Дүйсенбі, 25 Қараша 2024
Саңлақ 3001 0 пікір 28 Қазан, 2024 сағат 12:39

«Қазақстан барысы» жеңімпазы анықталды

Суреттер ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен алынды.

Астанадағы «Барыс-Арена» спорт кешенінде Республика күніне орай қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турнирі өтті.

Балуандар сайысы біздің елімізде 2011 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл жолы оған республикалық маңызы бар қалалардан, облыстардан және АОСК-нан 41 спортшы қатысты.

«Қазақстан барысы» беделді турнирінің чемпионы атағын армия спортшысы сержант Ерасыл Қажыбаев олжалады. Шешуші жекпе-жекте оның қарсыласы шымкенттік спортшы Ерсұлтан Мұзаппаров болды, ол екінші орын иеленді. Үшінші орын Абай облысынан Саят Шәмшиевке бұйырды.

– Бүгін боз кілемде салмағы мен жасы бойынша әр түрлі спортшылар жиналды. Осындай айырмашылықтарға қарай жекпе-жектің нәтижесін соңына дейін болжау мүмкін болмады. Турнирге қатысушылар жақсы дайындықпен келген. Спортта әрқашан сәттілік деген бар. Бұл жеңістің артында спортшы мен оның жаттықтырушысы Ельдар Бейсенбаевтың орасан зор еңбегі тұрғанын білемін. Ерасыл өзін нағыз балуан екенін көрсетті, – деді ҚР Қорғаныс министрлігі Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы полковник Арман Әбеуов.

Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Ерасыл Қажыбаевқа чемпион белбеуі мен қасқыр терісін табыс етті. Айта кетейік, жылдың ең мықты балуанына 15 млн теңге марапат берілді.

Отыз жасар Ерасыл Қажыбаев – Семей қаласының тумасы. 2015 жылы ол «дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша Шәкәрім атындағы мемлекеттік университетті бітірді. Ерасыл Алматыдағы Спорт комитеті – Армия орталық спорт клубы филиалының оқу-жаттығу орталығы штаттық командаларын даярлау бөлімі дзюдо бөлімшесінің спортшы-нұсқаушысы болып қызмет етеді. Сонымен қатар, 2018 және 2019 жылдары Е. Қажыбаев «Қазақстан барысы» турнирінде екінші орын алған болатын.

Естеріңізге сала кетсек, ҚР Қорғаныс министрлігі АОСК-нан бұл сайысқа барлығы алты адам – аға лейтенант Марат Байқамұров, кіші сержант Әділ Оразбаев, қатардағы жауынгер Ғалымжан Қырықбай, ефрейтор Айбек Ізтілеуов, кіші сержант Ерасыл Қажыбаев және ҚР Қарулы күштерінің қызметшісі Бейбарыс Әбдіғани қатысты.

Спортшылардан нағыз шыдамдылықты, физикалық күш пен эмоционалды күйді барынша шығаратын турнир жанкүйерлерге қызықты сәттер сыйлап қана қоймай, мақсатқа жетер адамның өзіне сенімді болатынын көрсетті.

ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1515
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3285
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5840