Сенбі, 12 Қазан 2024
Мәйекті 869 0 пікір 3 Қыркүйек, 2024 сағат 15:01

Халқымыздың жұлдыздық туралы көзқарасы

Сурет el.kz сайтынан алынды.

Халқымыздың жұлдыздық туралы білімдері арабтың «Жұлдызнамасының» мазмұнынан парықты.

«Жұлдызнама» араб елінде ислам дінінен бұрын жазылған болжам кітап.

«Жұлдызнамада» аспандағы жұлдыздар мен адам саны тең. Бір нәресте туылғанда аспанда бір жұлдыз пайда болмақ. Пайда болған жұлдыз сол балаға тәуелді болып, мейлі кәртейіп, мейлі туыла салып өлсін сол адам өлгенде ағып түспек. Сондықтан тірі адамзат пен көктегі жұлдыз саны тең. Жұлдыздардың күндіз көрінбеуі – жердегі адамдардың сорын жасырып, сездіргісі келмегендігі. Түнде көріну бағың жанады, деміңді ал, деп адам пендесіне дем бергендігі. Адамзат жұлдыздардың бөлініп орналасуына сай орналасқан. Біз орта жұлдыздағы адамдармыз, сондықтан белбеуімізді белуардан буынамыз. Жер асты жұлдыздарындағы адамдар белбеуін балтырынан буынбақ. Түс көру сол пенденің көретін көргілігінен аруақтардың, жындардың адамдарға алдын ала берген аяны. Жердің астында жерді мүйізімен көтеріп тұратын алып көк өгіз бар. Ол жерді бір мүйізімен көтеріп тұрмақ. Бір мүйізі талғанда және бір мүйізіне ауыстырмақ. Мүйізден-мүйізге алмастырғанда жер сілкінбек. Алланың әмірінше көк өгіздің жерді тастап жібермеуі үшін. Бір алып ара маңдай тұсында ызыңдап күзетіп тұрмақ.

«Жұлдызнамада» адамның бақ пен сорын, қалай өлетінін, сырқатының сақайатын-сақаймайтынын мөлшерлейтін соқыр сенімдік мазмұндар көп, пәлен жұлдызнама көнеріпті дейтініміз осыдан. Ал, қазақ жұлдыздығының араб жұлдыздығынан парықты болуының басты себебі: жағырапиялық қоныстануы мен көшпенді сахараның тұрмыс тіршілігіндегі ұқсамастық.

Қазақ даласы төрт маусымы айқын, қоңыржай белдеуге орналасқан суы мол әрі тұнық, шөбі шүйгін орманмен көмкерілген, көктем, жаз, күз маусымдарында жаңбыр толастамайтын жасыл алқап болса, қыста қар толастамайтын қарлы алқап. Бұлтты, бұлыңғыр күндері болмаса, қыстағы қар мен жаздағы жаңбыр ауадағы шаң-тозаңдарын басып, жұлдыздардың жарқырап толық көрінуіне, кеңістік орта шат-жағдай әзірлегендіктен, ұлтымыздың жұлдыздық туралы білімдері басқа ұлттардан үстем тұрған.

Амал қанша, Өтейбойдақ атамыздың 500 жыл бұрын жазған «Шипагерлік баянының» жұлдыздық туралы бөлімінің 4/5 бөлімі 1958-жылғы мәдениет төңкерісінің ала сапыранында өртеліп кетті. Оның үстіне қоғамының дамуына сай жыртқыш түз тағыларының құрып-жоғалуы, малшылар тұрмысының өзгеруіне байланысты, түнде мал шетіне түнеп, күзетте болатын, жұлдыздарды бақылап, тілдесе білетін ата дәстүріміз жойылды. Қазақ дәрілерінің жұлдыздығы мен адамның жұлдыздығын ұштастырып дауалай білетін емшілеріміз қара жер құшағына кетіп, олардың ұшан-теңіз мұрасынан көз жазып қалдық.

