Жұма, 22 Қараша 2024
46 - сөз 2075 3 пікір 21 Қазан, 2024 сағат 15:44

Ауылдың құтын қайтара аламыз ба?

Сурет liter.kz сайтынан алынды.

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі

Олжас Бектеновке!

Ауыл – ұлтымыздың алтын бесігі. Халқымыздың жартысына жуығын да ауыл тұрғындары құрайды. Алайда нарықтың қыспағымен ауылдан құт қашқаны ешкімге жасырын емес. Ауылдағы ағайынның орташа жалақысы да қала тұрғындарының жалақысына қарағанда 30 %-дан астам төмен. Белең алған қымбатшылық пен жұмыссыздықтың да салдарын көбірек тартып отырған осы ауыл жұртшылығы.

Осыны ескеріп, Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл тұрғындарының табысын көбейтіп, әл-ауқатын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасын қолға алуды тапсырған болатын. Осыған орай «AMANAT» партиясы Үкіметпен бірлесе отырып, аталған жобаны былтырдан бері іске асырып келеді.

Бүкіл өңірді қамтып, ауыл тұрғынына өз шаруасын дөңгелету үшін 2,5 пайызбен өте төмен, алу тәртібі жеңілдетілген шағын несие беретін жобаға жалпы 1 трлн теңге қарастырылған. Бұл – ауыл тұрғындары үшін үлкен қолдау. Жоба бойынша былтыр 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да 100 млрд теңге бөліну жоспарланған болатын. Алайда жыл соңына таяса да, ол қаражат бөлінбей, Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген.

Мұны қалай түсінуге болады? Үкімет құраушы «АМАНАТ» партиясының тікелей бақылауында тұрған жобаның сылбыр орындалуының себебі неде? Біздіңше, жобаның нәтижелі атқарылуы бойынша бірқатар түйткілдер бар.

Біріншіден, Үкіметтің өз ведомстволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болуда. Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартып отыр. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауы тиіс.

Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбісі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Ал онсыз бәсекеге қабілетті өнім шығару мүмкін емес. Осыны ескеріп, «AMANAT» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында оқыту орталығы ашылды. Енді соны басқа да аймақтарға тарату қажет. Мұны Президентіміз биылғы Жолдауында нақты тапсырды.

Үшіншіден, жоба аясында ауылдық тауар өндірушілерді қолдауға арналған кешенді экожүйенің құрылмауы дайын өнімді өткізуде қиындық тудыруда. Мысалы, биыл оңтүстіктегі шаруалар құлпынайдан жақсы өнім өсіргенімен, оны сата алмады. Өйткені нарықты импортталған бағасы арзан құлпынай басты. Шаруалар өнімді қайта өңдеуге, ұзақ сақтауға қажетті инфрақұрылым болмағандықтан, өз құнынан арзанға сатуға мәжбүр болды. Соның салдарынан шығынға батып, қарыз болып қалды. Несие қаражатының қашан қайтарылатынын айту қиын.

Төртіншіден, жобаға несиелік берешегі бар азаматтар қатыса алмауда. Мемлекеттік қолдауды бірінші кезекте қажет ететіндер де осылар болатын. Бірақ банктік қарыздың болуына байланысты олар мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін пайдалана алмай, жеңілдетілген несие алып, өз ісін аша алмайды.

Аталған жәйттер жобаның тиімділігін төмендетіп отыр. Осы ретте Президенттің ауыл халқының тұрмысын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасына қосымша келесі шараларды тез арада пысықтау қажет.

  1. Шағын ауыл шаруашылығы өндірушілері өндірген өнім үшін сертификаттауды жеңілдету мәселесін пысықтау.
  2. Ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру.
  3. Қаржы министрлігі жоба бойынша биылға жоспарланған 100 млрд теңгені толық көлемде бөлуді тездетуі тиіс.
  4. Ел Президенті тапсырмасына сәйкес, жоба аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажет.

Елнұр Бейсенбаев,

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1452
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3216
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5236