Сейсенбі, 3 Желтоқсан 2024
Билік 1167 0 пікір 6 Қараша, 2024 сағат 19:18

Қазақстан мен Франция ынтымақтастығының мәні

Астана мен Париж арасындағы екіжақты ынтымақтастық арта түсті. Бұған екі ел басшыларының соңғы 2-3 жылдағы мемлекеттік сапарлары дәлел бола алады. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға арналған мемлекеттік сапары аяқталды. Бұл сапарға оны Франция Президенті Эмманюэль Макрон шақырған болатын. Батыс Еуропа төрінде екі ел басшылары бірқатар келіссөздер өткізіп, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға уағдаласты. Президент Тоқаев сонымен қатар тіскер топтармен де кездесті. Қазақстан мен Франция қарым-қатынасына қатысты сарапшылар өз пікірлерін білідіріп жатыр.

ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ-дың Еуропалық және америкалық зерттеулер бөлімінің жетекші сарапшысы Әлішер Әбдірешевтің айтуынша, Франция - Қазақстанның маңызды стратегиялық, сауда-экономикалық және саяси әріптесі болып саналады.

«Қазақстан мен Франция арасында сауда-экономика, инвестиция, энергетика, ауыл шаруашылығы, көлiк-логистика, мәдениет және енді дамып жатқан су саласы бойынша берік байланыстар қалыптасып келеді. Мәліметтер бойынша,  Францияның Орталық Азиямен саудасының 90 пайызы Қазақстанға тиесілі. Яғни ынтымақтастық перспективалары жыл сайын артып келеді. Тіпті Астана мен Париж қарапайым сауда ықпалдастығының аясынан әлдеқашан асып кетті. Атап айтсақ, француз компаниялары су шаруашылығы нысандарын салу және жаңғырту жөніндегі қазақстандық жобаларға қатысуға қызығушылық білдіруде. Бұл Қазақстандағы суды үнемдеу саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға қомақты үлес қосады», - дейді сарапшы.

Әлішер Әбдірешевтің пайымдауынша,  бұл қарым-қатынас Ауыл шаруашылығы, оның ішінде фермерлік іске де оң ықпалын тигізеді. Одан өзге  Қазақстан Францияға бүгінгі күні мұнай, уран, титан, турбореактивті және турбовинтті қозғалтқыштар, электр желісін басқаруға арналған аппараттар, косметикалық және медициналық бұйымдармен қатар тағы басқа түрлі құралдарды тасымалдайды. Жалпы алғанда, қазақ елі кәрі құрлық елдеріне пайдалы қазбалардан бөлек әртүрлі өнімдерін ұсына алады.

«Бүгінде Франция Қазақстаннан жылқы етін импорттауға қызыға бастады. Осылайша Франция - Қазақстанның Еуропадағы негізгі саяси және экономикалық серіктесінің қатарында тұр. Сондықтан екі ел Президенттерінің кездесуінде халықаралық, аймақтық мәселелер жөнінде біраз шаруалар шешімін табуы тиіс. Нәтитжесінде Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық арта түседі, жалпы Франция ел экономикасына қомақты қаржы құятын ірі инвесторлардың бірі», - деді сарапшы.

Саясаттанушы Қазыбек Шайх, Қазақстан мен Франция арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту екі елге де бірқатар геосаяси және экономикалық артықшылықтар әкеледі деп санайды.

«Геосаяси және экономикалық артықшылықтарына келсек, бұл біріншіден Орталық Азиядағы тұрақтылық болып табылады. Қазақстан мен Франция арасындағы ынтымақтастық Орталық Азиядағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтуға ықпал етеді. Бұл аймақтағы тұрақтылық транскаспийлік көлік дәліздерін дамытуға және өңірлік интеграцияны арттыруға мүмкіндік береді. Ал халықаралық бедел туралы айтсақ, Франциямен стратегиялық серіктестік Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттырады. Бұл Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатының тиімділігін көрсетеді», - деді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Еуропалық Одақпен визалық режимді жеңілдету және көші-қонға қатысты келісімдер Қазақстанның халықаралық беделін нығайтады. Бұл Қазақстан азаматтарының Еуропаға саяхаттауын жеңілдетеді және мәдени, білім беру және іскерлік байланыстарды арттырады.