Қазақ халқы ислам дініне кірген соң, шипагерлік және басқа саладағы асыл қазыналарымыз араб тіл-жазуында жазылып, оларға сіңіп кетті. Әбу Насыр Әл-Фараби еңбектерінің араб тіл-жазуында жазылуы мұның дәлелі. Шыңғысхан және оның әулеттерінің қазақ даласын отарлап, билік жүргізуі, игі жақсыларымыздың моңғол тіл-жазуын істетуі шұғылалы мәдениетіміздің моңғол жазуына  жинақталуына мұрындық болды.

Қабілетіміздің шекті, пайдаланылатын материалдарымыздың жоққа тең болуы халқымыздың жұлдыздық туралы білімдерін жинақталуына аса зор қиыншылықтар әкелгенімен, қолда бар аздаған материалдар арқылы халқымыздың жұлдыздық ғылымының дамуына түрткі болсын деп төменде қазақ жұлдыздығы туралы ойларымызды азда болса ортаға саламыз.

«Шипагерлік баянда» күллі әлемнің, тіршіліктің пайда болуын, құрып жоғалуын, бірінің орнын бірін басуын түсіндіретін алты тұғыр назариясы (өзегі кеңістік тұғыр, өзегі қараңғы тұғыр, өзегі суық тұғыр, өзегі жарық тұғыр, өзегі ыстық тұғыр, өзегі тұрақ тұғыр) пайда болды. Қазақ шипагерлігінің назариялық негізі болған «Шипагерлік баянда»: «Жұлдыздық өзегі алты тұғырдың көмекші ауыспалық иесі деп қаралады. Жұлдыздық көктегі мен жердегінің ұштаспалығының сыйласымы, жарасымы. Жұлдыздық адам жұлдызын белгілеудің шыр-нілі» делінген.

Қазақ жұлдыздығы үлкен жақтан ғаламдық жұлдыздық, адамзаттық жұлдыздық, дарымзаруатындық жұлдыздық болып бөлініс таппақ.

Жұлдыздықтардың мазмұны күрделі болғандықтан, бұл жерде тек шолып ғана өтеміз.

1. Ғаламдық жұлдыздық

Қазақ халқы неше мың шақырым алысқа жорыққа аттанғанда, соғыстан ауылына қайта оралғанда, жоғалған малын іздегенде, адасып кеткенде  жұлдыздарды бағдар етіп отырған. Мұның себебі: судың тұнығынн шөптің шүйгінін іздеп, шар тарапқа шашылып кеткен қазақ халқының жалғыз аяқты шөп басқан көш жолынан басқа жол жоқтығы. Қыста бар алқап қар құрсанғанда жолдың тіпті де болмайтындығы баршамызға аян. Яғни халқымыз белгілі тұрақты жұлдыздарды тас жол орнына, компас орнына пайдаланатындығы көз жұмуға болмайтыны шындық әрі халқымыз жұлдыздарды жіңішкелікпен бақылап, әлемдегі жұлдыздардың ауа райындық құбылыспен тікелей қатысты екенін жете танып, алдағы үш күн ішіндегі, бір аптадағы, бір айдағы, жарым жылдағы ауа райының өзгерістерін алдын ала межелеп, жалаң табиғатқа сүйенетін тұрмыс тіршілігін жаратылыстық апаттан сақтай білген. Тіпті алдағы үш жылдағы қуаңшылық, қар апаттарының болатындығын да межелей білген. Бұл тұрғыдан зақа халқы ертедегі ауа райынан алдын ала мәлімет беретіндерді «Ауа райын болжағыш» деп атаған.

