Сенбі, 23 Қараша 2024
Билік 1683 0 пікір 14 Тамыз, 2024 сағат 00:04

Азат Перуашев: Еліміздегі жол құрылысы Ресейге тәуелді болмауы керек!

Коллаж: Abai.kz

Әңгіменің әлқиссасын Қазақстандағы автожолдардың сапасы һәм оған бөлінетін бюджет қаражаты туралы деректерден бастағанды жөн көрдік. Себебі, бұл өзектілігін жоймай тұрған өткір мәселелердің бірі.

Қазақстанда жолдардың сапасы көңіл көншітпейтінін көпшілік жиі айтады. 2023 жылғы «Жол сапасы» индексі бойынша Қазақстан 140-қа жуық мемлекеттің ішінде 93-ші орында болған. Ресми деректерге қарасақ: еліміздегі автожолдарының жалпы ұзындығы 95 мың шақырымды құрайды екен. Биыл Қазақстанда жалпы қолданыстағы 12 мың шақырым жол салынады деп жоспарланған. Жол сапасына бөлінетін қаржы аз емес. 2024 жылғы жоспар бойынша жол құрылысына 1 трлн теңгеге жуық қаражат қарастырылыпты.

Біз бұл әңгімені неден бастадық? Жаз мезгілінде Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы – Парламент, соның ішінде Мәжіліс депутаттары демалысқа шығатыны белгілі. Осы жаздық демалыстың кезінде депутаттар ел-елді аралайды. Өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысып, елдің, елдегі еңбек ұжымдарының хал-жағдайын, мұң-мұқтажын естіп, қойындәптерге түртіп келеді. Келеді де, Мәжілісте сол халықтың талап-тілектерін депутаттық сауал ретінде билікке жеткізеді.

Сондай сапардың бірін Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Алматыға жасады. Біз де ілесіп барып, еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматыны асфальтпен қамтып отырған «Асфальтбетон 1» ЖШС жұмысымен танысып қайттық. Қордаланып қалған мәселе мұнда да аз емес екен. Естідік, көзбен көрдік. Сол туралы қысқаша баяндайық:

ӨЗ-ӨЗІН БИТУММЕН ҚАМТЫП ОТЫРҒАН ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ КӘСІПОРЫНЫ

«Асфальтбетон-1» – отандық мұнай өңдеу зауыттарына тәуелділіктен қорғайтын, өнімнің өзіндік құнын төмендететін өзінің битум өндірісі бар сирек жол құрылысымен айналысатын кәсіпорын. 700 жұмысшы еңбек ететін бұл кәсіпорын жылына ел қазынасына 4 миллиард теңгеге жуық салық төлейді екен.

Сөйте тұра, былтыр дәл осы кәсіпорын бюрократиялық және қолдан жасалған кедергілерге тап болып, жабылып қалудың аз-ақ алдында қалған. Үкіметке қордаланған жағдайларды баяндап, Парламенттен көмек сұраған. Зауыт тап болған басты мәселе – санитарлық аймақ мәселесі. Кәсіпорын директоры Бақтияр Абдуманапов бастаған 700 жұмысшы һәм олардың отбасы мүшелерінің (мыңдаған адам) жанайқайлары «Ақ жол» партиясының құлағына жетіп, Парламентте аталған мәселе ызу-қызу талқы болған. Нәтижесінде, Үкімет санитарлық аймақ мәселесін нормализациялау мәселесі бойынша оң шешім қабылдап, өндіріс жабылудан аман қалған.

