Жарияланған сын мақалаға іліккен Е.Бекмаханов жиырма бес жылға сотталып, жер аударылып жатса, керісінше, Қазақстан тарихы мен Кенесары көтерілісі туралы мақаладағы басты кінәлінің бірі М.Әуезов марқайып, мардымсып отыр. Бұл олар үшін төзбейтін мәселе еді. Өйткені...
П.Кузнецов: «Әдебиет зерттеушілері мен сыншылар әдебиет пен искусствоның идеялық және көркемдік дәрежесін арттыру үшін сүреңсіздік пен шалағайлыққа қарсы, совет халқына жат идеологияның қандай да болса көріністеріне қарсы белсене күресуге міндетті. Біздің әдебиетіміз – бүкілодақтық әдебиет. Туысқан республикалардың бірінің жазушысы жазған шығарманың табысы бүкіл совет әдебиетінің табысы болып табылады. Және мұның керісінше, жазушының (өз) творчествосында сәтсіздікке ұшырауы немесе идеялық олқылыққа түсуі көп ұлтты совет әдебиетін өркендетудің ортақ ісіне зиян келтіреді. В.Сосюраның «Украинаны сүй» деген идеялық жағынан зиянды өлеңіне берілген сын бүкіл жазушылар жұртшылығы үшін, идеологиялық майданының барлық қызметкерлері үшін сабақ алатын сын болды. Әрбір әдеби-зерттеу немесе әдеби сын еңбегі біздің бүкілодақтық әдебиетті өркендетудегі оның маңыздылығына қарап, («Правданың» пікіріне сәйкестендіріліп – Т.Ж.) бағалануға тиіс»,– болатын.
Сондықтан да П.Кузнецовтың:
«Осыған байланысты қазақ жазушыларына арналған екі кітапқа Т.Нұртазиннің «С.М. Мұқановтың творчествасы туралы» (Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, Алматы қаласы) және З. Кедринаның «Мұхтар Әуезов» («Советский писатель» баспасы, Москва қаласы) деген кітаптарына назар аударуына тура келді».
Шындығында да «Правданың» тәжірибесінде мұндай оқиға партиялық принцип пен ішкі партиялық тәртіпті өрескел бұзу болып табылатын. Әрине, «Правда» газеті редакциясының қызметкерлері кітаптың шығып жатқанынан бимағлұм екені анық, демек, бұл оқиғаны жеткізіп отырған адам республиканың өзінің ішінде, оның ішінде қазақы пәленшелер мен түгеншелер емес, бақылау мекемелері мен олардың идеология саласындағы сақшылары. Әйтпесе, бас жазудан қолы тимей жүрген П.Кузнецовтың өз еркімен «шабыттануы» неғайбыл. Отызыншы жылдары бүкіл Қазақстанды шулатып, көкте де, жерде де жоқ халық ақыны туралы «Правдаға» мақала жазып, Жамбылдың жырын аударып «жүрегін жалғап жүрген» П.Кузнецовтың сондайлық бір қадірі жоқ болатын. Мұны 1953 жылы 23-ақпанда өткен Жазушылар Одағындағы жиналыста Ғ.Орманов П.Кузнецовтың өзіне жұрттың көзінше ашық айтты. Бірақ қадірсіздің қадірі Ғылым академиясына жүріп тұр еді.
Бұл тұста «дәрігерлер ісі бойынша» жауапқа тартылғандарды Мәскеудің Лубянка түрмесінде күндіз-түні тік тұрғызып қойып, түнгі он бірден таңғы алтыға дейін тергеу жүргізіп, таң атқан соң, қайтадан камерада тағы да тік тұрғызып қойып ұйықтатпай, келесі кешкі тергеуге «есінен тандырып» апарып:
«Не сіз бізге қажетті көрсетіндіні беретін боласыз, онда осында қаласыз, демалыс үйі болмаса да ептеп-септеп күн көруге болады, ал қасарыса берсеңіз, онда сізді арнайы режиммен тергейтін жерге ауыстырамыз... Сіз ақылды адамсыз, бірақ өзіңізді нақұрыстың қатарында ұстайсыз... Мұның барлығы жоғарыдан түсіп жатқан пәрмендер. Сондықтан да өміріңізді сақтап қалуға тырысыңыз. Бәрібір жазасыз құтылмайсыз. Ату жазасына кесілулеріңіз де мүмкін. Халық соны талап етуі де ғажап емес»,– деп қинап жатқан болатын.
Үш тәуліктен кейін адамның жүйкесі ұйқысыздықтан жындануға жеткен тұста түрме бақылаушылары олардың төбесінен суық су құйып жіберіп, әлсін-әлі есін кіргізіп тұрыпты. Бұған көнбесе, онда қолын кісендеп, біресе ыстық, біресе суық камераға салып, «асып қойыпты». Кіресілі-шығасылы есі барлар бұл азаптан құтылу үшін басын қабырғаға соғып, өзін-өзі жаралайды екен. Я.Рапопорттың айтуынша, ең ауыры өзіңнің әріптесіңді ұстап беру көрінеді.
Ал қазақ зиялылары ешқандай тергеушісіз-ақ «сын және өзара сын» деген партиялық принципті ұстана отырып, бірін-бірі ашық көрсетіп берді. Баспасөз беттерінде де қысылып-қымтырылмай бірін-бірі белсенді түрде әшкереледі. Бұл қинаулар мен «халықтың ашу-ызаға толы талабы» М.Әуезовке таныс болатын. Мұндай азаптан сақтану мақсатында ол «Менің қателерім жайында» деген Ашық хат жазып, соны осы талқылауда кеңейте оқып берді.
(жалғасы бар)
Abai.kz