Жұма, 22 Қараша 2024
Жаңалықтар 5651 0 пікір 26 Ақпан, 2014 сағат 05:42

Аян Нысаналин. Жасын жарқылы

(Аманхан Әлімұлының «Атақоныс» жыр жинағын оқығанда)

 

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

 

Мұқағали Мақатаев

 

(Аманхан Әлімұлының «Атақоныс» жыр жинағын оқығанда)

 

Күпі киген қазақтың қара өлеңін,

Шекпен жауып өзіне қайтарамын.

 

Мұқағали Мақатаев

 

Күнгейден лекіте соққан керімсалмен ілесе ұлы дария жақтан жылы дымқыл леп, жиде жұпары, жусан мен дермененің аралас ашқылтым исі желпиді қағілез қанатымен желпуіштей. Біртүрлі өмір тынысы кеңіп сала бергендей. Оқ жылан арбады ма, жоқ титімдей тағдырына төтенше қауіп төнді ме, таң қылаң бергеннен көкке шырлап, жұдырықтай бозша құс әлемді тәтті әуенмен әлдиледі. Бұл қырды құштарлықпен кезіп, ел-жұртының тұрмыс-тіршілігіне елгезек құлақ түріп, киелі асатаяқты Қызыр Ата нұрлы назарынан таса қалдырмай жүргендей. Ол алтын бесікте болашақпен бірге жыр тербеткен ауылды да айналып өтпей, ыстық қамқорлық құшағына алып, бәле-жаладан қорғаштап келе жатқан сықылды. Қаншама ырғасып, кейде итжығыс түсіп, күн мен түн алмасып, қайда да әлі жасампаздық пен жойымпаздық күштері теке-тірес жағаласа жалғасып, олардың арасындағы ымырасыз бітіспес мәңгі майдан толастап таусылмайтындай. Беймаза мезгілдің биік мінберінен соны көріп тұрып, әлеуметтік-қоғамдық құбылыстардың дүмпу жарықшағы суреткер жүрегі мен сезіміне шауып, олардан бейтарап бейжай қала алмайды. Ұдайы өткір ұстараның жүзінде жүретін адам енді қайтеді?

Талант туған топыраққа тартып туады. Аманхан Әлімұлын Сыр бойынан, Арыстанды – Қарабастың өтінде жатқан өлкеден өтежара оны бөліп ала алмайтынымыз сондықтан. Жалпыға тән тақырып оның Прометей отындай алаулаған жырларынан да жақсылық пен жамандықтың, зайырлық пен зұлымдықтан, парасаттылық пен пұшаймандықтың, туасы жұмырбасты пендеде бола беретін күрделі қадір-қасиеттері мен бітім-болмыстардың нобайы мен нышандарын аңғару қиын емес. Ол тұлдырсыз, айтақыр айдалада туған жоқ. Күні кешегі жаһани құбылыс Жамбыл Жабаев ұстаздарының бірі Майлықожа, Кенесары ханның күйеубаласы батыр әрі ақын Мәделіқожаның кіндік қаны тамып, шаңдағына аунап-қунаған жер. Ақындар мен арғымақтардың қасиетті мекені, таза қазақ исі аңқып тұр. Таяуда ғана Астананың жас зерттеушісі Ғазиз Қойлыбаев дүниені дүр сілкіндірген Шыңғыс қаһанның Арыстың Сырға құяр сағасының оң жағында жерленгенін бұлтартпайтын құжаттар мен деректер арқылы дәлелдеп беретінін мәлімдеді. Егер бұл шынымен рас болатын болса, тек оқиға болып есептелетіні ықтимал. Бұл жер де Қожатоғай ауылына тиіп тұр. Демек, қасиеті арылмаған құтты қоныстың келешегі алда әлі. Аманханның алғашқы қарлығаш талпынысы осы аймақтан басталып, балапан жырлары темірқанаттанып, қатайып, бұғанасы бекіді.

Жаңылмасам, 1968 жылдың жазы. Мәскеудің М.Горький атындағы Әдебиет институтының үшінші курсын тәмамдап, шымшаһарда демалып жатыр едім.

