Жұма, 22 Қараша 2024
Әдебиет 1852 10 пікір 20 Қараша, 2024 сағат 17:00

Жәменке батыр мен Бәйеке би неге шекісті?

Сурет ВКонтакте әлеуметтік желісінен алынды.

«Біздерді де жоқтайтын жан болса егер, Шаң басқан архивтерден табылармыз...» – деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев, ақын Фариза Оңғарсыноваға айтқанындай, көне мұрағаттарға көз салып отырып, бір бума газеттер ішінен 1999 жылы 31-ші шілдеде жарияланған «Халық қазынасынан шешендік сөздерді іздегенде» деген тақырыптағы Мұрат Сұлтанының «Кеген сьезді» туралы кеңінен тоқталған мақаласына назарым ауып қалды.

Ортақ мұраға ой бөліскенде

Мақаланы оқығаннан кейін егер біз халқымыздың қатпарлы қалыңында жатқан қаймақты қазынысынан табылғанын талдап, естігенімізді терең ой елегінен өткізіп, көргенімізді көбікше көпіртпей, жан сала жазғанымызға әуелі өзіміз сенсек, онда оқырман қауымды да сендіріп тарихи тамырымыздан татымды нәр алдырып, мәдениетіміздің қордалы қорын молықтыра түсер едік- ау, деп ойладым.

«Түмтек» деген сөздің түртпектеп ойда жоқты ойға салатын әдеті емес пе! Сонау жалынды жастық кезіміздегі ән, өлең, әңгімеге аңсарым ауып жүрген кезімде естіген, ел ішінде болған елеулі оқиғалар ойыма тасқа басқан таңбадай айна қатесіз орала кетті. Қазіргі Шапшал ауданы Үлкенбура кенітінде (район-2) жасы тоқсаннан асып барып, 1961 жылы қайтыс болған Шабден қарияның көбінде айтып отыратын қилы-қилы әңгімелерінің бірі осы «Кеген сьезді» еді. Қария Албан ішінде Бозым атадан тарайтын Құрман руның Елікбай аталатын ауылынан. Кезінде ел қорғаны болған Саурық батырдың аталас туысы. 1916 жылы Саурық батырдың баласы Ұзақ батыр Албанның 18 болысымен бірге патшалық Ресейге қарсы көтерілісте жау қолына түскенде, Шамбыл, Жұмаділ, Баяділ, Маңкей деген інілерімен қосылып бес отбасы қазіргі Үйсін тау бауырындағы Дулаты (Тарихи аты Дулат) шекарасынан өтіп, Қызайдан тараған Шапшалда тұратын Темір еліндегі Демеу ақалақшының (1925 жылы қайтыс болған) басқаруындағы Сопонбұлақтағы Семей ауылына келіп қоныстанған. Тілі шешен, қолы шебер қария былғары бұзып, аяқ-киім тігіп, тоқым қайып, бастан шапқымен қан алып, бала сүндеттеп, соңғы өміріне дейін елмен етене жақын болып тұрмысын жақсы өткізген. Кейіндеп жасының үлкендігімен де, көпті көрген көрегенділігімен де той-топта төрдің ортасында отырып, бір әңгімеден соң бір әңгімесін жалғап, көрген-білгенін  көсілтіп айтып, көптің көңілін шалқытып, бойын балқытып мәнді де мағыналы тақырыптарға тартып, жан-жағына жақсы өнеге-үлгі көрсетіп кеткен дана да дарқан қария еді.

Мен 1952 жылы қызметке орналасып, сол ауылдан көшіп кеткен болатынмын. Дәм тартып 1960 жылы желтоқсан айында осы Гұңшідегі (колхоз) қамдау коперативының жылдық есебін тексеру үшін барып, бір жеті болғанымда Шабден қарияға арнайы сәлем бергелі үйіне бардым. Бізбен көне жекжаттығы бар еді. Мені ашық қабақ, жылы шыраймен қарсы алған қария амандық сұрап, өткен-кеткенді сұрасып көнені бір еске алғандай болып отырғанда, шай-дастарханы да жайылып әңгімеміз әрі қарай құлдилай берді. Әредікте қария қутыңдап:

