Сәрсенбі, 13 Қараша 2024
Әдебиет 1387 3 пікір 19 Тамыз, 2024 сағат 13:11

«Ұйқасқа түсірілгеннің бәрі өлең емес»

Коллаж: Abai.kz / сурет: qazygurt.kz

Республикалық әдебиет, мәдениет және өнер газеті «Үш қоңырда» «Сыншының өз өлеңдерін де сынға салайық» (№35, 12 қазан 2011 жыл) деген аңдатпа жазып, әдебиеттанушы, сыншы, ақын Ж-Н.Сомжүректің «Қара өлеңнің қалқыған бал қаймағын» («Мұқағали – 80»), «Күн көсем» орын берді күн ақынға» («Шығыс шынары – 2011»), «Қасым ақын жыр ұстымы» («Қасым – 100») қатарлы өлеңдерін жариялапты.

Редакция аңдатпасындағы: «Өзі сыншы болғаннан кейін мүшайраға жіберген өлеңдерінің бәйге алып жатқан өлеңдерден артық болмаса кем емес екенін білсе керек, сол жырларын оқырмандар сарабына салуды ұсынып отыр. Бәйге алған жырлармен салыстырып байқайық. Сөйтіп, сыншының өз өлеңдерін де сынға салып көруді ұйғардық. Пікір білдіруге шақырамыз» деген жолдарды оқып, көп оқырманның бірі ретінде өз пікірімді білдіруді жөн санадым.

«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дегендей, патша көңілді оқырман қауымның менің де бұл мақаламды ақыл таразысына салып көруіне болады. Онда кеттік...

Ақын Ж-Н.Сомжүрек алғашқы өлеңін:

«Сөз тастайын ортаңа, жалпы халық,
Арқаға муза жүгін артып алып,
Қай ақын балқаймақ-жыр ағызған кіл,
Қара өлеңнін қаймағын қалқып алып?» – деп  бастапты. Бұл кәдімгі ортанқол айтыс ақындардың жұртқа сәлемдесіп, соңынан әріптесіне сұрақ тастайтын қарапайым тәсілі ме деп қалдым. Сезімді селт еткізер әсерлі тіл, көркем образ жоқ.

«Қара өлеңнің қайнатып жай қаймағын,
Қорытқан тіл үйірер балқаймағын.
Балқаймақ жыр айналып әуезді үнге,
Сазгерлер көтеріп жүр ән байрағын» – дейді.

Ақын «жай қаймақ» пен «балқаймақтан» басқа теңеу таппағандай. Өйткені өзіңіз оқып отырған осы екі шумақтың өзінде «қаймақ» 5 рет қайталанады. «Бал қаймақ», «жай қаймақ» өлеңнің ажарын ашып, мазмұнын байытып тұрған жоқ.

Қаймақты қайнатпайды, қайнатса не болатынын бір Құдай біледі... Бұдан қандай сурет, қандай образды ой байқауға болады?

Ал «Балқаймақ жыр айналып әуезді үнге, Сазгерлер көтеріп жүр ән байрағын» деген жолдарды әншейін ұйқас үшін ала салған секілді. Әсілі ақын Ж-Н.Сомжүрек Мүқағалидың барлық өлеңі ән боп шырқалып жүргенін поэзия тілімен жеткізбекші болған. Бірақ әуезді үнге айналған балқаймақ жырдың «ән байрағын» сазгер мен әнші бірге көтеруі керек. Өйткені әннің бағын ашатын әнші, әншінің бағын ашатын жақсы ән.  Демек, ақын, сазгер және әнші ошақтың үш бұтындай бір шеңберге байлануы керек. Біреуі ақсап жатса, онда әннің байрағы желбіремейтіні анық.

