Сәрсенбі, 29 Шілде 2026
46 - сөз 439 0 пікір 28 Шілде, 2026 сағат 13:17

Әсет шағармаларындағы қаракесек сөздер

Сурет: ЖИ арқылы жасалған.

(Әсет Найманбайұлының ғасыр жаңаланған сайын жаңаланып, ескірмейтін поэзиясы)

Әсет сөз жоқ Арқа бетінің Мағжанмен қатар тұратын ең ұлы екі ақынының бірі. Оның әншілігі, сазгерлігі ел жүрегін қыдыра даңққа бөленіп, айтыскерлігі құпталып, жазба ақындығы зерттелмей қалған.

Ақындық, әншілік сазгерлік деген үш ұлы жолға қатар шапқан заман саңлағының осы ұлттың ішінде өмір сүруі таңданарлық құбылыс, жаратушының бізге берген мейірім-ықыласының бір түрі болды.

Әсет Найманбайұлының ғасыр жаңаланған сайын жаңаланып ескірмейтін поэзиясы бар. Кей ақын уақыт өткен сайын ескіріп, көне әдебиетке айналып, арамыздан біртіндеп ығысып отырса, Әсет ақынның поэзиясы өзінен кейінгі ұрпақтың оқып ләззат алуы мен ақындардың оның поэзиялық өміршең тұстарын үйреніп, өз поэзиясын жетілдіруіне күш беруімен де ғұмыр жасын жалғастыра бермек.

Әсет ақынның қаракесек сөздерін әр жылдарда төккен поэзиясынан бөлектеп алып, оған таңданыспен қарап отырып, сіздің де осы қаракесек сөздерден дәм татуыңызды қаладық. Әннен, сөзден әрқашан халқына дәм татырып, сусынын қандырып 55 жыл ғұмыр кешкен Әсет ақын Қызыларай жотасында туып Арқаның алыбына айналғанымен, соңғы 6 жылы Қытай асып Еренқабырға бөктері мен Іленің жұмсақ топырағында өткендіктен, оны Алтай-Тарбағатай, Жетісу ән мектептерінің өкілі ретінде қарастыруға болады.

Ақынның лықсыған толқын сөздері кей өлеңінде буырқанып бір бүйірден соққылап тұрса, енді бір өлеңдерінде маржан сөздері сиреп, әр жерде жылтылдап көз жауын алады. Сондықтан, біз інжуі сиреген өлеңдерінен сол аз інжуді теріп алып, толқыны тоқсан уықты үйді теңселткен, толағай сөзі топырлай қалған өлеңдерін барынша тұтасымен қамтуға тырысып, ақын өлеңдерінің қаракесек сөздерін Қаратаудың басына апарып жиып қойып, Мәдидің Қазақ ән өнеріндегі ең шоқтықты әннің бірі болған «Қаракесек» әнімен осы ұлы өлеңдердің тоқтамай тағы неше ғасыр ғұмыр жалғастыруы үшін, ақын өлеңдеріне сол әнмен дұға оқып, қарап отырсақ ғанибет болар еді.

Ақын ең соңғы өмірмен қоштасу өлеңінде «Айхайға қайран дауысым ерінбеген» деген әрқашан айхай туралы айтқымыз келетін айтулы сөзді айтып беріп кетеді. «Асау ән жетегіңе жүрмеген соң» деп айтылғанындай, адамзат біткен өзі сүйсінген асау әндерді жетегіне жүргізе алмай, іштен қоңырсып тынып жатпаушы ма еді?!

«Осы өлең адастырды-ау ақыр соңда» деп «дертке — дәрмен, көңілінің гүлі» болып келген жан-жолдасы өлеңін қиярын білмей, оған ұрсарын білмей отырып қалған ақын ажал алдында шамданып оны да сөз етпей өтпейді. «Осы өлең адастырды-ау ақыр соңда» деп ажалсыз-ақ, әр тұманға шалынған бүгінгінің ақындары да айтатын сөз, ескіргісі келмейтін сөз.

