Интернет-конференция: Берік Әбдіғали (жалғасы)
Конференциямыздың кезекті қонағы – Берік Әбдіғали оқырмандар қойған сауалдарға толық жауап беріп отыр.
Берік мырза Алашорданың 100 жылдық меретойына қатысты сұраққа жауап бере келіп: «Мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Астана, Алматы қалаларының төріне Алаш ескерткішін дұрыс қоя алмай жүрміз. Семей қаласы мен Қарағанды облысын есепке алмағанда, ұлт көсемі Әлиханға еш жерде лайықты ескерткіш орнатылмады. Міне, осы олқылық Алашорданың мерейтойында жойылатын шығар» дейді.
Ескерте кететін бір жәйт, конференция қонағы белгілі бір мәселелер төңірегінде қойылған сұрақтарды топтай отырып жауап берген. Және мұның алдында жарияланған нұсқада техникалық себептерге байланыс сұрақ-жауаптың жартысы түсіп қалғандықтан, толықтырып қайта жариялап отырмыз.
Abai.kz
- Ассалаумағаликум аға!
Әр ісіңізге сәттілік.
1. Бүгінгі қазақ қоғамының бүгінгі халі сіздіде сан ойға батырып жүргені шындық, бізде ауыр күй кешіп жүрміз, сол ауыр күйден құтылу үшін не істеу керек? Қазақстандағы қазақ ұлтінің халін меңзеп тұрғанымды сезіп отырған шығарсыз.
Конференциямыздың кезекті қонағы – Берік Әбдіғали оқырмандар қойған сауалдарға толық жауап беріп отыр.
Берік мырза Алашорданың 100 жылдық меретойына қатысты сұраққа жауап бере келіп: «Мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Астана, Алматы қалаларының төріне Алаш ескерткішін дұрыс қоя алмай жүрміз. Семей қаласы мен Қарағанды облысын есепке алмағанда, ұлт көсемі Әлиханға еш жерде лайықты ескерткіш орнатылмады. Міне, осы олқылық Алашорданың мерейтойында жойылатын шығар» дейді.
Ескерте кететін бір жәйт, конференция қонағы белгілі бір мәселелер төңірегінде қойылған сұрақтарды топтай отырып жауап берген. Және мұның алдында жарияланған нұсқада техникалық себептерге байланыс сұрақ-жауаптың жартысы түсіп қалғандықтан, толықтырып қайта жариялап отырмыз.
Abai.kz
- Ассалаумағаликум аға!
Әр ісіңізге сәттілік.
1. Бүгінгі қазақ қоғамының бүгінгі халі сіздіде сан ойға батырып жүргені шындық, бізде ауыр күй кешіп жүрміз, сол ауыр күйден құтылу үшін не істеу керек? Қазақстандағы қазақ ұлтінің халін меңзеп тұрғанымды сезіп отырған шығарсыз.
2. Саясатта жүрген достарыңыз Ерлан Қарин, Берік Уәли, Айдос Сарым бастаған бүгінгі Алаштың орта буыны бірігіп бір партия жасақтап, Алаш армандаған тәуелсіз қазақ елінің шын тәуелсіз болуына қызымет ету ойыңызда жоқпа?
3. Қазақ елінінің ертеңгі ел тізгіні қандай топтардың қолына түседі деп ойлайсыз? Сыртқы күштер қаншалықты қауіпті?
Неге жыл өткен сайын қазақ дәрменсізденіп, әлсіреп барады? Неге қазақ Үкіметі Мемлекеттік тілді қажетсінбей отыр? Неге бүкіл әлем орыстармен ағылшын тілінде сөйлесіп жатқанда, қазақтар неге орыс тілін Ана тілінен жоғары қоюуы керек? Еуразия Одағы Қазақ мемлекетін мүлде жойып, жергілікті ұлтты толық орыстандыруы мүмкін бе!?
Өзбек.
Неге нақты әрі қатал саяси қадам жасамай отырсыздар? Өйткені Сіздер де 40-тың қырқасына шығып болдыңыздар ғой. Ұлтты Кремльдің құрығынан құтқаруға қандайда саяси шаралар қарастырылып жатыр ма? Әлде Сіздерді де үрей мен қорқыныш иектеп алған ба?Елік қарындасыңыз
Амансыз ба, Берік аға! Кедендік одақ туралы нақты ойыңыз қалай? Салтымыз, тарихымыз, тіліміз, экономикамыз әр түрлі орыс ұлтымен одақ құруга билік неге сонша ынталы?! Бұл одақтың түпкі мақсаты саяси одақ екенін бәрі біліп жүр. Украина халқы сол үшін алаңға шығуда...Өткенде Назарбаев Ресей тарапынан қазақ кәсіпкерлерінен бізде жоқ нормативті актілерді сұрап, барынша тосқауыл құрып, кедергі жасап жатқанын айтты, бірақ сонда да бұл одақтан президент бас тартар емес, неге? Әу бастан қазақ халқы бұл одақтың бізге пайдасынан гөрі зияны көп екені айтқан, керек десең билікті экономистерде нақты дәлеләмен айтып берген. Әрі бұл одақ туралы неге халыктық референдумға да салынбады. Осы билік халықпен санасудан қалып бара жатқан жоқ па? Әрі тағы бір сұрақ, сіз тіл мәселесінің шешілуіне үлес қосып жүрсіз. Балабақшадан бастап үш тілде оқыту нақты кімнің идеясы? Қазақ тілін үйрете алмай отырып, орыс тілінің үстемдігінен құтыла алмай отырып, енді ағылшын тілін қосу ақылға қонымды ма? Мақсат Ерболат Астана қаласы.
Берік аға, сіздің оппозицияға барып, оны күлден көтеріп шын мағынасына ие қылайын деген ойыңыз жоқ па? Неге соңғы бір-екі жылдың орайында биліктегі ұлтшылдар біртіндеп аласталып бара жатыр?
Армысыз, Берік аға. Шыныңызды айтыңызшы, біз осы ел болып қаламыз ба, жоқ, осы жылы қол қойылатын ЕО-мен бірге Ресейдің құлы боп кетеміз бе, мәңгі?
- Кедендік Одақ, Еуразия Одақ жобалары әрине алаңдатады. Экономикалық жағынан емес, рухани жағынан. Орыс ақпараттық құралдары, мәдениет туындылары (кино, әдебиет, эстрада) қазаққа ықпалы зор. Бізге олармен бәсекелесу қиын. Сондықтан қорғануымыз қажет. Дегенменде Ресей тарапынан арнайы бағдарламамен орыстандыру қаупы бар деп ойламаймын. Керісінше, өзіміздің отарсыздану әрекетіміз бен бағдарламаның жоқтығынан өзімізден өзіміз орыстану қаупы басым.
