Жұма, 22 Қараша 2024
Сербияға сапар: 398 0 пікір 20 Қараша, 2024 сағат 16:23

Тоқаев пен Вучич қандай мәселелерге тоқталды?

Суреттер Ақорда телеграм арнасынан алынды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Сербияға алғашқы рет ресми сапармен барды. Алдағы уақытта екі ел арасында ынтымақтастық жаңа деңгейге көтеріледі. Ең алдымен Мемлекет басшысы Сербия Президенті Александр Вучичпен шағын құрамда келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылығын білдіріп, Қазақстан Президенті ретіндегі Сербияға алғашқы сапарының мәні ерекше екенін айтты. Сонымен қатар бұл сапар қазақ-серб қарым-қатынасының жаңа кезеңіне жол ашатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық халықтар достығына, саяси диалог пен өзара қолдауға ұдайы арқа сүйейтінін жеткізді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, соңғы жылдары Астана мен Белград экономикалық ықпалдастықты нығайту үшін нақты шаралар қабылдап, сауда және инвестициялық байланыстарды белсенді дамытып келе жатыр.

Орайлы сәтті пайдалана отырып, Қасым-Жомарт Тоқаев көктемгі су тасқыны кезінде көмек көрсеткені үшін Александр Вучич пен Сербия халқына алғыс айтты. Мемлекет басшысы мұны екі ел арасындағы шынайы достықтың жарқын көрінісі ретінде бағалады.

Александр Вучич екі елдің ынтымақтастығы өзара құрмет пен сенім негізінде дамып келе жатқанын атап өтті. Сербия Президентінің айтуынша, Белград Қазақстанмен экономикалық байланыстарды, соның ішінде сауда, инвестиция секілді басты бағыттар бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру арқылы ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге ниетті.

Александр Вучич Сербияның елімізбен саяси диалогты нығайтуға бейіл екенін растап, халықаралық аренадағы іс-қимылды үйлестірудің маңызына тоқталды.

Кездесуде мемлекеттер басшылары Қазақстан мен Сербия арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың перспективасын, екіжақты ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады. Бұдан бөлек тараптар аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Сербия Президентімен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичпен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді. Кездесуге екі ел делегациялары қатысты.

Мемлекет басшысы шағын құрамда мазмұнды келіссөз жүргізгені, сондай-ақ Қазақстан тарапына қонақжайлық танытқаны үшін Александр Вучичке ризашылық білдірді.

Сербия Президенті Александр Вучич арнайы келгені үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты байланысты одан әрі нығайту тұрғысынан бұл сапардың стратегиялық мәні зор екеніне тоқталды. Сонымен қатар аймақтағы және халықаралық аренадағы бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтуға негіз болатын өзара тиімді байланысты дамытудың маңызына назар аударды.

Кездесу барысында мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықты тереңдету мәселелеріне баса мән берді.

Президенттер екі ел арасындағы тауар айналымы өсімін жоғары бағалады. Осы орайда қазіргі әлемдегі геосаяси және экономикалық жағдай ынтымақтастықты жандандыра түсуді қажет ететінін атап өтті.

Тараптар алдағы уақытта екіжақты сауда-саттық көлемін ұлғайтуға және жеткізілетін тауар түрлерін кеңейтуге ниетті екенін растады

Президенттердің айтуынша, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, қорғаныс өнеркәсібі кешені, цифрландыру, телекоммуникация және аэроғарыш салаларындағы бірлескен ірі жобаларды ілгерілету үшін қажетті ресурс пен мүмкіндік бар.

Сондай-ақ көлік инфрақұрылымын әртараптандыру және өзара байланысты дамыту, атап айтқанда, Астана мен Белград арасында тікелей әуе рейстерін ашу маңызды екені айтылды.

Мемлекеттер басшылары білім, ғылым, денсаулық сақтау, туризм, жасанды интеллектіні енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды жолға қою мәселесін талқылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Вучич сапар аясында қол қойылған екіжақты құжаттар қазақ-серб ынтымақтастығын одан әрі тереңдетуге жан-жақты ықпал ететініне сенім білдірді.

Қазақстан Президентінің Сербияға ресми сапары аясында төмендегідей құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы тұлғаларды реадмиссиялау туралы келісім;

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы қорғаныс саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

3. Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Сербия Республикасының Білім министрлігі арасындағы білім саласындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

4. Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Сербия Республикаcының Еңбек, жұмыспен қамту, ардагерлер ісі және әлеуметтік мәселелер жөніндегі министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі мен Сербия Республикасының Туризм және жастар министрлігі арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

6. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Сербия Республикасының Статистика басқармасы арасындағы өзара саудада статистикалық деректер алмасу саласындағы ынтымақтастық туралы хаттама;

7. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сербия Республикасының Ғылым, технологиялық даму және инновациялар министрлігі арасындағы ғарыш қызметі саласындағы ынтымақтастық бойынша өзара түсіністік туралы меморандум;

8. Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мен Сербия Республикасының Ақпарат және телекоммуникациялар министрлігі арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

9. Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы мен Сербия Республикасының Ұлттық кітапханасы арасындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандум;

10. Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Сербия Республикасының Халықаралық саясат және экономика институты арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум.