Жұлдыздардың өзгерісіне қарай болжам жасаған халқымыздың «Ауа райын болжағыштардың» ақылы арқылы егер қыс ерте түсетін болса, күзеуліктен ерте көшу, қыс жай шығатын болса, төлдеулікке көшпеу, алдағы 3 күнде ауа райында үлкен өзгеріс болса, көші-қонды тоқтатып, жолаушы жүрмеу, тосаттан қарлы боран соғатындығы межеленсе, малды алысқа шығармау, көктем ерте келетін болса, мұз кетпей тұрып өзендерден өтіп алу, қыста қар қалың болатындығы межеленсе, қар жұқа болатын өңірлерде қыстау, жаз жаңбырлы болатындығы межеленсе, бидай, арпа, тары сияқты астық дақылдарын көптеп егу, қуаңшылдық болатындығы межеленсе, астық дақылдарын салмау, сарана, бек қазып, жау жұмыр теріп, балық, аң аулайтын, тіршілікті сақтауға қолайлы қоныс іздейтін, т.б. арқылы тіршілік тынысын сақтаған.

Қазақ халқында ертеде айтылатын адамзаттың жер анасы күн, атасы ай, дәнекер жұлдыз куәгері делінген. Күн – қазақ шипагерлігінде өзегі ыстық жарық тұғыр. Көктем, жаз, қыс, күз төрт маусымды күннің ұзарып, қысқаруы қалыптастырады деп қараған. Егер күн ұзарып, түн қысқара бастаса, көктем келмек. Қар-мұз еріп, тоң жібіп, тың тіршілік басталмақ. Күн ұзарған сайын жаз келмек, күн қысқарып, түн ұзара бастағанда күз келмек, күн қысқарып, түн ұзарғанда қыспақты қыс келмек деп қаралған. Ол замандарда қазақ даласына күннің жақындап-алыстауын, күн жүйесінің айналысын қазақ халқы ғана емес, күллі адамзат білмесе керек.

Жер – адамзаттың және барлық тіршіліктің тұрағы. Өзегі тұрақ тұғырға тән. Тіршілікте ауасымен тыныстап, суын ішіп, ырыздығын тауып жеп күнелтетін, киім киіп, баспана ұстайтын, өлгенде құшағына кіретін мекені. Ай болса, адамзаттың тіршілік барысында ұрпақ жалғауының жәрдемшісі. Жарық түғырға тән. Адамзат ұрпақ жалғау үшін ер-әйел некелі болуы, аталық-аналық сөл сырқатсыз қуатты болуы, бір біріне қосылуы шарт. Әйел заты аналық сөл (күйін сөлі) ажыратып шығаруға аспандағы ай дәнекер, жалғаушы болмақ. Балиғатқа толған әйел затынан айына бір рет ақтарылма (кір) келмек, бір айла әйел затында болатын күйін мезгіл үш күн болып, бала көтерудің ең жақсы мезгілі болмақ. Егер аспанда ай болмаса, әйел затынан кір келмек емес. Кір келмесе, әйел затында күйін  сөлде болмай, адамзаттың ұрпақ жалғауының мүмкін еместігін, құрып-жоғалатындығын түсіндірмек. Ай көрінбейтін қңірлерде жасайтын адамдар құрып жоғалмақ, егер бір жылдың жарым жылында ғана ай туылатын өңірлер болса, кір периоды жарым жыл ғана болуы шарт. Ай көрмейтін әйелдердің бала көтермейтіні, бедеу аталатындығы баршамызға аян.

Адамзаттың өмірі, тағдыры, күнмен, аймен ғана шектеліп қалмай, шексіз кеңістіктегі жұлдыздармен де қатысты. Күн, ай жұлдыздардағы өзгерістер құбылмалы ауа райындық құбылыстар тудырып, үсік жүрі, қуаңшылық, қалың қар, сел апаттарын, ауа райындық өзгерістерді тудырмақ. Адамзат алдын ала сақтанбаса, даярлық көрмесе, ауыр зиян әкелмек. «Күн қораланса күрегіңді сайла, ай қораланса, айбалтаңды сайла» деген аталы сөз бекер айтылмаса керек. Күн қораланса, алдағы үш күн ішінде ауа райында құбылмалы өзгеріс болмақ. Қыста ызғырық, қарлы боран соқпақ. Жазда бұршақ жаумақ, дауыл соқпақ.