Ақынның «Қысымет» әні ретінде белгілі болған өлеңіндегі соны соқпақтар уақыт алтынымен жылтырай түседі. «Бұлбұлмын дауысым көкте дамылдаған» деген сөзі бұлбұлды да, әуенді де бір уақытта қалқытып, көркемдік тоқтай бастағанда, көздің тұсына қарай әкеліп қойған ең ғажап жолдардың бірі. Іле-шала айтылатын «Көмекей көк қауызын әнмен ашса» деген сөзі өзінің көмейін де, аспанның көмейін де бір уақытта әнмен ашқан аяулы таңды алдыңа әкелмей ме?! Қандай ғаламат сөздер еді.

«Көмекей көк қауызын әнмен ашса, Төгіліп меруерт-маржан сауылдаған» деген ишарасы көмекейінің қауызын ашып төгілген меруерт-маржан әуеннің бір уақытта аспан таңынан төгіліп, көк моншақ нұрлардың әлемге сауылдауын да елестетпей ме?!

Қазақ дүние танымында «Жел иесі — Майда» деген мифтік ұғым бар. Ақын өзінің ән мен өлеңдегі жорғалай басып жортқанын, мамырлап майда желіспен желгенін, қалауынша еркелеп, өнерде бұлғаңдай басқанын «Жорғамын, жұрттан озған жортарманмын, Майдамын, майда желіс мамырлаған» деп әшекейлейді. «Желқабыз, сол ортаның зар жағымын» деп тағы де жел мінезге салып суырыла сөйлейді.

«Желқабыз, сол ортаның зар жағымын,

Толқытып, тоқсан бунақ әнге салған»: Тоқсан бунақ әнді толқытып тұрған іштегі күштің өзіне ғана тән жел екенін айпара айтып, сол ду-ду желімен көтеріле екпіндейді. Сол кезде биік асқарды тербеп, аспанға өрлеп, сары даланы күңіренткен бір әуен шығады. Мұны қыранның шаңқылы деу керек пе, желдің биікте қана кездесетін гулеген сазды күші деу керек пе, мұның анығын айта алмаймыз. Бірақ, Әсет ақын бұл үдеген үнді, белгісіз күшті «менікі» дейді:

«Асқақ ән аспанға өрлеп, асқар тербеп,

Күңіренткен сары даланы күндер жалған!»

Әсеттің жұлдызы жарқырағанда барлық қуаныш әуелі аялап өсірген әкесіне келмей ме? Әкесі — Найманбай шал. Сонда Әсет «әкемнің маңдайы жарқырады» дей салмай, «Найман шал — айы туған маңдайшадан» деп өз маңдайына орнаған айдың әкесі отырған үйдің маңдайшадан жарқырап көрініп тұрғанын өлеңге қалай қосады?! Әсеттің көзі бұл дүниенің дидарын мүлде басқа қырымен көреді. Дала-көл табиғаттарын «ми дала, меңіреу шөл, күміс көлдер» деп әдемі бір жіпке тізіп өтеді. Өріс-қоныстарды да әдемі ықшамдап, оқырманға орамды мағына беріп өтеді: «Құм — қыстау, өлке — көктеу, өзен — күзеу, Жайлауым — жалпақ дала, қарлы таудан».

Ақын тіл мен әннің қозғалысына да «Сайра тіл, аңыра әнім інжу-маржан» деп мағына беріп өте алады. Тілдің сайрайтыны, әннің аңырайтыны осында айтылады.

Тілдің сайрауын бәріміз білеміз-ау! Әннің аңырайтынын айта бермейді екенбіз. Әсет ақынның басқа бір өлеңінде «Гармоны, домбырасы сайрап тұрса» де, оның сайрауды адам тілінен аспаптарға да көшіріп айтып тұрғанынан ләззат аласыз.

«Сөз — жаңбыр, дауысым — дауыл, әнім — ескек» деп сөздің төгілетінін, құйылатынын,  дауыстың дауыл болып ұмтылатынын, әннің ескек болып есіліп адам жүрегін қайықша салып жолға шығатынын, дауыл-дауысқа сөз-жаңбыр қосылмай тұрып, «Ойнақтап басылайын аз желдетіп» дейді Әсет. Жігіттің сән-салтанатына байланысты мініс атына «сұлу ат» деген сипаттаманы да алғаш беретін Әсет. «Сұлу ат, келте киім, керім кербез» деп атты сұлу етіп, киімнің Наполеон кигендегідей келте түрінің ерге жинақы, жарасымдылығын, кербез қызды керім деп орағыта айналып өтіп жымюын тамаша тіркестерге балаймыз. «Болғанда ақыл — ойда, сымбат — бойда» деп ойында ақыл, бойында сымбат болған жанның қандай тартымды мүсін екенін көңілге ұялатып қызықтырады.