Десе де, кәсіпорын жұмысына жасалып жатқан кедергілер һәм шұбалаңқы сот процестері мұнымен аяқталмай отыр. Жергілікті тұрғындар тарапынан санитарлық қорғау аймағын сылтау етіп, зауытты жабу туралы арыздар жазылған. «Бөкейханов көшесінің бірнеше тұрғыны біздің кәсіпорынның үстінен 1998 жылдан бері арыз жазып келеді. Бізге ғана емес, біз секілді осы аймақтағы тағы бір кәсіпорынға да сондай арыздар жазған. Олар біздің кәсіпорындар экологияға зиянды әсер тигізіп отыр деп санайды. Біздің зауыт оларға зиянды әсерін тигізіп отырған жоқ, себебі біздің зауыт олардың үйлерінен жарты шақырым қашықтықта орналасқан. Біздің зауыт 1963 жылы ашылған. Сол кезде біздің барлық құжаттарымыз ереже-талаптарға сай болды. Қазір де сан мәрте тексеріс жүргізілді. Құжаттарымыз заңға сәйкес. Мұндағы көптеген тұрғын үйлер кейіннен салынған. Сонда тұрғын үй салуға рұқсат бергендер жауапқа тартылмай, мемлекетке салық төлеп, жүздеген адамды һәм олардың отбасыларын жұмыспен қамтып отырған бізге қысымдар жасалуда», - дейді зауыт басшылығы.

ЖОЛ БОЛМАСА, ЭКОНОМИКА ДА, ДАМУ ДА БОЛМАЙДЫ!

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

– «Асфальтбетон-1» мәселесі бойынша, біз ҚР Президенті әкімшілігіне, Бас прокуратураға, Үкіметке бірнеше кезек дабыл қағып, сұрау жолдадық. Біз бірнеше жолы депутаттық сауал жолдап, Үкіметте, Бас прокуратураның жиындарында дабыл қаға мәселе көтергеннен соң, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мәселені саралап, шешім қабылдады. Кәсіпорын экололгия зиынды қалдықтар шығармайтын болса, жаңартылған технологияларды енгізіп, жұмыс сапасын ретке келтіретін болса, ондай кәсіпорындарға санитарлық қорғау аймағын қайта қарастыруға рұқсат беру туралы шешім қабылданды. Бұл норма «Асфальтбетон-1» және осы секілді кәсіпорындарға жасалып жатқан әкімшілік кедергілерге тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Ашығын айтқанда, санитарлық нормаларды сақтау-сақтамауға қатысты мәселеде бірнеше тенденция белең алуда. Біріншіден, қазір еліміздегі көптеген кәсіпорындар жаңартылған технологияларға ауысып, экономикалық тиімділікті жөнге келтіруде. Соның ішінде, ауаға таралатын газды сүзгіден өткізу, зиянды қалдықтарды азайту, кәсіпорынның шуылын басу тб. бойынша заманауи технологиялар Қазақстанға әлдеқашан келіп қойған және көптеген кәсіпорындар бұрынғы советтік жүйемен емес, сол жаңартылған технологияларға ауысып жатыр.

Сонан соң, жергілікті әкімдіктер тұрғын үй кешендерін салуға рұқсат берерде кәсіпорындарға алыс-жақындығын ескермей, рұқсат берген. Салдарынан мыңдаған адамды жұмыспен қамтып, мемлекетке салық төлеп отырған кәсіпорындар жабылуға мәжбүр болған. Мұндай жағдайлар бір Алматыда ғана емес, өзге де қалалар мен облыстарда кездесіп жатыр.

Мұндай жағдайға жалғыз «Асфальтбетон-1» ғана тап болып отырған жоқ, еліміз бойынша ондаған компания осындай жағдайды бастан кешті. Оның ішінде Оралдағы белгілі «Кублей» зауыты, «КZ Recycling» компаниясы т.б. бар. Олар өз жұмысын тоқтатудың аз-ақ алдында тұрған. Біздің тікелей араласуымыздан кейін ғана олардың мәселелері шешілді. Осы «Асфальтбетон-1», «Кублей», «КZ Recycling» секілді басқа да салалардағы, фармацевтикадағы, сүт өнімдерін шығаратын зауыттардағы мәселелерді есепке алсақ, осындай кемі 15 шақты зауытты жабылудан сақтап қалуға тікелей атсалыстық. Кешелі-бергі ел аралап жүріп, осы еңбек ұжымдарынан ақжарма алғыс естіп жатырмыз. Мұнымен айтқым келгені – бұл бірлі-жарым факті емес, жүйелі туындап отырған проблема!

