Жұма, 22 Қараша 2024
1192 3 пікір 2 Қыркүйек, 2024 сағат 12:00

Ел жағдайы: Ата Заң һәм Абай ілімі

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Конституция күні қарсаңында түрлі ойлар келеді. 1991 жылдан бастап егеменді болдық. Тағдырдың берген бұл үлкен сыйын дұрыс пайдаланып, өркениеттің сара жолына түсуге мүмкіндік туды. Өткен тоталитарлық коммунистік қоғам адамды бақытты өмірге емес, керісінше, тығырыққа тіреп, жардан құлататын жол екенін көрдік. Енді бағытымызды дереу кейін қарай бұру керек еді.

Бірақ олай болмады. Өкінішке орай, бұрынғы бағытымыз ептеп өзгергенімен, түбегейлі бет бұрыс жоқ, сол бұрынғы жүйемен  әлі келе жатырмыз деуге болады. Бұл жағдайды дер кезінде дұрыс түсініп, ой жүйемізді өзгертпесек, бұрынғы қателікті қайта қайталап, тығырықтан шығу қиындап кетуі мүмкін.

Ол қателігіміздің мәні неде еді?

Абай іліміне сүйеніп көрелік. Сонда бұл қателіктің себебін де, оны қайтадан қайталамау жолын да көре аламыз.

Коммунистік идеямен қаруланған тоталитарлық жүйе ерікті шектеп, Абай көрсеткен жан құмары мен тән құмарының үйлесімділігін бұзды. Себебі жан құмары еркіндік арқылы ғана қанағат тауып, сусындай алады. Ерікті тежеп, тұншықтыратын тоталитарлық жүйе жан құмарын өшіріп тастайды. Осылай қоғам болмыстың үйлесімділігінен шығып кетті. Табиғаттық бұл үйлесімділік заңдылығын бүгін де әлі ескере алмай, сондықтан өткен дәуірдің қателігін түсінбей, сол жолдан шыға алмай жүрміз. Елімізде сол себептен көп нәрсенің аты өзгергенімен, заты өзгермей, жағдай сол бұрынғы қалпында қалды.

Нәтижесінде елдің жағдайы бұрынғыдан да нашарлап кетті. Кеңес дәуірінде Коммунистік партия аз да болса елді бір бағытқа салып, жауапкершілікке мәжбүрлеп, бір мақсатқа жұмылдырып отырды. Ал бүгінгі күндері ондай мақсат та жоқ. Осылай Абай көрсеткен тәртіптен де, еріктен де айырылып, демократиясы әлсіз, өркениеті құлдыраған елге айналып отырмыз.

Біздің егемендік алғаннан кейінгі еліміздің жағдайы Ресей империясында 1917 жылғы революциядан кейін болған жағдаймен ұқсас. Бұл ұқсастықты көре біліп, одан сабақ алып, жіберілген қателіктерді қайталамауымыз  керек.

Өркениеті артта қалған Ресей елі Кеңес Одағы орнағаннан кейін тез қарқынмен жетіліп, тіпті, алдағы қатардағы капиталистік елдерді басып озбақ болғаны белгілі. Бірақ, ел бұған бірден жеткен жоқ. Құлдырау дәуірі мен қарқынды даму дәуірі арасында өтпелі кезең болды. Бұл табиғи заңдылық.

Еліміздің бүгінгі жағдайын дұрыс түсіну үшін, егеменді болғаннан кейінгі кезеңді осы тұрғыдан шолып өтелік. Себебі, біздің еліміздің жағдайы  қарқынды даму дәуірі емес, тек қана өтпелі кезеңді көрсетеді.

Егемендік алған алғашқы жылдар. Өркениет жолында синусоида заңдылығы бойынша құлдырау мен қайта өркендеу арасында өтпелі кезең болады. Бұл кезең барлық төңкеріс, революциялар үшін заңдылық және олар  ұқсас. Ол ұқсастық мыналар: жаңа қоғамның алғашқы кезіндегі хаос; оны жөнге келтіру үшін қатаң тәртіп орнату; саяси-экономикалық реформалар және тағы тағылар. Бірақ кейбір айырмашылықтары да болады. Оларға өтпелі кезеңнің уақыты, реформалар бағыты мен  түрлерін жатқызуға болады. Мысалы, коммунистердің өтпелі кезеңі 1917-1932 жылдар арасында онбес жылға созылды, ал біздің елде бұл кезеңнің басталғанына отыз жылдан асты, бірақ қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Екеуінде де бостандық алғаннан кейін адам еркіндікке ие болды. Бірақ уақыт өте келе бұл еркіндік шектеліп, өзінің әсерін жойып алды. Нәтижесінде адам өзінің еркіндігін дұрыс пайдаланбай, экономика бұрынғыдан да жылдам құлдырай бастады. Мұндай жағдай біздің ел ғана емес, Кеңес Одағы ыдырап, еркіндік алған тоталитарлық жүйеге икемделген елдердің барлығына тән құбылыс. Себебі, атеистік, тоталитарлық  өмірден қалған рухани мешел ой жүйесі адамдарға тәртіп пен еркіндіктің не екенін, олардың үйлесімділігін дұрыс түсінуге мүмкіндік бермейді.

