Жұма, 22 Қараша 2024
Билік 1094 4 пікір 11 Қараша, 2024 сағат 13:13

Ұлттық Құрылтай: «Жаңару торабындағы тоғыз мiндет»

Сурет AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалынан алынды.

Жаңа дәуірге қадам басып, дамудың даңғыл жолына түскен Қазақстан экономикалық тұрғыдан да, саяси тұрғыдан да жаңғыру үдерісіне еркін бейімделіп, қарапайым халықтың әл-ауқатын арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағытына айналды. Бұған Мемлекет басшысының әр Жолдауында қамтылған маңызды мақсаттар мен тарихи міндеттер негіз болып келеді.

Сондықтан да, Қазақстанның әр азаматы, тұтас қоғам Президентіміздің әр Жолдауын тағатсыздана күтіп, талап-жігермен қабылдайтын деңгейге жетті. Бұл – ортақ мүддені көздеген орасан игіліктің көрінісі!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім және қоғамдық оптимизм» атты биылғы Жолдауын аса жоғары ыждаһатпен күтіп, ыстық ықыласпен қабылдадым. Өйткені, мен елімнің ертеңіне бей-жай қарай алмаймын.

Мемлекет басшысының бұл жолғы Жолдауына әдеттегідей өзінің бұған дейінгі Жолдаулары мен сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндеттер мен реформаларды одан әрі жетілдіруге бағытталды. Қазақстандық қоғам асыға күткен Жолдаудың бұл мазмұны жүйелі дамудың даңғыл жолын айғақтап тұр.

Сонымен, ел Президенті бүгінгі бастамаларында әділетті қоғамның әлеуметтік әлеуетін арттыру мақсатындағы ең маңызды деген тоғыз бағытты салмақтай отырып, сол бағыттар бойынша Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеді. Барлығы да – халықтың арманымен астасып жатқан асулар, дамудың қисынды жолы, өткеннің өкінішті сәттерінің сабағы. Бір сөзбен айтқанда, көктен алынған, көптен алшақ тұрған ештеңе жоқ.

Тұтас қоғам мен азаматтар және тарих пен ертеңгі болашақ алдындағы жауапкершілігін әсте естен шығарып көрмеген Мемлекет басшысы ел дамуының өткен бес жылдағы белестеріне шолу жасай отырып, жаңа дәуір талаптары мен әлемдік геосаяси сын-қатерлер туралы ордалы ойларын ортаға салды. «Біз қабылдаған әрбір шешім мен әрбір жоба қарапайым халық үшін барынша тиімді болуы түиіс», – деп ой сабақтаған Қасым-Жомарт Кемелұлының осы жолғы Жолдауда қамтылған әрбір бастамасы экономика халық тұрмысына қызмет етуі керек деген тұжырыммен түйінделіп жатты. Барлық тоғыз бағыттың да түйіні осы мазмұнда өрбіді.

Әрине, баянсыз бастамалар мен ұшқары ұстанымдардан қарапайым халық зардап шегеді. Мұндай кемшіліктер бізде жоқ емес. Бюджеттің кіріс бөлігі тиянақталмай жатып, шығыс көлемінің шектен тыс ұлғайып кетуі мемлекет қаржысын орасан ысырапқа ұшыратып жатқаны да жасырын емес. Осындай келеңсіздіктерді өткір сынға алған ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы:

– Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек, – деді. Орынды талап, орнықты ұстаным!

Президентіміздің Жолдауларында, Ұлттық Құрылтай отырыстарында сөйлеген сөздері мен жетекші басылымдарға берген сұхбаттарында жиі айтылатын «экономикалық өсім» тіркесі бәлкім, терминге айналып кеткен шығар. Бірақ, оның түпкі мағынасы – елді еңселендіру, халықтың тұрмысын аттыру.

Еліміз үшін экономикалық өсімнің аса маңызды екені баршамызға белгілі. Осы мәселеге ерекше тоқталған ел Президенті өнеркәсіп саласын дамыту, экономикадағы отандық өнім үлесін арттыру мәселелеріне тоқтала келіп, дәл осы салаға қатысты Қарағанды облысының тәжірибесін тілге тиек етті.

– Мен жуырда Қарағанды облысында болдым. Сол кезде «Qarmet» металлургия комбинатына бардым. Отандық инвестор келген соң, ондағы ахуал едәуір тұрақталды. Кәсіпорын жаңғыртыла бастады. Бұл қадам өндірілетін өнім көлемін айтарлықтай арттыруға тиіс. Саран қаласының экономикасын әртараптандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Онда автокөлік доңғалағын және тұрмыстық техника шығаратын өндірістер іске қосылды. Соның арқасында бұл елді мекен моноқалалар санатынан шығарылды. Басқа да моноқалаларға дем беру үшін осы тәжірибені қолдану қажет. Жалпы, аймақтардың өсіп-өркендеуіне жол ашатын жаңа өндіріс орындарын барынша дамыту керек.

Көңілге еріксіз мақтаныш сезімі ұялайды екен. Мен бұл жолы Президент Жолдауын Парламент палаталарының бірлескен отырысына қатысып, тікелей тыңдаған едім. Президенттің жаңағы пікірі мені толқытып жіберді. Сессия аяталған сәттегі қарағандылық азаматтардың жанарындағы қуаныш пен мақтаныш сезімнің ұшқынын көрудің өзі бір бақыт еді.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Кемелұлының бүгінгі бастамаларының алдыңғы сайлауларда халықтың зор сеніміне ие болған AMANAT партиясының өміршең жобаларымен үндесіп жатқандығы жетекші партияның билік пен халық алдындағы бекем беделіне қолдау болғандығын айта аламын. Мәселен, партияның «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» жобалары аясында атқарылған жұмыстарына оң баға беріп, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге «Тауарлы несие» беру жөніндегі бастамасы көңілге серпінді сенім ұялатты.

Сонымен қатар, Президенттің биылғы Жолдауында қамтылған тоғыз бағыттың барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлының бұған дейінгі Ұлттық Құрылтай отырыстарында көтеріп келе жатқан мәселелерімен үндестік тапқаны көңілге серпінді сенім ұялатады. Бұл дегеніміз – мемлекеттік саясаттың жүйелілігі. Өйткені, Ұлттық Құрылтай отырыстарында Мемлекет басшысының ұлттық идеология қалыптастыру жөніндегі міндеттері мен тапсырмалары осы жолғы Жолдаудағы әділетті Қазақстанның әлеуметтік бағдарымен сабақтасып жатыр.

Жалпы, Президенттің бүгінгі Жолдауы ел көкейіндегіні дөп басып, Әділетті Қазақстанның даму қарқынын еселеп, экономикамыздың еңселенуіне жол ашқан тарихи мәні зор құжат болғанын  баса айтқым келеді.

Бекзат Алтынбеков,

Ұлттық Құрылтай мүшесі, AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1456
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3224
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5279