Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Аласапыран 1745 3 пікір 3 Қазан, 2024 сағат 16:24

Таяу Шығыста жаңа ірі соғыс бастала ма?

Сурет hromadske.ua сайтынан алынды.

Израильдің Ливанға шабуылы

30 қыркүйектен 1 қазанға қараған түні Израильдің қорғаныс армиясы  Ливанның оңтүстігінде «Солтүстік жебе» атты құрлықтық операциясын бастады. Израильдік әскерлердің шекараның бірнеше бөлігінде алға жылжығаны хабарланды. Кейінірек Израиль армиясының танктері Рмейш елді мекеніне кірді. АҚШ Иран тарапынан зымыран шабуылының мүмкіндігі туралы Израильге ескерту жасады. Операция «Хезболла» позицияларын жаппай атқылаумен басталды. Бейбіт тұрғындарға алдын ала эвакуациялану туралы ескерту жасалды.

Иран қалай жауап қайтарды?

Иран сейсенбі кешінде Израильге жаппай зымыран соққысын жасады. Тегеран мұны «Хезболла» және ХАМАС топтарының жетекшілерінің қазасына жауап ретінде жасағанын мәлімдеді. Иран Израильге массалық зымыран шабуылын ұйымдастырды. Израиль әскері елге атылған 180 зымыранның басым бөлігін құлатты. Бірақ, зымырандық шабуыл нәтижесінде Иордан өзенінің Батыс жағалауында бір палестиндік қаза тапты, Орталық Израильде бір мектеп ғимараты зардап шекті, ал Тель-Авивте мейрамханаға зиян келтірілді.

Нетаньяху не деді?

«Иран бүгін кешке үлкен қателік жасады – және ол үшін жауап береді. Ирандағы режим бізді қорғауға және жауларымыздан кек алуға деген шешімімізді түсінбейді, – деді Нетаньяху өз үндеуінде. – Біз орнатқан ережеге сәйкес әрекет етеміз: кім бізге шабуыл жасаса, біз де оған шабуыл жасаймыз». Міне, осылай, қазір Таяу Шығыста жағдай өршіп тұр.

Қазақстан қандай шаралардың алдын алуда?

Қазақстанның сыртқы істер министрлігінде Иран мен Израиль арасындағы қақтығыс аймағындағы қазақстандықтарға көмек көрсету мақсатында жедел штаб құрылды, деп хабарлады елдің сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

«Сыртқы істер министрлігінде қазақстандықтарға қажетті көмекті ұйымдастыру бойынша барлық жұмысты жедел түрде үйлестіретін жедел штаб құрылды. Қазақстанның Израильдегі, Ирандағы және Ливандағы елшіліктері де осы елдердің уәкілетті органдарымен тұрақты байланыста. Қазіргі уақытқа дейін Қазақстан азаматтарының зардап шеккені немесе қаза тапқаны туралы ақпарат түскен жоқ», - деді Смадияров сәрсенбі күнгі брифингте.

Ол Қазақстан азаматтарының шетелде құқықтары мен мүдделерін қорғау сыртқы істер министрлігінің басты басымдығы екенін атап өтті.

«Біз отандастарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, кез келген жағдайда қолдау көрсетеміз. Соңғы бірнеше айда Таяу Шығыстағы жағдай шиеленісіп кетті. Осыған байланысты Қазақстанның Израильдегі, Ирандағы және Ливандағы дипломаттары күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Бұл елдерде жүрген Қазақстан азаматтарымен байланыс арналары құрылды. Оларға жағдайдың өзгеруіне қарай тиісті кеңестер беріліп, тұрақты байланыс сақталуда. Бірнеше рет елшіліктер әскери-саяси жағдайдың ушығуына байланысты елден кету қажеттілігі туралы азаматтарымызға хабарлама жасады.

Консулдық есепте тұрған азаматтардың тізімі үнемі жаңартылып отырады. Бүгінгі таңда Израильде 120, Иранда – 102, Ливанда – 139 Қазақстан азаматы, соның ішінде дипломаттар мен олардың отбасы мүшелері консулдық есепте тұр», - деп нақтылады спикер.