– Ау, ағайын өстіп үн-түнсіз жата бересің бе? Бізге түскен өлеңдерге шолу жасап бер, – деп облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінен қоңырау шалып, қолқа салды. Сонда көп белгісіз оқырман өлеңдерінің ішінде мектеп оқушысы А.Әлімұлының аяқ алысына көңіл аударып, айрықша айтылған болатын. Енді есіме оралды.
О, менің жарқын асығып күткен ақ таңым,
Он жеті көктеп жапырақ жайды бақтарым.
Алысқа тартқан арғымақтарды көргенде
Келмейді ешбір аялдамаға тоқтағым, – дейтін ол әуелгі жыр сапарында. Бұл кездейсоқ емес. Одан үлкен ақын шығып, қолтаңбасы қызық қалыптасты. Ол ақын ба? Ақын болғанда да, қандай ақын! Алты асқарды артқа тастап, кемеліне келіп, сөз саңлағы сәйгүліктер сапына қосылды. Алматының бергені аздай ол Мәскеу мектебінен өтті. Көп көріп, көкірекке көп тәлім түйді. Сыр бойында асау желмен жарысып, табанын шөңгесіне тілдіріп жалаңаяқ жүгірген бүлдіршін бала мен ащы-тұщысы қатар келетін өмірдегі бал махаббат, тамылжыған табиғат, адам мен заман, т.б. маңызды тақырыптарға барғанда шынайы шешім тауып, өзінше өрнектеп, ашына, ашыла жырлау А.Әлімұлы шығармашылығында болатын асыл айшықтар. Қазақ өлеңін бұтарлап, сатылап буынын сындырмай-ақ іштей құлпыртып түрлендірді. Түріне түр қосып, мазмұнын байытты. Ұлттық поэзияның рухани көкжиегін кеңейтіп, мүмкіндіктерін ашты. «Атақоныс» кітабындағы бас­ты бейне ақынның өзі не лирикалық кейіпкер. Шелекбас ит, сырық ­мойын тырна, бүкір тораңғыл, алтын балық Ай, сыпырушы құныс қарт, махаббат мақамдарындағы ерні күйгенше сүйісетін екі жас – бұның бәрі Аманханның төл табысы, көзімізге ыстық басылар бекзат болмыстар. Барлығын ол ғашық көзбен көреді. Кез келген туынды сырлы суретке толып, кестелі көрініс көкейге қона кетеді. Мәселен:

Қыстағыдай қытымыр жоқ мінезі,
Күннің қызып келеді отты көзі.
Былдыр-былдыр бұлақтың тілі шығып,
Бұлдыр-бұлдыр мезгілдің өтті кезі.

Шоқтай жанып тұр, әне, ескен леппен,
Бойжеткеннің көзіне көшкен көктем.
Сыр жағалап барады со бір сұлу,
Бозбаланың көкейін тескен көптен.

Жұпар исі жиденің есті ала,
Жасарған бір кейіпті кешті дала,
Көңіліне жел бітіп көктемменен
Қас-қағымда қарыстай өсті бала.

Тұр алмастан көк аспан жерден көзін,
Е, Жаратқан, бәрінде берген де өзің…
Көз алдыма келеді о бастағы,
Қозы-лақтай, о, тірлік өрген кезің.

Қандай көзайым көрініс! Құлдығыңыз болып кетейін, бұны жырдың қай мөлтек тақырыбына жатқыза аласыз. Табиғат лирикасы ма? Жоқ, махаббат сырын шерте ме? Әлде жайраңдаған жастық даусы ма? Бүкіл көңіл-күй жымдасып, қозғалысқа түсіп, сиқырлы сипат жанды арбайды. Ең бастысы, мінез бар. Егер поэзияда (әдебиетте дей беріңіз) мінез-құлық, іс-әрекет, қимыл-қозғалыс болмаса еңбек еш, тұз сор. А.Әлімұлының өрнекті де, көрнекті өлеңдері кеудеден итеріп, сыртқа теппейді, қайта құйқылжыған қиялға қанат бітіріп, тереңіне тартады. Кітапқа жазған оның кілтіндей тізгінқағарда дарабоз дарын, Мемлекеттік Абай атындағы сыйлықтың иегері Есенғали ­Раушанов ондағы өлеңдерді бақайшығына дейін шағып талдауға тырыспай шығармашылықтағы бас­ты-басты бағыт-бағдарды бағамдауды мақсат еткендей. Әрі онысы ақталып тұр. Ақын Сыр суына аяғын малып отыратын ғашықтар туралы жиі жазады. Оқулыққа енетін ондай өлең «Атақоныста» да бар:

Қас пен көздің, бауырым арасында,
Асқақ кеуде соңына қарасын ба?
Басым кетіп барады білегінде,
Санам кетіп барады санасында.

Жаулап алған жанымды талма кеште,
Керемет күн кешегі қалмады есте.
Ернім кетіп барады ерінінде,
Шайқалады шаттығым алма төсте.

Кеш ұғынған қадірін тірегім бе,
Сол қыз қазір мұратым, тілегім де.
Көзім кетіп барады бұрымында,
Өзім кетіп барамын жүрегінде.

