Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 3821 0 пікір 28 Қаңтар, 2014 сағат 08:23

“Тақ мұрагерлерi” тықырши бастады

МӘЖIЛIС СПИКЕРI НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИННIҢ “ЖЕТI ПЛЮСI” МЕН “ЖАЛҒЫЗ МИНУСЫ”

МӘЖIЛIС СПИКЕРI НҰРЛАН НЫҒМАТУЛИННIҢ “ЖЕТI ПЛЮСI” МЕН “ЖАЛҒЫЗ МИНУСЫ”

“Central Asia Monitor” дейтiн газеттiң өткен аптадағы нөмiрiнде мәжiлiс спикерi Нұрлан Нығматулин туралы мақала жарияланды. Автор оны алдымен “мұрагерлер тiзiмiнiң” соңына, тiптi “қосалқы ойыншылардың” қатарына орна­лас­тырады да, ептеп-септеп тiзiмнiң бас жағына қайта шығарады.
Мақалаға сенсек, Нығ­ма­тулиннiң жетi плюсi бар. Олар: “кәсiпқойлық”, “қа­зақтың ха­лық­аралық аренадағы бет-бей­несi”, “шы­­­найы дипломат”, “ше­шендiк һәм көсемдiк”, “жас емес, кәрi де емес”, “сүй­кiмдiлiк пен харизма” және “тазалық”. Мiне, бұл – Нығматулиннiң “жетi плюсi”. Ал ендi оның “жалғыз минусы” не болуы мүмкiн? Сiз қалай ойлайсыз, құр­меттi оқырман? “Жағымпаздық”, “жалтақтық”, “өзiндiк ой-пiкiрi жоқтық” деп ойласаңыз, қатты қателе­сесiз. Ол – “бетiң бар, жүзiң бар демей айтып салу” екен.
“Мәжiлiс спикерiнiң “жалғыз минусын” бетiне баспай-ақ, одан да “сегiз плюсi бар екен” дей салса қайтер едi?” деуiңiз мүмкiн. Қалауынша “плюске” айналдыратын “ми­нус” та керек қой. Әйтпесе, “қою қара минустар” табу қиын емес. Мәжiлiс спикерi жөнiндегi “сарапшының пiкiрi” мен “әлеу­меттiк желiдегi ойларды” мысал етпей-ақ қойсақ та, желдiң қай жақтан соғып тұрғаны анық аңғарылатындай.
Эпистолярлық жанрды Нығматулин жақсы меңгерiптi. Кеше әлеу­меттiк желiлерде оның әлгi мақалаға қатысты редакцияға жолдаған хаты жарияланды.
“Сiздерге ашық хат жазуыма “Central Asia Monitor” газетiндегi “Работяга Нурлан Ныгматулин” деген мақала себеп болды. “Тақ мұ­рагерлерi” деп аталатын циклды материалдардың бiрiне “кейiпкер” болғаныма қатты таңданып отырмын”.
“Жалпыхалық сайлаған прези­денттiң тұсында әлгiндей айдар ойлап табу (“Мұрагерлер ондығы”) дұрыс емес, тiптi арандату деп есептеймiн.
Жас мемлекетiмiздi таңғаларлық жетiстiкке жеткiзген, халық­аралық аренада Қазақстанды алдыңғы қатарға шығарған, болашаққа жол сiлтеген көшбасшыға қатысты мұндай тақырыпты қозғау – әбестiк”.
“Бiздiң алдымызда тарихи мақсат тұр. Ол – Қазақстанды одан әрi дамыту үшiн жалпыхалық мойындаған ұлт көшбасшысының төңiре­гiне топтасу. Мұрагерлер тақырыбы төңiрегiнде “саяси кроссворд” ұйымдастыруды қояйық. Менiң ойым­ша, бұл барлық саясаткерлерге, сарапшыларға және журналистерге қатысты”.
“Қазақстанның бiрiншi прези­дентi Нұрсұлтан Әбiшұлы Назар­баев елiмiздi қазiргi керемет же­тiстiкке жеткiзiп қана қойған жоқ, менiң сенiмiмде ол – Қазақстанды жаңа жеңiстерге жетелейтiн жал­ғыз саяси көшбасшы. Бұл жерде басқа балама болуы мүмкiн емес. Бұл жай ғана сөз емес, бұл – менiң принциптiк ұстанымым, саяси және өмiрлiк кредом”.
“Журналистiк жанрды түсiнемiн, бұл хатымды Сiздер қалауларыңызша “ойнататындарыңызды” да бiлемiн. Оны Сiздердiң ар-ождандарыңызға қалдырдым...”.