– Е, кіші жекжатым қорада қой жоқ, соймайын деген ой жоқ. Нан бар, шай бар, айтатұғын жай бар. Шай болса да іше ғой. Мені «үлкен кісі» деп жасымды сыйлап келіп сәлем бергеніңе рақмет. «Жастық жайнап тұрған базар екен, кәрілік шөлге қойған мазар екен» дегендей болдық қой, – деп бір тыныстады. Осы арада мен қызуы енді ғана қайнап келе жатқан әңгіме қазанын сапыра түскім келіп:

– Әңгімеңізге рақмет қария, дегенмен мен бұрын осы ауылда болғанымда, той-томалақта сіздің қасыңызда отырып, әңгімеңізді естуге жастау болдық, тағы бір жағынан отырған қарияларды ығыстырып барып қасыңызға отырудың ыңғайы да жоқ еді. Сол кездерде көп айтатын тартымды тарихи әңгімелеріңізден бірнешеуін айтып берсеңіз қайтеді? – деп өтіндім.

– Жарайды, балам! Еститін құлақ болса, айтатын ауыз-қазірге аман ғой! –  деп әзілімен әңгімесін бастаған қария:

– Осы жаққа ауып келгенге дейін мәнсапты болып ел билемесем де, билік ұстаған Албанның жақсы жайсандарының қасында көбірек болып едім. Сондағы нақты көрген бір жәйтті айтайын:

– Жігіт кезім еді. Аржақтағы Албан елі мен бержақта отырған Қызай елі арасында үш жылда бір рет ашылатын сьезге Жәменке болыс бастаған жиыны 15 адам келдік. Жиын шекараның бержағында (Ресей жағы) ашылатын болып, төрт шатыр, екі киіз үй тігіліпті. Қонақтарға күтім қызметін жасауға сол жерде отырған Суан елінен (Жаркент өңірі) күтушілер, аспаздар орналастырған екен. Сьезді басқарып амандықты қорғауға он солдатымен келген орыстың төресі орналасқанына екі күн болыпты. Біз түске таяу келіп екі шатырға орналасқан соң, шатырды ыстық көріп, Жәменке болысты ортаға алып далада көк майсада қораланып отырған едік. Аржақтағы Қызай елінен он неше адам келіп аттарынан түсіп, күтушілер аттарын алған соң, Сасан би алдын бастап келіп біздің тобымызға сәлем беріп шетімізден ұсынған қолымызды алып ортада отырған Жәменкенің қолын алған Сасан:

– Е, Жәке аман есенсіз бе? – деп қысқа амандасып өткен соң, ұзын бойлы, арықтау келген қария даусын көтеріңкіреп, басқалардан ерекшелеу:

– Ассалаумағаликум сидиған сары түрігім! – деп Жәменкеге қолын ұсынды:

– Уалейкумассалам! Айдарлы қара бөрігім! – деп Жәменке қолын алды. Тосын айтылған бұл сөз бәрімізді шарпығандай болған соң бір-бірімізге қарасып іштей ғана «Мұнысы несі?» деп қалдық. Енді жайланып отырып амандық сұрасып жатырмыз. Манағы сәлем Жәменкенің көңіліне түйіндей боп тұрып алды ма? Әйтеуір осы арада Сасаннан:

– «Құйтырқы адамнан құяңқы сөз шығады» демекші, мына қарияларың кім болады? – деп Жәменке сұрап қалды. Бұл жерде «Газетте жазылғандай Қарны қапақтай, бойы таяқтай, басы бармақтай, құлағы жарғақтай, қу бастан қу тіл сапырған бұл кім?» деген мысқыл сөз асылы айтылмаған. Сөздің реті келіп тұрған соң айта кетейін, автордың мына теңеуінен, мен дені дұрыс адам көріп тұрғанымын жоқ. Сонда Бәйеке шынымен осындай ұсқынсыз адам болғаны ма? Жоқ, әлде басқа біреудің аузы арқылы Бәйекені қорқынышты, қораш көрсету ме? Бойы таяқтай, жіңішке адамның қарны қалайша қапақтай болады? Басы бармақтай кішкене болса, құлағы, қалайша үлкейіп жарғақтай болады? «Қубас» деген сөз әдетте екі түрлі жағдайда істетпей ме? Бірі болса ұрпақ көрмеген адамға кемсіту үшін, тағы бірі өлген адамның не өлген хайуанның қураған басына айтпай ма? Бәйекедей бір басында бәріде бар көзге көсем, сөзге шешен адамға, ел билеген, мінезі ауыр, сөзі салмақты, ойға шүлен Жәменке осындай балдыр-батпақ, шалдыр-шатпақ сөзді қалай болса солай айта сала ма? Cабырлы Сасан би таныстырғанша:

– Бұратала мен Іледен ешкімге дес бермей, сені орыс жеріне өткізіп жіберген әкең Бәйеке мен боламын, – деді Бәйеке. Орынсыз жерде айтылған мына сөз әкені шарпығанда шыдамы шатынап әзер отырған Ұзақ батыр:

– Бәйеке, тегеуірінің теріс біткен тектеусіз кеткен адам екенсің. Бүгін кімнің әкесі болмақшы едің? Онан да осында өткізіп жіберген әкемді көргелі келдім десеңші, – деп ашуға басты. Шын ашуланса алған бетінен қайтпайтын, мінезі қатал, сөзі дөрекі Ұзақты арғыға жібергісі келмеген Жәменке:

– Ай батыр, сабыр, сабыр, Бәйекенің солай айтатын жөні бар. «Атасыздың аузы зор» деген емес пе, төрт Қызайдың кейінгі екеуінен тараған атаның баласы шығар көп болса. Бізді атақоныс Іле өңірінен қуған қалмақ еді. Мына сөзіне қарағанда, «сол қалмақтың ішінде бізде бар едік, сені қуып жіберіп жеріңді тартып алып отырмын» дегені ғой. Қазақта «Жұртымның жұртында қалдыр» деген бір жақсы тілеу бар еді. Сол жұртымызда отырғанына арқаланып отырған шығар немесе жиендігіне салып еркелегісі  келіп отырған болар, – деп тоқтады. (Әсілінде Қызай елі Ілеге ауып келуден бұрын, Албан елі жылқы отарлатып Күнес асып Жұлдызға дейін барып тұрған екен. Бұл арада Жәменке соны меңзеп отырса керек). Сонымен екі жақтан да еш сөз айтылмай арада біраз үнсіздік болып, бәрі көңілсіздеу күйде отырғанда шатырдан тілмаш келіп:

– Тамаққа жүріңіздер, алыс жолдан ат соғып шаршаған боларсыздар? Бүгін жақсылап демалатын болдыңыздар. Съезд ертең басталатын болды, – деп ұқтырды.

Бірінші күнгі съезде қасына хатшысы мен тілмашын алған Төре:

– Екі жағыңда жоғалған мал сандарыңды нақты айтып, істің сәтті бітуін ойлаңыздар. Егер артық-кем айтылса, арада талас-тартыс көп болып уақыт ұзарып мерзімді күні жұмысты бітіре алмай қаламыз, – деп екі жаққа да қалтқысыз қалыс пікірін айтты. Бірінші болып Жәменке сөз кезегін алып (газетте жазғандай 400 тұяқ емес) 280 тұяқ жылқының санын ортаға қойып, мұның 180 тұяғы Нарынқол шекарасынан, 100 тұяғы Дулаты шекарасынан өткенін айтты. Сонда Сасан би:

– Бұл сан аса нақты емес. Оның үстіне Нарынқолдан өткен малдың өрісі жалғыз біз емес, шекара бойында отырған қалмақ ағайындар да баршылық, оған қоса бізден сіздер жаққа өткен мал саны бар, сіздің айтқан мал саныңызға келісе алмай отырмын, – деп сөзін әріқарай жалғағанша, Бәйеке би сөзге араласа кетіп:

– Қалмақ ұрлаған малыңды бізге төлетпексің бе? Мықты болсаңдар қалмақты неге съездге шақырмайсыңдар? – деп қалды. Осы арада Ұзақ батырда сөзге араласа кетіп:

– Сөзіңе қарағанда сен қалмақтың ұрлаған малын білетін көрінесің, біз сен үшін мал төлейміз бе? Бізбен бірге жүр сьездге деп қалмақтың бір қалданын ерте келсең болмай ма? Сондықтан мына малды сен төлейсің де, қайтып барған соң төлеген малыңды қалмақтан өзің өндіріп аласың. Бұл сьезд қалмақ емес, екі елдің қазағын шақырып отырғанын білмейсің бе? – деп бір-біріне есе бергісі келмей қызынып барып басқалардың сабырға шақыруымен зорға тоқтады. Бірақ, есесіне әр екі жақтың да қалған адамдары жамыраса сөйлесіп, әр қайсы өзжақтарының сөздерін қуаттап, бір-біріне құлақасқысы келмей, жиын тәртібі бұзылып, теке-тіреспен еш ымырасыз нәтижесіз аяқталды.

