Алаш философиясы: Шәкәрім ұлағаты
Басы: Алаш философиясы – ұлттық даму философиясы
Жалғасы: Алаш философиясы: Бөкейханов феноменологиясы
Жалғасы: Алаш философиясы: Елдік сипат...
(төртінші трактат)
Кіріспе сөз:
Қазіргі заманда Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде әлемге танылды: соған сай, Қазақстан өзінің Ата заңын және мемлекеттік рәміздерін қабылдады. Мемлекеттік шегарасын бекітті. Ол бойынша Қазақстан унитарлы мемлекет, яғни, қазақ ұлты құрған мемлекет екендігі Конституцияда жазылды. Бұл шешім тарихи әділеттілік негізінде жасалды. Өйткені, ғасырлар бойы Қазақ елі осы жерде, өз атамекенінде өмір сүрген, осы жерді қорғаған, табиғатын сақтаған, жеріне сай мәдениетін, салт‑дәстүрін, шаруашылығын, тілін, ділін түзеген.
Бұл – унитарлы мемлекет туралы шешім қазіргі замандарда орныққан, халықаралық қауымдастықтың БҰҰ аясында біріккен 183 мемлекеттер қабылдаған заңға сәйкес, әрі, бұл – осы заңның Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті жағдайындағы локалды (жеке бірлік) көрінісі.
Ендеше, көпұлттар мекендейтін Қазақстанда қазақ ұлтының «мемлекетқұрушы ұлт» ретіндегі статусы Қазақстан Тәуелсіздігін мойындаған өзге мемлекеттер үшін, ол мемлекеттердің халықтары үшін, сонымен қатар, Қазақстанда тұрып жатқан, Қазақстан азаматы саналатын өзге ұлттық диаспоралар үшін әділетті және заңды деп танылады, танылуы тиіс. Әрі, Қазақ ұлтының бұл статусы БҰҰ деңгейінде қорғалады.
Қазақ ұлты – еліміздің барлық азаматтарын өзіне топтастырады
Аталған себептерге байланысты ‑ Қазақстанда Қазақ ұлтының Тілі мен Мәдениеті, Дәстүрі мен салты, Мемлекеттік‑Елдік сипатын Қазақ ұлтының мәдени‑рухани болмысы құрайды деп айта аламыз. Мемлекеттің барлық азаматтарын біріктіретін басты идеологиялық платформа – қазақтың Ұлттық мүддесі мен мақсаты.
Осы тұрғыда, Қазақ мәдениеті мен ұлттық болмысы, ұлттық тәрбиесі, мәдениеті, тілі мен моральдік‑этикалық бейнесі өзге ұлттарды өзіне тартатын, өзіне ешбір моральдік кедергісіз сіңіретіндей пассионарлық қуатқа ие болуы тиіс.
Ұлттық болмыс – замана ағымымен үйлескен, қуатты мемлекет құруға бейімделген, кей жағдайда жалпыадамзаттық сипатқа ие, жаңашыл әрі демократиялық бағытта өзін көрсете білуі керек. Міне, осы талапқа қол жеткізу үшін бізге Алаш философиясына қайта‑қайта үңіліп, оның айтар ойын заманға сай баяндау – өте маңызды! Бүгінгі трактат соның бір парасы...
Шәкәрім Құдайбердіұлы:
«Адамның ең асылы – қиянатсыз, ақ пейіл адам».
Әрине, адамзаттың асыл ойы да – осы! Әгәрки, жер бетіндегі адам баласы түгел дерлік осындай болар болса ‑ бұл дүниеде зұлымдық атаулы тұтасымен жойылар еді... Алайда, жер бетінде адамзат әрқилы: өз ұлты, өз жері, өз мәдениеті, өз дәстүрі, тіптен, өз келбеті және т.т. болады. Онымен қоса, әралуан адамзат өзара үздіксіз қарым‑қатынаста болады. Бұл процесс жердегі тіршілік барда үзілмек емес. Ендеше, осы процесте «адамзаттың әралуандық сипаты» тек бір қалыпта «қиянатсыз, ақ пейіл» болуы мүмкін емес. Қайшылықтар пайда болады. Оған себептер көптеп табылады: мысалы, оған бір халықтардың өмір сүру ареалын кеңейту соғыстары, халықтардың табиғи және әлеуметтік апаттардан боса көшуі, діни тұрғыдағы қайшылықтар, мемлекеттік даму тұрғыдағы айырмашылықтар, демографиялық дағдарыстар, эпидемиялар және т.т. Міне, осы мәселелер «әралуан адамзат» арасына кіріккенде – міндетті түрде «күштінің жеңуі» деп аталатын «табиғи сұрыпталу» заңы іске қосылады. Ал, ол процесстің ешбір қиянатсыз, таза ақ пейілді түрде өтуі еш мүмкін емес.
Мұндай жағдай табиғатта да үздіксіз өтіп жатады. Онда ол ежелгі грек философы Гераклит Эфесский айтқандай өте қатаң:
«Жердің өлімі — суға айналу, Судың өлімі — ауаға айналу, Ауаның өлімі — отқа айналу, және, керісінше» болып шығады. Яғни, қысқаша былай: «Су — оттың өлімі, ауа — судың өлімі, жер — ауаның өлімі».