Бұл өлең бүгінгі махаббат лирикасында оқшау орны бар аса сәтті туынды. Олай дейтініміз, жалпы қазақ ғашықтық жырлары мен дастандары туралы барынша тайсалмай айтатын кез жетті. Әуелден жыр ой мен сезімнің шарпысып, өркениетке атазаманда жеткен көшпелілерге жасын жарқылындай қызмет етіп, жанына жалау болып, жүрегі мен көзіне от ұялатып келді. Қыруар көмбенің дер кезінде ашылғанына не жетеді! Жыр жұлдызы жоғарыда жанады.

Уақыт пен ақын! Нағыз ақын ешуақытта уақыттың қолбаласы болған емес. Ол мазасыз мезгіл мінберінен оның жан түкпіріне үңіліп, дәрігердей дертіне диагноз қойып, ішмерез қоғамның қоясын ақтарады. Бізде бір кезде Ленин мен Сталинді, партия мен сұңғыла саясатын атүсті оқиға бетін қалқып, жеңіл-желпі жырлау жаман әдетке айналып, әдебиет пен ардың құнын түсіріп алған өтпелі кез болды. Ол сырқаттан түгел айыға қойғанымыз жоқ әлі. Сергек хас суреткер қалай болғанда да өз уақытынан, әрине, сырт қалып тұра алмайды. А.Әлімұлы да «Атақоныста» кезеңнің өзекті мәселелерін кейіпкер көңіл-күйімен астастырып, тігісін жатқызып, жеріне жеткізе жырлайды. Әрбір өлең өмірдің өзінің өзегінен өріліп, нәзік лиризмге ұласады. Мұнда да жұтаған жазира, табаны көрініп тартылған өзен, тозған тал-терек, тораңғы, тасбауыр тасқала, қамкөңіл кісі бейнелері кездеседі. Бірақ өзгеше. Олар неге мұңайтады? Көзге жас үйіріліп, көкжиекті сағыныштың сағымы басқандай. Әлдене жетпейді. Ішкі үйлестік пен үндестік тілеп тұратын тақырыпты қасақана қолдан тарылтып, аядай ауқымнан шыға алмай қалатын кей кез болмаса, оның қолтаңбасынан кездейсоқ ақау-мін іздеу әбестік болар еді. Поэзия патшалығына шық жуытпай, парасат құштарлық ет пен тері арасындағы құр желік қана болса, ол шолақ сайдай тез тасып, көп ұзамай тығырыққа тірелген болар еді. Ондай нышан-белгінің аты аулақ, Аманхан Әлімұлының шығармашылығында мүлде кездеспейді. Ол әдебиет тарихы мен ондағы әртүрлі ағымдарды (реализм, акмеизм, футуризм, соцреализм, модернизм, пос­модернизм,…) жақсы біледі, оған қанық. Әсірелеушілікке салынбайды. Соған қарамай, дәстүр мен жаңашылдық тізгінін қақпайламай, өнер өлкесінде мықтап табан тіреді. Шеберлік шеңберінен шықпайды. Дүниеде болып жатқан ұсақ-түйек оқиға болса да ақын сырт енжар бақылаушы емес, бәріне қатысы бар елгезек жанның құлағы сақ, көзі көреген, ақыл-ойы зерек болса ғана бүкіл тіршіліктің тамыр бүлкіл соғысынан қақас қалмайды. Егер ол тылсым табиғат лирикасында тамсандырып, махаббат мақамдарында майын тамызып, хас шебер тартқан өрнектей арқауы қайда, тарқауы қайда екенін білдірмей, оқырманын соған ортақтастырады. Сыр пернесін басады.

Сыр мен қырдың ауасы жетпей маған,
Жатқандығын жанымен сезінемін, – дегенде адам қалай шыдайды? Сарытап сағыныш кеудесін қысып, қапас тордағы бұлбұл құс еркіндікті аңсайды, шідерлеулі арғымақ ат даланы тұяғымен от шашып дүбірге толтыратын кеңіс көкжиекке қарап кісінейді. Бұларды көріп тұрып ақын қандай күрделі күй кешеді.
Ойын қуды балалық қырда қалып,

