Тоқаевтың «тосқауылы» – «қатысым жоқ» деп қашатын мәселе емес!
Қазақстан Республикасы
Президентінің ішкі саясат
мәселелер және коммуникациялар
жөніндегі көмекшісі Р.С. Желдібайға!
Қазақстан Республикасы
Президентінің кеңесшісі –
Президенттің Баспасөз хатшысы
Б. Уәли мырзаға!
Құрметті Руслан Сұлтанұлы!
Құрметті Берік Уәлиұлы!
Бұл – менің Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жолдауында айтылған: «Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет», - деген тапсырмасын қолдау мақсатында, Президентіміздің 2019 жылдан бергі Жолдаулары мен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөздерінен теріп алған ҮЗІНДІЛЕР.
Әрине, бұл ҮЗІНДІЛЕРДІ теріп алу оңайға соққан жоқ! Бір апта отырып, Қасым-Жомарт Кемелұлының БЕС ЖЫЛДАН бергі халыққа Жолдаулары мен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген сөздерін мұқият оқып шығуға тура келді.
Оқып шықтым. Өзіме қажетті жерлерін бір сөзін өзгертпей, бір әрібін қалдырмай, түгел теріп алдым.
Алдымен БЕС МИНУТ уақыттарыңызды қиып, Қасекеңнің сол БЕС ЖЫЛДАН бергі сөйлеген сөздерінен қиып алып, мен дайындаған төмендегі ҮЗІНДІЛЕРДІ Сіздер де ЕРІНБЕЙ, мұқият оқып шығыңыздаршы, жарай ма?!
Қалған сөзді содан кейін айтамыз...
- Бірақ сарапшылардың пікірінше, қаржылай қолдаудың игілігін жергілікті билікпен байланысы бар шаруашылықтар ғана көріп отыр;
«Нұрлы жол» бағдарламасына мемлекет 2022 жылға дейін 1,2 триллион теңгеден астам инвестиция салады.Үкімет бұған дейін де көп қаражат бөлген болатын, бірақ оның көбі құмға сіңген судай жоқ болып кетті. Ашығын айтсақ, шенеуніктердің қалтасына кетті, ал таза су, жол және басқа да инфрақұрылымның жағдайы әлі де сол күйінде;
(Қ. Тоқаев, «Жолдау» – 2019)
***
- Қазір мал жаятын жерге шаруалардың қолы жетпей жүр. Өйткені, мұндай алқаптарды кейбір белгілі адамдар иеленіп алған. Тіпті, оны адам аяғы баспайтындай етіп қоршап тастаған. Әкімдер түрлі себептерді сылтауратып, ықпалды адамдардың ығына жығылып, бұл мәселені шеше алмай отыр.
(Қ. Тоқаев, «Жолдау» – 2021)
***
- Соңғы 5 жылдың өзінде субсидиялауға 2 триллионнан (теңге) астам қаржы бөлінді. Өкінішке қарай, агроөнеркәсіп кешеніне қатысты қозғалған қылмыстық істердің жартысынан астамы субсидияны талан- таражға салуға байланысты болып отыр.
(Қ. Тоқаев, «Жолдау» – 2021)
***
Жергілікті өзін-өзі басқарудың мықты жүйесі азаматтардың өзі тұратын жердегі тұрмыс сапасын жақсартуға тікелей қатысуына негіз болатынын түсінуіміз керек. Өз қаласы, ауданы мен ауылына деген жауапкершілікті мойнына алуға қазақстандықтардың қашанда дайын екені анық. Адамдарды жете бағаламауға болмайды. Оларға қолдарынан келетін өкілеттіктерді беруден қорықпаған жөн.
(Қ. Тоқаев, Жолдау – 2021, 16 наурыз)
***
- Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық;
(Қ. Тоқаев, «Жолдау» – 2022)
***
- Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.
(Қ. Тоқаев, «Жолдау» – 2022)
***
- Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды.
(Қ. Тоқаев, «Жолдау» – 2022)
***
- Жайылымдардың 99 пайызы шаруа қожалықтарының иелігінде. Алайда, оның 36 пайызында ғана мал жайылады. Қалған 46 миллион гектар жайылымдық жер бос жатыр. Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын. Оны ауыл тұрғындарының игілігіне берген жөн.