«Ол – Мұқаң, Мұқағали ғажап ақын!
Бәйгеге қосқан муза – қазан атын...», – дейді. Мұнысын жөн делік. Бірақ, «Бәйгеге қосқан муза – қазан атын» дегеніңізге жол болсын. Сіз айтқандай Мұқаң өлеңді бәйгеге қосу үшін жазса, онда ол көп ақынның бірі болып қалар еді. Ол тек поэзияға ғашық жүрекпен, адам сезімін селт еткізе алатын сиқырлы суреткерлігімен қара үзіп озып келді. Сіздің мұндағы «музаңыз» Қ.Аманжоловтың Маяковски қазасына арнаған «Ақын» өлеңіндегі:

«Неғыламыз шынында музаны біз,
Көп ақыннан қалған ол бір кәрі қыз.
Муза жазып бермейді бізге өлең,
Өлең тоқыр өзіміз фабырикамыз...» – деген өлең жолдарын еске салады. Қазақ өлеңнің төресі деп осындайды айтады. Ал Ж-Н.Сомжүрек «музаны» біресе өзі арқалайды, біресе Мұқаңа бәйге қостыртып «музаға» маза бермейді.

«Қара өлеңге қарап ол ғашық көзбен,
Құбылтып пернелерін басып көрген.
Тозды деп жүргенде
қара өлеңнің,
Екінші тынысын кең ашып берген.

Қазақтың қара өлеңі – қара жорға,
Тайпалған су төгілмес дара жорға
Аса зор іс атқарып кеткен Мұқаң,
Қара өлеңді
түсіріп қара жолға?!.

Қара өлеңде бары рас
сыр ғаламат,
Соны іздеген ойға да
қырға қарап.
Қара өлеңнің тынысын тыңдай-тыңдай,
Бітірген талмай ұшар
жырға қанат», – дейді ақын.

Бұл өлеңнің жалпы тұлғасына көз жүгіртсеңіз көркемдік мәнер іздеп дал болған ақынды байқайсың. Поэзия – ой тереңдігі, тосын қойылған пікір өзгешелігі, көркем бейнелер арқылы сөз құдыретін сезіндіру болса, ал мына шумақтар оған ұқсап тұрған жоқ. Бұл өлеңнің сыртқы көркемдігі мен  ішкі сезім сұлулығы қатар өрілмеген. Ұйқаспен жазылған қара сөз сияқты. Ал, «ғашық көзбен», «пернесін басып көрген», «тынысын кең ашып берген», «қара жорға», «дара жорға», «сыр ғаламат», «қырға қарап», «жырға қанат», «қарасына», «жарасына», «қара шыңға» деген секілді көп ақын қолданып жауыр болып кеткен жаттанды ұйқастар өлеңнің көркемдігін төмендетіп жіберген. Оның үстіне Мұқағалиды «қара өлеңге» байлап, матап қою дұрыс емес. Мұқағали қара өлеңнің «бірде тынысын ашамын» деп, бірде «қара шыңға қондырам» деп әбден әуре сарсаңға түседі. Сонда Мағжан мен Қасым, кеше өмірден озған Қадыр мен Тұманбайлар айға қарап жұлдыз санап жүрді ме екен деп қаласың?

Мұқағалидың жырын оқып әркім әртүрлі тамсанатыны рас. Бірақ оның ақындық құпиясын, сыйқырлы сырын әлі ешкім танып, құпиясын аша алған жоқ. Сондықтан «Мен ХХІ ғасыр ұрпағының құрдасымын, Бәлкім одан әрідегі ұрпақтардың туысымын» – деген Мұқаңның жұмбағын шешугеү құпиясын ашуға күш салатын кез келеді. Ал:

«Зымырап уақыт – заман дөңгеледі,
Жаңа күн келеріне сенген еді.
Түнде түсте, ал күндіз көз алдында,
Қара жер қара өлең болып дөңгеледі», – деген шумақтан да ерекше жаңалық  байқап тұрған жоқпын. Бұл Қ. Аманжаловтың:

«...Дүние бүкіл дөңгелеп,
Көзімнің келді алдына..
Үстіне шықтым өрмелеп,
Қарадым бойлап арғыға!
Ой жетер жерге көз жетті,
Арғысын және сеземін...» («Советтік менің өз елім»), – деген өлең жолдарын еске салады. Ақын өлеңнің соңында:

«...Қара өлеңге сіңірген қара терін,
Мақатаев қарапайым Еңбек ері»..
«...Қазақ жыры ғарышқа алып ұшқан,
Қара өлеңнің ол нағыз ғарышкері» – деп түйіндейді. Егер Мұқағали тірі болып осы жолдарды оқыса: «Ей, Жұма-Назар Сомжүрек інім, бұның не, мені әбден масқаралапсың  ғой?» деп ішек-сілесі қатқанша күлмесіне кім кепіл?!

Ал ақынның «Күн көсем» орын берді күн ақынға» деген екінші өлеңі де алғашқы өлеңінің о жақ-бұ жағында. Өлеңнің бірінші бөлімінде:

«Қалың елің қазағың жаңғыруда,
Өнері өрлеп әлемді таң қылуда.
Өзіңде көріп бәрін, тұрсың тыңдап,
Алматыда Абайдың даңғылында», – деп, ақын қиялымен Қазақ елінің гүлденіп-көркейіп жаңғыруы мен қазақ өнерінің әлемді таңғалдырғанын армандағанын жөн делік. Ал «өзіңде көріп бәрін, тұрсың тыңдап, Алматыда Абайдың даңғылында» дегеніңізді қалай түсінеміз.

Ал Астанадағы, Мәскеудегі Абай мүсіні сонда нені көріп, нені тыңдап жүр екен? Әрне, әдебиеттің жансызға жан, тілсізге тіл бітіретін қасиетін біз жоққа шығара алмаймыз. Бірақ дәл осы жерде ақын оның бұл қасиеттін орынды қолданып тұрған жоқ. Мүмкін Абайдың аруағымен сырласса нанымды болар ма еді? Ең болмағанда өзі сынға алған ақын Ы.Дәбейдің «қайран ақын Майгүл қызын сағынып, Темір жолға әлі қарап тұрғандай...» (Мұқағали көшесі. Саябақ» деген секілді әдістермен келтіргенде көрім болып шығар ма еді?!

Өлеңнің екінші бөлімінде:

«Шын айтсақ қазақ әлі оянбай жүр,
Қанағат жоқ, дүниеге тоя алмай жүр.
Жаллаң жаттап алғанымен жырларыңды,
Мәнін ұғып, даналық ой алмай жүр.

«Бес асыл ісің» қанат жая алмай тұр,
Еріншек жалқаулықты қоя алмай жүр.
«Ойнап босқа күлумен» күн өткізіп,
Жүгенсіздік қылықты жоя алмай жүр».

Бұл өлең осылай Абайдың өлеңінің желісімен ары қарай жалғаса береді. Өлең жақсы, бірақ ақын Абай бұрын айтып қойған ой-пікірді Абайдың ақындық үлгісімен қайталап берген. Бұны өлеңдегі жаңалық деп айтуға келмес? Әрине, ақын қоғамдағы әділетсіздікті әшкерілеп, өмірден мүлде түңліп сөйлеуге хақылы. Бірақ ақынға жеңілдің үстімен, ауырдың астымен желіп өту жақсы әдет емес. Мұндай амал-айла ақынға обырой әпермейді.

Бір өлеңнің ішінде бір-біріне қайшы пікірдің болуы өлеңнің логикалық қисынын әлсіретіп жіберген.

«Жоғары білімге қол жеткенмен,
Ғарыштап ғылым алға кеткенімен»
Қазақтан көп қасиет қашып қазір,
Байланыс үзілуде өткенменен»,– дегенін қалай түсінеміз. Өйткені ақын айтқандай «жоғары ғылымға қол жетті» дегеніңізге менің күмәнім бар, ал «ғарыштап ғылым алға кетті» деу де өмір шындығына сәйкес емес. Оны мойындауыңыз керек. Ал «қазақтан көп қасиет қашып қазір, байланыс үзілуде өткенменен» дегеніңізбен келісуге болады. Бірақ, «битке өкпелеп тонды отқа тастауға» болмас.