Отырушы ек аяқты Сырға малып, – дейтін әдемі кезді сағынады. Мұндағы кіндік оқиға Мұқаңның «Қаралы сұлуындағы» әңгімесінен мүлде басқа. Құдіретті екенсің, мұндай сәулелі сәттерді сағынбай көр! А.Әлімұлының көсемсөзі (публицистика негізінде көсемсөз емес, дұрысы – серкесөз болатын шығар) мен мақалаларындағы өткірлік пен батылдықты поэ­зиясынан іздейтіндер сирек болса да табылады. Әр жанрдың өз жүгі бар емес пе?! Аузы қышыса Аманханның «Нобель сыйлығы керек пе?», «Г.Маркестің «Жүз жылдық жалғыздығын» мен қабылдай алмадым» дей салуы мүмкін. Бәрінің себеп-салдары бар. Қазіргі қазақ сыны әдебиетпен, оның ішінде поэзиямен айналысуды қойды десе, күпірлік болмас еді. Бір кездері құйрықжалы күдірейіп тұратын жауынгер жанрдан енді ешкім тайсалмайды да, аяғын тартпайды. Т.Исмайлов, Ө.Қожамұратов және басқаларды айтпағанның өзінде, Ұлықбек Есдәулетов, Қошым Ноғай Байбота, Гүлнар Салықбаева, Танакөз Ілиясова туралы салиқалы сөз неге айтылмайды? Оған ұлттық сынның қауқар қарымы жетпей жүр ме? Ойды ой қозғайды, сезімді сезім түртеді. Біз сыртқы аулада ХХІ ғасырдың алғашқы ширегі өтіп жатқанын мүлде ұмытқандаймыз. Ырғалып-жырғалуға енді уақыт аз.

Адамзат өз-өзіне Қорқыттың көрін қазып жатқандай. Күлесің бе, жылайсың ба? Орманды отап, тоғайды тонап, ермекке бола аңдарды аяусыз атып, құстарды қырып құрту үйреншікті дағдыға айналып келеді. Теңіздің тартылғаны, ен-дария судың суалғаны аздай әлем ауасы жылынып келе жатқаны айтылып, ана жақтан да, мына жақтан да үрейлі SOS үні шығып, оқымыстылар дабыл қаға бастады. Соңғы бес жылда Арктиканың тұз қабаты жарты метрге жұқарыпты. Сонда тағы табиғатты игеру өстіп бей-берекет жалғаса бере ме? Жемқорлық пен парақорлық дендеген қоғамда біз өз елімізде ауыз су мәселесін шеше алмай отырсақ, бұл күйінде енді жер бетінде ішуге жарамды су 30 жылға ғана жетеді екен. Егер бұлай дамыған елдер өмір сүру дағдысын өзгертпесе, 2040 жылы тапшылық 100 %-ға жететін құсайды. 2005 жылы жерасты байлығы 30 % артық өндірілсе, омыртқалылар саны 30 % кеміген сыңайлы. Тегінде табиғаттың тұқымын тұздай құртып бара жатқандарға тосқауыл бола ма?.. Оны айтасыз, оңтүстіктегі дерменеге тағылық, тұтынушылық және жыртқыштықпен пайдаланған соң азғындап құрып кету қаупі төнді. Енді пысықайлар адыраспанға ауыз салып, қызыл мияға жаудай тиіп жатыр. Қалтарыс-қалтарыста болмаса қозықұйрық та қалмағандай. Мұндай бір-бірінен асып түсетін жағымсыз қорқынышты хабарлар жүрегіңді шошытып тас төбеңе шығарып, құлақ түршіктіріп түсіп жатса, ақын қалай бәрінен бейтарап қала алады?

Біздің Қаратау жақта тәмсілге бергісіз әңгіме ұшырасады. Ертеректе Омар деген ақын өтіпті. Баласының кішігірім тойда айтысып атағы шығып жүргенін естіп, оны сынағысы келеді. Шақырып алып, «ұлым, мынау әкең: мен – Омармын. Соны қосып қиынан қиыстырып, бір ауыз өлең айтшы» деп қолқалапты.
Әншейінде ауыз жаппайтын анау:
Сұрасаңыз әкемнің ныспысы Омар,
Анадайдан көрінер күйген томар, – десе керек.
Сонда Омар тұрып:
– Тоқта! О, әкеңнің… Омарың? Омар, ал күйген томарың не? – депті баласына күйіп кетіп.
Ақын азапты да ауыр жолдан өтеді. Бұлтарысты да бұралаң ұзақ сапар. Аманхан Әлім баласы азаматтық та, ақындық та биік ұстаныммен үлкен жолдың үстінде келе жатыр. Ол «Атақонысымен» көкейге күдіктен гөрі сенім мен үмітті көп ұялаталды. Мәңгі жоқшы ақын рухани азығы һәм сөз сарасын жамиғат жанынан, табиғат тәнінен, заман зарынан, адам арынан іздейді. Қаншама дана, ақын болып туғанмен халықтан үлкен, ұлы ешкім жоқ. А.Әлімұлының Қожаберген жыраудай «Елім-айлап» езілген жүрегінен әлі талай жыр туатыны ай мен күндей шындық. Алғашқы алаөкпе аптығын баса алмай, жағасына жас ғашықтарды шақырып, ұлы өзен Аралға құймай тоқтамайды. Сырдарияның жырдарияға айналмасына кім кепіл?!

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1462
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3229
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5315