Қазақ-Неміс келіссөзі: Украинадағы соғыс һәм ОА-дағы экономика
Қазақстанға неміс канцлері Олаф Шольц ресми сапармен кеше келді. Ақордада ресми қабылдаулар өтіп екі ел арасындағы эконоикалық һәм саяси әріптестік жайы егжей-тегжейлі талқыланды.
Президент Тоқаев пен канцлер Шольц не туралы сөйлесті? Қандай келіссөздер жасалды? Abai.kz ақпараттық порталы қысқаша шолу ұсынады.
Тоқаев пен Шольц әуелі шағын құрамда кездесу өткізді. Шольц соңғы 14 жылда алғаш рет Қазақстанға ат басын бұрғын Германияның үкімет басшысы.
Тоқаев:
«Бұл қадамыңыздың тарихи мәні зор. Екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және тауар айналымының көлемін ұлғайтуға тың серпін береміз деп сенемін. Германия – біздің Еуропадағы, тіпті, жаһандағы негізгі серіктесіміз. Бұл – өте маңызды. Біз қарқынды дамып келе жатқан көпқырлы ықпалдастығымызға баса мән береміз. Өзара байланыстарымызды одан әрі тереңдетуге және нығайтуға барлық жағдайды жасаймыз», – деді.
Шольц:
«Еліңізге сапармен келуге шақырғаныңызға, екіжақты байланыстарды талқылауға және ынтымақтастығымызды ілгерілетуге мүмкіндік жасағаныңызға ризашылығымды білдіремін. Менімен бірге іскер топтардың белді өкілдері келді», – деді.
Талқыланған тақырыптар: Саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық байланыстарын нығайту, атап айтқанда, энергетика, «жасыл» трансформация, өнеркәсіп, тау-кен өндірісі, көлік-логистика, климаттың өзгеруі, экология, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді.
Бұл кездесуде талқы болған тақырыптың бірі – Ресей мен Украина арасындағы соғыс тақырыбы.
Тоқаев:
«Әскери тұрғыда Ресейдің жеңілмейтіні анық. Соғыс бұдан әрі өрши берсе, барша адамзатқа, ең алдымен, Ресей-Украина қақтығысына тікелей қатысы бар мемлекеттерге салдары өте ауыр тиеді. Өкінішке қарай, Ыстанбұл келісімін бекітуден бас тартып, татуласуға қол жеткізетін оңтайлы мүмкіндікті уыстан шығарып алды.
Дегенмен бейбітшілік орнатуға әлі де мүмкіндік бар. Түрлі мемлекеттердің барлық бейбіт бастамаларын мұқият қарап, әскери іс-қимылдарды тоқтату туралы келісімге келу керек. Содан кейін территориялық мәселелерді талқылаған жөн. Біздіңше, Қытай мен Бразилияның бейбітшілік жоспары қолдауға тұрарлық. Мемлекеттер басшылары келеді, кетеді. Ал халық, әсіресе көршілес халықтар бейбіт әрі бір-бірімен түсінісіп өмір сүруі керек.
Қазақстанның Ресеймен дүние жүзі бойынша құрлықтағы ең ұзын шегенделген шекарасы бар. Біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық стратегиялық серіктестік пен одақтастық аясында дамып келеді. Қазақстандықтар украин халқы мен оның төл мәдениетіне шынайы құрметпен қарайды. Қазақстан мен Украина арасында ешқандай келіспеушілік болған емес. Киевте Елшілігіміз әлі де жұмыс істеп жатыр», – деді Мемлекет басшысы.
Әрі қарай мемлекет басшылары кеңейтілген құрамда кездесулер өткізді.
Тоқаев:
«Біз жаңа ғана шағын құрамда екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайту мәселесін талқыладық. Сауда-экономика, инвестиция салаларындағы ықпалдастықты тереңдетуге ерекше назар аударылды. Бұдан бөлек, өзекті халықаралық мәселелер туралы сөз қозғадық. Атап айтқанда, қазіргі геосаяси ахуалға, жаһандық қауіпсіздікке және аймақтық дамуға, климаттың өзгеруіне қатысты пікір алмастық. Сондай-ақ халықаралық ұйымдар аясындағы ықпалдастық мәселесін қарастырдық. Екіжақты қарым-қатынастар стратегиялық серіктестік рухында дамып келеді. Бүгінгі келіссөздер оның аясын кеңейте түсуге ықпал ететініне сенімдімін», – деді.