Сонымен, қандай қоғам болса да егемендік алғаннан кейін бірден көтеріліп кетпейді. Өтпелі кезең болады. Бұл инерцияның әсері. Ресейде 1917 жылғы революциядан кейінгі жағдайлардың біздің елде де қайталануы сол себептен. Біз бүгін өтпелі кезеңде отырмыз. Әйтеуір, Құдай сақтап, Ресейдегідей Азамат соғысы біздің елде болған жоқ. Ал басқа жағдайлардың барлығы дәл сондай болмаса да, ұқсас екеніне көз жеткізе аламыз.

Мысалы, Ресейдегі 1917 жылдағыдай  егемендік алған соң біздің елде де тоқсаныншы жылдары тәртіп әлсіреп, түрлі топтар қоғам байлығын талан-таражға салды. Елде зорлық-зомбылық, рэкет, рейдерлік әрекеттер тәрізді түрлі бассыздықтар ұлғайып, адамдар күйзеліске ұшырады. Шындығына келетін болсақ, сол кезде қалыптасқан рейдерлік көріністер тіпті президент Н.Назарбаев заманы аяқталғанша созылды. Еркіндік алған қара күштер сол кезде ел басшылығын қолдарына алып, халық байлығын тонауға кірісті. Әділеттілік аяққа басылып, қоғамдағы тәртіп Кеңес Одағының дәуірінен де жылдам құлдырады. Республиканың экономикасы ыдырап, халық азып кетті.

Қалай дегенмен, экономика қанша құлдыраса да, адамдар еркіндік алып, бұрынғы жан күйзелісінен арылуға мүмкіндік туды. Рухани бостандық орнады. Еліміздің өркениетінің құлдырау нүктесі 1991 жылға жетіп, құлдырау қарқыны саябырлай бастады. Осылай өтпелі кезең басталды.

1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейінгі коммунистер тәрізді біздің үкімет те қоғамдағы өзгерістерді кезінде қолға алып, талан-таражбен қатты күресіп, қоғамдағы тәртіпті бір қалыпқа келтірді. Қоғамның төменгі топтарындағы маскүнемдік, ұрлық, рекет тәрізді ұсақ заңбұзушылықтар ауыздықталып тәртіп орнады. Бірақ қоғамның жоғары деңгейіндегілерді ауыздықтау оңай емес еді. Оларды тәртіпке келтіретін сәйкес күштер болмады. Демократиялық күштер әлі әлсіз, көпшілік қауым саяси оянып, пісіп-жетілмеген еді. Ал атеистік дәуірден келе жатқан басшыларда халық қамы, немесе Құдайдан қорқу деген сезімдер жоқтың қасы, не болмаса жетілмеген. Ұят тәрізді ішкі тірегінен айырылған және әлі рухани деңгейі төмен осындай бұрынғы басшылар билікке келіп, ел байлығын өзара бөлісуге кірісті. Демократия әлсіз болғандықтан, олар халық қаһарынан қорықпады. Осылай елді тонау төменде басылғанымен, енді ол жоғары деңгейге көтеріліп, жер байлығын, ел байлығын тонау ұйымдасқан жаңа көрініс тапты. Билік осылай елді жүйелі түрде тонауға мүмкіндік алды деуге болады.

Соған қарамай, еркіндікке ұмтылған халық жеке шаруашылыққа ұмтылып, 2000 жылдардан кейін елдің экономикасын жандандыра бастады. Жасампаздыққа жол ашылып, бостандық пайда болды. Еліміздің бұл кезеңі Кеңес Одағының алғашқы кезеңіндегі Жаңа экономикалық саясатымен ұқсас (НЭП) еді. НЭП-тің бұл ұқсастығы біздің елдегі жағдайды түсінуге мүмкіндік береді.

НЭП Кеңес Одағында  өркендеу дәуірінің өтпелі кезеңінің басы болды. Біз де сондай дәуірден өттік. Бұл кезеңнің жалпы заңдылықтары өзара ұқсас. Олардың ұқсастығы – екі жағдайда да еркіндік пайда болып, халық шаруашылығының жандана бастауы және сонан кейінгі құлдырауы.