Нығматулиннiң “көсемдiк һәм шешендiгiне”, “қиыннан қиыстырар дипломаттығына” еш талас жоқ. Әсiресе, “ұлт көшбасшысы” мен “Қазақстанның әлемдi таңдандырған жетiстiгi” деген тақырыптарға сөз қозғағанда Нығматулин су төгiлмес жорғаны көзге елесте­тедi.
“Тақ мұрагерлерiнiң” тiзiмiнен өзiнiң аты-жөнiн көрген сайын тәттi қиялға берiлетiндердiң қатарында Нығматулин жоқ дегенге сенуге бола ма? Оның “Тақ мұрагерi туралы ләм-мим деушi болмаңдар!” дегенiне қарап, “Нығ­матулиннiң дәмесi өзгелер­дiкiнен де зор екен!” деген ой келедi қауашаққа. Әйтпесе, сарапшыларды былай қойып, саясаткерлер мен журналистерге де “ауыздарыңды жабыңдар!” дер ме едi? Қателессе – сөзiн қайтып ала жатар, “өз сөзiм – өзiмдiкi” десе – оны спикердiң ар-ожданына қалдырдық...
Әзiрге Нығматулин “тамыр басуды” бастаған дәмелi көптiң бiрi ғана. Газет редакциясы арқылы “ана кiсiге” жолдаған хатын сақтық деуге болар. Нұрекеңнiң тағы қандай “саяси кроссворд” ойлап табатынын уақыт көрсетедi.
“Тақ мұрагерлерi” тiзiмiнiң ал­ғашқы легiнде жүргендер тықырши бастады, әйтеуiр. Ат тұяғының дүбiрi жақындап қалғанын бәрi сезетiндей. Өйткенi ерiнбегеннiң бәрi “тақ мұрагерлерiнiң” тiзiмiн жасап жүр. Бәрiнiң езетiнi бiр малта болғанымен, әркiм иесiне қарап үредi. Мәселен, әкiмдердiң рей­тингiнде Астананың әкiмi Иман­ғали Тасмағамбетов пен Алматының әкiмi Ахметжан Есiмов алғашқы орындарды ешкiмге берген емес.
“Ықпалдылық” жөнiнен ҰҚК төрағасы Нұртай Әбiқаев, президент әкiмшiлiгiнiң жетекшiсi әрi мемлекеттiк хатшы Кәрiм Мәсiмов және ортаншы күйеубала Тимур Құлыбаев алдына адам салмайды.  
Әп дегенде тақ мұрагерлерi­нiң тiзiмiне мұның қатысы жоқ сияқты көрiнуi мүмкiн. Алайда “iскерлiк” пен “ықпалдылықтың” арғы жағынан “мұрагерлердiң” төбесi қыл­тия­тынын қайтесiз? Сенбесеңiз қараңыз, “Рейтинг.kz” дейтiн зерт­теу агенттiгiнiң өткен жылдың соңындағы “мұрагерлер тiзiмiнде” алғашқы ондықта тұрған мыналар: Н.Әбiқаев, К.Мәсiмов, Т.Құлы­баев, И.Тасмағамбетов, М.Тәжин, Б.Өтемұратов, Д.Назарбаева, С.Ахметов, Қ.Тоқаев, А.Есiмов.
Бұлардың бiрдi-екiлiсi кейiн ысырылып, төменде тұрғандармен орын ауыстыруы мүмкiн, бiрақ одан ештеңе өзгермейдi. Алғашқы орында тұрғандардың мақсаты – тұғырын ешкiмге бермеу, кейiн­гiлерiнiң межесi – ондыққа кiру. Мәселен, әлгi тiзiмде төменде қалған Өмiрзақ Шөкеев, Нұрлан Нығматулин, Қайрат Мәми сияқты “үмiткерлердi” ондықтан үмiтi жоқ деп кiм айтады? Ол үшiн әркiм шама-шарқынша әрекет етедi. Мәселен, Нығматулин сияқты...
“Тақ мұрагерлерiнiң” тықырши бастағанынан секемденудiң жөнi жоқ. Бұл –“қартайып қайғы ойлаған” басшысы бар кез келген мемлекетке тән құбылыс. Нығматулиндер қаласа да, қаламаса да. Мә­селе таққа таластың қандай деңгейде жүретiнiнде: үмiткерлер қаруға жүгiнiп, халқын сорлата ма, әлде өркениеттi жолмен әдiл бәсекеде жеңiске жете ме? Бiзге маңыздысы да осы.
 
Е.Биеке.
"Жас Алаш" газеті
0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321