Шолпан, темір қазық, үркер, жеті қарақшы, есек қырған, алты арқар ауа райынан алдын ала мәлімет беретін белгілі жұлдыздар. Құбылмалы ауа райы апат тудырудан тыс, түрлі жұқпалы сырқаттардың тарқалуына, көне сырқаттардың қозуына мүмкіндік болмақ.

Ежелден тартып қазақ халқы шолпанды таң жұлдызы деп атаған. Егер қыс аяғында шолпан өте жарқырап туса, қыс аяғы созылып, ақ сүйек болмақ. Егер солқын тартса, нұрсызданса, көктем ерте келіп, ел тез сергіп, қыс қыспағынан ел ерте құтылмақ, жазда өшкіндесе, жаз жаңбырлы болмақ.

Темірқазық – аспанның солтүстік полюс маңайындағы жарық тұрақты жұлдыз. Қазық-қазық тілінде орны өзгермейді деген мағынада болып, «Темір қазық» деген ат бекер қойылмаса керек. Ол ежелден қазақ халқының бағыт белгілейтін жұлдызы. Темірқазық қыста шаңқайып көрінсе, қыс аяғы суық, ызғарлы, боран-шашынды болмақ, қыс аяғы созылмақ. Егер өшкіндесе, ауа райының тезірек жылынатындығының белгісі болмақ.

Үркер – жыл бойы солтүстік аспаннан көрінетін бес шуақ жұлдыз, жазда солтүстікке ауытқып, қыста төбеге келмек. Ол ежелден қазақ халқының бағыт белгілейтін, ауа райынан мәлімет бере алатын жұлдызы. Үркер мамырда көрінбей кетіп, шілде де қайта пайда болмақ. Үркер бір мезгіл жерге (құрғаққа) жақындаса, жаз жаңбырсыз, қуаңшылық болмақ. Осы мезгілде суға (теңіз, мұхитқа) жақындаса, жаз жаңбырлы болмақ.

Жеті қарақшы – мәңгі күзетте тұратын жеті жұлдыз мағынасында «Шөміш жұлдыз» деп аталады. Ежелден қазақ халқының бағыт белгілейтін, ауа райынан мәлімет алатын жұлдызы. Жеті қарақшының ұшындағы жұлдыз шаңқайып алса, күн суытпақ, қыста қарлы боран соқпақ, жазда бұршақ жаумақ, қыста өшкіндесе, күн райы жақсы болмақ, жазда күн ысымақ.

Есек қырған шолпанға ұқсап қалатындықтан, ертеде бір топ керуен түнде дамылдап жатып, есекқырғанды шолпанмен шатастырып, таң шеті сөгілді деп есектерін қоя беріпті, жолаушылардың есектерін қасқыр қырып кеткендіктен осылай аталған деген аңыз бар. Егер есекқырған қыздырған темірдей қызарып алса, күннің суытатындығы, алтындай жарқыраса, күннің жылынатындығының белгісі болмақ.

Алты арқар жұлдызы бірінің үстіне бірі келсе, ауа райы жылы, қоспақталса суытпақ.

Өзегі тұғырлардың толассыз ауысып, бірінің орнына бірі басу барысында, қазақ даласындағы райлық құбылымдарды қалыптастырған.

(1) Шалдама: көктемдегі, жаздағы, күздегі жел-желеміктер.

(2) Ызғыма: қыстағы қар ұшырмайтын, ызғырық боран. Ықтасын тау қойнауларынан басқа жалтаң жерлерде терісінен соғып тұрмақ.