Егемендігіміздің басты қағидасы – рухани тәуелсіздікте екенін бәрі біледі, бірақ соған кірісу кешеуілдеуде. Өз басым ресейлік ақпараттың бізге дендеп, еркінсіп енуінен күдіктенем. Біздің рухани тәуелсіздігімізге нұқсан келтіретін бірден бір тетік осы, осыған орыстандыру көзі ретінде қарауымыз керек. Сол арқылы ресейлік құндылық қазақтыкы болып мойындала қалса, одан егемендікті қажет етпейтін халық шыға келеді. Бірақ оған Ресей емес кірісіп отырған, жол беріп отырған өзіміз. Мәселе тағы да – өзімізде.
Жалпы мен орыс тіліне қарсы емеспін, бірақ мазмұн ресейлік емес, таза қазақи орыс тілі болса, орыстілділерді бірте-бірте қазақтандыруға тетік болуы керек. Ал, біз барлық орыстілді ақпарат көздерін қысқартып тастап, қазақыласақ, әлгі орыстілді бауырларымыз жаппай ресейлік құндылыққа бас қойуға мәжбүр болады да, ұлт екі жарылып шыға келеді. Одан қазақ ұта ма, Ресей ұта ма?
Мысалы, ауыл балалары болмаса, көпшілік балдырғандар орыстілді телеөнімдерге құмар, өйткені біздікі әлі сапа деңгейіне шыға алмауда. Ең болмаса әлгі орыс, ағылшын тілді өнімдерді қазақшаға аударып берсек, балаларымыз амалсыз өз тілдеріне көшер еді ғой. «Некалодион» телекөрсетімі тіпті де ресейлік емес, олар бар болғаны орысшаға аударды да таратып отыр, ол үшін біз орыстарды қалай кінәлаймыз? Қай тілде болса соны бала қарай береді, өйткені, ол бала психологиясына шақталып жасалған. Біздің өз өніміз ондай талапқа сай емес, қара дүрсін, ғылыми негізі аз. Ал сондай сапалы өнімдерді ең боламаса біз де қазақшалап таратайық. Сонда ол қазақыландыру әрекеті болып шықпай ма? Ондай әрекет болмаса біреуді кінәлағаннан не пайда? Бір сөзбен айтқанда сол «Панч Боб» қазақша сөйлеп кетсе, көп балаларда соңынан еріп кетер еді. Тек қана қазақ балалары емес...
Мысалы, «Қазақстан» арнасы, «Хабар», басқа арналар сериалдарды болсын, басқа шоуларды қазақшаға икемдеп бере бастады. Мейлі көшіре берсін, ол уақытша, технологиясын меңгергесін өзіміздікін шығара бастаймыз ғой. Қысқасы, орыстандыруға, қытайландыруға, ағылшындандыруға қарсы қоятын бір ғана тетік – қазақыландыру, әлеммен осылайша бәсекелесу.
Ал, Евроазия одағы туралы айттым. Түбінде біз Еуроодаққа кіруге ұмтылуымыз керек. Сонда шынайы бәсекелестік пен егемендікке тап боламыз.
Партия туралы. Достарымды қолдаймын. Бірақ, біздің буын ұлт үшін жауапкершілікті сезінседе, өз мойнына әлі ала алмай келеді. Әзірше аға буынның еншісінде. Бұлда қазіргі заманның сипаты шығар.
- Ассаллаумағалейкум Берік аға! Сіздің ұлтшыл азамат екеніңізді білемін! Кәсібіңізге табыс тілемін! Орыс тілді министрлер мен әкімдерден калай кутыламыз? Сыр баласы!
- Егер халқымыз өңкей қазақтілді болса, онда министрлер мен әкімдер де қазақша сөйлеуге мәжбүр болады. Кәзір билік дәлізі қазақшалана бастады, Аллаға шүкір. Бірақ көптеген мамандар мен сарапшылардың орысша сөйлеуге бейімді болуы – олар сондай ортадан шықты, қазақы орта әзір оған дайын емес. Сондықтан қызметті басқару мен ұйымдастыруға келгенде қазақша сөйлейік деп ежіктеп отыратын жағдайды қызмет бабы көтермейді. Өйтсек, шаруаны құлдыратып аламыз. Ол жерге бірте-бірте қазақтілді мамандарды енгізу арқылы одан да құтыла бастаймыз. Қоғамдық тараптан талап нақты, тегеурінді, заң аясында болса – өзгеріс болады. Отырып алып, тиіскеннен ештеңе шыға қоймайды. Көпшілігі ұялады, ниеті дұрыс. Жас буынды Қазтест жүйесіне салып, мемлекеттік тіл талабын қоя беру керек.
- Аз уақыттың ішінде Ұлытау, Жезқазған, ҚР Премьер-минстрдің кеңесшісі, Арқалық қалаасының әкімі болдыңыз. Бірақ, Қарағанды облысының әкімінің орынбасары болып ұзақ отыра алмадыңыз. Осындай алып облысқа басшылыққа ауысуға неге асықтыңыз? Мүмкін, Арқалықта тағы бірер жыл отыра тұрған дұрыс болар ма еді? Өйткені Торғайдың халқы сізді жақсы көріп, әнде шығарғанын естідік.
Сіз әкім болып жүргенде, қарапайым халықпен, билік және оппозиция өкілдерімен де тығыз қарым-қатынаста болдыңыз. Үш жаққа бірдей жағу қиындық тудырған жоқ па?
Болашақ жоспарыңыз қандай?
Армысыз, "Ақ Берік!" Кенесарының басын қайтару жөніндегі ұсыныспен халықтың назарын өзіңізге аударғаныңыз әлі есімізде. Сол бастамаңызды неге жылы жауып қойдыңыз?
- Мен мемлекеттік лауазымға мүмкіндік туғанда ауылға сұранғаным рас. Үлкен саясаттан көңілім қалып, құр сөзбен шектелу, әрекет жағы аз болғасын, кішкене болса да, халыққа қолғабыс етейін деген ниетпен туған жерге барып, Ұлытаудан бастадым. Қазір көптеген журналистер, басқа мамандар аймақтарға қарай бастағаны құба-құп.
Жезқазғанға облыс басшылығының тілегімен бардым. Сол кезде Қарағанды облысын басқарған Серік Ахметов бұрынғы облыс орталығы болған, кәзіргі моноқалалар қатарындағы Жезқазғанға барып, аймақты дамытуаға араналған бағдарлама қабылданып, соны іске асыруымды тапсырды. Солай еттік. Кейін Ахметов үкімет басқаруға келгенде әлгі тәжірибені елге тарату үшін мені кеңесші етті, моноқалаларды қолдау мемлекеттік бағдарлама қабылданды. Болғасын қарап отырам ба, тағы да аймаққа ең күйреген қаланың біріне сұрандым – Жаңатас пен Арқалықтың біріне. Арқалық басшылығы ауысар шақта сонда жіберілдім. Арқалыққа бар білігім мен білімімді салдым, шамам келгенше істедім.
