Лопес және біз

Ана бір жылдары Алматының солтүстік-батысында «Көкжиек» деген шағын аудан пайда болды. Балалар ауданнан әлеуметтік пәтер алып, мен сонда барып үш жылдай тұрғаным бар. Алтынтүстес Тойота-Камриіммен күн сәулесіне бөленіп қала орталығына жұмысқа ағып келе жатамын.
Бір күні «Көкжиектен» шыға бере бір әйел қол көтерді. Құшағында сәбиі бар. Сәби үшін тоқтап ала кеттім. Машинамның магнитофонында Дженнифер Лопес шырқап жатты.
- Ой, неткен ғажап ән,- деп, жолаушым тамсанып қойды.
- Мазмұны не туралы екен,- деймін, сөзге тартып.
- Түсінбеймін. Ғажабы музыкасы мен ритмінде ғой.
Сол кезде екеуміз де, әннің сөзін түсінбесек те, әуезі мен ритміне жан дүниемізбен беріліп кеткен екенбіз.
Тылсым әуен. Сиқырлы сәттер. Жүректің лүпілімен жарыса соққан ырғақ. Тынысы да көгілдір жаһанның қойнауынан талып жеткендей. Өзіңді кейде дыбыстан жылдам ұшатын ұшақпен, кейде ғарыш кемесімен зымыратып бара жатқандай күйге бөлейді. Алтын кемемен галактиккаға сайран салып бара жатқандай сезінесің. Алматының кең даңғылымен күнге бет алып, жүйткіп бара жатырмыз.
Бір кезде жолаушы әйел:
- Ойбу-у, ағай! Тоқтаңыз. Мен түсер жерімнен өтіп кетіппін,- деді. Сөйтсек, Дженнифер біздің жан дүниемізді баурап алғаны сондай, оның әуеніне елігіп, мадоннаны қалдыратын жерден өтіп кетіппіз.
- Жарайды, оқасы жоқ, қазір кері бұрылып, Сізді апарып тастайын,- дедім.
- Жоқ ағай, жолыңыздан қалмаңыз. Жұмысқа кешігіп қаларсыз.
- Оқасы жоқ,- деп, кері бұрылып, жолаушымды қалаған жеріне апарып тастадым. Қоштасарда ақша ұсынды.
- Сұлу әйелден ақша алмаймын,- деп, жүріп кеттім.
* * *
Дженнифердің концертіне қатысты сөз оның әнінің мазмұны, ырғағы, замандастың санасына әсері туралы болуы керек еді. «Тақиялы періштенің» апалары оның құйысқан-өмілдірік-жіңішке айыл пішініндегі костюмі мен бөксесін ғана көріп, беттерін шымшыған екен. Осыған қатысты ойға екі тәпсір оралып отыр.
Біріншісі – киімге қатысты концепт. Киім – адам үшін тек климаттық маңызы бар, адамға еріксіз таңылған машахат. Адам-Ата мен Хауа-ана жер аударылып келгенде тыр жалаңаш болған, дүние жүзіндегі барлық жанды ағзалар сияқты.
Осы табиғи негіз қазір де адамдарды ол бастағы стихиясына тартады да тұрады. Адамдар үстіндегі артық жамылғыны лақтырып тастағысы келіп тұрады. Ол – адамдардың табиғилықты, демек, еркіндікті аңсауынан туған зауқы. Осы зауық адамдарды үстіндегі артық жамылғыдан арылуға ұмтылдырады.
Әрине, адамдар жүздеген мың жылдар ішінде әдетке айналдырып алған киім атаулыны сыпырып тастамайды. Қазіргі ұстаным – «адам көркі шүберек». Сөз Дженнифердің пішіндемесіне қатысты болса, біз адамның психологиясын оның беті мен жүзінен, мимикасынан ғана емес, оның бойындағы бұлшық еттері мен позасы арқылы да түсінуге тырысуымыз керектігінде болып отыр.
Ұлы суретшілер мен мүсіншілер бейнелеу өнерінің керемет туындыларын жасағанда адамның үстіндегіні лыпасына дейін лақтырып тастады. Адамның жан әлемін бұлшық еттер арқылы көрсету үшін жасады.
