Жұма, 8 Қараша 2024
Анық-қанығы 1171 0 пікір 11 Қазан, 2024 сағат 11:29

ШҚО: Полицейлер қылмыстық істерді бұрмалап келген

Фото: Kazinform

Шығыс Қазақстан облысында полиция қызметкерлерінің жұмысын тексерген прокурорлар талай заңбұзушылықты анықтады. Тәртіп сақшылары қылмыстық істерді уақтылы қарамай, бұрмалап келген.

ШҚО прокуратурасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, өңір полицейлері ақпаратты есепке алу кітабына (АЕК) 90 мың арыз бен хабарламаны тіркеу кезінде олқылыққа жол берген. Оның ішінде уақтылы шешім қабылдамау, қылмыстардың саралануын төмендету, оларды жасыру және статистиканы бұрмалау фактілері тіркеліп отыр.

«Талап бойынша АЕК-ке түскен арыз 24 сағат ішінде қаралуы тиіс. Мәселен, осы жылдың тамыз айында жеке сот орындаушысы сот шешімін орындамаған К. есімді азаматты жауапкершілікке тарту туралы хабарлама түсірген. Алайда полицейлер еш шара қолданбай, 4 күннен кейін іс материалдарын номенклатуралық өндіріске есептен шығару туралы шешім қабылдаған», - делінген ақпаратта.

Бұдан бөлек, Риддердегі полиция бөліміне барған әйел бұрынғы күйеуінің өзін қорлағанын айтып, арыз жазған. Алайда бұл іс материалы бойынша шешім арыз түскеннен кейін 8 тәулік өткенде ғана қабылданған.

Анықталған заңбұзушылықтар бойынша полиция департаментіне прокурорлық қадағалау актісі енгізіліп, есепке алу және тіркеу тәртібін бұзудың алдын алу, ведомстволық бақылауды күшейту шараларын жүргізу тапсырылды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1132
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 2344
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 2354