«Еуропа елдерімен әріптестікті кеңейту Қазақстанның көпвекторлы саясатының тиімділігін көрсетеді. Осы саясат Қазақстанға түрлі халықаралық серіктестермен теңгерімді қатынастар орнатуға мүмкіндік береді. Экономикалық артықшылықтар жағынан да ұтымды тұстар баршылық. Францияның инвестициялары мен технологиялық қолдауы Қазақстанның экономикалық дамуына серпін береді. Бұл әсіресе, жасыл энергетика, цифрландыру және көлік-логистика салаларында аса маңызды.  Екі ел арасындағы сауда қатынастарының кеңеюі Қазақстанның еуропалық нарықтарға шығуына жол ашады. Бұл өз кезегінде экономикалық өсімге ықпал етеді», - деді Қазыбек Шайх.

Бүгінде жасыл энергетика және климаттық мақсаттар бойынша көптеген жетістіктерге негіз қаланды. Президент Тоқаев «табиғи уран өндіруден әлемде алдыңғы қатарда тұрған Қазақстан француздың атом өнеркәсібінің сенімді серіктесі статусында қалуға ниетті» екенін де айтқан. Оның сөзінше, Қазақстанның АЭС салу жобасы Франциямен серіктестік көкжиегін кеңейтуге жол ашпақ.

«Францияның жасыл энергетика жобаларына қолдау көрсетуі Қазақстанның көптеген экологиялық мақсаттарына жетуіне көмектеседі. Бұл саладағы серіктестік жаңартылатын энергия көздерін дамытуға, көміртегі шығарындыларын азайтуға және экологиялық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді. Екі елдің цифрландыру, жасанды интеллект және көлік-логистика салаларындағы ынтымақтастығы Қазақстанның экономикалық өсіміне оң ықпал етеді. Бұл салалардағы инновациялар мен технологиялар Қазақстанның экономикалық әлеуетін арттырады және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді», -  деді сарапшы.

Мемлекеттер арасында тек экономикалық-саяси саладан бөлек екінші бағыт – мәдени байланысты нығайту.  Күні кеше Парижде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары аясында Гиме Азия өнерінің ұлттық музейінде «Қазақстан: Ұлы Дала жауһарлары» көрмесінің салтанатты ашылу салтанаты өтті. Экспозицияда Қазақстанның Ұлттық музейі мен «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының коллекцияларынан алынған 35 сирек артефакт ұсынылды.  Көрмеде бірінші кезеңде неолит дәуіріне жататын «Тобыл ойшылы» мүсіні қойылған. Екінші кезеңде «Алтын адам» әшекейлері арқылы сақтар мен сарматтар секілді көшпелі тайпалардың, прото-мемлекеттердің пайда болуы сипатталған. Балбалтастар түркі қағанаттары кезеңіндегі ортағасырлық Қазақстан шежіресінен, Қазақ хандығының қалыптасу тарихынан сыр шертеді. Айта кетелік, Гиме музейінің негізі 1889 жылы қаланған. Оның қорында Азия өнерінің ең құнды жәдігерлері жинақталған.

«Былтыр Франция Президенті Эмманюэль Макрон біздің елге іссапармен келген болатын. «Этноауыл» көрмесі ұйымдастырылып, ұлтымыздың бай мұрасын таныстырған болатынбыз. Біз өзіміздің мәдени құндылықтармызды әлемге көрсетуіміз керек. Батыс Еуропадан келген шетелдіктер қолөнер, зергерлік, түрлі өнер бұйымдарын және көкөніс, жеміс-жидектермен безендірілген «көк базарды» көріп таңдай қақты. Көрмеде қазақ суретшілерінің картиналары, отандық дизайнерлер әзірлеген ұлттық сән үлгілерінің дефилесі ұйымдастырылды. Этноауыл аумағында қазақ күресі, асық ойыны, саятшылар мен құсбегілердің өнері паш етілді. Екіжақты мәдени байланыстар одан әрі жалғасын тапса біздің ел азаматтарына пайдасы зор. Қазақ-француз халықтарын жақындастыратын мәдени байланыстардың орны бөлек. Осындай игі шаралар арқылы біз де дамып-өсе түсеміз деп ойлаймын», - дейді Қазақстан этнодизайнерлер одағының төрайымы  Салтанат Жапарова.

Қазақстан мен Франция арасында дипломатиялық қарым-қатынас 1992 жылдың 25 қаңтарынан бастау алады. 2021 жылы екі ел арасында сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастығының 2030 жылға дейінгі жол картасына қол қойылған болатын.

Қазыбек Шайх

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 853