– Екінші күні сьезд өтетін жерге келсек, – дейді Шәбден қария. Бір арқанды ұзынынан керіп арқанның екі басын екі солдатқа бастырып отырғызып қойыпты. Төре қасындағыларымен арқанның бір басында томардай болып отырған екен. Екі солдат екі тобымызды арқанның екі жағына төрт қарыстай жер қалдырып отырғызды да:

– Сьезд қазір басталады. Кімде-кім мына арқанды басып кетсе немесе қарысы жағына шығып кетсе сьездің тәртібі бұзылған болып саналады да, іс атказ болады. Сондықтан әрқайсыларың тәртіп сақтандар, – деп ұқтырды. Кезекпе-кезек сөз алған екі жақтың болыс-билері кешегі айтқандарына тағы да тыңнан дәлелдер қосып ала көзбен атысып айқұлақтанып айқайдың бергі жағында, пай-пайдың арғы жағында шытынап отырғанда Бәйеке қайта сөз алып қыза-қыза ашуға ерік беріп, өзін тоқтата алмай дебейлей сөйлей отырып тізесімен ортадағы арқанды басып кеткенін сезбей қалды. Қай жерден қателік кетерін қалт жібермей отырған Жәменке осы орайдан пайдаланып орнынан қарғып тұрып екі бүктеп жамбасының астына басып отырған тобылғы сабты қырғыз өрім қамшысымен Бәйекенің басындағы мәнсәп тасын сарт еткезіп бір тартып сындырып жіберді. Тәртіп бұзылып әр екі жақта орындарынан өре түрегеліп бір-біріне ұмтыла бастағанда, Төренің айқайы, солдаттардың араға түсіп күшеуімен зорға басылып орындарына әзерге отырысты. Бұл іске іштей қорланған Сасан би Төреге:

– Атымызды келтіріңіз, мұндай адам ұратын сенімсіз сьездге ендігі ары аяқ баспаймыз. Әркім өз жерінде күшті болады екен ғой, біз мал айдап келмедік, мал дауласа біздің ауылға барып алсын, бұл не деген бассыздық шектен шығып кеткен, – деп қатты ашуланып райынан  қайтпай тұрып алды. Істің бет алысы мұнанда сойқан насырға шабарын сезінген Төре :

– Сасан би ашуланбаңыз, кемшілік біздің басқаруымызда болып қалды, оған мен кінәлімін, әрі әр екі жақтан да өтіп қалды, бос сөзге бой алдырып бір-біріңді түсінулерің қиын болып кетті емес пе, адам ұру шыныменде қателік, біз алда күндері Жәменке болыстың мұнысын бөлек қараймыз, егер сіздер осы бойдан кетеміз десеңіздер 280 тұяқ жылқыны толығымен төлеуге қолдарыңыздан құжат (қолхат) беріп қайтасыздар. Сьезд ертең бітеді, сабыр сақтап бүгін қоныңыздар, қазақта: «Жаман адам кекшіл келеді, жақсы адам көпшіл келеді, білімді-білікті адамдар ешқашанда кек сақтамас болар» деген қанатты сөз бар ғой, ойламаған жерден орға түскендей болып бұл іске менде қатты қиналып отырмын, – деп  Сасанның қос қолын алып:

– Сіздің бүгінгі ашуыңызды мен сұраймын бір реткі ашуыңызды маған беріңіз, жүріңіз менің шатырыма біраз демалып әңгімелесейік, – деп отырған орнынан тұрып шатырына қарай бастады.

Үшінші күні екі жағымызды араластырып отырғызып:

– Бүгін съездің бітетін күні, әр екі жақтың адамдары тәртіп сақтап, саналы отырыңыздар. Кешегі жағдай біздің абайсыздығымыздан болды. Сол үшін Қытай жағынан келген меймандардан кешірім сұраймын, – деп жиынды бастады Төре.

