Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Билік 1455 1 пікір 29 Тамыз, 2024 сағат 18:22

«Ақ жол» депутаттары қай өңірлерді аралады? Қандай мәселелер көтерілді?

Суреттер: parlam.kz, akzhol.kz

Жаз мезгілінде Қазақстанның негізгі заң шығарушы органы – Парламент, соның ішінде Мәжіліс депутаттары демалысқа шығатыны белгілі. Осы жаздық демалыстың кезінде депутаттар ел-елді аралайды. Өңірлердің тыныс-тіршілігімен танысып, елдің, елдегі еңбек ұжымдарының хал-жағдайын, мұң-мұқтажын естіп, қойындәптерге түртіп келеді. Келеді де, Мәжілісте сол халықтың талап-тілектерін депутаттық сауал ретінде билікке жеткізеді.

Біз бүгін өз оқырмандарымызға «Біз «Алаш» саяси мұраларын Қазақстанды жаңғыртудың ұлттық идеясы ретінде қараймыз және олардың мұратын мемлекеттік құрылыста, экономика және қоғамда табандылықпен жылжытатын боламыз», - деп ұран ұстап, Қазақстан Парламентінде өткір де өзекті мәселелерді жүйелі түрде көтеріп келе жатқан «Ақ жол» демократиялық партиясының өңірлерге жасаған сапарларына қысқа-нұсқа шолу жасағанды жөн санадық.

Сонымен, «Ақ жол» депутаттары қай өңірлерді аралады? Қандай мәселелер көтерілді?

Партия баспасөзі ұсынған деректерге көз жүгіртсек, шілде-тамыз айларында Азат Перуашев бастаған «Ақ жол» партиясының депутаттары барлығы 178 адамды қабылдап, 7613 тұрғындармен кездесу өткізген екен.

Оның ішінде «Ақ жол» төрағасы Азат Перуашев 19 елдімекенге барып, 2078 адамды қамтыған 26 іс-шараға қатысқан. 65 адамды қабылдап, 57 кездесу өткізіпті. Келіп түскен 77 сауалдың 18-не жауап беріп, түйткілді мәселелердің шешілуіне мұрындық болған.

«Ақ жол» депутаттары кімдер?

Партия төрағасы Азат Перуашев туралы айттық. Одан бөлек, «Мемлекеттік тілге» Тәуелсіздік алып беру үшін жанын салып күресіп келе жатқан тіл жанашыры, Мәжілістегі «Ақ жол» партиясының депутаты Қазыбек Иса, Қазақстан президенттігіне алғашқы үміткер-әйел ретінде тіркеліп, Қазақстанның сайлау тарихына өз атын ерекшелеп қалдырған, «Ақ жол» партиясының депутаты әрі Мәжіліс спикерінің орынбасары Дания Еспаева, «Ақ жолдық» тағы бір мәжілісмен Ерлан Барлыбаев пен фракциядағы ең жас депутат Ержан Бейсенбаевтар бар.

Бұл кездесулердің барлығында еліміздің экономикалық, әлеуметтік, кәсіпкерлік салаларына қатысты өткір мәселелер көтерілді. Алматыда өткен бірлі-жарым кездесуге біздің редакция өкілдері де қатысып, көтерілген мәселелер жайлы егжей-тегжейлі аналитика ұсынған болатын.

Соның ішінде «Еліміздегі жол құрылысы Ресейге тәуелді болмауы керек!» атты сараптамалық материалымызда еліміздегі жол құрылысы саласының түйткілді мәселелеріне тоқталған едік.

Соның ішінде еліміздегі ең ірі мегаполис – Алматыны асфальтпен қамтып отырған «Асфальтбетон 1» ЖШС жұмысымен танысып қайттық. Қордаланып қалған мәселе мұнда да аз емес екен. Естідік, көзбен көрдік.

«Біздің еліміздің территориясы қандай екенін өздеріңіз де білесіздер. Сол ұлын-ғайыр еліміздің әрбір ауылы, әрбір түкпірінде сапалы жолдар болуы керек! Ол үшін мемлекетке адал қызмет етіп отырған кәсіпорындарға әкімшілік кедергілер тоқтатылуы тиіс», - деген еді сол сапарда Азат Тұрлыбекұлы.

Онан соң еліміздің мемлекеттік қауіпсіздігі мен территоририялық тұтастығына тікелей жауапты Отандық әскери өндіріс саласына бірге бас сұғып, ондағы қордаланған мәселелерге шолу жасаған едік.

«Ұлттық қауіпсіздік пен Республиканың жер тұтастығына төнетін кез-келген қатерлерге тойтарыс беру үшін қорғаныс күштерін ең заманауи техникалық жабдықтармен және «гибридті» қарсы тұру құралдарымен қамту қажет», - деп партия бағдарламасына қара сиямен жазған «Ақ жол» демократиялық партиясының әскери өндіріс саласының мәселелеріне ерекше тоқталуы бекер емес. Ендеше, Парламентте отандық өндірістің түрлі салаларының жоқшысы болып жүрген партия әскери өндіріс саласының да мәселесін еліміздегі негізгі Заң шығарушы орган мінберінен жиі көтеріп тұруы керек деп есептейміз!