«Қайда асықтыңыз?» деген сауалға келсем, қайда барсам да мен өзімді әкімдікке тағайындаған емеспін, басшылықтың ұйғарымымен тағайындалатыным рас. Арқалық дамуына бағдарлама жасатып, бекіткізіп, ақшасын бөлдіргесін одан әрі жүйе бар ғой, азаматтар одан әрі алып кетеді ғой деген оймен келесі тағайындауға келіскенім рас.
Ал Арқалықтан кеткенде уайымдағам жоқ, халқы жігерлі, еңбекқор, қаражат бар, енді соны іске асыру қалған-ды. Алайда, қабылданған Арқалық бағдарламасы шамалы сүрініп, орындалуы тежелгенін көргенімде іштей кеткеніме қынжылдым. Бастаған істің аяқсыз қаларына алаңдадым.
Сонымен, басшылықтан Қарағанды облысының жоғары деңгейіне шақыру түскенде барғаныма ойымдағы көптеген істерді атқарам ба деген талпыныс-жоспар себеп болды. Және Қарағанды облысында Кенесарыға, Алаш арыстарына, Ұлытауға, тілге қатысты жобалар бар еді... Әлеуметтік сала бойынша бұрыннан көкейде жүрген сол біршама жобаларды қолға алам ба деген оймен келіскем...
- Ассалаумағалейкум !
Беке, биліктің келесі басшыға берілуі бейбіт жағдайда жүзеге асқанын тілейміз.
Әйтсе де, менің ойымша біздің елді "үлкен кланаралық разборка" күтіп тұрған сияқты. Билікке таласқан саясаткерлердің кесірінен осы күнге дейін жеткен жетістіктеріміз желге кетеді деп уайымдаймын.
Қояр сауалым:
Назарбаевтан кейінгі кезеңінде Қазақстанды қандай қиындықтар күтіп тұр деп ойлайсыз ?
- Жергілікті жерлерде меголполистегідей жұрт билік пен оппозиция болып қақ жарылмайды, ол жердегі өмірге барлығы қоян-қолтық бірге араласады. Ол жерде біреуіне ала-бөле жағыну мүмкіндігі аз, өңірдегі өмір мейлінше саясаттан алыс, жарық, жылу, жол, жұмыс, көлік, су тағы басқа халықтың сұранысынан тұрады. Саясатпен айналысуға мүмкіндік жоқтың қасы. Мәселені шешпесең, халыққа да, оппозицияға да, тіпті қарауыңдағы қызметкерлерге де алакөз боласың. Бір жағын бөле-жара қырқуды қолға алсаң менеджер ретінде түкке аспауың мүмкін. Сондықтан жергілікті өңірде саясатпен айналысу мейлінше опа бермейді. Керісінше мен бәрін де жинап бірге ақылдасып шешуге ұмтылдым.
Назарбаевтан кейінгі кезең - шынында да халықты алаңдататын тақырып. Қырғызстанда, Украинада болып жатқан жайттар шынында да халықты толғандырады, соған қарап күніміз, еліміз не болады дейді. Кландардың қалыптасқаны рас. Елбасының да бұл мәселені ойлап жүргеніне сенемін. Бұның өзектілігі мынада ғой: билік алмасқанда демократияны желеу етіп, әр клан көрпені өзіне тартуға ұмтылады, оған халықты араластырады, сосын арты жоспардан тыс нәрсеге әкеліп соғуы кәдік.
«Бізге демократия керек, бізге мемлекеттік тіл керек ...» деп ақшаны төксе соған ылыққан жұрт көшеге шығады да кетеді. Сосын әлгілер билікке өздері отырып алып, ойына келгенін істейді. Шындығында айналамызда сондай болып жатыр ғой. Сол алаңдатады. Бізді де сондай қиын шақ күтіп тұруы ықтимал... Сондықтан легитимді, халыққа сүйкімі бар билік болуын қамтитын шара керек. Әйтпесе, билікке талас біршама уақытқа созылып, арты жаман болуы кәдік.
- Сіз сияқты ұлтжанды қазақтарға орыстанып кеткен облысты 5-7 жыл неге басқаруға бермейді? Облыс сөзін – аймақ, Атамекен, Атажер, Өлке деп ауыстыруға қалай қарайсыз? «Поезд», «сельский округ» сөздерін ауыстыруға не кедергі?
- «Аймақ» сөзін енгізуге болады. «Поезд», «сельский округ» сөздері пойыз, ауылдық округ болып енгелі біраз болды. «Облысты» аймақ десек ұлттық сипат беріп, басқа тілдерде де солай аталатыны рас. Қолдаймын. Оны тіл саясатының мамандары қарастырып, ұсынулары керек.
- Ассалаумағалейкум Беке! Ақпарат құралдарында көтеріліп жүрген Ұйғыр ауданының атын өзгерту мәселесі бойынша не ойлайсыз? Ұйғыр ұлты тығыз қоныстанған сол аудандар "уақыты келгенде жарылатын бомба" деп есептейтіндерге не айтасыз?
- Бұны біздің ел үшін соншалықты күрделі мәселе деп есептемеймін. Біріншіден, ұйғыр – бауырлас халық. Екіншіден, қазақ пен ұйғырды қақтығысқа итермелейтін сыртқы күштер, соның ішінде шығыстағы көршіміз мүдделі болуы мүмкін.
Жалпы ұйғырлар біздің ұлттық құндылығымызды құрметтейтін түркілердің бірі, қазақ еліне дұшпан болатындай факторға айналатынын қауесет пен көріпкелдікке емес, арнайы зерттеу арқылы қолға алынуы керек. Соған негіздеп қана шара қолдануға болар. Егер де Ұйғыр ауданының атауы біздегі ұйғырлардың сезіміне сонша жара салатындай, қазақтан көңілдері қалатындай болса, мен оны қолдамаймын. Ал, ұйғырлар қазақ елінің унитарлы екенін ескеріп, әлдебір өзге сепаратистік пиғылға қарсы үлгі болсын деп, өздері келісіп жатса, қолдауға болар.
Бастысы, олар қазақ жері екенін мойындайды, мойындамаса сәйкес шара қолдану қажет. Ал біртұтас ел ретінде мойындап, Қазақстанның көркеюі мен нығайуына атсалысса, мұндай қадамның керегі бар-жоқтығын ойлану керек. Ішіміздегі шағын ұйғырға қыр көрсетіп, аудан атауын өзгертіп, өзіміздің мықтылығымызды солай дәлелдеуге өз басым қарсымын.