Үшінші күнгі съезд туралы Шәбден қария мына бір шұбыртпа мақалды айтты:

– Әрқандай дауда еңкей, қаңқай, шоңқай, сыбырда сыбыр, сыбыр сөздің шегесі, айқай даудың егесі дегендей бұл күні бәрімізде әдеп, иба сақтап, әдемі тәртіппен даудың жауласу емес достасу жағына қарай ыңғайлануына ерік беріп айтылған барлық пікірге салмақты сабырмен қарап артық-кемін, ақыл таразысына сала отырып, сәтті де салиқалы келісті кеңес өткіздік. Әсілінде біз жақ түнімен ертең болатын съезд туралы біресе екі үштен, біресе тобымызбен отырып істің дау дамайсыз, сәтті шешілуі жөнінде пікір пісіріп, ой түйіндеп, сөз бірлігін әбден ақылдасып алған болатынбыз (әрине, оларда солай істеген шығар). Соның арқасында болар екі жақ келісіп, Албан жағына 70 тұяқ жылқыны қыркүйек айында Хан-Тәңірі етегіндегі Нарынқол шекарасынан өткізіп беретін болып хаттасып, қол қойып, ала арқан ортасынан қырқылып, қырқылған арқан түгелдей тарқатылып тасталды. Мұның мәнісі дау бітті, ашу тарқады дегендік еді деп Шәбден қария әңгімесін аяқтататын еді.

Енді көрген көзге сену керек пе, жоқ естіген өсекке сену керек пе деген мәселені оқырманның өз талғамына қалдыра тұрып газетте жарияланған мақаладағы нанымды-нанымсыз, дәйекті- дәйексіз, артық- кем кеткен сөздерге аз кем тоқталуды жөн көрдім:

1. Бұл съезд Бәйекенің ауызша жан берумен біткен емес. Өйткені, бұл қалай десек те екі мемлекет арасындағы заңды орынның өткізген заңды жиналысы, шариғат жолы емес, жан ауызға алынбаған.

2. Өзі шешен Бәйекенің съездге келмей ауылда қалып 400 тұяқ жылқыға жығылуға айналғанда қайта шақырумен шауып келіп, Жәменкеге:

«Мен жолаушымын, съездге келгенім жоқ» дегені қызық емес пе? Бұл «Сасқан үйрек артымен сүңгидіге» келмей ме? Автордың бұлай айтуы Бәйекені қорғау ма, әлде қорлау ма, деген ой туады.

3. Жәменке Оязға барып, оның қуаттамасын алып, Бәйекені Текестен шақырып келгенше қанша күн өтеді? Бекітіліп қойған жиын осыларды күтіп отыра ма? Оның үстіне Сасандай сабырлы да, салмақты, салиқалы адаммен еш санаспай ма? Олай бола қоймас.

4. Съезден қайтқан Бәйекені екі күндік жолға келгенде, артынан Жәменкенің әйелі үш қыз, үш келінін ертіп қуып жетеді.

– Қайда барасыңдар? – деп сұраған Бәйекеге олар:

– Біз Албан елінің алдына жан салмаған Жәменкесін жеңген қызайдың Бәйекесін көргелі кетіп барамыз, – депті. Сонда Бәйеке:

– Әйел басыңмен Бәйекені көргелі жүргеніңді қара, мен елден шыққан қарабет екенмін десем, менен өткен күйебет бар екен ғой деген екен. Әйелдер Бәйеке екенін сонда біліп, қайтара жауап таба алмай, қайтып кетіпті делінген. Егер солай болған десек, онда Бәйекенің өзін іздеп келгендерге ризалық білдіріп, мені іздеп келсендер «Қане, қайсысың көрімдік бересіңдер?» – деп әзілдейтін жөні бар емес пе? Бұны бір деңіз.

Жәменкеде сьезд өткен Жаркент өңірінен қайтып суыт жүргенде үш күнде Қарқараға зорға жетеді. Бара салып өз әйелін басшы етіп, қасына қыз-келіншектерді қосып, Бәйекені көріп қайтуға жіберсе, сьезден қайтқанына екі күн ғана болған Бәйекемен қалай жүздеседі? Арада қанша күн болып кетті? Есептеп көріңізші, оған қоса қай тарихта, қай қазақтың салтында байсыз қатын ата-енесіз қыз-келіншек жөнді-жөнсіз жосып жүруші еді. Жәменкедей, Бәйекедей ел билеген ерен ерлер ара ағайындыққа қашан әйел жанын салушы еді? Бұл санаға симайтын, ақылға қонбайтын еш пәтуасыз әңгіме емес пе? Бұнымен екі деңіз.