Енді Ж-Н.Сомжүректің үшінші өлеңі «Қасым ақын – жыр ұстымы» деген өлеңі:

«Жырың Қасым қуатты дауылдан да,
Шабуылға шақырған дабылдан да.
Ақындарға шарапат ем болғандай,
Өлең дерті асқынып ауырғанда.

Жылынғанбыз жырыңның жалынына,
Шомылғанбыз ақ нөсер жауыныңа.
Шарапатың тимеген бір ақын жоқ,
Жүрген бүгін ақындар ауылында.

От жүректі дауылпаз, Қасым ақын!
Жыр майданда екпіні басым ақын.
Өлеңдерің – атыңды аспандатып,
Ғасырлардан ғасырға асыратын.

Жалындап жанып өткен Қасым ақын!
Жарқ еткен найзағайдай жасын ақын.
Бірі менмін жастанып томдарыңды,
Бас асау талантыңа бас ұратын»,– деп кете береді. Өлеңде лепіру бар, бірақ оқырманды өзіне бауырай алатын тосын ойлар, соны теңеулер мен тың көркем суреттер байқалмайды. Қасым ақын «Өртке тиген дауылдай өлеңімді» десе, ал Ж-Н.Сомжүрек «Жырың Қасым қуатты дауылдан да» дейді. Шынымен де «қуатты дауыл» қандай болады? Оны көз алдыға елестетудің өзі қиын. Ал күшті дауыл тұрғанда, «шабуылға шақырған дабылдың» естілмей қалатыны сөзсіз, сонда бұл жерде «дабылдың» қажеті шамалы. Ақын ұйқас үшін ала салған. Ал «ақындарға шарапат ем болғандай, өлең дерті асқынып ауырғанда» деген жолдар «Қара өлеңнің қалқып алған балқаймағын» деген Мақатаевқа арнаған өлеңнің жетінші шумағындағы «балап жырды көзінің қарасына, ем етіп басқан жүрек жарасына» деген жолымен ұқсап кеткендей. Біріншісі үшінші жақпен жазылса, екіншісі бірінші жақпен жазылған. Мұны ой қайталау деп айтады. Ал «...көк өзендей күркіреп өр дауысы, атылып зеңбіректей зіркілдеген», «...автоматтан атылып жау жайратқан, жыр жолдары – құйған оқ қорғасындай», «дауыл тектес – дауылпаз қайсар ақын» деген жолдарда қандай көрем сурет, әсерлі образ бар? Оны қойшы өлеңдегі «жылынғанбыз жырыңның жалынына», «шомылғанбыз ақ нөсер жауыныңа», «от жүректі, дауылпаз Қасым ақын», «жалындап жанып өткен қасым ақын», «жарқ еткен найзағайдай жасын ақын» деген теңеулер мен тіркестер өлеңнің бояуын баттастырып жіберген. Әрине, мұндай теңеулер өлеңге біртүрлі жан бітіретіні рас. Бірақ Қасымға өлең арнадым деп ескі жолды шиырлай берудің заманы өткені қашан. Позияның өрісі кең ғой, басқалай жазуға болмас па еді?

«Ойпырмай!
Неткен ақын, неткен жүрек!.
Жерден емес, жыр алған көктен күреп.
Өлеңнің от-жалыны өртей-өртей,
Бомба болып жарылып кеткен жүрек!».