(Қ. Тоқаев, «Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі» – 2021 жылғы 26 қаңтар)
***
- Соңғы 5 жылда ауылшаруашылығын дамытуға 2 триллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Алайда, субсидия көлемі қанша өссе де, бұл салада ауыз толтырып айтатын өзгеріс болған жоқ. Субсидия түпкі иесіне жетпей, орта жолда талан-таражға түсуде. Тіпті, ауыл шаруашылығына еш қатысы жоқ салалар да оның қызығын көруде.
Соңғы жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 960 қылмыстық іс тергеген. Соның 54 пайызы субсидияны жымқыруға қатысты болған. Мысалы, жайылымдық жерлерді суландыруға 80 миллиард теңге бөлінді. Бірақ, оның тең жартысы желге ұшты.
(Қ. Тоқаев, «Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі» – 2022 жылғы 08 ақпан)
***
- 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркендетудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны...
(Қ. Тоқаев, «Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі» – 2023 жылғы 19 сәуір)
Құрметті Руслан Сұлтанұлы!
Құрметті Берік Уәлиұлы!
Оқып болсаңыздар, енді негізгі әңгімені бастайын...
Мен осы цифрларды оқып отырғанда, сол жақ кеудем шаншып-шаншып кетті. Шамасы, жүрегіме салмақ түскен болса керек. Содан кейін көзім қарауытып, басым айнала бастады...
Ал, Сіздерге қалай әсер етті, оны осы хатқа жазған жауаптарыңызда айтарсыздар!
Көріп отырсыздар, Қасым-Жомарт Кемелұлы Президент болып таққа отырғаннан бері МАЛ мен ЖЕРГЕ берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлықты тию және ҚОЛДЫ БОЛҒАН ЖЕРДІ ҮКІМЕТКЕ ҚАЙТАРУ туралы тынбай айтып, айтып келеді.
Биылғы Жолдауында айтқаны тіпті, кісі шошырлық жағдай, субсидия алды делінген 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екен. Малды қойып: «Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды», - деді Президент.
Бір қызығы, Мемлекет Басшысы осыған дейін осы жемқорлық пен тонауға қатысты: «Үкімет құзырлы органдармен бірлесіп, осы ахуалды өзгертетін батыл шаралар қабылдауға тиіс;», «Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс;», «Үкіметке Бас прокуратурамен бірлесіп, биылғы жылдың соңына дейін осындай жайылымдарды қайтарып алуды тапсырамын...», - деумен келеді.
Үлкен өкінішке қарай, Үкімет те, құзырлы органдар да, әкімдер де Президент тапсырмасына сай, халық күткен нәтиже шығара алған жоқ!
Ал, биылғы Жолдауында, Өздеріңіз көріп отырсыздар: «Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет!», - деді Президент.
Бірақ, Қасым-Жомарт Кемелұлы қандай ТОСҚАУЫЛ қоюуды және ол тосқауылды КІМ қоятынын айтқан жоқ.
Шамасы, Үкімет пен құзырлы органдардың шамасы келмейтінін сезіп, Қасекең бұл сөзін енді жалпы халыққа қаратып айтқан болса керек деп түсіндім мен.
Ендеше, Президент айтқан екен, бұл мәселе биыл сөзсіз өз шешімін табуы керек!
Енді, Сіздерге өтініш:
Президент айтқан ТОСҚАУЫЛ қандай болу керек?!
Бұл кеңседе отырып жасай салатын дүние емес!
МАЛ мен ЖЕРГЕ берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлыққа қандай ТОСҚАУЫЛ қою және қолды болған жерді Үкіметке қалай қайтару туралы мәселені бүкіл Қазақстан болып ойлануымыз және ашық талқылауымыз, өз жобаларымызды бүкіл жұрттың ортасына салуымыз керек!
Мысалы, менің жобам дайын.
Ол – алдымен Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың (СПК) қызметін тоқтатып, оның «Акционерлік қоғамдар туралы», «Мемлекеттік мүлік туралы», «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» және ҚР басқа заңдарымен бекітілген құқықтары мен міндеттерін әр дәрежедегі әкімдерге бере отырып, ауылдық округ әкімінің құзыретін тағы да үш бағыт бойынша кеңейту, сондай-ақ ауылдан «Ауылдық кеңес» құру!
Ол үш құзыретті таратып айтсам:
Бірінші, ауылдық округ әкімі өзі жетекшілік ететін ауылдың жерін өзі басқару;
Екінші, аудандық, облыстық және республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты ауылдық округ әкімі, ауылдық кеңестің келісімін ала отырып, өзі игеру;
Үшінші, ауыл тұрғындарына берілетін субсидиялардың, гранттардың және қайтарымсыз несиелер мен төмен өсімді несиелердің кімдерге берілетінін ауылдық округ әкімі алдын-ала белгілеп, сол Ауылдық кеңестің келісімін ала отырып, өкіметке ұсыну. Сөйтіп, мемлекеттен бөлінген көмек қаражаттардың иесіне бірден жетуін қаматамасыз ету.