Сонымен, еркіндік алған соң халық жігерленіп, өзінің барлық ынтасымен өмірін жақсартуға кірісті. Әркім қолынан келгенше әрекет жасап, жеке шаруашылық ашуға ұмтылды. Осылай халық шаруашылығы өркендеп, экономика түзеле бастап еді. Жеке меншік тез жетіле бастады. Ел жігерінің оянғаны соншалықты, тіпті ол кезде салық бөлімі халыққа толы, құжат алу үшін бірнеше сағат күту керек болатын.

Бірақ бұл қуанышты кезең ұзаққа созылмады. НЭП дәуірі қалай құлдыраса, бұл дәуір де солай құлдырау жолына түсті. Екеуінің себептері де – экономиканың жетілуіне жасанды кедергі келтіру. НЭП дәуірінде бұл кедергі коммунистердің капиталистік қатынастан қорқып, одан сақтану болса, ал біздің елде рухани мешеулік, содан шығатын коррупция, қағазбастық, жемқорлық тәрізді қоғам кемшіліктерінен болды. Адамның жетілуге деген ынтасы, жасампаздық қасиетіне тосқауыл қойылды. Бұл кемшіліктер еркіндікке шек қойып, адамның жетілуін тежеп тастады. Жеке шаруашылық саны күрт төмендеді. Енді адамдар жеке шаруашылық қамынан бас тартып, онымен айналысудан қаша бастады. Олар өздеріне сенудің орнына, үкіметке қарайлайтын болды.  Нәтижесінде еліміз экономикалық тығырықта, ал өндіріс құлдырап, сіріңкеге дейін шет елден алатын болдық. Осылай НЭП кезіндегі қателікті тағы қайталадық.

Сонымен, үкімет адамның еркіне түрлі кедергілер жасап, шек қойылып, оның қалау-ниетін, жасампаздық ынтасын тежеді. Үкімет тоталитарлық жүйеге айналып, діннен бастап білім алу, медицина салалары, сот-прокуратура жүйелері бір орталыққа, жоғары жаққа бағындырылып, Кеңес дәуіріндей солардың нұсқауынан шыға алмайтын болды. Адам еркінен айырылып, әділеттілік аяққа басыла бастады. Нәтижесінде адамның ынтасы жойылып, творчествалық, яғни жасампаздық қуаты әлсіреді. Оның алғашқы жігері енжарлыққа ауысты. Үкімет тарапынан өз қалауын ала алмаған халық бүгінгі күндері үлкен қобалжу үстінде деуге болады. Бірақ бұл тығырықтан шығатын жол емес екені белгілі.

Тоталитарлық жүйенің қандай екенін өткен дәуірден білеміз. Мұндай елде адамдар рухани және заттық тығырыққа жолығып, ар-намыс, қайрат-жігерден айрылып, қой мінезді болып кетті. Нәпсіқұмарлық күш алады. Ауылда ел маскүнемдікке, қалада ойын-сауыққа жол берілді. Осылай Абайдың ескерткен «Өсек, өтірік, мақтаншақ, Еріншек, бекер мал шашпақ – Бес дұшпаның, білсеңіз»  деген сөзін ұмытып, бұл дұшпандарға жол аштық. Қоғамда әділеттілік аяққа басылса, коррупция, жемқорлық ұлғайып, мемлекет құлдырау жолына түседі.

Ал енді еліміздің құлдырауы қашан аяқталып, өтпелі кезең өзінің төменгі нүктесінен өтіп, қашан жоғары қарай бет алады? Бұл сұрақтың жауабын әлі ешкім толық бере алмайды. Себебі, ол үшін елімізде күрт өзгеріс болу керек.

Егемендікті тағдырдың берген сиындай, ешбір күрессіз, оңай алдық. Сондықтан революциялық жағдай болмады. Халықты біріктіріп, шабыт беретін идея да жоқ. Сол себептен егемендіктің маңызын түсініп, дұрыс пайдалана алмай отырмыз.

Бірақ, қазіргі күндері елімізге төніп тұрған қауіпті халық түсіне бастады. Елдегі қозғалыстар қазақтың саяси көзі ашылып, ояна бастағанын көрсетеді. Халық дайын болса, соған сәйкес кезінде басқарушы адам да келеді. Сол кезден бастап өтпелі кезең өзінің төменгі нүктесіне жетіп, еліміз әрі қарай өрлеу жолына аяқ басады деуге болады. Ол үшін демократия дегеніміз еркіндік қана емес, жауапкершілік те екенін түсінуіміз керек. Абай ілімі осыған үйретеді.

Досым Омаров,

философ-ғалым

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315