Әйелдер декольтені жыл өткен сайын кеңітіп келеді. Өткен жылы бір тележүргізуші бұқара алдына бюстгальтерсіз шықты. Дженнифердің айылының жұқалығы да, осы категориядағы көрініске жатады. Бұлар эстетика және эротика терминдерімен сипатталады. Бұдан әйел үшін ғана емес, ер адамдар үшін де еркіндікке ұмтылыс пен өмірге құштарлық ұшқындары көрініс береді.
Нудистер қоғамы деген бар. Оның мүшелері жиындарына жалаңаш келеді. Озық елдердің кейбіреулерінде моншаға ер мен әйел бірге түсе береді. Дәретхана да біреу-ақ. Әрине, бұлар норма ретінде ұсынылмайды, ал негатив сапасында көрсетуге де болмайды. Мұндай көріністерді адамзаттың прогрес жолындағы тәртібінің түрлі нұсқалары ретінде қабылдау керек. Осының бәрі бұзылғандықтың, моральдық азғындықтың көрінісі емес, адамның денесіндегі қуат пен еркіндіктің сыртқа шыққысы келіп тұрған бұлқынысы деп қарау керек.
Адам киімге қаншалықты қалың оранса – ол соншалықты еріксіз, құл. Хиджабпен тұмшаланып жүргендер толдыққанды бақытты бола алмайды. Өзін еріктімін дейтін адам киім киюде де еркіндігін сақтауының сөкеттігі жоқ.
* * *
Бұл жерде мен Лопестің репертуарына қатысты «ұнайды-ұнамайды» деңгейіндегі, жеке пікір ұсынайын деп отырған жоқпын. Өркениеттер арасындағы алшақтық және қазақ мәдениетінің прогресі туралы ой айтайын деп отырмын.
Шығармаларының таралуы және жеке танымалдығы жағынан дүниежүзінде алдыңғы орында тұрған Людвиг ван Бетховен деген композитор бар. Бала жастан саңырау болып қалған оның классикалық музыкада несі бар деген ой әркімге бір келер болар. Ал оның өз түсіндіруі бойынша, сиқырлы әуен оған ғарыштан келеді екен. Планеталардан, жұлдыздардан, жұлдызаралық тұмандықтардан, галактикалардан,.. олардың сұмдық қозғалыстарынан келіп түсіп жатқан әуендерді ол дереу нотаға түсіріп алатын көрінеді.
Мұны айтып отыруымның себебі – музыка дегеннің қайнар көзі, мөлдір бастауы болатынын жастарға түсіндіре кету. Демек, Джей Лоның репертуарындағы әуендердің планета тынысынан туғандығын біліп қою керек. Әншінің қай тілде айтып тұрғаны есеп емес. Бар кілтипан әуен мен ырғақтың көгілдір планетаның қойнауларынан келіп жатуында, сондықтан, жердегі адамзатқа түсініктілігінде болып тұр. Соның нәтижесінде Джей Ло қай елге барса да, оны мыңдаған музыка сүюшілер гүлмен қарсы алады.
Осыдан алатын қазақтың сабағы бар. Қазақ тілі меңгерілмейді, мәдениеті қабылданбайды,.. Неге?
Өйткені, қазақ көркем өнерінің қайнар көзі өркениеттен жырақта қалып отыр. Мал соңында қиыр жайлап, шет қону осы уақытқа дейін, қазақ зиялысының шығармашылығына дем беретін, бірден бір инфрақұрылым сапасында қалып отыр.
Қазақ қара өгізін өңкілдетіп («Қара өгіз» - соңғы жылдардағы қазақ әдебиетінің жетістігі ретінде танылған көркем шығарма), қара жолдың топырағын бұрқылдатып, туыстары туралы әндерін салып, ауылын сағынып кетіп бара жатыр. «Кең сарайдан жасқанып, киіз үйді басқарып, тыңқылдаған домбырасымен» (Т.Ахтановтан) күй шертеді, сызылта ән салады, мың бұралып билейді,.. Тек бұлары дүниежүзілік өркениетте қабылданбайды.
Қазақ халқының төрт ғасырлық трагедиясы осыдан – формациялық артта қалудан басталып отыр. Қазақ руханияты планетарлық өркениет ағысынан аулақ жатыр. ҚАЗАҚ АУЫЛЫНАН ШЫҒЫП, ЗАМАНАУИ ӨРКЕНИЕТКЕ ҚОСЫЛУЫ КЕРЕК, ИНДУСТРИЯЛЫ ҰЛТҚА АЙНАЛУЫ керек. ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ деп осыны қабылдауы керек.
Қанағат Жүкешев
Abai.kz