Тіпті керек болса, аудан мен облысты республикалық бюджеттен айырып, ауылды тікелей республикалық бюджетпен қамтамасыз ету тәртібін жолға қою.
Иә, бұл – менің жобам!
Бір жылдан асты, Президент әкімшілігі мен Үкіметке ұсынумен келемін. Кемінде жетпіс беттен астам хат жазғам. Одан Ерлан Қариннің де, Олжас Бектеновтің де хабары бар. Қатысты үш министрлік те біледі, шақырып талқы өткізген. Бір данасы бір жылдан бері депутат Ермұрат Бапи ағамыздың қоржынында жатыр.
Ерекең былтыр БАҚ арқылы жауап берем деген, ол жауабын әлі берген жоқ. Кеше Facebook екеуміз екі жақтап есіне тағы салдық. Алла қаласа, биыл жауап беріп қалар деп, үміттеніп отырмын...
Тілекке қарсы, ешкім елеген емес. Ашығын айтсам, бұл жобаның МӘНІ мен МАҢЫЗЫН түсінген жоқ. Соның кесірінен, мемлекет қаржасы тынбай тоналып жатыр...
Әрине, бұдан да тиімді жобасы бар азаматтардың қатары аз емес екені белгілі!
Сол үшін, Президент айтқан ТОСҚАУЫЛ қандай болу керек мәселесін бүкіл халық БАҚ, әсіресе, мемлекеттік телеарналар арқылы кешенді түрде талқылауы керек деп есептеймін.
Құрметті Руслан Сұлтанұлы!
Құрметті Берік Уәлиұлы!
Өткен бес жылдық тәжірибе анық көрсетті, Президент қанша тапсырма бергенімен, құзырлы органдар, министрлер мен әкімдер жемқорлықтың бұл екі саласына ешқандай ТОСҚАУЫЛ қоя алмайтыны белгілі болды.
Ұсталып, қамауға алынғандар – шортандар емес, кілең майшабақтар. Қысқасы, бұл – өзара сыбайласып, жымдасып кеткен жүйе болып тұр... Осы беті кете беретін болса, мемлекет қаржысының миллиардттап тоналғаны – тоналған!
Енді жемқорлықтың бұл екі саласына тосқауыл қою үшін, жоғарыда айтқанымдай, басқа тәсіл қолдану керек!
Кеңседе отырып жасалған жобалардың оңдырғаны жоқ!
Естеріңізде болсын, мұндай жобаларды билік өкілдері емес, жұрт пікірін ескере отырып, тәуелсіз мамандар мен мүдделі қауым өкілдері бірлесіп дайындаса, ол әлдеқайда әділетті құжат болып шығады!
Оның үстіне, көріп те, оқып отырмыз, Президент Жолдауында айтылған дәл осы ТОСҚАУЫЛ мәселесіне дәл мендей шұқшиып, талқылап жатқан БАҚ жоқ! Әсіресе, мемлекеттік телеарналар. Әшейін, бәрі жай, көпірме, жаттанды ақпарат қана беріп, атүсті кетіп жатыр...
Сол үшін, Сіздерден мал мен жерге берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлыққа қандай ТОСҚАУЫЛ қою және қолды болған жерді Үкіметке қандай жолмен қайтару мәселесін республикалық БАҚ-тан бастап, облыстық БАҚ-қа дейін, әсіресе телеарналарда кемінде БІР АЙ бойы талқылауға ықпал етулеріңізді астын сызып тұрып сұраймын.
Мал мен жерге берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлыққа Үкіметтің қандай ТОСҚАУЫЛ қоймақ ойы бар екен, қолды болған жерді Үкіметке қандай жолмен қайтармақшы?
Президент Әкімшілігі қандай жоба дайындап жатыр?
Қазақстан Республикасының Президентіне ішкі саясат саласы бойынша стратегиялық ұсыныстарды тұжырымдау құзыреті бар жігіт не дер екен?
Әр дәрежедегі әкімдер мен министрлердің де бір ойлағандары бар шығар?
Максим Рожин мен Геннадий Шиповскихтың, Ерлан Қошанов пен Мәулен Әшімбаевтың – жалпы Парламенттің ауаны қандай?