Германия Қазақстан экономикасына инвестиция салған жетекші елдердің бірі саналады.
Тоқаев:
«Былтыр екіжақты тауар айналымы 1,5 еседей өсіп, 4 миллиард долларға жуықтады. Биыл да оң динамика байқалып отыр. Соңғы жеті айда өзара сауда-саттық көлемі 2,3 миллиард доллардан асты. 2005 жылдан бері Германиядан шамамен 6,7 миллиард доллар көлемінде тікелей инвестиция тартылды. Бұл қаржының 90 пайызы шикізаттық емес секторға тиесілі екені қуантады. Бүгінде Қазақстанда неміс капиталының үлесі бар мыңнан астам компания жұмыс істейді»,– деді.
Шольц:
«Сіздің еліңізге тікелей инвестиция салу және сауда айналымының көлемін арттыру үшін экономикалық байланыстарымызды жақсартуға барлық жағдайды жасаймыз. Әрине, экономикалық ынтымақтастықты барлық салада дамытқымыз келеді. Энергетика саласындағы серіктестігіміз дәйекті түрде алға жылжып келе жатқанына дән ризамыз. Екі ел арасында сенімді әрі жүйелі ынтымақтастық орнаған. Бұл – бүкіл әлемге жақсы үлгі. Сондай-ақ біздің алдымызда тұрған халықаралық сын-қатерлер төңірегінде жан-жақты пікір алмасқанымызға қуаныштымыз», – деді.
Қабылданған құжаттар:
Келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастық туралы Бірлескен декларация қабылданды.
1. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі мен Дойче Бундесбанк арасындағы Орталық банктер ынтымақтастығының техникалық мәселелері жөніндегі өзара түсіністік туралы меморандум;
2. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті жанынан Қазақстан-Неміс ғылым және технологиялар институтын құру жөніндегі ниет туралы меморандум;
3. Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы мен «Возрождение» қазақстандық немістер бірлестігі» қоғамдық қоры және Германия Федеративтік Республикасының Федералдық Сыртқы істер министрлігі арасындағы қазақ-неміс мектебін құру ниеті туралы меморандум.
Қазақстан-Германия бизнес форумында қабынданған құжаттар:
1. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Германия экономикасы Шығыс комитеті арасындағы Техникалық реттеу саласындағы ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия бастамаларының Жол картасы;
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Svevind Energy компаниясы арасындағы «Жасыл сутегі» жобасына байланысты зерттеу жүргізу бойынша ынтымақтастық туралы меморандум;
3. ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен «Siemens» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы өзара түсіністік туралы стратегиялық меморандум;
4. «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы мен «Siemens Central Asia» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы стратегиялық серіктестік туралы келісім;
5. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі мен «SKYHANSA» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасындағы Халықаралық жүк және жолаушылар әуежайының құрылысы бойынша жобаны бірлесіп іске асыру жөніндегі негізгі келісім;
6. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «HORSCH Maschinen GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
7. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «KfW Bankengruppe» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;
8. «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «CLAAS Global Sales GmbH» арасындағы ынтымақтастық туралы келісім;
9. «Ұлттық технологиялық болжау орталығы» РМК және ГФР Геоғылымдар мен табиғи ресурстардың федералдық институты (BGR) арасындағы ниет туралы меморандум;
10. «Қазақстан даму банкі» АҚ мен Deutsche Bank арасындағы мандаттық хат;
11. «Qazaq Kalium Ltd.» АҚ және KfW Bankengruppe, Euler Hermes Group арасындағы «Батыс Қазақстан облысындағы «Сәтімола» кен орны базасындағы калий тұздары мен бор қышқылын өндіретін байыту-өндірістік кешенін салу» жобасы бойынша өзара ынтымақтастық туралы меморандум;
12. «Агромашхолдинг» АҚ және Amazonen-werke h. Dreyer Se & Co.Kg. арасындағы Қостанай облысында «Condor» сепкіштерін бірлесіп өндіру бойынша жобаны іске асыру жөніндегі келісім.
Abai.kz