Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Армия 1198 2 пікір 30 Қыркүйек, 2024 сағат 16:13

Қазақ армиясы: Әскерде тағы да суицид болды...

Сурет сайт скрині.

Маңғыстауда тағы бір әскери қызметкер өз-өзіне қол жұмсады. 28 қыркүйек күні Ақтау гарнизонындағы әскери бөлімдердің бірінде келісімшарт бойынша қызмет ететін, 1985 жылы туған әскери қызметшінің денесі өзі тұрып жатқан пәтерінен табылды. Әскери қызметші бір жылға жуық уақыт декреттік демалыста болған, - делінген Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Алдын-ала ақпарат бойынша әскери қызметшінің өзіне-өзі қол жұмсауына отбасылық-тұрмыстық жанжал негіз болған. Оқиғаның себептері анықталуда. Қазіргі таңда қылмыстық іс қозғалды.  Әуе қорғанысы күштерінің қолбасшылығы әскери қызметшінің туыстары мен жақындарына көңіл айтады.

Айдың күннің аманында әскери борышын өтеуге барған сарбаздарымыз кебін киіп жатқаны бүгінгі қоғамның басты талқысы болып тұр.

Соңғы күндері мұндай оқиғалар жиілеп кетті. Күні кеше ҰҚК шекара академиясында 3-курста оқыған курсант Алматы қаласындағы көпқабатты тұрғын үй ауласынан өлі табылды.

ҰҚК: «Курсант кезекті демалысқа шыққан болатын», - деді. Ұлттық қауіпсіздік комитеті курсант қазасына байланысты мәлімдеме жасап: «Курсант биіктен құлап мерт болды. Полиция осы оқиға бойынша тергеу бастады, оған не түрткі болғанын анықтап жатыр», - деді.

Жақында ғана мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы әскери бөлімдердегі суицид мәселесін көтерген еді.

Ол: «Мәселен, соңғы үш жылда Қазақстанда 270 әскери қызметкер қайтыс болған, ал соңғы төрт жылда әскерде 86 суицид тіркелген, 20 әскери адам өз-өзіне қол салуға оқталған. Бұл – әскери прокуратура мәлімдеген ресми сан», - деді депутат.

Осыдан үш күн бұрын Қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов сарбаздардың өлімі көбейгенін айтып, үстелді ұрып, генералдарды сөккен еді.

«Біз кімге айналып барамыз? Қоғам бізден нені талап етіп отыр? Ол - ең біріншіден, жас жігіттердің амандығы», - деді министр ашуға мініп.

Үстелді алақанымен дүрс еткізіп, жиынға жиналғандарға ұрысқан Жақсылықов: «Командирлер қоластындағыларға қамқор болып, сарбаздарды үйлерінен тірі қайтаруға міндетті», - деді.

Ол Әуе қорғанысы күштері бас қолбасшысының орынбасары полковник Талғат Сыздықовқа ескерту жасап, әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Нұртас Қабақовты лауазымынан алу туралы өтініш беретінін айтты.

Елімізде 2020 жылдан бері әскерде қаза тапқан сарбаздардың саны 310 адамға жеткен.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963