Сондай-ақ ол сыртқы істер министрлігі референдумның орталық комиссиясымен бірлесіп, әскери-саяси жағдайдың қиындауына және Қазақстан азаматтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Израиль, Иран және Ливанда референдум учаскелерінің қызметін уақытша тоқтату туралы шешім қабылданғанын хабарлады.

«Министрлік уәкілетті органдармен бірлесіп, репатриациялық рейстерді ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыруды бақылауда ұстап отыр. Әзірге Израильдің халықаралық әуежайы штаттық режимде жұмыс істеуде.

Ал, Иранда 3 қазан таңына дейін барлық рейстер тоқтатылды.

1 қазанға дейін Ливандағы 100-ден астам шетелдік елшіліктің ешқайсысы өз азаматтарын эвакуациялаған жоқ. Бұл туралы Ливан билігі де ешқандай нұсқау берген жоқ. Сондықтан біздің азаматтарды эвакуациялау мәселесі әлі де ерекше бақылауыда тұр. Біз отандастарымызды қиын жағдайда қалдырмаймыз. Шетелдегі әрбір Қазақстан азаматының қауіпсіздігі – сыртқы саясат ведомствосының басты міндеті», - деп атап өтті Смадияров.

Барлық азаматтардың консулдық есепке тұрмайтыны себепті Қазақстан азаматтарымен байланыс орнату және тізімдерді жасау белгілі бір уақытты қажет етеді. Сондықтан біз барлық Қазақстан азаматтарын барған елдерінде консулдық есепке тұруға шақырамыз», - деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.

Оның айтуынша, сыртқы істер министрлігінде және Израиль, Иран мен Ливандағы шетелдегі мекемелерде «жедел желілер» ашылған, олардың мәліметтері брифингтен кейін бірден сыртқы істер министрлігінің және елшіліктердің ресми ресурстары мен әлеуметтік желілерінде жарияланады.

«Қазақстан Республикасы сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыста шиеленістің күшеюіне байланысты терең алаңдаушылық білдіреді. Біз барлық қатысушы тараптарды бейбіт тұрғындардың құрбан болуына жол бермеу және аймақтағы жағдайдың одан әрі ушығуына жол бермеу үшін күш қолданудан бас тартып, ұстамдылық танытуға шақырамыз. Осыған байланысты БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық қағидалары негізінде келіспеушіліктерді тек саяси-дипломатиялық жолмен шешу үшін шұғыл шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтеміз. Қазақстан халықаралық қауымдастықтың жағдайды тұрақтандыруға және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған бастамаларын қолдайтынын растайды», - деді Смадияров.

Қазақстан полициясының синагогаларды қорғауына алуының себебі неде?

Қазақстанда полиция патрульдеу маршруттарын синагогалар мен Израильдің дипломатиялық нысандарына жақындатқанын анықтады, ‑ деп хабарлады КазТАГ тілшісі.

«Елшіліктер әрдайым (Иран мен Израиль арасындағы қақтығысқа қарамастан – КазТАГ) полицияның қорғауында болады. Барлық діни нысандар да ұзақ уақыттан бері ІІМ (ішкі істер органдары) бақылауында тұр, патрульдеу маршруттарын осы нысандарға жақындаттық, қосымша ОҰО (оперативті басқару орталықтары – КазТАГ) камералары арқылы іргелес аумақтың бейнемониторингі жүргізіледі», - деп сәрсенбі күні КазТАГ редакциясының сұрағына жауап бергенде ІІМ ақпараттық саясат департаментінің басшысы Шыңғыс Әлікешев мәлімдеді.

Дегенмен, бұдан «Мұның астарында елімізде діни радикализмнің күшейгенін білдіретін себеп‑салдар жоқ па?» деген сұрақ туындайды. Өйткені, Қазақстан дәл осындай «құтқару операциясын» Сирияға діни соғысқа аттанған қазақстандықтарға жасағаны күні кеше ғана болатын – естен шыққан жоқ. Ендеше, Таяу Шығыстағы діни астары бар шиеленістің Қазақстанда орын алмауының алдын алу шараларын жүргізу еліміздің қауіпсіздігі үшін аса қажет деп білеміз.

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052