Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 2874 2 пікір 17 Қазан, 2024 сағат 12:09

Керуен сарай - Қараөткелдің ең көне құрылысы

Суреттер Жамбыл Артықбаевтың желідегі парақшасынан алынды.

Есіл қазақ жерінен өз бастауын алатын және Ертіс арқылы Солтүстік мұзды мұхитқа жететін өзен. Қараөткел атауының әлі күнге дейін елдің аузында болуы да Есіл өзеніне байланысты.

Қазақ жеріндегі топонимдердің бәрі де мәңгілік қозғалыстағы ел үшін географиялық карта мен компас қызметін атқарады. Қараөткел атауы қазақтың жыл құсындай оңтүстік пен солтүстік арасында әрлі-берлі көшкен, ұлы меридиан саудасын жүргізген заманда қалыптасқан үлкен өткел дегенді білдіреді. Ю. Шмидт өзінің «Очерки киргизской степи к югу от Арало-Иртышского водораздела в Акмолинской области» кітабында Қараөткелдің ені 75 м, судың тереңдігі 70 см, табаны тастақ Сарыарқадағы ең бір үлкен өткел екенін жазады (Шмидт, 1894, с.128).

Қараөткел маңызын түсіну үшін ортағасырлық сауда керуендерін, немесе көшкен елді көзге елестету керек - кемі мыңдаған жүк түйеген түйелер мен күйме- арбалар. Мұндай жағдайда міндетті түрде өткелдің табаны тастақ болуы керек, әйтпесе өзен ми-балшыққа айналып, одан өту мүмкін болмайды. Қараөткел маңындағы сақ, ғұн, түркі замандарының толып жатқан қорған обалары мен қалалық қоныстары оның қазақ қазақ болмай тұрған заманында Ұлы даланың ірі сауда орталықтарының бірі болғанын көрсетеді. Қараөткел сол замандарда пайда болған атау. Қаланың іріге тасында керуен сарайлар мен қолөнер орталықтары, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары, мешіттер мен мектеп орындары бар екені сөзсіз. Біз тым әріге бармай-ақ ХІХ ғасырдың басындағы жазба деректерді қарастырып көрейік.

Подполковник Шубиннің Омбы облысының бастығы генерал-лейтенант де Сент-Лоранға Ақмола сыртқы округін ашу туралы 1830-шы жылғы рапортынан: «Место сие состоит над самой рекою Ишима, и оно безопасно от наводнения во время весны, где весьма можно свободно расположить построение казенных зданий и подле онаго пролегает караванная дорога, по которой из всех мест как то –Бухарии, Ташкении, Кокании, с Семи рек и прочих азиатских владений проходят торговцы с караванами на Петропавловск и из оного в те владения. Караваны сии имеют стечение всегда при урочище Карауткуль, которое отстоит от предпологаемого места только в 4 верстах. Они находятся тут по одному месяцу, а иногда и с половиною, разменивают один другому свои товары и напоследок так случается, что некоторые сбыв избыток свой или товар возвращаются в свои отечества».

Сонымен Қараөткел қаласында оңтүстік пен солтүстік табысады. Қазіргі Кенесары көшесі бірнеше жүздеген, тіпті мыңдаған жылдар бойы сауданың қайнаған ортасы болды. Қараөткелден бастап Ащыөзекке (Соляная балка- Гребной канал- Ақбұлақ) дейін созылған Кенесары көшесі ол кезде Үлкен базар көшесі аталады. Сауданың нағыз қайнаған жері Кенесары мен Бейбітшілік көшелері қиылысатын алаң ол кезде Кіші базар көшесі аталады. Бұл Керуен сарай ерте заманда салынды деуімізге ең бірінші себеп.