Бәйекенің «Мен қарабет екенмін десем, менен де өткен күйебет екенсіңдер – деп айтатыны қалай? Бұл арада сөзге біраз талдау жасасақ «күйебет» деген сөзден адамның сыртқы кеспіріне (дене мүшесіне) жағылған жуып, шайып тастауға сүртіп, тазартуға яғни ада қылуға болатын белгілі бір қара бояуды айтуға болады. Ал «қарабет» деген сөзге келсек бұл өте ауыр айтылатын адамның ішкі жан дүниесіне, ардың ластығына, көңілдің пасықтығына, ниеттің қаралығына қаратылып айтылатын сөз емес пе? Бұл жерде Бәйеке мәнсап тасының сынғанына бола өзін соншалықты қораш сынып, қор санап «мен қарабетпін» деп еш ойланбай жеңіл желпі айта салуы кәдік емес пе? Бұл Бәйекедей шешеннің ауызынан шығатын сөз деуге бола ма? Сондай-ақ, өзінің қадір-қасиетін сыйлап келген, нәзік әйел затына (әйелдер шыныменде іздеп келген болса) сондай дөрекі сөзбен доғал мінез көрсетіп, күйе жаға сала ма? Бұлай ету өзіне әрі сын, әрі мін емес пе? Аңғарлы адам аңдып сөйлемей, қалай болса солай көските сала ма? Өзі жоқтың, көзі жоқ дегендей ой жоталап, біреудің сыртынан қисынсыз тон пішіп, олпы солпы киіндіру нағыз күйе жағу болмай ма? Меніңше солай.

5. Мақала авторы Бәйекенің шешендігін Таңжарық пен Қойдымның айтысынан тағы бір рет ситат (дәлел) келтіріп былай дейді:

«Мақтама Жәменкеңді көз көрмеген,
Николай ол уақытта өзгермеген.
Жиылып Үйсін Найман кеңес қылса,
Бәйеке бір адамға сөз бермеген», – деген өлең жолдарынан-ақ Бәйекенің белгілі шешен адам екенін білуге болады, бұл дұрыс. Мен өз басым Бәйеке бидің шешендігіне шек келтіріп отырғаным жоқ. Арда туған ардақты адамдардың атына не олай, не бұлай ауытқып, асыра сілтеп, асыға сөйлеп затына дақ түсіру аруақ алдында кешірілмес күнә, қапысыз қателік болады. Шындығында Таңжарық пен Қойдымның айтысы 1926 жылы Қарқарада Әтейбек деген бидің қызының тойына Бөрібай деген Таңжарықтың нағашы ағасы (Албанның айт руынан) ертіп барып айтыстырған. Осы айтыс қазақ айтыстарының ішінде ең өрелі айтыстардың бірі деп жазылған 1999 жылғы «Көкжиек» журналының бірінші санында. Біз айтып отырған Кеген съезді 1914 жылдың алдында деуге болады. Өйткені 1914 жылы Ақ патша мен Большевиктер арасында соғыс басталып 1917 жылдың алғашқы маусымында Ленин өкіметі құрылды. Осы уақыт байланысымен Қойдым:

«Жиылып Үйсін елі кеңес құрды,
Патшаға бала бермей қарсы тұрып,
Бар ма еді Жәменкедей батыр ерің,
Сындырған Бәйекенің тасын ұрып», – десе Таңжарықтың одан қалыспай, қарымтасын қайтырып жоғарыдағы өлең жолдарын айтқаны шындық екені екі ақынның өлеңдерінен нақтылы көрініп тұр. Жаменке мен Бәйеке сынды екі тұлғаның аттарына қатысты Таңжарықпен заманы құрдас өзара Іледе талай дәмдес болған ақын Шарғын Әлғазыұлының 1934 жылы Албан елінің жақсы жайсандарын өлеңмен:

«...Айтпаса сөздің дұрысын,
Өтірік сөз құрысын.
Ер Сарыбай елге ырыс,
Жемісті ағаш гүлісін.
Ұзақ батыр сөйлесе
Шығармас ешкім дыбысын.
Жәменке ұрып, сындырған
Бәйекенің шынысын.
Россия сонда қолдаған,
Жәменкенің бұл ісін», – деп жазған болатын. Тіл көңілдің кілті, сөз көңілдің мүлікі. Ол тіл арқылы ашылып, тіл арқылы айтылады. Бұл Тәңірдің адамға берген сыйы, табиғаттың өзгерілмес заңдылығы. Философ, ақын Қожа-Ахмет Яссауи:

«Сөз есепсіз тіліңді тый, тарта ұста.
Тыймаған тіл-басыңа сор әр тұста.
Есепті сөзе-ер сөзінің асылы,
Мылжың тілді жау деп ұғын тартыста», – деген екен. Не айтсақ та, не жазсақ та осы бабаларымыздың айтып кеткен өнегелі өсиетін есімізге ұстап, санамызда сақтап, өткен өмірдегі тұлғалардың кемшіл кеткен жері болса одан сабақ алып, артық жері болса өнеге етіп, асырып тасырмай, жауып жасырмай, ақылға сиятын, көңілге қонатындай етіп берсек екен. Қисыныз қия тартып, бұрмалап, бұра сөйлеп бүлдіріп алмасақ жарар еді.

«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші әңгіме әуені екі тұлға туралы болған соң, бұл кісілердің өмірі жайлы өзім естіген әңгімелерімнен аз-кем хабар бере кетуді жөн көрдім.  Жәменке жасы жетпіске дейін ел билігін ұстаған, Албан еліне абырой атағы аса жоғары, зор құрметке ие, мінезі ауыр, сөзі салмақты, өнбес іске жеңіл-желпі бара қоймайтын, алған бетінен қайтпайтын қайсар адам болған. Бұл кісі туралы ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтың жиырма жеті жасында жазған дара туындысы «Қилы заман» повестінде бас кейіпкер ретінде ерлігі мен еңбегі жан-жақтылы жазылып, көзге түрткендей етіп көрсетілген болатын. Сондықтан күні бүгінгі дейін прозада қазақтан алдына жан салмай келе жатқан әлемдік деңгейдегі классик ұлы Мұхаңнан асып бір нәрсе айту мен үшін әбестік әрі ақымақтық болады.

Ал Бәйеке биге келсек, мен 1962 жылы Нұрақынбұлақ деген жерде қыстап шыққанымда, Қызай ішінде оразайдан тарайтын Сеңкібай деп аталатын атадан Қасен деген тұнып тұрған тірі шежіре, әңгімені таңды таңға жалғап айтатын, жүздеген қиса, дастанды жатқа соғатын, өзі хат танымайтын, бірақ сен бір дастанды бір ақ рет оқып берсең, лезде қайтадан өзіңе жатқа айтып беретін қарттың айтуы бойынша, Қызай елі Бұратала өңіріне келіп қоныстанғанда, Сеңгібай тоғыз ақ түтін үй екен. Өздері орташа шаруа болыпты. Бір күні осы ауылдың баласы Ақпан, Тоқпан ағайынды екеуінің екі биесі үйірінен аяқ астынан ұшты күйлі жоғалып кетеді. Ақпан «бұл жайды Бәйеке биге барып айттып қояйын» деп Бәйекенің үйіне келсе, Бәйеке есігінің алдында күресінге жақындау жерде бүйірін таянып әлде бір ой құшағында тұрса керек, сәлем беріп, мініп келген айғырынан түсіп, айғырды мама ағашқа байласымен қорада сыбыс алған екі бие кісінеп жіберіпті. Айғырда бие дауысын танып кісінеп қоя береді. Осы арада Ақпан сәл ыңғайсызданып:

– Би аға, балалар балалық қылып қойған ұқсайды, биемді шығарып алайын,– дейді. Сол-ақ екен, Бәйеке ашуға басып:

– Сен мені ұялмай-қызармай ұры көріп тұрсын ба? Жоғалт көзіңді! – деп айқайлап, ауыл жігіттері де дереу жинала келіп, Ақпанды жабыла ұрып, сабып, қан жоса етіп шығарып салады. Ауылдан ұзап шыққан Ақпанға «биені былай ұрла, өзімді оған қоса өлтіре саба. Бұл қай әділдік сонда?» деген ой келеді де, ауылдан қашықтау жерде мал бағып жүрген Бәйекенің түйешісін байлап тастап, бір бурасын қуалап отырып айдап келіп дереу сойып жіберіп жәркемдеп тастайды. Малдың басы саналатын бураны айдап кеткенін естісімен ызаға булыққан Әренжан (Бәйекенің баласы) атқа міне сап, шапқан бойы Ақпанның үйіне келеді. Болған жайды көріп, шатақ шығарып Ақпанға ұмтылады. Онсыз да ызадан жарылардай болып булығып зорға тұрған Ақпан табанда Әренжанды сабап-сабап аулына айдап жібереді. Аулына аттандап жеткен, саутамтығы қалмай таяқ жеген Әренжанды көрген Бәйеке аулы қатты ашуланып, лезде отыз екі жігіт атқа қонады да Сеңкібай аулына лап қояды. Бір бөлім жігіттер далада Ақпан, Тоқпан бастаған ерлерменен айқасса, енді бір бөлімі тігулі үйге шабуылға өтеді. Үйге шабуылды көргенде шыдамдары таусылған ауыл қыз-келіншектері де ұрысқа араласып, екі жақ қиян-кескі соғысқа түседі. Ақпан мен Тоқпан аса ірі денелі, ержүрек батыр болған әрі келбеті келіскен адамдар екен. Ат үстінде сойылмен Бәйекенің Алмабай, Әренжан деген екі баласының біреуін ұрып түсіріп жантәсілім етсе, екіншісін үйге кіріп баражатқанда бір әйел кісі тесе шотпен шүйдесінен періп қалғанда, олда сол жерде қайтыс болады. Бәйеке аулының жігіттерін ұрып тастаған Сеңкібай аулы Бәйекенің өзін ұстап алып, байлап, шиге орап, түйеге артып Торғауытқа қарай қотарыла көшеді. Бір жерге барғанда жолшыбай алдарынан ешнәрседен қабары жоқ келе жатқан Қарайт пен Сарайт деген Қызайдың екі беделді адамдары шығып қалып, амандық-есендік сұрасып, бұл қалай көшулерің деп аңтарылып тұрғанда, Бәйеке Қарайт пен Сарайттың даусын танып:

«Ойбай, мені құтқарыңдар!» – деп дауыстайды. Оларда Бәйекенің даусын танып, табанда шештіріп құтқарып алады. Болған жайытты естіп, әр екі жақты ынтымаққа шақырып, ашуларын басқандай болып, ел бірлігін сақтап, өзара татуластырып, дау-дамай болмайтын етіп уәделестіріп, көшті кері қарай қайта көшіріп келеді. Бірақ кейін бәрібір Бәйекеге Ақпан мен Тоқпан құн төлейді (бұл жері өз алдына ұзын әңгіме). Қазір не деп аталатынын білмеймін, сол заманда қазіргі Бұраталаның Борады деген жеріне Алмабай мен Әренжанның сүйектері қойылған болатын, –  дейді қария.

Сонымен қатар «Іле айдыны» журналының 2008 жылғы алтыншы санында жазушы Қасымқан Уатқанұлының «Қызай елі тарихындағы кейбір оқиғалар» деген шығармасында, Қызайдың үш биі Сасан, Бәйеке, Бердекелердің жеке-жеке ерекшеліктерін айта келіп, Бәйекеге төмендегідей мінездеме береді: «Ал даушарға қалайда жеңіп шығу айып-анжысымен төлем алып шығу қажет болғанда, қайтпай дауға түсіп, қасарысып жеңіске жететін Бәйеке жіберіледі екен» (109бет). Міне, бұл кішкене ғана цитаттан Бәйеке бидің аздап болсада мінез-құлқынан хабардар болуға болады. Қалай десек те тұлғалар да біз сияқты сүйек пен еттен жаралған, шикі сүт ішкен адам емес пе? Пенде болған соң ішінара пенделігіміз болмай қоймайды. Бірақ біз аталарымызды ардақтап, асылдарымызды қасиеттеп, өткенге өтірік топырағын шашпай, болған шындықты болғандай етіп жазып, анығын айтып кейінгі жастарымызға өнеге-үлгі, тәлім-тәрбие етсек болғаны емес пе?

Құдайберген Сәйдуақасұлы Бақы би тегі

Мақаланы автордың «Мен таныған шындық» кітабынан дайындаған Әлімжан Әшімұлы.

Abai.kz

10 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1442
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3203
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 5188