Әсет ақын бәріне күш беріп өз мағынасымен айтады. «Ән салсан, Әсеттей сал әсемдетіп» дейді, әнді әсем қылып салуды Әсеттен үйренейік. Екі көзін жаңбыр қылып, қылыш қанаттарымен қылаң бұлттарды қырпып өтіп, балапандарын сағынып келе жатқан самұрықтай болып «шырқатып, шырқау көкке көтеріліп, тоқтаусыз ағызып шығандатып, қайтадан тербеліп мойнын жазып, қанатын шалықтатып, содан кейін бір уақытта тіпті шапшытып, одан кейін ағыл-тегіл шүмектетіп, нөсерлетіп» масаюын басқан, алаңын аспанға қалдырған алып құстың күші неге Әсеттің әуенінде жүр? Ол өзі самұрықтың бар күшін әуенімен жұтып қоймады ма екен? «Әсет ән салғанда дауысы қозыкөш жерден естіледі» деген халық аңыз еткен үннің таралымына өлердей құмартқан Әсет осы үнін боз үйлердің шаңырағынан ақ түтіндей тік ұшырып шығарғанда, осы әуеннің осыдан кейін қай араға дейін қалқып баратынын толық болжап білген-ау! Өзіне берілген соншама күшті, самұрық қанатының сабалануын жұтып қойған жайын ауыз ырғақты теңселе қозғап, оны өлеңінде «Шырқатып, шығандатып, шалықтатып, Шапшытып, шүмектетіп, нөсерлетіп» ән салсаң Әсеттей сал демей ме?! Содан кейін әнші жел ырғақты, құс күшін аспаннан аттарға қондырып, бәрін тастап, тұлпар қимылына ауысады. Орғытып, орағытады, басқа өрлейді. Талдырып, талықсытады, тамылжытады әрі қарай бұлбұлдығына қайтып...

«Талдырып, талықсытып, тамылжытып,

Орғытып, орағытып, басқа өрлетіп»...

Одан кейін тұлпар мен аққу құс қимылы араласып кетеді:

«Самғатып, саңқылдатып, зар желгізіп,

Ұрынтып, өршелентіп, бәсеңдетіп»...

Одан кейін құмай тазының қимылы мен құсты ырғаққа отырғызу сәттері де іркес-тіркес әуенге ұшып, әнге қызмет ете бастайды: «Серпілтіп, сумандатып, сексен ырғап»... Мұның алдындағы «Ұрынту, өршелену, бәсеңдетудің» өзі де құмай тазыға қаратылып кетеді, тұлпарға қана емес. Ерекшеліктер екеуінің де ортақ меншігі, Әсеттің де оларға берген төл сыны.

«Серпілтіп, сумаңдатып, сексен ырғап» отыру күйшінің күй тартып отырысына ұқсайды. Осыдан кейін түгелдей күйші қимылына қаратылған «Қырық қарпып, тоқсан толғап, бес өрлетіп», «Қарқынды үн қан қайнатып, жүрек жұлып» жеп біткен көкірек қысты жағдайдан кейін «Жан жалмап, көңіл тербеп, әсерлетіп» әкетеді. Осыдан кейін ол әнді аяулысынша құшып-сүйіп әлпештейді. Оның әні әуен шеңберінен шығып, бостандық алып адам кейпіне енеді. «Сүйе бер, суырылтам ән сұлуын, Тілін бал, сілекейін шекерлетіп» дегенінен-ақ соны ұғуға болады.