Әрі қарай «Ақ жол» депутаттарының өңірлерге сапары һәм онда көтерілген мәселелерге қысқаша шолу жасайық:

Мәселен, партия төрағасы Азат Перуашевтың инвестицияларды тарту мен жүзеге асыруға көмектесу мақсатында Шымкент қаласының әкімі құрған «Шымкент-Инвест» серіктестігіне барғанына тоқталып өтсек. Орталық «Kazakh Invest» ҰК және «Атамекен» РКП-мен бірлесіп жұмыс істейді. Инвесторларды қолдау шарасын, жеке бизнесті қорғау мәселесі, түрлі өңірлердің оң тәжірибесін талқыланды.

Жиын барысында іскерлік көші-қон визасын алу рәсімінің бюрократиялық сипаты мәселесі көтерілді. Мәселен, бұдан қазірдің өзінде-ақ Түркиядан келген шетелдік инвесторлар да, олардың қазақстандық серіктестері де зардап шекті, себебі көрсетілген визасы жоқ инвесторлар құрған кәсіпорындар заңсыз деп танылып, олардың тіркеуі жойылса, олармен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылды.

«Шенеуніктердің консерватизмінен бизнес айтарлықтай шығынға ұшыраған», - деп жазды депутат өзінің телеграмдағы арнасында бұл жөнінде.

Сондай-ақ, Азат Тұрлыбекұлы Президент Атырау облысындағы су тасқыны кезінде тұрғындарды эвакуациялап, бөгеттер салуға қатысқан Шымкенттегі әскери бөлімдерге барды.

Ал, Қостанайда үй құрылысы комбинатынның жұмысымен танысты. Кәсіпорын директоры В. Анненко арматуралық құрылымдарды тоқу, жабынды плиталарын, жылытылған үй панельдерін, қадаларды және т.б. шығаруға арналған автоматтандырылған желілерді көрсетті. Сонымен қатар, ауданы 80 ш.м. панельді коттедж үлгісі көрсетілді. Мұндай үйлерді (оның ішінде көп қабатты) салу жылдамдығы дәстүрлі әдістерге қарағанда 2-3 есе жоғары.

Депутаттың айтуынша, бұл әдіс әлеуметтік нысандар – мектептер, ауруханалар салуда да үлкен рөл атқара алар еді.

Депутат Ерлан Барлыбаев Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Оралдағы «ВодЭкоФильтр» ЖШС мекемесінде болып, кәсіпорынның өңірде ауыз су тапшылығын жою мәселесіне қатысты тың жобаларымен танысты.

Халық қалаулысы Қазыбек Иса жұмыс сапарымен Шымкент қаласын, сондай-ақ Алматы және Жетісу облыстарын аралады. Шымкентте ол кітапхана қызметкерлерімен кездесу өткізіп, Парламентте көтерілген маңызды мәселелерді талқылады, соның ішінде ұлттық мүддені қорғау, мемлекеттік тілді ілгерілету және қорғау, сондай-ақ офшордағы қаражаттарды елге қайтару мәселелері бар.

Шымкент пен Түркістан облыстарындағы зиялы қауым және мәдениет қайраткерлерімен өткен кездесулерде олардың ұсыныстары мен идеяларын тыңдады. Бұл ұсыныстар мәдениет саласындағы кейбір кемшіліктерге, мысалы, «Жазушылар аллеясының» жоқтығы, әртістердің жалақысын көтеру қажеттілігі және «Мәдениет институтын» қалпына келтіру мәселелеріне қатысты болды. Қазыбек Иса бұл мәселелер Парламентте талқыланатынын айтты.

Депутат Ержан Бейсенбаевтың іссапары Маңғыстау облысынан басталды. Ол алдымен Жаңаөзен қаласындағы «Алға» мүгедектер спорт клубының мүшелерімен кездесіп, үкіметке мүгедектікті растау жөніндегі 260 бұйрықтың қайта қарастырылатыны жөнінде ұсыныстың берілгенін айтты.

«Ақ жол» демпартиясы адам жанын арашалап, қиын-қыстау кезінде елге көмектескен адамдарды  марапаттау үрдісін қолға алған еді. Осы орайда Бейсенбаев Ақтаудағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы теңіз жаяу әскерлері бригадасы мен Ақтау қаласындағы №25744 әскери бөлімі сарбаздарына «Апатпен күрескені үшін» медалін және Талдықорғандағы №5514 әскери бөлімінің сарбазына «Адам өмірін құтқарғаны үшін» медалін табыстады.

Түйін: Биылғы жаз маусымында «Ақ жол» депутаттарының айтарлықтай белсенді жұмыс жасағанын байқаймыз. Алда Парламенттің жаңа сессиясы мен күрделі жұмыстар күтуде. Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қ. Тоқаев Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын жариялайды. Жолдау тапсырмаларын орындау мен күнделікті маңызды жұмыстарда депутаттарға сәттілік тілейміз.

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963