Бізді қытайлық қатерден сақтап, бөгеп отырған сол ұйғырлар екенін ескеруіміз керек. Олар онсыз да қағажу көріп отырған халық. Әзірге шығыстүркістандық ұйғырлар буфер ретінде рөл атқарып тұрғанда, өзімізге тағы бір бас ауру мен абыройымызға дақ салатын іске ұмтылу - орынсыз. Одан да Павлодар мен Петропавл атауларын өзгертсек, күшімізді соған салсақ - егемен елге жарасар еді.
Сондықтан Қытайдағы ұйғырларға да, біздегі ұйғырларға да шамамыз келгенше рухани-мәдени жағына жәрдем етуіміз керек.
- Беке, сау-сәлемет шығарсыз. Павлодардың орыстілді басылымдары аймақтың жаңа басшысы Қанат Бозымбаевқа бұрынғы әкім қала орталығынан алдыртып, "Әскери даңқ мұражайына" апарып қойдырған кеңес танкісін орталыққа қайтадан апарып қою, патша заманында салынған, қазіргі кезде төбесі ортасына түскен "Россия" қонақ үйін бастапқы қалпына келтіру жөнінде талап-тілектерін айтуда. Ал Қ. Бозымбаев болса, солардың ыңғайына қарай жығылған сияқты.
- Мұны біреулер Қазақстанның солтүстік-шығыс аймағында отаршыл қызыл империяны көксеушілердің үстемдік ете бастағанының белгісі деп білсе, екінші біреулер әкімнің әлсіздігі деп біледі. Сіз қалай ойлайсыз? Бір топ керекуліктер.
- Әрине, Павлодар облысын ұлжанды азамат Ерлан Арын басқарған еді. Әсіресе, алаш қайраткері, идеологы Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш орнатмыз деген шешімі іске аспай қалыпты. Оның орнынан түскені қынжылтады. Бірақ ол жаққа барған Қ.Бозымбаевты ұлтшыл емес демеймін, ол - елдегі технократ басшылардың бірі.
Шамасы ол ұлттың мүддесін аяққа басқаннан емес, сол өңірді дамытуға қатысты қабылдаған шешімі шығар деген ойдамын. Ол білікті басшы, бірінші кезекте әлеуметтік-экономикалық дамуды алға қояды. Бұл жағдайға қатысты пікір айтуға ертерек, уақыт көрсетер. Бәлкім Қанат Бозымбаев өз тәсілімен руханиятқа қызмет етер деген үміттемін. Өйткені, ол Жамбыл обылысында өзін жақсы көрсетті. Руханиятқа барынша назар аударды. Жергілікті азаматтар әкімнің идеологтарына көбірек ықпал етуді қолға алу керек, жеткізу қажет.
- Ассалаумағалейкум Беке! Қазақ тілінің болашағы қандай болады деп ойлайсыз? Мемлекеттік құрылымды өзгерту керек деп ойлайсыз ба, егер керек деп ойласаңыз біздегі ел басқару жүйесі қандай болу керек? Біздің Ресей билігіне соншама жалтақтауымызға не себеп?
- Болашағына күмәнді емеспін. Қазақ тілі дамиды, қоғамнан, өмірден өз орнын алады. Және де тіліміз өзге тілдермен араласа жүріп, бәсекелесе жүріп дамиды деген ойдамын. ХХ ғасыр басындағы әдебиеттерді оқысақ, арап-парсы тілдері тым аралас, бертін келе орыс тілі арқылы шетелдік сөздермен байыды. Мұндай жағдайды барлық тілдер бастан кешуде.
Ел басқаруда біз түбінде демократиялық принциптерді кеңінен қолдануымыз керек. Ұлттық ерекшелігімізді ескере отырып, шынайы сайлауды қолға алатын кез келеді. Ондай үдеріс бізді мықты азаматтарымызды билікке әкеліп, ұлтты бәсекелестікке жетелер еді. Әсіресе, білікті азаматтарымыздың шетте жүріп, елге қызмет ете алмауы – біздің дамуымызға тежеулердің бірі. Ораз Жандосов, Болат Әбілов, Төлеген Жүкеев, Әміржан Косанов, Ғалымжан Жақиянов, Мұхтар Шаханов, Дос Көшім, Нұрлан Ерімбетов, Айдос Сарым, Мұхтар Тайжан сияқты басқаша ойлайтын азаматтардың әлеуеті ұлт дамуына бұйырғаны дұрыс болар еді. Ондай азаматтар елдің ішінде де қағажу болып, қызметке кіре алмай жүр. Солар парламентке келсе, ел дамуы өзгеше қарқын мен сипат алатыны сөзсіз.
- Берікжан, қайтсек шетте жүрген қандастарымызды Отан құшағына оралта аламыз? Кеңірек тоқталуыңызды сұраймын.
- Біз шетелдік қазақтардың әлеуетін бағалауымыз керек, олар бәсекелестікке барынша икемді, бейімделген бауырларымыз. Шеттегі қазақтардың жағдайы ел саясатынан тыс қалып отыр. Бұл дұрыс емес. Олар басқа шетелдіктермен бірге Ішкі іштер саласына келіп өгей азамат ретінде тіркеліп, 4 жыл бойы тентіреуді бастан кешпек, бұл онша қисынды шешім емес.
Бұл мәселеде негізге акцентті жастарға салуымыз қажет деген ойдамын. Жақсы-жақсы идеялар мен бағдарламалар «Нұрлы көш» тағы басқалары аяқасты қалуда.
Әрине, шетелдегі аіайындардың барлығын болмасада, ең болмаса жастарды елге әкеліп, «Болашақ» секілді арнайы бағдарлама құрып оқытсақ, олардың елмен араласуына, қалуына, келуіне жағдай болар еді. Ең болмаса жоғарғы оқуларға ҰБТдан тыс бауырларымызды қабылдау квотасын енгізуге күш салайық.
Бұрын ішінара ондай жастардың оқуы орын алды, кәзір сол жол да жабылған секілді. Шеттегі қазақ жастарына дұрыс квота бөлінсе, олар осында одан әрі еңбек етіп, ата-анасы мен бауырларын әкелуге өздері-ақ жағдай жасар еді.
- Қазақтың басын қалай біріктіруге болады? Сіздің пікіріңіз.
Серікбай Смағұлұлы, Қызылорда
Бұған шын мәнінде жоғарыда айтқанымдай зерттемелер жүргізу керек. Қазақ тілге, рухани құндылықтарға, руға т.т. бөлінетін жағдайлар көп. Осылардың бәрін саралау керек те, біріктіруге не қажет екенін ғылыми түрде шешіп, ұсыну керек. Оған жеке пікір жеткіліксіз. Бұл сауалға ғылыми топ қана толыққанды жауап бере алады.
- Алда Қазақстанды не күтіп тұр?
