Сенбі, 23 Қараша 2024
1330 0 пікір 5 Қыркүйек, 2024 сағат 13:42

Қазақ үшін дін маңызды ма, ұлт маңызды ма?

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды

Қай дін? Жаратушы адамзаттың бақытты өмір сүруі үшін кітап түрінде түсірген инструкциясы болса құба-құп. Кітаппен қоса Пайғамбар деп аталатын нұсқаушы (инструктор) да жіберіп, сенің жаратылысың мынадай, былай өмір сүрсең екі дүниеде де бақытқа қол жеткізесің деген дінінің аты – Ислам. Адам атадан (а.с) Мұхамметке (с.а.у) дейінгі барлық пайғамбарлар соны түсіндірді. Басқа хақ дін жоқ. Бүкіл әлемде қанша молекула, атом болса сонша дәлелі бар мұның. Өйткені әлемде бір жүйе бар, заңдылықтар бар. Олар өздігінен болмайды. Ол заңдарды жаратып, қадағалап тұрған біреу бар. Сол бір ғана Жаратушының (көп болуы мүмкін емес) адамзатқа жіберген нұсқаулығын Хақ дін дейміз. Басқаша наным-сенімдер (діндер) адамның өз ойынан шыққан нәрселер.

Қазақ пен Ислам егіз ұғым. Жалпы түрік халықтары үшін де солай. Басқа халықтарда әр түрлі дін ұстану үрдісі бар. Ал түрік халықтарында ол жоқ есебі. Өйткені Түрік – мұсылман деген ұғым бұл халықтардың етінен өтіп, сүйегіне сіңген. Исламды қабылдамаған немесе кейінірек Ислам дінінен шығып кеткен қауымдар Түркілік болмыстарын да жоғалтып алып отыр. Мысалы, Болгарлар мен Венгриядағы қыпшақтар. Сібірдегі Түркі текті халықтар. Аты-жөндерінің бәрі орысша, дүниетанымы, өмір сүру стильдері Түркілік сипаттан айырылып қалған. Монғолиядағы Хотындар мен Дохалар да сондай. Баяғыда ата-бабамыз мұсылман болған екен дегеннен әріге бара алмайды. Тіл жойылған. Сары ұйғырлардың да жағдайы сондай. Тіл түрік, монғол, қытай тілдерінің қойыртпағы күйіне енген. Ал олар 17 ғасырда мұсылман еді. Исламды тәркі етті. Түркілік болмысын да жоғалтты. Белгілі бір ұлттық нышандарды сақтап қалуға тырысқанымен толыққанды ұлттық болмыстарын сақтай алмай қалған. Саны жағынан олардан әлдеқайда аз Ноғай, Қарашай, Малқар бауырларымыз ұлттық болмыстарын сақтап отыр. Бұл Исламның арқасы.

Ал Түрік (қазақ) халқы 750-жылдардан бастап Ислам дінін қабылдай бастады. Бір нәсіл, яғни бір ата орта есеппен отыз жыл болса, 1200 жылдың ішінде қазақтың 40 атасы алмасыпты. 40 атамыз ұстанған Хақ дінді бөтенситіндей, тіпті жеритіндей не күн туды. Осы мың жыл ішінде қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарының Ислам дінінің қағидаларымен біте қайнасып кеткендігі сонша ет пен терідей бірігіп кеткен. Ислам – қазақтың киімі емес терісі. Қазақты Исламнан айыру әрекеттерінің (ішкі-сыртқы күштердің ықпалымен) қазаққа ауыр тиіп жатқаны сол. Адамның терісін сырыпғандай әсер етуде. Терісіз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Қазақ халқын ұлт ретінде сақтап қалудың бірден бір жолы Ислами дүниетанымымыз бен иманымызды сақтап қалу. Ислам жеке бір мәдениет емес, мәдениеттердің сүзгісі. Исламның сүзгісінен өтпей қалған ұлттық әдет-ғұрып жоқ қазақта.

Адам тек материядан ғана тұрмайды, рухы бар. Рух – материя емес. Дененің азығы тамақ болса, рухтың азығы Жаратушысын тану, шүкір ету. Дінсіз адам қанша жерден дінді жоққа шығарғанымен рухани сүйеніш іздейді. Ол саясат, ән-күй, әдебиет, сурет тағы да басқа нәрселер болуы мүмкін. Олар адамның рухани сезімдерін толық қанағаттандыра алмайды. Адамға тарту етілген рухани сезімдерді толық қанағаттандыра алатын нәрсе – Жаратушысын тани түсу арқылы ләззат алу. Ол – ғылыммен шұғылдану және құлшылық ету. Құлшылық екі түрлі. Біріншісі, ғылыммен шұғылдану, ол – Жаратушыны тани білудің ең негізгі шарты. Екіншісі, Жаратушысына ризашылығын білдіу. Ол да кәдемгі құлшылық арқылы болмақ.

Адам баласының бойына көптеген сезімдер орнатылған. Бұлардың көбі рухани. Олар материяға қанағаттанбайды. Солардың бірі – Ождан. Ождан сөзінің түбірі уәжәдә – табу етістігінен туындайды. Табушы, тапқан деген мағынада. Нені тапты сонда Ождан? Ақиқатты. Ожданның болмысына Жаратушының бар екендігі жайлы мәліметтер мен ненің дұрыс, ненің бұрыс екендігі енгізілген. Алайда уақыт өте келе әртүрлі себептермен, әсіресе қоршаған ортаның ықпалымен ол ақиқаттардың беті бүркеліп қалады. Кәпір сөзі де кәфәрә – бүркеу етістігінен туындайды. Ақиқатты бүркеу – күпірлік. Ожданы әбден көміліп қалған адам, адамдық қасиетті де жоғалтады. Енді оның қайта адам қатарына қосылуы өте қиын. Адам Ождан арқылы ақиқатты о баста көрген. Сондықтан ақиқаттан тыс мәліметтерге көміліп жатқанымен қате болса да өзі табынар нәрсе іздейді. Алла туралы мәлімет ала алмаса басқа бір нәрсе тауып алады.

Ал, қазақ Исламнан сырт айналды делік. Енді оның орнын немен толтырамыз? Ойдан шығарылған діндермен бе? Онда масаның шаққанынан қашып, айдаһардың аузына түскеннің нағыз өзі болады. Сондықтан ақиқатты бөжек етіп көрсеткісі келгендерге ермей, шынайы Исламға бет бұруымыз қажет. Шынайы Ислам – ғылыммен айналысу, әлемдегі Жаратушы қойған заңдылықтарды табу, зерттеу, пайдаға жарату. Қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалудың жолы осы.

Ислам маңызды ма, ұлт маңызды ма? деу, сен үшін етің маңызды ма терің маңызды ма деумен бірдей. Терісі жоқ дене ұзаққа бармайды. Мұсылмандардың артта қалуы діннің кінәсі емес. Керісінше – діннен (ақиқаттан) алыстап кетуінен. Басқа діндегілер өз діндерінен алыстаған сайын ақиқатқа біршама жақындай түседі, демек дами түседі. Ал мұсылман адам Хақ діннен алыстаған сайын адамгершілік бейнеден де алыстай бермек.

Ұлтқа қызмет – Исламға қорған болу, қалқан болу арқылы іске асуы керек. Оның орнын басуға талпынбауы керек. Былай айтқанда қазақтың қорғаны Ислам екенін түсініп, өзі де Исламның қорғаны болуы керек. Әйтпесе, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеміз.

Жандос Қиянбеков, түркітанушы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1465
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3235
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5366