Әсет енді бір өлеңінде өнерге кеудесі толып отырып, «жігіттің өнер болса кеудесінде» деген сөзді ауызға алады. Мұнда «өнердің орны - кеуде» екенін әдемі айтады. Домбырасын қамыс басындай бұлғақтатып отырып, ән мен жырға әуестенген өнерпаздардың бөркіндегі үкі де соған орай тербеліп байыз таппайды. Жайынқұйрықтанып бұлғаңдап қозғалған үкілі бөрік, үкілі дене, үкілі домбыра, үкілі әуен осының бәрі ақынның «Домбыра екі ішекті қолға алайын, Жайындай суда жатқан қозғалайын» деп өнер өлеңін бастауына алып келеді. "Көкірегім мені басқара бер, ұшымен қызыл тілімнің сорғалайын" деген сөз бунақтары да осында буылады. Көкірегіне өзін басқартып, бүкіл денесі сұйылып, тілінің ұшынан қызыл сұйықтық болып сорғалап кететін болса, Әсеттің жаны — сөз екен. Сөз суынан тұрған тұлғасы қатып денеге айналады екен әрі сұйылып, еріп, құрып жоғала да алады екен. Сондықтан, әнмен атағы шыққан алыптың "ақын" екенін, яғни сөз айдағары екенін қайталап айтып, оның әруағына шексіз разылық сезімін бағыштауымыз керек.

«Қызыл тіл ерік өзіңде тұрған күнде, Қояндай құмнан қашқан бұлтарайын». Қызыл тілі ақынның айтыскерлігінде құмнан қашқан қояндай бұлтарып, олай орып өтіп, бұлай бұғып жетіп, тап бермеде тарлан қылған екен. Тілі дегенің — оның жанын шыдатпай, орнында отырғызбай, секемшіл, тынымсыз тентек ететін күш екен.

«Басына үлкен мақтау ілінеді, Жігіттер болып жүрсең бір мінезді»... Ақынның ақылы: "асып-таспай немесе бұғып бүгежең қақпай, жылтырамай, майпаздамай, ашуы мен әлсіздігі білінбей, байыппен, адамдарға бір мінезді болсаң, ақыры жаныңа үйірсектеп, сені мақтауға іліндіреді, орныңды көтереді" демек. Бұдан кейін қазақтың құнды тілін құдіреттендірген қауым «Өнер алды — Қызыл тіл» десе, Әсет «жо, жоқ» деп басын шайқайды. Шешен сөйлейтін жастар табылады, алайда ақылы артық болмаса ақын дәрежесінде қала бермек деп, алақанын көтеріп тоқтау салып, «Өнер алды — ақыл» деген қорытынды айтады. "Ақыл — әуелі сүйеу жолдасың, ақырғы тіреуің болады" демек ойшылдықпен. Ақылдан кейінгі бір өнер деп мылтық атуға жақсы жатылуды айтады. "Одан кейінгі өнер" деп мырзалыққа сай сәнді киіне білуді атады. Одан кейін — домбыра шертіп, ән айтуды атап, өзінің бойындағы ең даңқты өнерін ақыл мен мергендіктен, мырзалықтан да кейіндеу қойыпты. Ұсталық етуді, зергерлікті осы өнерінен кейін қояды. «Өнердің ең жаманы — етік тіккен» деп кірпияз Әсет етіктің көнін жібітем деп су бүркетінің, көнін тіспен тартатының, маржан тіспен етіктің кейде өкшесін тартқан кезіңде болған «Сескеніп ұлы дене, періште үріккен» сәтті айтып тыжырынатын.

Әсет адамның бәрі бірдей демейді. Туғанда бәріміз суырдың балпағындай болсақ та, кейін өзімізді өзгертеміз немесе өмір өзгертеді. «Адамның біреуі алтын, біреуі жез» деген Әсет алтынға — адамның жолдас болуға лайықты жақсысын жатқызса, жезге — бағаңды кетіретін қор мен езді жатқызады. Арзан адамның сипатына дәл мағына беріп «Жылпың сөз, күрең қабақ, сып-сырғанақ» деп, есті адам оңай байқайтын, алайда өзі байқатпадым деп ойлайтын ұнамсыз бейнесін жай ғана сүріп өтеді. Асаукердей бұлғақтап жүргенің, Иранбақтағы қызыл гүлдей күндерің алда құрулы тұрған тезге түспесін десең, көз алдыңнан көшпесін десең "қасыңдағы жаманнан бір күнде без" дейді . Сонда біздің бақытты күндеріміздің аяқ астынан ортаюы жанымызда "жақсымыз" болып жүргендердің ездігі мен қорлығынан болады екен. Әсет сол қауіптен ерте сақтандырады. «Сүйкімсіз мінезбенен заңданады» деп өзінің сүйкімсіз мінезін әкімшілік адамының айбаты мен байыптылығына балап алған адамдардың ақылсыздығын ашып тастайды.

