Әлемдік рейтинг жарияланды: Қалың қалай, қазақ әскері?
Дәл қазір әлем жұрты аласапыран күйді бастан кешіруде. Жаһанды қақтығыстар өрті шарпып, әлемдік геосаяси ахуал күрделене түсуде. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды.
Былтырғы жылғы есеп бойынша әлемде 180-нен астам қақтығыс ошақтары тіркелген.
Сәйкесінше, әлем елдері ылдым-жылдым қарулану үстінде. Яғни, милитаризм күшейді. Сол әлемнің ажырамас бір бөлігі – бізбіз. Демек, әлемдік тенденция бізді де айналып өтпесі анық! Демек, бізге де қарулану керек. Бұл анық!
Осы ретте заңды сұрақтар туындайды: Қазақстан әлемдік әскери рейтингте нешінші орында? Тізім басындағы мықтылар кімдер? Көрші-қолаңдармен салыстырсақ, қай деңгейдеміз?
ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАҒЫ ЕҢ ҚУАТТЫ ӘСКЕР КІМДІКІ?
Оған қысқаша жауап: Жуырда «Global Firepower» әлемнің әскери күші туралы жыл сайнығы рейтингін жариялапты. Оған көз жүгіртсек, Қазақстан Орталық Азиядағы ең қуатты әскериге ие деп топшылауға болады. Себебі, Қазақстан рейтингте 58-ші орынға жайғасқан. Қазақстан 2023 жылмен салыстырғанда бірден 5 позицияға көтерілген екен.
Сарапшылар: «Global Firepower» порталының мәліметі бойынша, Қазақстан әскери қуатының қарқынды өсуін көрсетіп отыр. Бұл динамика Қазақстанды қарқынды дамып келе жатқан әскери державалардың қатарына қосады», - дейді.
Әскери қуат туралы тізімді парақтап отырсақ, Қазақстан екі мәрте Қарабақ соғысын бастан өткерген Әзербайжаннан да бір саты жоғары орналасқанын байқауға болады.
Ал Орталық Азиядағы өзге көршілер рейтингте қай сатыларға жайғасқан? Қараңыз: Өзбекстан – 65-ші орында, Түркіменстан 83-ші орында, Қырғызстан 100-ші орында, Тәжікстан 107-ші орында екен.
Ал ҰҚШҰ одақтастары ішінде Белаурсь 64-ші, Армения 102-ші орындарға жайғасқан. Ресей бұл рейтингте 2-ші орында тұр. Сарапшылар: «Ресей жуырда үшінші сатыға ойысатынын, өйткені Қытай рейтингк категориялары бойынша Ресейді өкшелеп қуып жеткенін», - айтады.
Ал әлемнің ең қуатты әскері – АҚШ әскері болып тізімделген. Үздік бестікке Үндістан (4-ші орын) мен Солтүстік Корей (5-ші орын) енген.
Сарапшылар: «Қазақстан әскери қуаты жөнінен Орталық Азияда сенімді түрде жетекші орынға шықты. Қазақстан армиясы қазірдің өзінде көптеген көрсеткіштер бойынша алғашқы отыздыққа, тіпті белгілі бір критерийлер бойынша әлемнің үздік 20 державасының қатарына енді. Бұл жетістіктер Қазақстанның өз мүддесін қорғауға дайын екендігін көрсете отырып, егемендігін нығайтуға ұмтылысын растайды», - дейді.
АЙТТЫ ҺӘМ ОРЫНДАЛДЫ: ҮКІМЕТ ЕСЕБІ ҚАНДАЙ?
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік: Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауына еліміздегі әскери әлеуетті дамытуға мән беру керектігін ескертті. Ол: «Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс. Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн», - деген еді.
Үкімет есебіне көз жүгіртсек, бүгінде еліміздің қарулы күштерінің әлеуеті мынадай:
1.Қарулы күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың, оның ішінде отандық өндірістің заманауи үлгілерімен қайта жарақтандырудың кезең-кезеңдік процесі жүріп жатыр.
Қарулы күштер 500-ден астам жаңа техника алды, 50 техника күрделі жөндеуден өтті.
2.Беренді және автомобиль техникасын, әскери әуе шабуылына қарсы қорғаныс, танкке қарсы жүйелерді, артиллерия мен атыс қаруын жөндеу цехтары іске қосылды.
Әскерлерде өз күштерімен 1500-ден астам әскери техникаға ағымдағы және орташа жөндеу жүргізілді.
ӘСКЕРІ КҮШТІ ЕЛДІҢ СӨЗІ ӨТІМДІ, МЫСЫ БАСЫМ!
Түйін: Әскери қуатты мемлекет ешкімге тәуелді болмайды. Оның сөзі өтімді, ал мысы басым. «Соғыс – кімдікі дұрыс екенін анықтамайды. Соғыс – кімнің аман қалатынын анықтайды», - дейді ойшыл Бертран Рассел. Сондықтан, әскери бюджетті ұлғайту маңызды екені анық. Қару-жарақты қазірден қамдау керек. Бізге заманауи қару-жарақ керек.
Ресей әскерінің Украинаға ашық соғыс ашуы көптеген елдерді қорғаныс саласына қайта қарауға мәжбүр етті. Әлемдегі геосаяси ахуал нашарлап, мемлекеттер қайта милитаристік көзқарасты ұстануға көшкендей. АҚШ бастап, Батыс қостап, әлем елдері қорғаныс саласының бюджетін еселейтінін айтты. Соның ішінде біз де бармыз.
Десе де, Қазақстанның ұрыс жағдайында жаңа қару сатып алу мүмкіндігінің болуы, әлемнің бірқатар елдерімен қорғаныс саласында келісім жасай алуы, қазақ сарбаздарын өзге елдерге оқыту және тәжірибе алмасуға жіберу мүмкіндігінің болуы, халықаралық дәрежеде имиджінің жоғары болуы және дипломатиялық беделге ие болу. Осы артықшылықтар Қазақстан әскерін қуатты ете түседі.
Abai.kz