Мақсат Ілиясұлы. ПРЕЗИДЕНТ ЖӘНЕ ПАРЛАМЕНТ
Заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары Мақсат Ілиясұлының еліміздегі құқытық мәселелерге қатысты сараптамалық мақаласын жалғастырып беріп отырмыз. Бұның алдында автор демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет туралы түсінік берген болатын(http://old.abai.kz/content/maksat-iliyasyly-konstitutsiya-zhene-biz-khalyktyn-erki-kaida-kaldy-basy).
Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және ол республиканың бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет. Енді осы жерде Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қандай құзіреттерге, міндеттер мен жауапкершіліктерге ие және Президенттің билік тармақтарымен ара қатынасы туралы аз-кем әңгімелеп көрейік.
Заңгер, Қазақ Ұлттық кеңесі төрағасының орынбасары Мақсат Ілиясұлының еліміздегі құқытық мәселелерге қатысты сараптамалық мақаласын жалғастырып беріп отырмыз. Бұның алдында автор демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет туралы түсінік берген болатын(http://old.abai.kz/content/maksat-iliyasyly-konstitutsiya-zhene-biz-khalyktyn-erki-kaida-kaldy-basy).
Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және ол республиканың бүкiл аумағында тiкелей қолданылады. Конституция бойынша Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет. Енді осы жерде Конституция бойынша Қазақстан Республикасының Президенті қандай құзіреттерге, міндеттер мен жауапкершіліктерге ие және Президенттің билік тармақтарымен ара қатынасы туралы аз-кем әңгімелеп көрейік.
Президент. ҚР Конституциясының 40- бабына сәйкес, Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi және ол мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуi мен өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
Конституцияда Президентке және Бірінші Президентке үлкен құзіреттер берілген. Мәселен, Конституция бойынша кезектен тыс Президент сайлауы Президентінің өз шешімімен тағайындалады. Сонымен бірге онда «бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды» деп нақты көрсетілгенімен бұл шектеу Тұңғыш Президентке қолданылмайды. Бұл жағдай Конституцияның 14-бабында көрсетілген «заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең» қағидасымен сиыспайды.
Сонымен бірге Президент республикалық референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды, Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы референдум өткізеді немесе референдумға шығармай ол туралы ұсынысты Парламент қабылдауына ұсынады, Премьер-Министрді қызметке тағайындайды, оны қызметтен босатады, Үкіметінің құрылымын айқындайды, Орталық сайлау комиссиясының төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасын және екі мүшесін қызметке тағайындайды, Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады, Ұлттық Банктің төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын, жергілікті және басқа да соттардың төрағаларын тағайындайды. Жалпы Президент мемлекеттің барлық ішкі және сыртқы саясатын реттеуге бағытталған 21 тармақтан тұратын құзіреттер мен артықшылықтарға ие және ол өз қызметі, қабылдаған шешімі, шығарған заңдары мен жарлықтары үшін жауап бермейді.
Конституция бойынша Президент өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Алайда ондай айып тағу және оны дәлелдеу мүмкін емес. Себебі айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн.
Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы төрағасы мен екі мүшесін өзі тағайындайтын Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады.
Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылданбаса, Президентке қарсы тағылған айыптың күшi жойылады. Президентке мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айып дәлелденбесе, айып таққан Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылады.
Біріншіден, Сенатта 15 депутатты Президент өзі тағайындайтын болса, басқа сенаторларды Президенттің ықпалындағы маслихаттар сайлайды. Ал Мәжілістің 9 депутатын Президент басқаратын Қазақстан халықтар Ассамблеясы сайласа, 83 депутат Президент өзі басқаратын «Нұр Отан» партиясына тиеселі.
Парламент. ҚР Конституциясының 49- бабына сәйкес Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын республиканың ең жоғары өкiлетті органы. Көріп отырғандай Парламент билік тармақтарының қатарына жатқызылғанымен Конституцияда ол туралы «билік» ұғымы қолданылмайды.
Конституцияның өзінде де және ҚР «Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңында да «ең жоғары өкiлдi орган» деген сөздің мағынасы, оның құзіреті туралы жазылмаған. Ал негізінде әлемдік қалыптасқан үрдіс немесе халықаралық құжаттарға сәйкес жоғары өкілді орган (высшый представительный орган) дегеніміз – тікелей халық құратын, халық алдында жауапты әрі халыққа есеп беретін, басқа билік тармақтары мен мемлекеттік органдар оған бағынатын, халықтың мемлекеттік басқару құқығын жүзеге асыратын және халық мүддесін қорғайтын заң шығарушы және сол заңның орындалуын қадағалаушы билік тармағы болуы керек еді.
Бірақ өкінішке қарай Қазақстан Парламентінің тағдыры халыққа емес, тікелей Президентке тәуелді болып отыр.