(3) Сызына: көктемде, жазда, күзде жер қыртысында болатын дымқылдық, аяқтан, белден, бөкседен өтсе, суықтық сырқат пайда қылмақ, «Аяғыңды жылы ки, көк шөпке отырма, төсенішіңді қалың сал, сыз өтпесін» дейтініміз осыдан бұрын қазақ халқында ағаштан тақтай тіліп, төсеніш жасау жалпыласа қоймағандықтан, астынан сыз өтіп, салданатын, жансызданатын сырқаттар көп болған. Сыз күз ақырында, қыста тоңға айналады.

(4) Сусақ: қыс маусымында болатын қатты суық болып, қыс кіргенде өз райын белгілемек.

(5) Тымық: төрт маусымда да болатын, желтсіз, бұлтсыз ашық аспан.

(6) Қыздырма: жаз маусымында болатын, түс мезгілінде өзін әйгілейтін ыстық күн.

(7) Шуақ: шуақ қыста да, жазда да болмақ, әсіресе көктемде көп болмақ. Бұл мезгіл қар кететін, барлық жәндіктерге ләззат бағыштайтын, қысқы ұйқыдағы жануарлар оянатын, қатып қалған жәндіктер тірілетін мезгіл. Қыста шуақтың болатындығы төрт түлік малдың ықтасын жерде күн шуақтап тұратындығы. Қазіргі қыста жылыжай астында көктат өсіру, әйнек, целлофан қора салудың барлығы қыстағы шуақтан пайдалана білгендігіміз.Ықтасын, күншуақ жерлердегі қарлардың қыста еруі де осыдан.

(8) Жылымық: көбіне қыс аяғында болатын, қарлы далада қыс мезгілінде жаға туылған қозының құмалағындай, қыс аяғында бармақтай шар секілді, аспаннан оқта-текте түс мезгілінде жауып тұратын нұр. Жылымақтың түсуі күн жылынатындығының белгісі.

(9) Аяз: қыста болатын, бет қаратпайтын, күшейгенде мұз шатырлап жарылатын, қызыл жалын деп те аталатын қатты суық.

(10) Бұрқақ: қыс мезгілінде жалтаң жерлерде үнемі ұшырайтын, қар ұшыратын суық боран. Бұрқақ көктем, күзде құбылмалы ауа райында кездейсоқ туылмақ. Ауа райы тосын суытып, күн бұлттап, қар жауып, қарлы боран соқпақ. Алайда тез айықпақ. Көбінше таулы, жалтаң өңірлерде ұшырамақ.

(11) Бұлыңғыр: төрт маусымда ла болмақ. Су буланғанда, ауа бұлыңғырланып, күн шаңыттанып, күндіз күн нұрын, түнде ай жарығын тосу. Бұл жерлерде айтылған бұлыңғыр үлкен қалалардағы ыс-түтек, машиналардан шығатын газдан қалыптасатын бұлыңғыр емес.

(12) Тұман: көбінде жаз маусымында болмақ.  Көктем, күзе аз ұшырамақ. Көбінде таулы өңірлерде жаңбырдан кейін ауа дымданып, жел ағысымен бірге болатын жердегі көшпенді бұлт, қара бұлт.

(13) Дулы: бұлтты күн. Жаз маусымдарында жаңбырдың, қыс маусымында қардың бұлты болмақ.

(14) Айық: төрт маусымда да болатын желсіз, бұлисыз, ашық аспан.

Күн, ай, жұлдыздар тудырған жоғарыдағы райлық өгерістер, маусымдардың кейбірі сырқаттарды қоздырса, кейбірі бәсетеді. Мысалы: көктемде қан тасығанда рухани сырқаттар қозбақ. Күн суытарда, суықтық сипатындық сырқаттар жадырамай, құрысып қол-аяғы үйіп, мең-зең болып, ауа райынан алдын ала мәлімет бермек. Шілдеде ыстық қанды сырқаттар қозбақ. Күзде шөп қурағанда адамдардың кепкіндігі аспақ. Қазақ халқында күзде өлім-жітімнің көп болатындығы міне осыдан.