Сонымен бірге сауда керуендерімен бірге елшіліктер жүретінін де айту керек. Елшіліктерді әдетті өте лауазымды, патша сарайларында қызмет жасайтын адамдар басқаратыны белгілі. Мысалы, Қазақ хандары шет елдерге аттандырған елшіліктерді аталықтар әулетінің өкілдері бастайтын. Елшіліктердің құрамында кей жағдайда басшысы бар, қосшысы бар жүздеген адамдар болады. Керуен сарай қалай пайда болды ? Әрине, елшілік өкілдеріне де, ірі саудагерлерге де күтім керек, осылайша керуен жолдарының бойында Керуен сарайлар салына бастады. Оңтүстіктегі Жібек жолында да, Арқадағы Ұлы меридиан жолында да әр 25- 50 шақырым сайын бекет орындары мен керуен сарайлардың қирандыларын көресіз.

Қараөткел туралы ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы орыс әдебиеті тамаша деректер береді. Бүкіл ресми құжаттарда біз Ақмола атын кездестіреміз, бекініс те Ақмола, округ те Ақмола деген сияқты. Бұдан шығатын қорытынды округ орталығы 1833 жылы Тайтөбеден Қараөткелге көшіп келгенде өзімен бірге Ақмола атын да ала келген. Ресей заңдарына бағынатын құызметкерлер мен орыс тұрғындары Қараөткел аталатын қазақтың қонысын Ақмола атап кетті де, қазақ болса өзінің байырғы атауын сақтап қалды.

Қазақтың жазбаша, ауызша әдебиетінде Қараөткел аты жиі кездеседі. Ә.Бөкейханов Г.Н.Потанин мерей тойына арналған жазбасында ғалым туралы жаза келіп: «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұлын, қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Европа сонда білер еді-ау» дейтін Григори Николаевич» деп әулиеге нағыз азаматтық бағасын береді.

Қараөткел қаласы да алғашқыда Керуен сарайдан басталғанына жоғарыдағы дәлелдеріміз жеткілікті деген пікірдеміз. Керуен сарай алдымен қонақ үй, одан кейін тауарларды сақтайтын қойма, одан кейін сауда орыны. Жергілікті өлкетанушылардың ертеректе Қараөткелде кездейсоқ қазба жұмыстарының кезінде құбыр фрагменттері табылғанын баяндауы тегін емес. Құбыр жүйесі Қараөткелде тек қана Керуен сарай ғана емес, сонымен бірге қалалық қоныстың пайда болғанын білдіреді.

Осылайша Қараөткелдің ең көне ескерткіші қазіргі Сине-Темпоре, бұрыңғы Керуен сарай. Ресей осы жерге келіп бекініс қорғанын салған соң Керуен сарайды «Гостиный двор» деп атап жіберді. Егер сіз ХХ ғасыр басындағы Қараөткел суреттерінің ішінен бір қабатты үлкен үйді және ол үйдің маңдайшасындағы «Қосшығұлов және К» деген араб әрпімен жазылған жарнаманы көрсеңіз ол ежелгі Керуен сарай., отаршылдық кезеңдегі Гостиный двор. Керуен сарайдағы негізгі дүкендер І гильдия көпесі Байкөп Қосшығұловтың қарамағында болды. Одан 1917 жылы төңкеріс басталды, бірте-бірте Совет үкіметі орнады, аштық пен репрессиядан өттік, соғыстан кейін Керуен сарайды «ЦУМ», яғни Орталық әмбебап дүкен деп өзгертті. 1991 жылы өлдік-талдық дегенде Тәуелсіздік келді, енді Сине-Темпоре атанып жүрміз. Егер осы мағынасыз, біреудің бизнесімен келген, бізге сырттан жұққан Сине-Темпоре Керуен сарай болып өзгерсе, онда Астананы толық мәнінде қазақтың астанасы деуге келеді.

Қараөткелдің орталық бөлігінде салмақты зерттеу жұмыстары жүргізілсе Керуен сарайдан басқа да егінші, қолөнерші, саудагер қауымдардың отырықшы қоныстары табылатыны сөзсіз. Бұл зерттеуді біз Сине-Темпоре қабырғасына «бұл жерде ежелгі замандардан бері Керуен сарай болды» деген ескерткіш тақтадан бастауымыз керек!

Жамбыл Артықбаев,

Тарих ғылымдарының докторы, профессоры

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5244