Ақын жырды жерден алса да, көктен алса да оны нанымды, әсерлі, образды етіп оқырманына жеткізе білуінде. Сол үшін ақынға жырды «жерден емес, көктен күреп алу» міндет емес шығар. Оның үстіне бұл жол «Күн көсем» орын берді күн ақынға» деген өлеңіндегі «нақылыңнан алсақ-ау ақыл күреп» дегеннің басқаша қайталауы ғана. Ал «өлеңнің от-жалыны өртеген жүрек» дегеніңізді  түсіну өте қиын. Қасым ақынның өлеңі өз жүрегін өртеді ме, жоқ басқаның жүрегін өртеді ме? Қалай болғанда да «өлеңнің өрт-жалыны өртеген жүректің» өртеніп кетері сөзсіз, бірақ «өртенген жүрек» ешқашан бомба болып жарыла алмайды?!

«Бомба болып жарылып кеткен жүрек» деу қисынсыз, өлеңге күш бермейді. Керісінше жүректен шыққан өлең бомба болып жарылуы әмден мүмкін. Сондықтан да ақын Т. Медетбектің:

«...Сенің жырларың
Жерді тітіретіп,
Жеті қат көкке жарылысқандай», – деп өлеңдетуінің себебі де содан болар.

Өлеңнің соңында ақын:

«..Ақын етіп шығарған тиіп маған,
Жарылған жүрегінің бір ұшқыны» – дейді. Ешқашан жарылған жүректің ұшқынынан адам ақын болып шықпайды. Бұл ақын үшін қасырет. Бұдан қандай көркем образ сезіне аласыз?! Мүмкін, Қасым ақынның «бомба болып жарылған өлеңінің ұшқыны» сізді ақын етіп шығарған болар. Өкінішке орай, Қ.Аманжолов өлеңнің ұшқыны да бұл ақынға дұрыс дарымаған сияқты. Өйткені  біз бағанадан сөз еткен үш өлең мұның айқын мысалы болып тұр.

Мен мақаламның соңын Қазақ Совет әдебиеті сынының төрінен ойып орын алған ұлағатты сыншы Есмағанбет Исмайыловтың мына пікірімен аяқтауды жөн санадым. Ол «Поэзиямызды сөз еткенде» (1939 жылы) деген мақаласында: «Ақындық, жазушылық – үлкен өнер. Сен өнер иесі екенсің, әрбір шығармаңа жаңа өрнек, жаңа тапқырлық көрініп тұрсын. Өзіңе дейін басқалар жасап, өмір базарына ұсынып қойған өнерді қайталасаң, немесе жұрт тоздырып тастаған нәрселерді жамап-жасқап сыртын бояп жылтылдатып шығарсаң, ол ақындық өнер емес, құрастыру сыналау болады, жаңа шығарманы жаңа өнер ісі деп түсіну керек. Жаңа шығармаға қойылатын басты шарт дәл шығарма жазылған уақытқа дейін айтылмаған жаңа пікір түйіндері, терең ой толқындары, жаңа образдар, жаңа теңеулер, ең ақырында тың сиюжет құрлыстары берілген болсын. Жарқырай шыққан талант иесі екенсің, сен дүниеге жаңа өнер аясындағы жаңа шығармалармен көрін. Сан рет айтылып, сан рет жазылып, образдары жасалған обекьтілерді, темені, көркемдегіш сөздерді қайталай бермей, поэзияда, әдебиетте тыңнан жазып жол салуға тырыс, соған құлаш серме», – деп жазыпты. Есмағанбет Исмайыловтың позия туралы айтқан бұл пікірі 70 жыл бұрын жазылса да дәл қазіргі ақын-жазушыларға айтып отырғандай. Сөз асылы, сыншы құдыреті деген осы. Сондықтан бүгінгі тәуеллсіз қазақ әдебиетінің ақын-жазушылары мен сыншылары  Е. Исмайыловтан үлгі, өнеге алуға міндетті.

Әлімжан Әшімұлы

Ескерту: мақаланың тақырыбы – Ж-Н.Сомжүректің «Сегіз қырлы сері өлең немесе өлең теориясын білеміз бе?» деген мақаласынан алынды.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1239
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2950
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 3320