Қосымша: бұдан тыс ауа райын белгілеуге үй жануарларының, қоңыр аңдардың қолғабысы тимек. Күн суытара қой қағынып, сілкінбек, сиыр өріске ұзап жайылмау қатарлылар.  Жаратылыстық апат туылатын өңірлерде қоңыр аңдар ауып кетпек.

2. Адамзаттық жұлдыздық

Әдетте бір-бірімен тату-тәтті жандарды еске алсақ, «Жұлдызы жарасыпты деу», өзара өш пенделерді еске алсақ «Жұлдызы қарсы» дейтініміз бар. Бағы жанған пенделерді «Жұлдызы оңынан туды» дейміз. Бұл тұрғыдан қарағанда, жұлдыздық адамдардың жаратылыстық мінездемесі бір-біріне ұқсайтындар шығысымды, ұқсамайтындар бір-біріне қарсы болмақ. Адамдардың мінездемесін, жаратылыстық сүлде құрандысы тудырмақ. Қуаттарда маңызды рөл ойнамақ. Шадыртқы шошымал (қалқанша без қызметінің үдеуі науқастары) болғандардың ашуы жаман болуы, ашушаң пенделердің ашуланғанын көрсек, өтің жарылып кетті ме? деуіміз қандай аңғақтық. Ыстық бейімделіктердің қан қызба, уайымшыл болуы, екйбіреулердің салмақты, ештемені қаперіне алмайтын бейғам болуы ұқсамайтын мінез-құлықтардың мысалы болмақ.

Адамзаттық жұлдызықты Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы атамыз есте сақтауға қолайлы болу үшін бетін қыбылаға қаратып (күн батыстан сәл түстікке қиыс) сегізге бөлген.

Маңдайының ортасы қараған жағын «Қыбла маңдай жұлдыздар», оң шекесі қараған жағын «Сол маңдай жұлдыздар», оң қолын көкке көтеріп, оң қол ұшы қараған жағын «Оңдық жұлдыздағылар», сол қолын көкке көтеріп, қолының ұшы қараған жағын «Солдық жұлдыздағылар», , көк желкесі қараған жағын «Арт шүйде жұлдыздағылар», оң иығы қараған жағын «Оң иық жұлдыздағылар» деп бөлген.

Мұндағы мақсат аспандағы жұлдыздарды адамға тәуелді емес, адамдардың жаратылыстық ерекшелігін, мінез-құлқын топқа айырып, қайсы сыртқатқа оңай шалдығатындығын, қандай топтағы дарымзаруатын істету керектігін, болашақта қандай азамат болатындығын межелеуде қолайламалы шарт болмақ. «Шипагерлік баянда» жұлдызықты бейнелеу системасы төмендегідей:

«Оң иық жұлдыздағылар», «Оңдық жұлдыздағылар», «Оң маңдай жұлдыздағылар», «Арт шүйде жұлдыздағылар», «Пенделік тіршілік», «Қыбыла маңдай жұлдыздағылар», «Сол иық жұлдыздағылар», «Солдық жұлдыздағылар», «Сол маңдай жұлдыздағылар».

Маңдай жұлдыздағылар (оң маңдай, құбыла маңдай, сол маңдай) мен шүйде жұлдыздағылар мінездері қарама-қарсы болғандықтан, бір-бірімен өмір бақи отаспақ емес.

Оң маңдай жұлдыздағылар мен құбыла маңдай жұлдыздағылар сол маңдай жұлдыздағылар бір-бірімен тату-тәтті, сыйласымды, жарасымды болмақ.

Оң жұлдыздағылар (Оң иық жұлдыздағылар, оң маңдай жұлдыздағылар) мен сол жұлдыздағылар (Сол иық жұлдыздағылар, солдық жұлдыздағылар, сол маңдай жұлдыздағылар) сырласым, сыйласым, жарастық таппайды. Кереге басы пәлі болумен өмірлері өтпек. Бірақ, бір-біріне қастық жасауы екіталай.