Әрине, осы үшін Парламентте қызу талқы болды. Жоғарыдағыдай шешімдер қабылдаған шенеуніктер мәселесі майшаммен қаралуы тиіс! Біз экономиканы көтеру, инвестиция тарту туралы айтамыз. Егер зауыттарды, кәсіпорындарды ашып алып, артынан бірлі-жарым тұрғындарды алдыға салып, шағымдарды қарша бората берсек, қандай кәсіпорын туралы әңгіме қозғауға болады? Біз қазір еліміздегі өндірісті, кәсіпорындарды қолдауы тиіс Үкіметпен дауласып жүрміз. Үкімет керісінше, өндірісті қолдауға мүдделі болуы керек емес пе?

«Асфальтбетон-1» – бұл Алматы қаласындағы тиімді, жұмысы жолға қойылған кәсіпорындардың бірі. Жол болмаса, экономика да, даму да болмайды! Қазір еліміз осы жол салуға керекті шикізатты Ресейден сатып алып отыр. Осылайша, Қазақстанның жолдары да солтүстіктегі көршілерімізге тәуелді болып отыр. Ал сол тәуелділіктен ада, өзін-өзі битуммен қамтып отырған «Асфальтбетон-1» секілді кәсіпорындардың жүйелі жұмысына түрлі кедергілер келтірілуде.

Біздің еліміздің территориясы қандай екенін өздеріңіз де білесіздер. Сол ұлын-ғайыр еліміздің әрбір ауылы, әрбір түкпірінде сапалы жолдар болуы керек! Ол үшін мемлекетке адал қызмет етіп отырған кәсіпорындарға әкімшілік кедергілер тоқтатылуы тиіс.

МҰНАЙЛЫ ҚАЗАҚСТАН ГУДРОНДЫ РЕСЕЙДЕН САТЫП АЛАДЫ

Жоғарыда Қазақстандағы жол сапасы туралы сөз еттік. Онан соң, «Асфальтбетон-1» өзінің битум өндірісі бар сирек жол құрылыс кәсіпорны екенін айттық. Елімізде жол құрылысымен айналысатын кәсіпорындар аз емес. Санасақ, түбіне жетіп болмаймыз. Бірақ, өз-өзін битуммен қамтып отырғандары ілеуде біреу. Соның бірі біз барып көрген «Асфальтбетон-1».

Жол салу үшін ең керегі – сол битум. Қазақстан мұнайлы мемлекет. Қара алтын – ел экономикасының күретамыры. Ал жол құрылысына ең керек деген жаңағы битум сол мұнайдан шығады.

Әрине, әуелі мұнайды қайнатқан соң, газ шығады, бензин, дизел, қымбат майлар шығады. Ең соңында сығылып-сығылып, гудрон деген қалады. Сол гудроннан битум жасалады. Қазақстан өзіне керекті сол гудронның негізгі бөлігін Ресейден сатып алуда. Еліміздегі жол құрылысымен айналысатын кәсіпорындардың басым бөлігі гудронды, битумды мұнай өңдеу зауыттарынан (МӨЗ) сатып алып отыр. Бұл өз кезегінде жол құрылысының өзіндік бағасына да айтарлықтай әсер ететін факт. Осыдан соң, Қазақстанда жолдардың сапасы деген әңгіменің шеті қайта қылтияды.

Түйін: «Ақ жол» демпартиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев партияның Алматы облыстық филиалының төрағасы Мейраш Шынасылова мен Алматы қалалық филиалының төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Олжас Нұралдиновпен бірге Алматы мен Алматы облысының бірқатар кәсіпорындарын аралап, «Асфальтбетон 1» ЖШС, АЖҚК (Алматы жол құрылыс кәсіпорны) және «KZ Recycling» ЖШС еңбек ұжымдарымен тілдескен.

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1482
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3253
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5475