Сіз және сіздің маңыңыздағы ұлтшыл буын биліктен ерікті еріксіз алыстадыңыздар. Қандай жоспарарыңыз бар? Не ойларыңыз бар? Кімдер серік бола алады өзіңізге?
Қазақты жарқын болашақ, «мәңгі ел» күтіп тұр. Түбінде жаңа елбасы күтіп тұр... Бәрінің түбінде бір сапалық өзгерістер мен нәтижелер күтіп тұр...
Үлкен жобалармен айналысуға қаражат жағы тапшы. Қазір жеке жобалармен, көбінесе тарихқа қатысты дүниелерді, бұрынғы басталған жобаларды тиянақтаудамын.
- Тәжинді жылы орнынан қозғауының сыры неде деп ойлайсыз?
Қазақстан шет ел компанияларының ісіне, басқа меншік иелеріне ықпал ету құқығынан айрыла бастағандай. Сізше қалай?
- Мен президент аппаратындағы жағдайдан хабардар адам емеспін. Тәжиннің кетуіне қатысты айтсам, меніңше ел саясатында саяси-идеологиялық басым бағыттар өзгерген болар. Оны жақында білеміз деп ойлаймын. Екінші бір, себеп, Тәжин білікті, білімді саясаткер болғасын Ресеймен арадағы саяси-экономикалық жағдайларды жаңаша қарауға қажет болуы ықтимал. Бұл көршімен бірқатар салалар бойынша мәселелер жиналып қалғаны рас.
- Неге Ресейге қайтадан кіріп бара жатырмыз, Берік мырза?
- Бұл турасында жоғарыда айтылды.
- Берік Әбдіғалиұлы, ассалаумағалейкум!
1. "Торғай энциклопедиясын" шығару кімнің идеясы еді?
2. Сіз көптеген жерлерде басшылық қызметте жұмыс атқардыңыз, қай жер сізге үлкен әсер қалдырды?
- Торғай қазақ тарихында өзіндік орны бар аймақ болғасын, сол жөнінде бір жинақ шығаруды мақсат етіп, сұрастырғанымда осындай энциклопедия жасақталғанын естідім. Таңатқан Рсаев деген энциклопедист ағамыз дайындап, шығаруға қаржы таппай жүр екен. Негізінен бұл энциклопедияға менің атқарған рөлім – ұйымдастыру, қаржы жөнінен демеушілік болды. Аймақтық энциклопедияларды шығарып жүрген «Арыс» баспасына шыққанымда, олар қуана келісті. Кешіксе де жуырда шығарылды. Сөйтіп, Торғай тарихы мен тұлғалары ғылыми-ақпараттық жағынан осы энциклопедиямен бекітілді. Бұл жай ғана жерлігікті емес, ұлттық деңгейдегі еңбек болып шықты деген ойдамын.
Енді үш өңірде істедім. Біреуін бөле-жарып айтуға болмайды. Үшеуін үш деңгейде бастадым, өзімді біршама үйретті, өзім де аз да болса із қалдыруға тырыстым. Көп дос, таныс-тамыр таптым. Үшеуі де қазақы өңір.
Ұлытау қазақтың ежелгі астанасы болғасын оның тарихи орнын, мәртебесін көтеруге талпындық. Жезқазған мен Арқалық бұрынғы облыс орталықтары, моноқалалар. Соған орай өзіндік мәселелері жеткілікті, көңілкүйлері өзгеше дегендей. Міне осы жағдайларды ескеріп, тігісін жатқызып, мәселесін шешумен шұғылдану керек болды.
- Ассалаумағалейкум Берік мырза! Біліміңіз бен біліктілігіңізді, сонымен қатар адамгершілігіңізді жоғары дейгейде көрсете алып жүрген азаматсыз. Егер мүмкіншілік болып жатса саясаттанушы ретінде "әлемдік масондық ложа" жайындағы біліміңіз бен пікіріңізді ортаға салсаңыз.
Үлкен рахмет!
Ассалаумағалейкуүм Берік аға! сізге қояр бірнеше сауалым бар, солардың әрқайсына нақты жауап беріңізші.
1) кейбір адамдардың пайымдауынша, біздің биліктегі отырған белді адамдардың біреуі әлемдік масондық ұйымға мүше екен. оған дәлел еліміздегі, әсіресе Астанадағы қаптап кеткен масон белгілері. ол белгілер бұрындары еврейлердің синагогасының төбесінде ғана болуышы еді, қазір Астана әуежайы, Бәйтеректің маңы, көшелерді үй санын көрсететін тақтайшаның сырты, тіпті Астанадағы Сәдуақас мешітінің ауласы мен ішінде (кіре берістегі еденінде) осы еврейлердің синагогасының төбесіндегі белгі бейнеленген. сіздің ойыңыз қалай осыған? бізде масондық ұйымға мүше болған шенеуніктер болуы мүмкін бе?
2) Еліміздегі саясаткер мен қайраткерлерінің ішінен елді осы адам басқара алады-ау деген 1-2 адамның атын атап бере аласыз ба?
3) Біздің осындай үлкен жер мен байлыққа ие екендігімізді ескере отырып, біздің АҚШтың да, орыстың да, қытайдың да қолтығына кірмей, яғни, ешкіммен ешқандай одақ құрмай өмір сүруіміз мүмкін бе? Егер мүмкін емес болса, кімнің қолтығына кіргеніміз дұрыс?
- Күрделі сұрақтар. Бұл интернет-конференцияның аясында жауап беруге мүмкіндік жоқ. Бұйыртса болашақта жауап берермін. Ғафу етерсіз.
- Армысыз, Берік мырза! Менің сұрағым келгені - Арқалықтың қираған үйлері емес, шетіндегі боксит отвалдары (кеннің қалдық үйінділері) туралы болмақ! Сіз әкімшілікте болғанда осы отвалдарға инвестиция құюға ниет білдіргендер болды ма? Негізі Павлодар алюминий заводының технологиясы тек Торғай рудасына ғана арнап салынған. Әрине, Арқалық отвалында жатқан кен қалдықтарының проценті көп деп айта алмаймын. Бірақ кейіндеп экологиялық проблема тудырмас үшін осы отвалдарды өндіруге рұқсат беру керек еді.
Ерқанат Тәукебай, геолог, Алматыдан
- Сол отвалдардың отқа төзім кірпіштер жасайтын топырағын Ресейге тасуда. Егерде жобаларыңыз болса қала әкімшілігіне жіберіңіз.
- Ассалаумағалайкум Берік мырза. Сізге қояр сұрагым: Арқалықта әкім болып жүргенде Арқалық Торғай аймағын дамытудың қандай жоспары бекітілді. Болашақта бұл өлке полигон аймағы болады деген рас па? Торғай облысын қайта құру үкіметтің, елбасының жоспарында бар ма ?