«Тасыған жас шағыңда судай көңілің», нәпсің жетектеп ар-ұятыңа салған қамалыңды бұзбай қоймас. "Көп жылдардан кейінгі өкінішің де осыдан болады екен" деп ой толғаған ақын жастықты сұлу, байыпты етіп өткізуге болатынын да көңілімен ұсынады. «Шаршама,  шатақ жүрме, шарықтама» деп ақыл айтады. Шатақ жүру де, шарықтап кету де, шаршап бәрінен босау да мінезді қошқылдайтын түтінді өмір екенін айтып, алдымызды тосып арамнан алшақтатады. «Дос та көп дұшпаныңды азайтушы» деп "бір досың артқан сайын, бір дұшпан кеміп, елге сыйлы боласың" демей ме Әсет ақын?!

«Ақылдының сөзінде жұпары бар» деп сөзге жұпар берген соң оқырман бұл сөзді ұнатып қалады, әр ақылды сөзінен тілінің астына жұпар себіліп жатқанын байқайды. Жүрегіңде бір талап болғандықтан, өзің қызығатын, жақсы білетін салада ұстаздық етіп жүрген кейбір адамдарды сынап қарап, менсінбей отыратын кездерің жиі болады. Бұл сенің паңдығың емес, көңілің толмаушылық және ішіңде одан асып, сол саланы түзейтін талабың болғандығы. «Егерде жүрегіңде талап болса» дейді Әсет солармен теңелмеген бойыңды теңеп, биікке ұмтылатын күніңнің келіп қалғанын білдіріп. «Қорғанбай көкке ұмтыл, бойды теңес» деп қанша мықты болсаң да басылып қалғаныңды есіңе салып, қорғанбай көкке ұмтылуыңды күтеді.

«Ғылыммен тән тазарып жанданады» деп Абайдай кемел кеңес айтып, шынымен ғылымға берілген басым тәнімнің ерекше тазарғанын, дамылсыз ізденістен қорек алып, мұнтаздай ағарған, кірсізденген рухымды көремін. «Милының көкейінде көзі жарық» деп миы жанып тұрған ақ шырақтай болып, нұры сыртына өтіп, аспаннан қараған адамға жер бетіндегі үйлерден ағарып тұрған бір шоқ інжудей болып көрінетін бұл тартымдылық милы адамның бүкіл әлемнің пайдасына туғанын, оның ізденіс жасап отырған кезіндегі шұғылалы сәтінің алтын басын айналып тұрғаны қалай қызықтырмайды?!

Біз ақылды адамды ашуланбайтын адам ретінде қарап аламыз. Жоқ, керісінше ақылды тентек бола білу керек. «Ақылды аз ашулы, көп пікірлі» деп ашудың ақылдыда орнымен болатынын, көп пікірлі, ғибратты жан болуға ұмтылысын қысқа қып жеткізеді. «Білімдінің азығы - шикі надан» деп білім қуған жан өзінің бұған дейінгі надандығын жеп тауысып, түгетіп, осы бір зиянды аймақтарды көкірегінен тазартады екен. «Ойсыз көз көрмек үшін үңілмейді» деп көзде ой болмаса, оның құр дөңгеленген без екенін, хаюандық сипатқа әрқашан жақын тұратынымызды айтып сескендіріп, босап кетпеуімізді қадағалайды. Бір оянсаң болды ғой, әрі қарай ойсыз көзге ой кірсе "білсем, көрсем" деп көз үңіліп, жақсылық қыз жасауындай жинала бермек.

«Күдірде күні бойы ұзай берме» деп күдір, күңгірт өтіп жатқан өміріңнің әр күнімен көлеңке қуып жүре бермей, тоқтап, ойланып, артыңа қарап өміріңді дұрыстап ал дейді. «Айнадан өзін көріп, көзін көрмей» деп белгілі жаман мінезге ие адамды қана емес, адам біткеннің өзінен көрі, көзіне үңіліп, ғұмыр жайлы өзіне сұрақ қойып, өз жан дүниесінің сұрақтарынан қашқан адамның өзіне жауап беріп, өмірін байыппен реттей алатынына сенімін білдіреді.

