Сенбі, 2 Қараша 2024
Көкжиек 1379 4 пікір 16 Тамыз, 2024 сағат 12:42

Әскери өндіріс өзімізде де бар. Тек қолдау керек!

Сурет: Abai.kz

Дәл қазір әлем жұрты алағай да бұлағай күйде. Геосаяси ахуал күрделі һәм күрделене түсуде. Қақтығыстар көбейіп жатыр. Былтырғы жылғы жаһандық есеп бойынша әлемде 180-нен астам қақтығыс ошақтары тіркелген.

Сәйкесінше, әлем елдері ылдым-жылдым қарулану үстінде. Яғни, милитаризм күшейді. Сол әлемнің ажырамас бір бөлігі – бізбіз. Демек, әлемдік тенденция бізді де айналып өтпесі анық! Демек, бізге де қарулану керек. Бұл анық!

ТОҚАЕВ: БІЗ ӘСКЕРДІ ЗАМАНАУИ ҚАРУМЕН ЖАБДЫҚТАУЫМЫЗ КЕРЕК!

Бұл туралы президент Тоқаев не деді?

2023 жылдың қыркүйек айы. Қазақстан халқына жолдауында: «Бізге қорғаныс-өнеркәсіп кешенін жан-жақты нығайту керек. Осы орайда импортқа тәуелділікті азайтуға мүмкіндік беретін, жергілікті өнім үлесі жоғары өндіріс кешенін құру – аса маңызды міндет.

Біздің армиямыз жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз басқарылатын ұшу аппараттарымен, қазіргі заманғы атыс қаруларымен жабдықталуға тиіс.

Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн. Бізде оған қажетті материалдық-техникалық база, білік пен тәжірибе және мамандар бар. Тек оларға құзырлы мекемелердің тапсырысы керек», - деді.

ОА-ДАҒЫ ҚАУІПСІЗДІК – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ БОП ТҰР!

Ал биыл «Казахстанская правда» басылымында жарияланған мақаласында: «Өңірлік қауіпсіздік архитектурасын құру, оның ішінде Орталық Азия үшін қауіпсіздік қатерлерінің каталогын әзірлеу және олардың алдын алу шараларын қабылдау арқылы жасау аса өзекті мәселе болып табылады», - деп жазды президент Тоқаев.

Бұл екі мақаладан да ұғатынымыз біреу, ол – өңірлік қауіпсіздік һәм ел ішілік қауіпсіздік мәселесінің өзектілігі.

Қазақстанмен әскери саладағы ынтымақтастықты күшейтуге мүдделі мемлекеттер жоқ емес. Солтүстіктегі Ресеймен ҰҚШҰ деген әскери бірлестіктеміз. Бірақ, бұл да біздің қауіпсіздігіміздің кепілі емес! Керісінше, пайдасынан зияны басымдау.

Одан бөлек, Қытай, Түркия, АҚШ пен Батыс елдерінен де ұсыныстар жасалуда. Қазақстан мен Түркия, Қазақстан мен АҚШ арасында мемлекетаралық келісімдер мен келіссөздер әл-әзірден қалыптасқан.  Олардан бөлек, Қытай және Франциямен жасалған әскери келісімдер, соның ішінде қаруландыру жөніндегі мемлекетаралық келісімдер тағы бар...

Бұл әрине, дұрыс! Қазақстан әскери әріптестік саласында көп векторлылық жолынан айнымауы, әскери ынтымақтастықты, әскери саладағы алыс-берісті әртараптандыру керек!

Десе де, басты екпінді – отандық әскери өндіріске қою керек. Бұл ең әуелі ұлттық, мемлекеттік қауіпсіздік мәселесі. Бұл туралы президент Тоқаев та өз жолдауында айтты. «Техниканы шұғыл жөндейтін өндіріс орындарының қуатын арттырып, отандық кәсіпорындарға барынша қолдау көрсеткен жөн», - деді. Бізде осындай кәсіпорындар бар. Және онда материалдық-техникалық база да, білікті, тәжірибелі мамандар да бар!

ӘЛЕУЕТТІ ӘСКЕРИ ӨНДІРІС – ӨЗІМІЗДЕ ДЕ БАР! ТЕК ҚОЛДАУ КЕРЕК!

Жуырда Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» демократиялық партиясының жетекшісі Азат Перуашев мырзамен бірге Алматы қаласында орналасқан әскери өндіріс саласындағы жетекші кәсіпорындардың бірінің жұмысымен танысып қайтқан едік. 200-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпорын жайлы көп деректерді жариялай алмайтынымындың жазғыз себебі – әскери құпия!  Десе де, осы бір мақала арқылы әскери саладағы отандық өндірістің әлеуеті жайлы аз ғана ойды ел билігінің құлағына жеткізгіміз келді.

Сурет: Abai.kz

Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты:

– Қазіргі уақытта Алматы қаласында орналасқан әскери-қорғаныс саласындағы кәсіпорын жұмысымен танысып шықтық. Бұл кәсіпорын – еліміз үшін, оның қорғаныс саласы үшін маңызды компания! Және бұл еліміздің Қарулы күштерін заманауи үлгідегі модернизацияланған техникалармен жабдықтауға маңызды рөл атқаратын жаңа инновациялармен, жаңа технологиялармен айналысатын компания екеніне көз жеткізіп отырмыз.