Асхат Қожамжаров. Торғайдан
- Полигон болады деген жоба жоқ. Тек 2013 жылы «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасы бойынша Арқалыққа жылына 500 миллионға жуық теңге әртүрлі жобаларға бөлінеді. Соның ішінде 100 миллионы 160 жуық бұзылған көпқабатты үйлер мен ғимараттардың 17-ін бұзуға, 300 миллионы жолдармен басқа да инфрақұрылымдарды жөндеуге тартылмақшы. Толығырақ Арқалық қаласы әкімінің сайтынан таба аласыз.
- Күллi қазақтың жүрегiн ауыртқан Арқанкерген оқиғасы бойынша ресми мәлiметтер шындыққа сая ма? Жалпы, азамат ретiнде өз көзқарасыңызды бiлдiре өтсеңiз?
Әлім
- Мендегі бары – ресми дерек. Соған қарағанда бұл – Челахтың қолымен жасалған зұлымдық. Үлкен трагедия. Ондаға жол бермеуін ойластыру қажет.
- 1. Сізді тақырыптың басында қоғам қайраткері депті. Сіз осымен келісесіз бе? Ал мен келіспеймін. Иә, білемін,бұл менің ойым.
2. Н. Нығматулин бірде кезекті Мәжілістің жиналысында Е.Досаевқа Бәке, Мәке дегенді қойыңдар деген еді. Сіз ол кісімен келісесіз бе ?
3. Әр нәрсенің басын бір шалып жүрмін деп ойламайсыз ба.
4. Тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тіл қаншалықты дамыды және қаншалықты қолданыс аясы кеңейді.
- Негізінде қоғам қайраткері қоғамның дамуына, ілгері басуына айтарлықтай үлес қосқан тұлғалар болуы керек. Бұл тараптан мен өзімді қоғамға айтарлықтай ықпал жасадым дей алмаймын. Өңірлік қайраткерлер деп бөлетін болсақ, бәлкім енетін болармын. Мұндай мәртебені қоғамның өзі береді.
«Мәке», «Бәке» деген - қазақтың дәстүрі. Ол атақты тек құрметтеген кісісіге ғана арнайды.
Қайда істесем де, не істесем де бір терінің пұшпағын иіріп жүрмін. Пафосты естілсе де айтарым: елге қызмет ету, ел сенімін ақтау. Жұмыс орны ауысқанымен заты ауыспайды.
«Осы тәуелсіздік алғаннан бері мемлекеттік тіл қаншалықты дамыды және қаншалықты қолданыс аясы кеңейді» дегенге жоғарыда жауап берілді.
Ассалаумалейкум Берік мырза! Қояр сауалым: Соңғы кезде қазақ демографиясына серпін беріп жүрген "Нұрлы көш" бағдарлмасының саябырсуының мәні неде? Қазақстанда азаматтық қоғам қаншалықты орныққан?
Нұрболат.
- «Нұрлы көшке» қатысты айтылды. Ал азаматтық қоғам бізде орташа деңгейде. Бізде құқық қорғау, өз құқығы үшін күресу әлі қалыптаспаған.Табандылық көрсету әлі кең тараған мәдениетке, дәстүрге айналған жоқ.
- Беке, сұрақ мынадай: Сіз ұлтшылдық идеологиясын ғылыми негізде зерттеп жүрген адамсыз. Сіздің ойыңызша, біздің елдегі дамып жатқан ұлтшылдықтың сипаты қандай? Ол елді алға жылжытушы күш бола алады ма, әлде керісінше, дау-жанжал туғызып, елді артқа тартатын күш пе?
Күрделі сұрақ. Шет жағасына жауап берілді.
- 1. Мен сіздің елді елең еткізетін ғылыми мақалаларыңызды көре алмадым. Неге? Сіз өзіңізді таба алмай жүрген адам емессіз бе?
2. Қазақ қоғамы саяси-экономикалық, рухани дағдарыста деп ойламайсыз ба?
3. Ауыл шаруашылығы күйреді деген пікір бар келісесіз бе?
4. Амеркандық ғалым Марта Брилл Олкот Қазақстан Ресей етегіне оралып жүріп көп жылдарын босқа өткізіп алды деген пікір айтты. Сіз қалай ойлайсыз?
- 1. Мен өзімді атақты ғалыммен деп көрсетіп жүрген емеспін. Ізденістерім, мақалаларым интернетте. «Казахская миссия» деген кітабым бұрынырақта шықты. Биыл көктемде бұйыртса, қазақша мақалаларымның жинағы шығады. Ғылыми тақырыбым: Ресей мен Қазақстан арасындағы этникалық фактордың ықпалы, Қазақстандағы орыстардың мәселесі (монография «Политизация этничности: процессы, механизмы, последствия». А., 2003). Ол еңбегім кітапханаларда болуы керек.
Өзімді табу мәселесіне келсем, шынында да ізденіп жүргенім рас. Негізінде әр адамның өз миссиясы бар, Абай айтқандай кетігі бар. Сол кетікті іздеп тауып, қаланған адам - бақытты. Сондықтан өзін тапқан адамдар кем де кем. Демократиялық-либералдық салада жүрдім. Мемлекеттік қызметтен өз еркіммен кеттім. Одан соң ұлттық мәселеге ойыстым. Өзімді сол маңнан таптым деген ойдамын. Содан бері менің барлық ісім осы жолда. Мінбеге шығып, баспасөзде көрініп іздендім, оған да көңілім тоғаймады. Сосын ауылға барып қызмет етуді ойладым. Өзіме келгендей болдым. Енді қазіргі кезде сөйлеп жүрген, көрініп жүрген азаматтар көп. Сондықтан аймаққа барып, ауылда болып нақты қызмет етсем, содан қанағат алатынымды байқадым. Ұлытау, Жезқазған, Арқалықтағы қызметтерім маған өмірімді үлкен мәнмен толтырды. Сол маңайлардан электрондық поштама, әлеуметтік желілерде көптеген жылы сөздер келіп, мені «семіртетіні» рас. Көңілді тоғайтады, өмірімді мәнді ете түседі. Қызығы сол, қазір жұрттың бәрі ұлтшыл болып, менің өзіме орын қалмады. Бұл да уақыттың алға жылжығаны. Болашақта жоспарым Астанада қалу емес, ауылға қайту, аймақта елге қызмет ету.
2. Қазақ қоғамы саяси-экономикалық, рухани дағдарыста деп ойламайсыз ба? Қазақ қоғамы бұрынғы рухани дағдарыстан әлі айыққан жоқ. Бізге рухани шабыт жетпейді.
3. Ал, ауыл шаруашылығы күйрейді деген пікірмен келіспеймін.
4. Олкоттың пікіріне қатысты ештеңе айта алмаймын.