Президент ауыл шаруашылығы бағытындағы ынтымақтастыққа тоқталды

 

– Сербия – ауыл шаруашылығы саласында мол тәжірибесі бар ел. Осыны ескеріп, өзара тиімді қарым-қатынасты дамытуға уағдаластық. Ветеринария, генетикалық ресурстарды кеңейту, органикалық ауыл шаруашылығы, өсімдіктер биотехнологиясы секторында тәжірибе алмасуға келістік. Біз ауыл шаруашылығы саласындағы оқу орындары, ғылыми-зерттеу мекемелері арасында серіктестік орнатудың маңызды екенін атап өттік, – деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Қазақстан Президенті Сербия тарапын денсаулық сақтау, ақпараттық технология, ғарыш, туризм бағыттарындағы байланысты күшейтуге шақырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы елімізде бұрын-соңды болмаған алапат тасқын кезінде қаржылай қолдау көрсеткені үшін Президент Александр Вучич пен серб халқына алғыс айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Астана мен Белград арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайту айрықша маңызды. Мемлекет басшысы еліміз білім, ғылым және мәдениет салаларындағы жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін мәлімдеді.

Қазақстан Президенті Сербияны 2027 жылы ЭКСПО көрмесін өткізу құқығын жеңіп алуымен құттықтады.

– Бұл, ең алдымен, Сербияның және оның басшысы – Президент Александр Вучичтің халықаралық беделінің жоғары екенін айғақтайды. Ауқымды іс-шара «Адамзат игілігі үшін: баршаға арналған спорт пен музыка» тақырыбында өтеді. Маңызды іс-шара достық қарым-қатынасымызды, мәдениет пен спорт саласындағы серіктестігімізді дамытуға серпін береді деп сенеміз. Орайлы мүмкіндікті пайдаланып, сербиялық достарымызға бесінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына белсене қатысқаны үшін алғыс айтамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Келіссөздер барысында жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері де қозғалды

 

– Қазақстан мен Сербия халықаралық және өңірлік деңгейде тығыз байланыс орнатқан. Көптеген өзекті мәселе бойынша ұстанымдарымыз – ортақ. Қазіргі геосаяси жағдай күрделі. Сол себепті, біз ықпалдастығымызды одан әрі күшейтуге мүдделі екенімізді растадық, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Александр Вучичті келесі жылы Қазақстанға ресми сапармен келуге шақырды.

Сербия Президенті ауқымды мәселелер қозғалған бүгінгі келіссөздердің нәтижелі әрі мазмұнды сипатта өткенін жеткізіп, кездесулерге жоғары баға берді. Сондай-ақ мемлекеттер мен президенттер арасында өзара сенімге негізделген қарым-қатынас орнағанын ризашылықпен атап өтті.

– Қазақстан мен Сербия арасындағы достық халықтарымыздың ынтымақтастығымен ғана шектелмейді. Біз халықаралық ұйымдарда, соның ішінде БҰҰ аясында бір-бірімізге өзара қолдау көрсетеміз. Бүгін әртүрлі салада бірқатар келісімге қол жеткізілді. Соның негізінде екі елдің түпкілікті мүдделеріне сай келетін бірлескен жобалар жүзеге асырылатын болады. Мен досым, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа Сербиямен ықпалдастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін шынайы алғысымды айтамын, – деді Александр Вучич.

Мемлекет басшысы Сербия Премьер-министрімен кездесті

Белградқа ресми сапары аясында Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Республикасының Премьер-министрі Милош Вучевичпен кездесу өткізді.

Әңгімелесу барысында Мемлекет басшысы Президент Александр Вучичпен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін атап өтті.

– Сербиямен берік достыққа және өзара түсіністікке негізделген ұзақ жылғы серіктестігіміз бен көпжақты байланысымызды жоғары бағалаймыз. Бүгін ғарыш, телекоммуникация, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі, білім, туризм салаларында үкіметаралық және ведомствоаралық бірқатар маңызды келісімге қол қойылды. Түрлі деңгейдегі тұрақты саяси диалог пен экономикалық өзара ықпалдастық біздің түпкі мүддемізге сай келеді, – деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Сербия үкіметтерін қол жеткізген уағдаластықтарды сапалы жүзеге асыру үшін бірлесе әрекет етуге шақырды. Атап айтқанда, екіжақты экономикалық және инвестициялық ынтымақтастыққа тың серпін беретін ірі жобаларды нақтылау қажет екенін айтты.

Бұл орайда Қасым-Жомарт Тоқаев Сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссия мен Іскерлік кеңес жұмысына зор үміт артатынын жеткізді.

Мемлекет басшысы елімізде инвестициялық жобаларды жүзеге асыратын Сербия бизнесмендеріне Қазақстан Үкіметі толығымен қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысы Сербияның қорғаныс өнеркәсібі өнімдерінің көрмесіне барды

Қасым-Жомарт Тоқаев Сербия Президенті Александр Вучичпен бірге Белград маңындағы «Батайница» аэродромына қойылған әскери-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының көрмесін аралады.

Сербия – әскери мақсаттағы тауарлардың экспорты бойынша аймақтағы көшбасшы ел. Қазір Сербияның қорғаныс өнеркәсібі өнімдері әлемнің 70 мемлекетіне, соның ішінде БАӘ, Сауд Арабиясы, АҚШ, Болгария, Индонезия сияқты елдерге жеткізіледі.

Көрмеде құрлық әскерінің жауынгерлік техникаларының, сербиялық қару-жарақпен жабдықталған тікұшақтардың, әуе қорғанысы жүйелерінің, атыс қаруларының, артиллериялық және басқа да оқ-дәрілердің, миналар мен минометтердің үлгілері ұсынылған.

Сербияның осы бағыттағы мол тәжірибесі Қазақстанның қорғаныс әлеуетін нығайтуға ықпал ете алады.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1442
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5194