Мәселен, Парламент Мәжілісінің депутаты конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған кезде өз мандатынан айырылады. Ал Парламент Мәжілісінің 83 депутаты Президент басшылық ететін «Нұр Отан» партиясына тиеселі. Билік саясатын қолдамайтын партиялар Парламентке өте алмайды.
Партиядан шығарып жіберуге негіз әр түрлі болуы мүмкін. Айталық, ұшақта келе жатып, жолсерікпен араздасып қалсаңыз да, партияның ішкі құжаттары мен тапсырмаларын орындамасаңыз да партиядан шығып қалуыңыз мүмкін. Онда қош бол, мандат, деңіз. Бұл өз жағдайында депутаттардың партияға да тәуелділігін көрсетеді.
Конституцияның 44-бабына сәйкес Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлауды Президент тағайындайды. Сенат пен Мәжіліс депутаттарының қалай сайланатынын және олардың Президентке тәуелділігі туралы жоғарыда айттық. Енді Парламенттің заң шығару қызметiн қалай жүзеге асыратынына тоқталайық.
Конституцияның 61-бабында көрсетілгендей заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады. Алайда 45-бапта «Конституцияның 53-бабының 4-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады» деп белгіленген.
Яғни 53-бапқа сәйкес Парламент Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін бере алады. Яғни, бір жыл ішінде Президент жеке дара заң шығаруға, қабылдауға құқылы. Ал 61-баптың 2-тармағында «Республика Президентiнiң заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгiлеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады» деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiстi екенiн бiлдiредi. «Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президентi заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгiлеген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылады» деп жазылып тұр. Ал Жарлықтың қолдану мерзімі анықталмаған. Демек заң қабылданбаса да Жарлық негізінде жылдап жұмыс істей беруге болады деген сөз. Ең негізгісі Конституцияда «Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн заңдар шығаруға хақылы (61-бап)», «Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары түрiнде заң актiлерiн қабылдайды (62-бап)» деп жазылғанымен, Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк даусымен мақұлданған заң жобасы Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданса, заңға айналатынына қарамастан 62-баптың 2-тармағына сәйкес, заңдар Президент қол қойғаннан кейiн ғана күшiне енедi. Олай болса Президенттің қолы қойылмаса, күшіне енбейтін заңды қабылдау қаншалықты қажетті деген заңды сұрақ туындайды. Ол үшін екі палаталы Парламент жасақтап, миллиардттаған қаржы шығындау өзін өзі ақтайтын шаруа ма?
Ол аз десеңіз, Конституцияның 61-бабының 6-тармағы бойынша мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Үкiметтiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiледі. Яғни Қаржы министрінің рұқсатынсыз Парламент өзінің заң шығару қызметiн жүзеге асыра алмайды. Ал Президенттің заң шығару бастамасы тәртібімен Мәжіліске енгізілген заң жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
Қаржы министрін және Премьер-министрді Президент тағайындайды. Демек, Парламент өзінің заң шығару қызметiн жүзеге асыру жөніндегі Конституциялық құқығын Президенттің рұқсатынсыз жүзеге асыруы мүмкін емес. Былайша айтқанда бір жағынан өкілді орган ретіндегі құқығы шектелген Парламент заң шығару қызметiнде де Президенттің хатшылығы ролінде ғана өмір сүріп отыр.
Бұл өз кезегінде Конституцияның 3-бабында айқындалған билік тармақтарының тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн қалыптастыруға мүмкіндік бермей отырған жоқ па?
Жалпы депутаттардың ҚР «Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңына сәйкес Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiне, Ұлттық Банкi Төрағасына, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшелерiне, Бас Прокурорына, Ұлттық қауiпсiздiк комитетiнiң төрағасына, Республикалық бюджеттiң атқарылуын бақылау жөнiндегi есеп комитетiнiң төрағасы мен мүшелерiне депутаттық сауал жолдауға құқығы бар. Сауалда аталған лауазымды тұлғалардан белгілі бір мәселе бойынша түсiнiктеме беруiн немесе өз көзқарасын баяндауын ресми түрде талап ете алады.
Сонымен бірге аталған заңның 31-бабында «Мемлекеттiк органдар мен қоғамдық бiрлестiктердiң, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының, ұйымдардың депутат алдындағы өз мiндеттерiн орындамаған, оған көрiнеу жалған ақпарат берген, депутаттық қызметтiң кепiлдiктерiн бұзған лауазымды тұлғалары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылуға тиiс» деп көрсетілген.
Алайда осы уақытқа дейін депутаттардың сауалына уақытында немесе мардымды жауап бермеген, Парламенттік тыңдауға келмеген бір де бір лауазымды тұлғаның жауапқа тартылғанын естіген де, көрген де емеспіз.
Өйткені министрлер мен әкімдер тек Президент алдында жауапты. Ал Президенттің өзі Конституцияның 40-бабында көрсетілген мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз ету жөніндегі міндетін толыққанды атқарып отыр деп айта аламыз ба?
Abai.kz