Жұма, 22 Қараша 2024
Білгенге маржан 2988 1 пікір 8 Қараша, 2024 сағат 13:11

Хуашия ақыны Ли Бәй жазған Шу – қайсы Шу?

Сурет Ұларбек Дәлейұлының желідегі парақшасынан алынды.

«Шудың жолы – керу жол» өлеңі ақынның ең толысқан шағында жазылған. Бұл халық арасына тараған ескілікті ән тақырыбы. Мұндай тақырыпта көбінесе Шу жолының керулігі (қиындығы) айтылады.

Ал Шу деп отырғаны қытайдың Сычуан өлкесіндегі жер аты, қазіргі Чыңду қаласы. Кезінде Шу хандығы деген қытайдың бір тармақ шағын патшалығы болған. Біздің кейбір тарихшылар қытайдағы сол Шу өңірін Қазақ еліндегі Шу өзені алқабымен шатастырып, қате зерттеулерге барып жүр. Ал «керу» сөзі – қазақтың көне тіліндегі «құзар, биік, асу бермес» деген мағналарды білдіреді. Өлеңнің өн-бойында айтылғандай, шыңы биік, шатқалы терең Сычуан өңірінің Шу аймағын жазғаны айдан анық.

Ли Бәй – 701 жылы ғұмыр есігін ашып, 762 жылы қайтыс болған. Қытай тарихындағы ұлы ақын. Бірақ, оның қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын хуашия (Қазіргі қытай деп жүрген ұлттың түп аты – Хуашия).

Түрік қағанаты дәуірлеп тұрған кезде олардың дамыған өркениеті қытайларға таңданарлық дәрежеде ықпал жасады. Ли Бәй да содан қуат, нәр алып өсті. Атқа мініп, садақ тартуға, қылыш үйіруге құмартты. Кейін келе ішкі қытайдың бірнеше облыстарын аралап, қыруар өлеңдер жазып, атағы шығады.

40 жастан асқанда қытай астанасына келіп, Ли Лұңжы патшамен достасады да оны хан ордасындағы әдеби істер меңгерушісінің ішіндегі бір мансапқа отырғызады.

Биліктегі шенділер мен бай-манаптарды көзге ілмейтін ол, патша ханымынан тартып, ордадағы жоғарғы жіктегілердің қитығына тиіп, үш жылға жетпей астанадан қуылады. Кейін Ло Яңда керемет ақын Ду Фумен достасып, көп уақыт бірге ел аралап, серілік өмір кешеді. Ән Лушан, Шы Сымиың бастаған Түріктердің қытайға жасаған шабуылы кезінде қытай сардары Ли Линның жасағына қосылып, жоғары жіктегі сардарлардың билікке таласы кесірінен Ли Бәй Гүйжоу өлкесіне жер аударылады. Жары мжолда кешірімге ие болған ол Анхұй ғақайтып, өмірінің соңғы шағын Даңту деген жерде өткізеді.

Оны қазаққа жақындату - аса қауіпті саяси қателік, қытайдың жаулау саясатына жол ашады.

Шудың жолы – керу жол

Ойпыр-ай, па, па,
Қатерлі-ақ,
Жалама биік тік құзар.
Керу ме ең мұнша Шу жолы
Шыққаннан көкке кереғар.
Сол бір кез Сан Сұң, Иүй Фу ел іргесін қалаған,
Кім білсін өтті, із-тозсыз қанша уақыт, қай заман.
Сол шақтан бермен тарихтың кешіп сан мың ғасырын,
Керуің бөгеп Чинменен салыспадың ат ізін.
Батыстың биік Тайбайдың құс ұша алмас асқары,
Аржағы шыңырау Ымидың жалама құзар тастары.
Кезінде құждар опат боп
Тау жарылып тас басқан.
Соңынан жұрт тау тесіп, саты сап әзер жол ашқан.
Көк тіреген шыңынан айдаһар да сескенген,
Құлама құздың түбінде өркештеп дария сестенген.
Асқарынан аққу да өтуге ұшып батпаған,
Тиынша тастан секірген маймыл да шара таппаған.
Сел үзілмес Чиңнидың қойбатпақ құзар шыңынан,
Қарға адым жол он қайта жалама тастан бұрылған.
Келеді жұлдыз төбеңе ұсынсаң қолың жетердей,
Шөкелейсің аһ ұрып, заңғардан ұшып кетердей.
Батысқа кеткен мырзамыз кім білсін, қашан оралар,
Құлан өтпес, құс ұшпас кешуі тайғақ жолы тар.
Шығады құстың зарлы үні күңірентіп бойын тоғайдың,
Жұбымен ұшып кезеді айналып орман маңайын.
Шырқырайды сары таңға жағы сембей байғыздың,
Құлазиды иен тау мұңға батып айлы түн.
Керу ең неткен Шу жолы,
Шыққаннан көкке кереғар,
Жүрмек түгілі естіген аза бойын қазалар.
Құзарың көктің түбіне екі елі-ақ жетпей тұрғандай,
Жартастан мойынын созады ежелгі жыныс қарағай.
Сарқырама тас соғып, гүрілдер бейне найзағай,
Осынша қатер алыстан жолаушым, сірә, не алғай?
Жиянгінің құзар асуы әрі биік, әрі тік,
Бір адам тосса ажалға мың адам тұрар бас шұлғып.
Сақтап тұрған қамалды болмаса таныс жақының,
Жендетіңе айналып
Бұрауға түсер тақымың.
Біресе жаның қысылса жолбарыстың ауызынан,
Біресе тосып алдыңды аласұрар әбжылан.
Қисапсыз бастар кеудеден мезгілі жетпей домалап,
Жоси ағар қызыл қан!
Жинчыңның шәрі болғанмен соншалық қызық сән қала,
Не жетсін мырза, ертерек күркеңді тауып алғанға.
Керу ең, неткен Шу жолы, шыққаннан көкке кереғар,
Қарасам-ақ батысқа күрсініп көңілім алаңдар!..

蜀道难

噫吁嚱,危乎高哉!蜀道之难,难于上青天!
蚕丛及鱼凫,开国何茫然!
尔来四万八千岁,不与秦塞通人烟。
西当太白有鸟道,可以横绝峨眉巅。
地崩山摧壮士死,然后天梯石栈相钩连。
上有六龙回日之高标,下有冲波逆折之回川。
黄鹤之飞尚不得过,猿猱欲度愁攀援。
青泥何盘盘,百步九折萦岩峦。
扪参历井仰胁息,以手抚膺坐长叹。
问君西游何时还?畏途巉岩不可攀。
但见悲鸟号古木,雄飞雌从绕林间。
又闻子规啼夜月,愁空山。
蜀道之难,难于上青天,使人听此凋朱颜!
连峰去天不盈尺,枯松倒挂倚绝壁。
飞湍瀑流争喧豗,砯崖转石万壑雷。
其险也如此,嗟尔远道之人胡为乎来哉!
剑阁峥嵘而崔嵬,一夫当关,万夫莫开。
所守或匪亲,化为狼与豺。
朝避猛虎,夕避长蛇;磨牙吮血,杀人如麻。
锦城虽云乐,不如早还家。
蜀道之难,难于上青天,侧身西望长咨嗟!

Өлеңді қытай тілінен аударған Әзімхан Тішанұлы

Ұларбек Дәлейұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1443
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5195