Басымызға бақыт қонғанын қалаймыз, «бәрі де аяқ астынан болса ғой» деп. Ол бақыттың басыңызға қонбай қоймайтын сүйікті ерекшелігі жайлы Әсет ақын мынадай құпия жолын айтады:

«Билігің берекелі болса көркем,

Басыңа тұра алмайды бақыт қонбай». Бұл ер мен әйел демей, адам баласының сүйіспеншілік, махаббат, отбасы ұстанымдары мен басқа орындардағы ұстанымы, жүріс-тұрысын адамның өзі қадағалауын «өзіне билік жүргізу» деп бағалайды Әсет ақын. Біз алды-артымызға қарамай, басымыз ауған жаққа бет алуды «өз билігім — өз қолымда» деп адасамыз. Ақын керісінше «өзіңе берекелі билік етудің» жолын нұсқап, бақытты басыңа қалай қондыру жайлы ақылын айтады.

Әсет ақын адамның сәулелі ғұмырын қарап көріп, әр сәулеге шомылған кезеңдерінің қадірі білінбей өткенін, оның қандай жарық құштарлыққа ие кезеңдер екенін есіңе салып ойландырады. Асыл уақыттарын өткізіп алған ойлы жандар опық жесе, сол кезеңдердің аузына келіп қалған біз сияқты жастарға ауыр салмақ салып, өмірді қай бағытпен алып жүру керегі туралы жаңа шешімдер қабылдауымызға мұрындық болады. «Көздің нұры, көңілдің буындай» деп 5~6 жасар балдырған шағымыздың құндылығын, шабыттың өзіндей аяулы мінсіз қалпын көрсеткенде қозғалақтап, жүрегіміз бір лобылып қалады. Барлық ағалар «қайран жиырма бес» деп жанып тұрған от шағын қастерлеп еске алады. Алайда, сол 25 жасын өмірінің басқы тұсына үнсіз моладай қалдырып кетіп жатқан адам көп. Әсет ақын сол 25 жастың өзінде жай адам болсаң жастығыңды жаңалығы аз күйінде солғын өткізетініңді, асыл боп туған болсаң өз ортаңның, елдің туы, байрағы болатыныңды болжайды. Сол кезде өзіңе осы сұрақ келеді. Сен өз ортаңның туы болдың ба? Жоқ, 25 жасыңды жай қана құр дүрмекпен өткізіп алдың ба? Қалай болғанда да өз ортаңның туы болуың керек:

«Қанжардай қайрап алған жиырма бес,

Айт пен тойдың асыл болсаң туындайсың».

Күнде қылыш суыратын байыпсыз шағымыздың куәсі болып жүрміз. Алайда, қырық жастың байыптылығын дәл суреттей алмай келеміз. Пайғамбар жасы 63 жас емес, 40 жас. Пайғамбарлардың басым көбіне пайғамбарлық мінез-құлық ең орныққан, санасы сәулеленіп, ақылы артқан 40 жасында қонған. Әсет ақын пайғамбар жасы болған 40 жастың осы толғамды тыныштығын «Қырқыңда күнде қылыш суырмайсың» деп қысқа қайырады.

Асыл сөзің болсада , ақын болып туғаныңмен сені менсінбейтін адамдар кімдер екен? «Ақылсыз асыл сөзге іңкәр болмас» деп Әсет алып бұл адамдар туралы «ақылсыздар» деген қысқа қорытынды айтады. Ақындығы асқан адам алып та жығады, шалып та жығады. Философиялық ой айтатын данышпандық та ақыннан табылады, оның бойынан өсіп-өркендеп, өз алдына шынарға айналады.

