Әлихан Смайылов: Субсидияның тиімділігі тексеріледі
Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов квазимемлекеттік секторды тексеруге қатысты пікір айтты.
Оның сөзіне қарағанда, биыл мемлекеттік аудит жұмысының тиімділігі едәуір көтерілді.
«30 жеке адам мен 16 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке, ал 173 адам тәртіптік жазаға тартылды. Сонымен қатар, 12 материал құқық қорғау органдарына жолданды. Жылдың соңына дейін бірқатар аудиторлық жұмыс жалғасады. Оның арасында ауыл шаруашылығына бөлінетін субсидияның тиімділігі тексереледі. Бұдан бөлек, көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың тиімділігіне аудит жасалып отыр. Ұлттық ұлан мен оған бағынысты ұйымдардың жұмысына да аудит жүргізіліп жатыр», — деді Жоғары аудиторлық палата төрағасы Парламент Мәжілісінде тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Ә. Смайылов квазимемлекеттік сектор да аудитпен қамтылғанын айтты.
«ҚазМұнайГаз» және «Бәйтерекке» қатысты аудит жалғасып жатыр. Бұл жұмысты келер жылдың бірінші тоқсанында аяқтаймыз. Оның қорытындысын жариялаймыз, сондай-ақ Парламенттің қарауына ұсынамыз», — деді ол.
Оның сөзіне қарағанда, 9 айдың қорытындысы бойынша 18 аудиторлық іс-шара аяқталды.
«Бұл ретте 9 трлн теңгеден астам қаражат қамтылды. Осы жұмыстың аясында 640 млрд теңге сомасында заңнама талаптарын бұзудың түрлі дерегін анықтадық. Соның ішінде активтерді және қаражатты тиімсіз пайдалануға қатысты 318 млрд теңгені есептедік. Қаржы саласындағы заңнама талаптарын бұзу тұрғысында 133 млрд теңге және тиімсіз жоспарлау бойынша 187 млрд теңге анықталды. Бұл жұмыстардың нәтижесінде 115 теңге республикалық бюджетке өтелді. Былтыр осы көрсеткіш тек 5 млрд теңгені құраған еді», — деді Ә. Смайылов.
Abai.kz