Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 12728 0 пікір 28 Қаңтар, 2014 сағат 09:00

Қарақұйрық

Қарақұйрық аша тұяқтылар отрядының қуысмүйізділер тұқымдасының киіктер (газель) туысына жатады. Ерте кездерде Қазақстанның шөлейтті және шөлді алқаптарын мекендеген аңның бірі «қарақұйрық» деп аталады. Оның құйрығының ұшындағы бір топ шашақты қылшығының болуынан аң осылай аталған. Өйткені оның өзіне тән қысқа құйрығының қылшықтары қара түсті болып келеді. Оның дене тұрқы ақбөкенмен салыстырғанда шағындау, арқа түсінің түгі сары-қоңырқай, құрсақ тұсы және аяқтарының түгі ақшыл-бозғылт түсті.
Дене тұрқының ұзындығы 101-126 см, шоқтығының биіктігі 59-79 см, аша тұяқты, тұлғасы өте сымбатты аң. Текелерінің салмағы 22-34 келі, ал ешкілерінің салмағы 20-33 келі болып келеді. Басы кішілеу, сәл сүйірленіп келген, құлағы тік, мойны жіңішкелеу әрі ұзындау. Текелерінде қара қоңыр түсті мүйіздері болады, ал ешкілерінде мүйіздері болмайды. Тұяқтары қара, сопақшалау, сәл үшкірленіп келген. Тұяқтарының арасында ерекше бездері жақсы жетілген. Сол бездерден бөлінген сұйықтық арқылы бірін-бірі табады. Қауіп төнгенде шағын қара құйрығын тік көтеріп, басын артқа шалқайта тік ұстап жылдам жүгіреді, кейде 4-5 метр жерге қырғи алады.

Қарақұйрықтың дене бітімінде көзге оғаш көрінетін ешбір мүше мүлде байқалмайды. Оның денесіндегі барлық мүшелер бір-бірімен үйлесімді орналасып, аңның мүсінін сымбаттандыра түседі. Ұзынша келген мойны шағын баспен байланысып, ондағы жаудыраған алға шығыңқы қара көздері, артқа қарай сәл иіліп келген орамалы пішінді мүйіздері және шағын тұяқты сидам сирақтарының бәрі де бірін-бірі толықтырып тұрған мүсін аңның ажарын арайландырып тұрғандай көрінеді.
Даламыздың кең байтақ Каспий теңізі мен Зайсан қазаншұңқырына дейінгі алқаптарды бір кезде 200 мыңнан астам қарақұйрық мекендегені де белгілі. Оның сапалы еті мен бағалы терісіне байланысты бейберекет көптеп аулаудың салдарынан олардың саны күрт азайып кеткен. Сондықтан да елімізде 1951 жылдан бастап заң жүзінде қарақұйрықты аулауға тыйым салынған.
Қарақұйрық көбіне еліміздің құрғақ далалы, шөлейтті және шөлді алқаптарында таралған. Ол 100 күн сексеуіл, жыңғыл, тораңғы өскен бұйратты жал құмдардың арасында да кездеседі. Кейде шағын тау бөктерлерінде теңіз деңгейінен 2500-3000 метр биіктікте кездеседі. Қыс және күз мезгілдерінде қар аз түсетін жерлерге қоныс аударады. Топырағы құмды жұмсақ жерлерден 60×30 см жерді тұяғымен тарпып қазып, уақытша жатақ жасап жасырынып жатады.
Ғалымдардың зерттеуі бойынша, қара­құйрық 70-тен астам шөптесін және бұталармен қоректенетіндігі анықталған. Ол орташа есеппен, тәулігіне 6-7 кг қоректі пайдаланады. Ащы, тұщы және қақ суларын іше береді. Суатқа кешкілік қараңғылық түскенде және таңертеңгілік мезгілде келеді. Көбіне таңертеңгілік салқында және кешке қарай жайылады. Есту және көру мүшелері жақсы дамыған өте сақ жануар.
Қарақұйрықтың негізгі жаулары – қасқырлар, түлкілер, қарақалдар, бұралқы­иттер, сонымен қатар бүркіт және қарақұс та лақтарына шабуыл жасайды.
Қазіргі кезде қарақұйрықтың аздаған топтары Үстірт, Барсакелмес табиғи қорықтарында, «Алтынемел», «Шарын» ұлттық табиғи саябақтарында, Ақтау-Бозашы, Балқаш маңы, Қарой, Қарақия-Қаракөл, Андасай табиғи қорықшаларында, Кендірлі-Қаясан және Жусандала табиғи қорықтық белдемдерінде қорғауға алынған.
Қарақұйрықтың саны күрт азайып бара жатқандықтан, Қазақстанның Қызыл кітабына (2010) тіркелген.
Қарақұйрық біздің елімізден басқа Ауғанстан, Гоби шөлінде, Солтүстік Тибетте, Алашань, Ордос, Шығыс Кавказ және Орта Азия аймақтарында кездеседі. Өзбекстанның Бұқара қаласының маңында қарақұйрықты қолда өсіріп көбейтетін арнайы тәлімбақ ұйымдастырылған. Дәл осындай арнайы тәлімбақты «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында ұйымдастыруды ғалымдар ұсынады.
Қазіргі кезде «Алтынемел» ұлттық табиғи саябағында 6,5-7 мың бас қарақұйрық есепке алынған. Жалпы, Қазақстан бойынша қарақұйрықтың саны 20-25 мың бас деп есептелінеді.
Қарақұйрықты қорғап, санын көбейту үшін жергілікті тұрғындар арасында үгіт-насихат жұмыстары кеңінен жүргізілуі керек. Өйткені қарақұйрық еліміздің төл әрі сымбатты аңдарының бірі болып саналады. Оны қорғаудың эстетикалық мәні де зор екендігін ешуақытта естен шығармауға тиіспіз.

Рысбай СӘТІМБЕКОВ,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің профессоры

"Ана тілі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1463
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3230
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5321