- 1. Кеше «24KZ» каналында мемлекеттік тілдің мәртебесі тақырыбында П.М. Ахметовтың алдында біраз зиялылар бас қосып мемлекеттік тіл туралы сөз қозғап еді. Осылардың ісінен бір нәрсе өнеді деп ойлайсыз ба? Құдай біледі деп айтайын, осылар 70-80 пайыз орысша сөйлейді. Сіздің хабарыңыз бар ғой. Сөйлей берсе сөйлейді деп жалпылама жауап емес сыни жауап айтсаңыз.
- Бұл мәселе қаражат пен зиялыларға байланысты болмай тұр. Мәселе саясатта, саяси жігерде. Сондықтан жақында «бір нәрсе өнеді деп» ойламаймын.
- 2. Мемлекеттік тіл, алашорда деп қанша жылдан бері сөз қозғап келесіз. Түсінемін патриот болу керек. Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру керек. Мүмкін осыны қойып халыққа керек нәрсені қолға аларсыз. Мысалға банктегі несие алу пайызын төмендету. Менің ойымша, банктерс жоғары жаққа бергендерін өндіріп алу үшін пайызды жоғары көрсетіп отыр. Банктегі несие алу пайызы шындап келгенде халықты қанаушылық. Әлеуметтік мәселелерге көңіл бөлуді қолға алсаңыз. Бір түсінгеніміз, мемлекеттік тіл деп даурыққанмен ештеңе шешілмейді екен. Ол өзінің уақтысы келгенде шешіледі, оған бәрінің көзі жетті. Қорыта айтқанда үйі жоқ пен күйі жоқтың сойылын соғыңыз.
- Келісем. Сондықтан мен де кезінде бәрін тастап ауылға кеттім...
- 3. Анау партия мынау партия қажеті жоқ. Халыққа әлеуметтік жағдайды қолдайтын партия немесе қозғалыс керек. Халық титықтап кетті. Өтірік орташа жалақыны алдыға тартып дегендей. Менің ойым, орташа жалақыны қаланың даланың болып екіге бөлу қажет. Осы бастаманы көтеріп көріңізші. Бірақ қайдам. Сізден ол шыға қояр деп ойламаймын. Сіз сөйлеп кіріспесін айтқанша 2050 болып қалар. Бірақ Сіздердің де болғандарыңызға құдайға шүкір дейміз. Себебі саусақпен санарлық азаматтар ғана қалды. Қалғандары «мақұл» «жақсы» болғалы қай заман.
4. Кезінде бір мемлекетті жемқорлықтың өзі жеп қойыпты да сол мемлекет жер бетінен мүлдем жойылып кетіпті. Айтпағым, Сіз биліктің пұшпағын азды көпті болса да біраз иледіңіз. Тағы да айтамын Сіз және тағы Сіз мемлекеттікің басындағы, жанындағы, астындағы айта берсең көп, қаптаған жемқорлықтың куәсі болдыңыз, болып та келе жатқан шығарсыз. Қазір осы жемқорлықты соқыр да көріп керең де естіп бітті, не деген мамыражай қоғам. Көзбен көрген жоқпын, қолмен ұстап алған жоқпын дерсіз. Толарсақтан саз кешкен халық қашан оңады. Жемқорлық бітеді деп айта алмаймын. Бірақ қашан азаяды. Олар өздерімен өздері күресу керек шығар мүмкін.
5. Діннің тармақталуы, тармаққа таралған дінді негізгі идеямыз осы деп ұстанушылар, басы бірікпеген қоғам, әр түрлі тілде сөйлеуді жөн көрген бір елдің азаматтары, жалпы алғанда бөлінбеген нәрсе қалмады. Осыларды бөлдіріп алып жүрген үкімет неге осы уақытқа дейін идеология ұсына алмады. Бір елдің азаматтарымыз, бірақ түсініктеріміз жер мен көктей.
- Дұрыс айтасыз. Сұрақтарыңызға жауабын өзіңіз беріпсіз. Қосарым жоқ.
- Берік інім амансың ба? Жұмысыңа жеміс тілеймін! Осы интернетте елдің арасына іріткі салып жүрген Ермек Тойчибеков дегенге тоқтату болама? Осы қалай деген дұрыс азаматтарды халыққа іріткі салдың деп соттады, керек десең кейбіреулерін атып тастады! Әлде мынау биліктің адамы ма?
- Бұл – Тойчибековтың жеке пікірі. Бірақ ол өз көзқарасына жұртты ертіп, ел саясатына қарсы шығып жүрсе, оны сотқа беру керек. Ол елдің тәуелсіздігіне, аумақтың тұтастығына, мемлекет құрылысына нұқсан келтірумен айналысып жүргенін айғақ ретінде жауапқа тартқан жөн. Бұны дұрыстап сотқа беретін адам болмай жүр! Елдің елдігін мойындамай жүргенін айыптап, басқаға сабақ ету қажет, болды. Бұлар аз емес, олармен айтысудың керегі жоқ.
- Берік мырза 2016 жылғы президент сайлауы бола ма, қалай ойлайсыз? Бола қалған жағдайда бүкіл қазақ атынан дауысқа түсетін нағыз азамат шығады деп ойлайсыз ба?
- Шығуы мүмкін, бірақ оны бүкіл халық қолдайтынына күмән бар.
- Беке, шыныңызды айтыңызшы, сізді биліктен не үшін қуды? "Алтынбектің жолын жалғастырушы шәкірті" деп пе, әлде мұның басқа себебі бар ма? Саясаттағы ұстазыңыз Алтекеңнің "қайта қаралған" соты өтті Қаскелеңде. Бұған қатысты не айтасыз? Рахмет!
Алтынбек Сәрсенбайұлының шәкірттерінің бірісіз. Ол кісі туралы мінездеме беріңізші.
Алтай
- Өкінішке орай, Алтынбек Сәрсенбайұлының әруағы тағы да саяси ойынға айналып жатқанына қатты қынжылтады. Бұл топтардың өзара жағаласына Алтекеңнің әруағын қатыстыруы – жақсы нәрсе емес. Жиренішті жайт. Бұл соттың болмағаны жақсы еді.
2013 жылы 12 наурызда «Егемен Қазақстанға» Арқалық әкімі ретінде берілген сұхбатымда ұстаздарың кім деген сауалға берген жауабымның толық жарияланбаған мәтіні: «...үлкен саясатқа араласуымда Алтынбек Сәрсенбайұлының ықпалы зор болды. Ұстанымы берік, әділдіктің туын желбірете ұстап өткен белгілі мемлекет қайраткері ұлтымыздың өткені мен бүгінгісіне тура, бүкпесіз қарауға үйретті. Саясаттың ақ пен қарасын ажыратуға үйретті».