Дихандар мен шопандар, кәсіпорын иелері мен кәсіпкерлер, жалпы азаматтық қауымның өкілдері қандай пікір атқысы келеді?
Қайсысы жеңер екен, Алмасбек Садырбаев пен Жигули Дайрабаев та бір кезек ашық дебат өткізсін...
Соның бәрін мал мен жерге берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлық пен қолды болған ЖЕРГЕ отыз жылдан бері зығырданы қайнап, жұдырығы түйіліп келе жатқан қарапайым жұрт армансыз көрсін, естісін!
Мамандармен бірге біз де таразылап көрейік!
Ешкімді сырт қалдырмай, бәрінің ойларын отаға салуына кең мүмкіндік жаратып берулеріңіз керек!
Реті келіп тұрғанда ата кетейін, кеше «Азаттық» радиосы журналистінің шетелдегі активтерді елге қайтару мәселесіне қатысты қойған сұрағына сенатор Дархан Қыдырәлі: «Қатысым жоқ!» деп, жаттанды бір-екі ауыз сөз айтты да, «құйрығын бұтына қысып алып», зытты...
Мал мен жерге берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлыққа қандай ТОСҚАУЫЛ қою және қолды болған ЖЕРДІ қалай қайтарып алу мәселесін талқылаудан «ҚАТЫСЫМ ЖОҚ!» деп, сол Дархан Қуандықұлы құсап, ешкім қашпауы және ешкім қағыс қалмауы керек!
Айтпақшы, Руслан Сұлтанұлы!
Мен дәл осындай ұсыныс хатты өткен жылғы 7 қыркүйекте Сіздің атыңызға жазған едім ғой. Сіз менің ол ұсынысымды Ішкі саясат бөліміне аудара салған болатынсыз.
Міне, Президенттің сөзін қасында отырып, өз құлағыңызбен естідіңіз. Кеше Президент: «Мемлекеттік органдар өз жұмысын жетілдіру үшін азаматтардың өтініштерін талдауға көбірек назар аударуға тиіс», - деген жоқ па Жолдауда?!
Сол мемлекеттік органдардың ұшар басында, тағдыршешті жерде, құрметті Руслан Сұлтанұлы, Өзіңіз де отырсыз. Енді бұл мәселеден, тағы қайталап айтайын, Дархан Қыдырәлі құсап «құйрықты бұтқа қысып алып» зытуды, Өзіңізге жолдаған өтінішті өзге мекемеге сырғыта салуды доғаруыңыз керек, бауырым!
Бір уақ Қасым-Жомарт Кемелұлының сөзіне құлақ асып, менің өтініштерімді талдауға көбірек назар аударыңыз! Бұл – бір.
Екіншіден, Президенттің бес жылдан бергі біткен Жолдауы мен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісінде сөйлеген барлық сөзін қайта оқып шығу мен таң атқанша отырып осынау хатты жазу – еркіккеннің ермегі емес!
Қасым-Жомарт ағаның маңызды бастамаларын қолдау мақсатында жасалған тым ауыр еңбек – бұл! Мен өте еңбекқор адаммын...
Қасекеңнің: «Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады...», - деген тапсырмасын алдымен Сіздер өздеріңіз бірінші болып орындауларыңыз керек қой!
Құрметті Көмекші және Кеңесші мырзалар!
Қасым-Жомарт Кемелұлы мал мен жерге берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлықты «ҚЫЛМЫС» деп сыпайылап айтып отырған секілді.
Бұл – отыз үш жылға жалғасқан нағыз АФЕРА!
Егер, мал мен жерге берілетін СУБСИДИЯҒА қатысты жемқорлыққа осы жолы дұрыс ТОСҚАУЫЛ қойылмаса, жаман айттың демеңіздер, онда тағы бір «Қасыретті қаңтар» туылғалы тұр!
Қасым-Жомарт Кемелұлы айтты ғой: «Елдегі мәселелер көшеде емес, Парламентте шешілуі керек!», - деп!
Ендеше, ТОСҚАУЫЛ мәселесі БАҚ-та әбден талқыланып, жұрт бір шешімге келген соң барып Парламентте бекітілуі тиіс!
Айту – бізден, орындау – Сіздерден...
Менің бұл ұсынысымды Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебаев мырзаның сөзсіз қолдайтынына сенімдімін!
Құрметпен, Ауыт Мұқибек
«Ерен еңбегі үшін» медальының, «Құрмет» орденінің иегері
Abai.kz