Маңдай жұлдыздағылар (оң маңдай, қыбыла маңдай) мен сол маңдай жұлдыздағылар сырласым, сыйласымы жарастық тапса да кикілжіңсіз өтпейтіні кемде-кем болмақ.

Шүйде жұлдыздағылар мен сол иық жұлдыздағылардың отасымы, сыйласымы жақсы деуге ауыз бармайды.

Аралық жұлдыздағылар (8 жұлдызықтың араларынан бір-бір жұлдыз тастап өзара сәйкестіргенде) отасымдық, сырластық, сыйластық, шығысымдық құбылмалы мол, арпалыстық бас қатырымдылығы өзгермелі, құйқылжымалы болмақ.

Әрбір жұлдыздықтардағы ортақ ерекшелік ерлер мен ерлер, әйелдер мен әйелдер, үлкендер мен кішілер, шамаластар, құрдастар болсын, мінез құлқы жарасса, бір-бірімен шығысымды, сыйласымды, сәйкесімді келмек, мінез-құлқы жараспаса, қанша ақыл айтқанмен берекесіз болмақ. Міне осыдан «Жұлдызы жараспады» деген аталы сөз туындаған.

Оң маңдай жұлдыздағылар. Пысық, ширақ, ісі ілгері басып тұратын жұлдызы оңынан тұратын жандар.

Сол маңдай жұлдыздағылар сорлы да, кедей болмақ.

Оң жұлдызды адамдар (оң иық жұлдыздағылар, оңдық жұлдыздағылар, оң маңдай жұлдыздағылар) өзара ұштасымы күшті, алдыңғы өмірі ойпыл-тойпыл, ақылы кәртейгенде кіріп түзу жолға түсетін, өте-мөте, 60 жастан кейін бағы жанбақ.

Шүйде жұлдыздағылар кер бақпа, желкесінен тартып тұратын жалқау, бейнетті, азапты көп тартады.

Міне жұлдыздықта айтылатын біреудің маңдайына бақ, біреудің маңдайына сор жазылған. Ілгері басқанның барлық ісі оңға баспақ, кері кеткеннің барлығы кейін кетпек дегеннің мағынасын түсіне аламыз. Маңдай жұлдыздағылар (оң маңдай, құбыла маңдай, сол маңдай) өзегі ыстық қанды пенделер болғандықтан, ыстық қанды қан қысым арту, қаны кепкіндеу, ішкі мүшелері тоғалық ыстықтан бұзылу, т.б. науқастарға оңай шалдықпақ.  Бұлар қанды аңғақтық ыстықтық бейімдегілер. Бұлардың ішінле оң маңдай жұлдыздағылар қызыл шырайлы, етті-женді келмек.

Шүйде жұлдыздағылар кейбірі аққұбаша, кейбірі қара сұры келмек, көп сөзді жан сүймейтін, ішінаралары ғана суырылған сөзшең келмек. Ондайлардың кейбірі қанды аңғақтық буылмалы бейімге жақын келмек, бұлар көбінесе қол-аяқ сырқаттарына, кеуде сырқаттарына оғай кіріптар болмақ. Қол-аяқ қақсағыш, қол-аяғы ұйығыш, жансыздағыш, буындары ауырғыш, өан аздық, қан қуатсыздық, нілсіздік, жүрек, өкпе сырқаттарына оңай кіріптар болмақ.

Сол жұлдыздағылар (солдық жұлдыздағылар мен сол иық жұлдыздағылар) шикіл сары, тез арып, тез семіргіш, қызыл аш, тершең, көп жөтелгіш, тынысы тарылғыш болмақ, мұндайлар қанды аңғақтық, суықтық бейімге жақын, тоңғыш, мұздағыш, тамақсау, сырқатқа шыдамды келмек. Көбінесе суықтық сырқаттарға, тыныс жолы сырқаттарына, суықтан болған тұмауға оңай шалдықпақ.