"Ақысыз адамдар" өлеңсіз-ақ, мәнерлі сөзсіз-ақ, сенің бай қиялға толы кірпияз жүрегіңсіз-ақ біраз шаруаны тындырып, мақсат еткен істеріне жетіп жатқанымен, мұны ақын үлкен шаруа тындырдыға санамайды. Ақын оларды кекетіп «Жапалақ жүні қызыл болғанымен, Қаз ілер айдын көлден сұңқар болмас» деп, жүні қызыл жапалақтардың не ілетіні белгілі екенін айтып мысқылдайды. Сондықтан, оларға шамданба, ренжіме. Ақын аптығыңды басып, аялап келіп, осы сөздерді киіміңе меруерт қылып шегіп, жайлы сырмағыңа отырғызды емес пе?!

"Ол күлімдеді", "ол күлімсіреді "деп сөйлейтін бізге ақын әдеби қағиданы үйретіп, "күлімдеп тұрған ол емес, беті де емес, күлімдеген оның жаны" деп сөйлеуді тереңінен үйретеді. «Толқиды жүрек неге, жан күлімдеп?»... Әуелі жүрек толқиды екен, содан кейін барып жан күлімдейді.

Алып Әсеттің өзін кім деп атағаны бізді қызықтыра түседі. Өзін ақын деді ме, әнші деді ме?! Әсет тіпті кеңқұлаштанып, өзін "сал" деп атапты. Яғни, бір бойында көп өнер тоғысқан өнер иесінің атауы бұл. Салдың ең басты ерекшелігі — мырзалық. Өр-Алтайда мырзалығымен аты шыққан Бөстек, Мүйізбай, Құрым салдарды есімізге оралтамыз. Өзін кім деп есептейтіні туралы ақын «Ән салдым жас күнімнен сал болған соң» деп, бойында бозбалалық бар күннен бастап салдықпен атын шығарып, қаракөз қыз қасынан айналақтап шыға алмай, қонақ көп болып үйдің іші тарайған өнерлі күндерін есіне алып, мұрты майланып, сылаңдап қарап жымияды. Сол бозбала шақтың құшағындағы Әсет жүрегін толқытып барып, жанын күлімдетіп бізге қарайды.

«Көз жанар сұлулықтан нұр өбеді» деп көзді тойдыратын ауа емес, ас емес, адамның сұлулығы. Арамыздағы сұлу адамдар үшін оны тапқан анасына алғыс айтуымыз керек, олар біздің көзді нұрға тойғызып, жанымызды тыныштандырушылар. Сұлулықтан нұрға тойған жанардан кейін, «Көңілге сұлулықтан гүл өнеді» екен. Сұлу адамдарға тойған көзіміз ұрпағымыздың әдемі болуына өз сәулесін бөледі. Алма алмадан рең алып, адам адамнан өң алып, жаппай сұлу, жігерлі қауымға айнала түсеміз.

«Қаламқас, оймақ ауыз, бұраң бел» деп,

Қазақтың басталады неге өлеңі?

Қазақтың сөзінің өзі сұлулықтан басталып, сиықсыздықтан көңілің қалып, көзің шаршайды. Көңіліңе азық болатын, көзіңе қуат болып құйылып, көзіңді құзғын көзіндей қуатты ететін де — көркемдік. Бойыңды жазып, көңіліңді кеңітетін сұлулықтың бірі — адамның көркем жазуы. Шебер қолмен шегілген кестедей болып түседі ғой қарақат көзді жазулар. Сол кезде хаткердің сұлу хатына жаның тұнып, жазушыға ділің еріп, ішің жылыр. Сөздің ең асыл жауһарларын теріп, оны қағазға түсіріп безендіріп, жұпарын аңқытып жазсаң, одан артық ләззат бар ма жазу киесіне жақын адамға?! Әсеттің қаракесек сөздерін кім өз дәптеріне көшіріп жазса да, жазуы сүйкек пе, әлде көркем бе — бәрібір, оның шебер сөз өрнегі әрдайым қымбат, әрдайым бағалы.

Көз шаршар сиықсыздан көңіл қажып,

Көркемдік — көзге қуат, көңілге азық.

Шегілген шебер қолмен кестедей боп,

Жібермек әсем жазу бойды жазып.

 

Құштармын сұлу хатқа жаным төніп,

Хаткерге ішім жылыр, ділім еріп.

Дәриға-ай, содан артық ләззат бар ма,

Хош хатпен жазсаң сөзден гауһар теріп?!

Көкбөрі Мүбарак

Abai.kz

0 пікір