- Берік, Сіз қазіргі Премьер - министр С.Ахметовке қандай туыстық қатынастасыз? Бір кезде С.Ахметов Теміртауда қаласында әкім болғанда Сіз орынбасары болдыңыз, соңғы 5 жылда Жезқазған, Арқалық қалаларының әкімі, Қарағанды облысы әкімінің орынбасары болып істеп үлгердіңіз. Сізді сүйрейтін Кім?
- Мемлекеттік жүйеден кетіп, қазір қандай іспен айналысып жүрсіз?
- Ол кісінің туысы болсам, мені «сүйреп» жүрген біреу болса, бүгінгідей бір жылға жуық жұмыссыз отырмас едім. Кезінде, 24 жасымда Президентің жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының директорының орынбасары болып тағайындалғанда, ұжымда мені директордың (Ө.Т.Қасеновтың) туысы деп ойлапты. 26 жасымда Алтынбек Сәрсенбайұлы әр түрлі лауазымдарға қойып, қасына ертіп жүргенде де арамызда бір туыстық жақындықты іздеген кісілер болды. Шын мәнінде бұл азаматтар менің ҰСТАЗДАРЫМ! С.Н.Ахметов өз шәкірті ретінде маған жауаптыда қиын аймақтарға қызмет ету үшін жіберді, ақылын айтты. Ал бүгінгі күні өзімнің жеке ғылыми ізденістеріммен айналасып жүрмін.
- Берік аға! Сіздің тарихшы екеніңізді ҚазҰУ-дың түлегі екеніңізді мақтан тұтамыз! Тарих институтының директоры Х. Әбжановтың қазақ тарихын Россия ғалымдарымен бірлесіп зерттеу әрекетіне және ТМД елдерінің ортақ тарихының болуына қалай қарайсыз?
- Біріншіден, ортақ тарихымыз бар екенін мойындаймыз. Мойындасақ, оны неге жазбасқа?! Екіншіден, біз бәрібір әлемдік тарихты, құрлықтар тарихын оқимыз. Түркі елдерінің тарихы Түркияда жазылған, ол да бар. Ал мынау ТМД елдерінің тарихы болса, неге жазбасқа. Бірақ оны Ресейге жаздыруға түбегейлі қарсымын. Ал егер қазақ тарихындағы бодандық пен шайынды болғанымыз, ашаршылықтың бәрін ашып көрсетсе,неге жазбасқа. Ол үшін әуелі тұжырымдамасын жазып, соған келісу керек. Сонда біздің отарлану тарихымыз бен ұлттың тартқан зардабы анық көрсетілуі қажет. Ондай ортақ тарихты мойындауға болады. Түбінде екі елдің аралық тарихы жазылуы керек. Екі бөлек тарих жақсылыққа әкелмейді. Екі елдің тарихшылары бір мәмілеге келгені жөн.
- Сізге және Қарин, Айдос мырзаларға қатысты Президент әкімшілігіне қызметтік хат кеткен еді. Бұл туралы ақпарат Дат газетінің бетінде де жарияланған болатын. Осыған орай, осы хат туралы не дейсіз? Және осы хат авторларын танисыз ба?
Сізді қызметтен арандатып кетірген АП-дағы Бағлан Майлыбаев деген ел ішінде сөз бар. Сізді ғана емес, Ерлан Қаринді, Арман Қырықбаевты да сол арандатқан дейді. Қаншалықты рас?
- Мұндай сыбысты мен де естідім. Анығын білмедім. Бірақ бұл бір адамның қолы дегенге сенбеймін. Бұл маған соңғы кездегі бір үрдіс секілді...
Теміртау қаласында жұмыс жасадыңыз. Сол Теміртаудың аты Самарқан болатын. Самарқанды Теміртауға ауыстырған Н.Оңдасынов еді. Сол кісінің атына неге сол қалада көше бергізбеске. Жоғарыда берілген екі сұраққа жауап береді деген ойдамын. Ісіңізге береке тілеймін.
- Келісем. Қателеспесем, Астана қаласында ол кісінің есімі көшеге берілген.
- Қайда жүрсіз, Берік бауырым? Биліктегі ат төбеліндей текті қазақтың бірі сен едің. Бірақ сонда шоғырланған негізінен орысқұлдар көре алушы ма еді сіздерлейдерді... Әйтеуір қайда жүрсең де аман бол. Ұлттық мемлекеттілік ұстанымдарыңа әрқашан берік бол!
Құрметпен, Руза. Керекуден
- Рақмет, апай! Алла разы болсын!
- Алаш Орданың 100 жылдығы келе жатыр. Мемлекет қандай даярлық істеу керек деп ойлайсыз?
- Мемлекеттік бағдарлама қабылдануы қажет. Астана, Алматы қалаларының төріне Алаш ескерткішін дұрыс қоя алмай жүрміз. Семей қаласы мен Қарағанды облысын есепке алмағанда, ұлт көсемі Әлиханға еш жерде лайықты ескерткіш орнатылмады. Міне, осы олқылық Алашорданың мерейтойында жойылатын шығар.
Алаш тұлғаларының есімі көше аттарына, елді мекендерге толыққанды берілмей келе жатыр. Тың зерттеулер керек, арнайы фильмдер жасалуы қажет. Алдағы мерейтойда бұл мәселелер де шешімін табады деп үміттенем.
- Дауы бітпеген Мирзоян көшелері (Қазақстанның әр қаласында бар) Тәуелсіздікпен бірге жасай бере ме? Мұны ауыстыруды Астана Ономкомы шешкенімен, бекітетін мәслихат үнсіз...
- Ұлттық рух, намыс жетпейді. Ал біз көшеге шығып талап етпейміз...
Берік мырза, мына мәселелерге байланысты өз пікіріңізді білдіруіңізді және өз үзеңгілестеріңізді күш біріктіріп, іске асырылуына ат салысуларыңызды сұраймын:
1. Білім жүйесінде "орыс әдебиеті" пәнінің орнына "шетел әдебиеті" пәнін енгізу, орыс әдебиетін оның бір блогы ретінде ғана қамту. Ешбір ел өзгенің әдебиетін жапатармағай оқып жүрген жоқ. "Орыс әдебиеті" - бұл кеңестік кезең пәні.
2. Қазақ фамилияларына "-тегі" жұрнағын қосуға әділет органдарының рұқсат бперуіне қол жеткізу. Ең дұрысы осындай нұсқа екені айдан анық емес пе!
3. Астана атауын Алашорда деп өзгерту. Мағыналық жағынан да қазақтың астанасы деген жақын ғой. Әйтпесе, астана (столица) деген жалқы есім емес, жалпы есім ғой.
- Ұсыныстарыңызды қолдаймын. Тек Астана атауын «Ақ Орда» неме «Ел Орда» деп ауыстырған дұрыс шығар. Ал «Алаш» есімін Алашорда астанасы болған Семейге ұсыну керек деп ойлаймын.
Соңы
Abai.kz