Сол маңдай аралық жұлдыздағылар (солдық жұлдыздағылар мен сол маңдай жұлдыздағылар арасында) сырқаттан қорқып, өзегі өшіп тұрмақ. Оң маңдай жұлдыздағылар сырқатты елеп-ескермейтін тәуекелшіл келмек.

Сол иық аралық жұлдыздағылар (сол иық жұлдыздар мен солдық жұлдыз аралығындда) өте-мөте күмәнқор, әпербақан, әлкеуде келмек.

Оң иық аралық жұлдыздағылар (оңдық жұлдыздағылар мен оң иық жұлдыз аралығында). Іске шөгел, сырқаттық науқасқа шыдамды, дауалауға сәйкескіш, тез айыққыш, сөзшең, сөзі тілсіз келмек.

Адамзаттық жұлдыздықты байымдау, сырқаттың туылым мүмкіндігі бар-жоқтығын айқындау – ол нақтылы аңғарым қою емес, жұлдыздық тамыр соғымын белгілеу нарықталғы мен аңғарымға бірлестіргенде ғана баяндалмақ.

Тері реңіне қарай жұлдыздықты айыру түгелдей тура дегендік емес, қайта 60-70% мөлшерінде жұлдыздық тума жаратылыстық құрандылық болғандықтан, кейбіреулердің ерекше талантты болуы немесе ақылсыз болуы, тапқыш болуы, ақын болуы, ұрыншақ болуы, ел билегіш ел ағасы болуы, өзінің тума ерекшелігі – бейімділігіне қатысты.

Ұсақ сырқаттың кейбіреуіне жеңіл, кейбіреуіне ауыр тиіп, тіпті жанын жалмауы, созылмалы ауруға айналуы жұлдыздықпен қатысты. Біреулерге дәрілердің реакция жасауы, ем қонбауы, ал енді біреулерге ем дарымзаруатын істете салысымен тез жазылуы жұлдыздықтың ерекшелігі.

Сырқат тек жұлдыздықпен қатысты болып қалмай, ауа ағысы, су, жанасу арқылы жұғатын құрт жегілік сырқаттар баршылық. Алайда, сырқаттың ауыр-жеңіл болуы жұлдыздықпен тікелей қатысты.

Кейбір болжағыштардың адамдарға бала күнінде есейгенде пәлен кәсіптік маманы боласың немесе езілген ез, еңіреген ер боласың деуінің өзі адамзаттық жұлдыздықты жете танып, қанық білгендік.

Кейбіреудің жазушы, кейбіреудің биші болуы да жұлдыздық ерекшелік, сондықтан жұлдыздықты білу емшілердің ғана емес, әрқандай адам білуге тиісті ғылым болмақ.

3. Дарымзаруатындық жұлдыздық

Байтақтық өскіндер жөнінен алғанда, дәрілердің қандай ортада өскендігі, сол жердегі райлық өзгерістер, жаратылыстық құрандысы адамзатқа, ұқсаған жұлдыздықтағы адамдарға болған тәсірі, дәрілердің реңі, істетілетін бөлегі, таным-сезімі, т.б. қатарлыларға қанық болу, мақұлхат шектілер жөнінен алғанда мүшелік, тұлғалық ерекшеліктері, алынған мезгілі, жасаған ортасы негіз болмақ. Тастақтылардың шығатын орны адамзат сырқатына болған тәсіріне қарап айырмақ.

Адамзаттық жұлдыздықты, сырқаттық жұлдыздықты, дарымзаруатындық жұлдыздықты толық біліп, дұрыс аңғарымдап, дарымзаруаттарды қағида бойынша істету – толымды шипагер болуға қолғабыс тигізбек. Қанық білгендер қара үзген шипагер болмақ.

Қалибек Қанжарбайұлы,

Көрнекті дәрігер, қазақ медицинасының білгірі. ҚХР ШҰАР

Abai.kz

0 пікір