Бұл ой Гераклиттің әлемнің үздіксіз өзгерісі туралы философиясымен байланысты («бәрі ағады» — panta rhei). Оның түсінігінде стихиялар бірін-бірі тура мағынасында жоймайды, қайта бір күйден екіншісіне ауысып отырады — әлем мәңгілік өзгеріс пен айналым үстінде болады.
Міне, «табиғи сұрыпталу» осылай өтсе, оның көрінісін адамзат та өзара қарым‑қатынасында қайталайды. Мұнда да, бір мәдениеттер жойылады, оның орнын өзгелер алады, бір халықтар, бір тілдер жойылады, оның орын жаңа халықтар басады... Ендеше, бұл жағдайда, Шәкәрім айтқан «ең асыл – қиянатсыз, ақ пейіл қасиеттер» де жойылады. Оның орын небір зұлымдық түрлері басады.
Мұндай процесс адамзат тарихында үздіксіз жүрді, әлі де жүріп жатыр... Ендеше, философ Шәкәрім мұны білмеген бе? Білген, «Үш анық» кітабын жазған философтың мұны білмеуі мүмкін емес...
Сонда қалай?
Шәкәрімнің ойы тым терең. Мәселен, адам баласы өзіне жарық пен жылуын беретін аспан денесін бір ғана «Күн» сөзімен бейнелейді. Осы сөздің астарына барлығы сияды. Ал, Күннің өзі сол мезетте нағыз аждаһа ошағы, онда небір жарылыстар мен тірішілікке аса қауіпті отшашулар болып жатқаны туралы ойлана бермейді. Адамға керегі – оның жарығы мен жылуы. Ол ‑ абсолют, ол – субстанция.
Міне, тура сол сияқты, жер бетінде де адамзатқа, ендеше, адамға тән ең асыл қасиет: ол – «қиянатсыз, ақ пейіл болу».
Сондықтан, бұл, тек жеке адамға ғана емес, бүкіл адамзатқа қатысты айтылған сөз! Яғни, адамзат өзінің «әралуандығына» қарамастан, бір біріне «қиянатсыз болуы тиіс, ақ пейіл болуы тиіс» деген Ұлы Гуманистік ой!
Олай болса, «қиянатсыздық пен ақ пейіл» ‑ жер бетіндегі әрбір халықтың ұлттық тәрбиесінің «Күні», яки, «Шамшырағы» ретінде қалыптасуы тиіс. Адамзат тұтасымен әрі үнемі осы «тіршілік көзіне» ұмтылыста болуы тиіс деген асыл ой жатыр бұл мағынада!
...Бүгінде Шәкәрімнің өзі жоқ, тек сөзі бар ‑ оның ұрпағы өз қалауымен, өз еркімен Тәуелсіз мемлекетін құру үстінде.
Мемлекет өзінің қоғамдық әрі мемлекеттік дамуының басты принципі ретінде «Әділет» ұстанымын таңдап алды, оны Қонституциясының төріне алтын әріппен жазып қойды.
Ал, ғасырлар бойы қауымдасып өмір сүру ережесін қанына сіңірген қазақ халқында «Әділет» түсінігі тамырласа келе «қиянатсыздық» пен «ақ пейіл» ұғымдарымен ұштасады. Бұл қалып – біздің халықтың, жалпы, қазақ ұлтының өмір сүру қалыбы десек – артық айтпаймыз: кезінде алып далада империялар құра алсақ та, халқымыз өзінің соңғы тарихында қиянатты көп көрді, оның ауыр салмағын жанымен де, тәнімен де тартудайын тартты...
Олай болса, енді егемендігіне қолы жеткенде – халық өзінің асыл қасиетін ту етіп қайта көтеруге ұмтылуда.
Әрине, бұл соқпақ – оңай соқпақ емес. Әлемде әртүрлі мүдделер қақтығысы жиі кездеседі – осы ортада «әділетті» ту етіп ұстап отыру – бүкіл ұлттық тәрбиенің, ұлттық болмыстың, мемлекетті басқарудың, сот жүйесінің, заң шығарудың Темірқазығына, рухани дамудың Шамшырағына (Күнге) айналуы керек.
Ол да оңай емес: қазбалап жіберсек – осыған қарсы келетін қадау‑қадау мәселелер шоғыры шығады. Оны жалаң ұранмен, не тек «ақ пейілмен» жою еш мүмкін емес. Ол үшін, біраз тер төгуге, тіптен, қажет болса «қан төгуге» де тура келуі мүмкін...
Біз – осы жолды таңдадық. Бірақ бұл – бірден бір сара жол!
Ол үшін, келесі Алаш философы Мұхтар Әуезовтың бір ауыз сөзін айтып, трактатымды тәмәмдаймын:
Мұхтар Әуезов:
«Ал, қазақ, мешел болып қаламын демесең ‑ тағылымыңды, бесігіңді түзе!»
Әбдірашит Бәкірұлы, философ‑публицист
Abai kz