Дархан Қыдырәлі: Жастар ісі жөніндегі комитеттің құзыретін күшейту керек
Сенатор Дархан Қыдырәлі еліміздегі жастар арасындағы зорлық-зомбылық пен қылмыстың өсіп келе жатқаны туралы депутаттық сауал жолдады, деп жазды BAQ.KZ.
Депутаттың айтуынша, биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Ұлытау, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында арта түскен. Сенатор елімізде орын алған зорлық-зомбылықты, Ақтаудағы жастар төбелесі мен Ақтөбедегі жасөспірімді аяусыз өлтіргенін және қоғамдық алаңдаушылық туғызатын басқа да оқиғаларды мысалға келтірді. Жастар арасындағы проблемалар бізде ғана емес, жалпы әлем жұртшылығының алаңдаушылығын туғызып отыр. Сондықтан дамыған елдерде жастар, жаңа ұрпақ туралы ауқымды зерттеулер жүргізіледі. Елімізде бұл тақырып ғалымдар назарынан тыс қалуда.
Масс-медиадағы басым күш культі, танымал сериалдар мен басқа да формалар арқылы агрессияның насихатталуы қатігездікті өршіте түсетіні аян. Әлеуметтік желілер арқылы кең таралған ойындар жастардың танымы мен талғамын қалыптастырады. Сонымен қатар ата-ананың мейрімін сезінбеу, отбасыдағы түрлі кикілжің мен травма, білім ошақтары мен тәрбие орындарында жастарға социализация моделін ұсына алмау сияқты себептерді де жоққа шығара алмаймыз. Тәлімгердің айлығы төмен, сынып жетекшілігіне төленетін ақы аз. Орташа 10 мектепке 1 испектордан ғана келеді, - деді сенатор.
Abai.kz