Мұнда танктер, бронды техникалар, ұшақтар мен тікұшақтардың арнайы жаттығу құрылғылары (тренажер) бар. Ол жаттығу құрылғыларының авторлығы – осы компанияға, осы компанияның инструкторларына тиесілі. Олардың жасап жатқан жаңа технологияларға негізделген қару-жарақ, әскери техникалары еліміздің қорғаныс саласы үшін айтарлықтай маңызға ие.

Жақында, Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мырзамен сөйлескен едім. Ол кісі маған: «Азат Тұрлыбекұлы, біз көп айта бермейміз, бірақ өзімізде де қару шығаратын, жаңа технологияларға негізделген әскери технкика шығаратын зауыт, кәсіпорындар бар», - деп, осы кәсіпорынға барып, жұмысымен танысуды ұсынды. Көрдік. Кәсіпорын жұмысымен егжей-тегжейлі таныстық. Кәсіпорын басшылығы мен жұмыскерлерінің ұсыныс-пікірлерін білдік. Бізді қуантып отырғаны – біз ескі стандартты, советтік үлгідегі техникаларды ғана емес, халықаралық стандарттарға сай бронды техника өндірісі жолға қойылмақ.

Мұндай қару-жарақтарды, әскери техникаларды өзіміздің шығаруымыз әрине, дұрыс. Басқа бір елден сатып алмай, отандық өндірісті қолдауымыз керек! Өйткені, әскери саладағы өндіріс өзімізде де бар және өзгелермен бәсекелесуге техникалық мүмкіндігі жеткілікті.

Солтүстіктегі көршіміздің мысалына қарасақ, қазіргі кезде Ресей үшін бейбіт өндіріс емес, әскери өндіріс экономиканың күретамыры болып тұр. Сондықтан, біз де әскери өндіріс саласына бей-жай қарамауымыз керек! Ол да экономикамыздың маңызды бөлігі бола алады!

Сурет: Abai.kz

Иван Евгениевич, конструкторлық-техникалық және бағдарламалық жабдықтау бөлімінің жетекшісі:

– Мынау жаттығу құрылғысы – Ми-8 тікұшағының базасында жасалған және Қазақстанға арналып модернизацияланған. Бұны өзіміз жасап шықтық және мұндай жаттығу құрылғысы Қазақстанда екеу ғана. Бұлардан басқа Балқашта тұрған L-39 ұшағының жаттығу құрылғысы бар. Оны да біз жасап шығардық. Біздің өнімдердің ішінде модернизациялан Т-72 танктері, БМП, БТР, жылжымалы зениттік қондырғылар секілді өзге де бронды техникалар бар. Олардың барлығын өзіміз жасап шығарып жатырмыз.

Біздің өнімдерге шетелдерден де тапсырыстар түсіп тұрады. Мысалы, танктер мен бронды техникаларды Ресейге, Бангладешке, Африкаға, Араб әмірліктері мен АҚШ-қа да модернизациялап жөнелткенбіз.

Сурет: Abai.kz

Бағжан Ыбырайымбай, тестілеуші:

– Мен бұл жерде жұмыс жасап жатқаныма екі жылдай уақыт болды. Мамандығым – ақпараттық қауіпсіздік жүйесі саласы. Бұл жерде мен тестілеуші болып қызмет атқарамын. Біздегі тренажерлардың жұмыс істеу принциптерінің дұрыс орындалып жатқаны туралы ақпараттарды бақылап, біздегі бағдарламашыларға жеткізіп отырамын.

Сурет: Abai.kz

Темірхан Оралбеков, чиптеуші оператор:

– Бұл жерде өз мамандығым бойынша 6 жыл бойы жұмыс жасап келемін. Әуелі колледж оқып, кейін жоғарғы оқу орнын Қазақстанда аяқтадым. Кейін жұмыстан бізді Ресейдің Мәскеу қаласына біліктілікті арттыруға жіберді. Сол жақта арнайы курсынан өттім. Онан соң Қытайға барып, сол жақтан білімімді жетілдіріп келдім.  Және мен секілді Ресей мен Қытайдан біліктіріктерін арттырып келген мамандар аз емес.

Түйін: Біз Азат Тұрлыбекұлымен бірге аралап көріп, жұмысымен танысқан кәсіпорын – еліміздегі ең мықты конструкторлық кәсіпорын саналады. Олар енді өзіміздің Қорғаныс министрлігінің есебіндегі әскери техникаларды модернизациялау, жабдықтау, отандық әскери техникаларды даярлап шығарумен ғана шектелмей, елімізде бар ең озық бронды техника шығаратын әскери өндіріспен бірлесіп, Түркияның мақтаулы бронды техника даярлайтын зауытымен келісім жасаған. Бұл дегеніңіз – жақын болашақта Түркияның үлгісіндегі халықаралық стандартттарға сай, заманауи һәм озық брондалған әскери техника өндірісі Қазақстанда қолға алынады деген сөз!

«Ұлттық қауіпсіздік пен Республиканың жер тұтастығына төнетін кез-келген қатерлерге тойтарыс беру үшін қорғаныс күштерін ең заманауи техникалық жабдықтармен және «гибридті» қарсы тұру құралдарымен қамту қажет». Бұл – «Ақ жол» демократиялық партиясының «Түбегейлі өзгерістер қажет» атты саяси бағдарламасында жазылған екен. Ендеше, Парламентте отандық өндірістің түрлі салаларының жоқшысы болып жүрген партия әскери өндіріс саласының да мәселесін еліміздегі негізгі Заң шығарушы орган мінберінен жиі көтеріп тұруы керек деп есептейміз!

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 292
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 441
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 305