Бауыржан Омарұлы. Каз ГУ-дің ҚАЛАШЫҒЫ (Эссе)
Алматы, Каз ГУ, Алмабек
Ағарып атқан таңда кеп,
Алаулап от боп жанған ек.
Есімде, бәрі есімде,
Алматы, Каз ГУ, Алмабек...
(Студенттік фольклордан)
Алматы - қалың елдің жүрегін жаулаған әсем қала. Каз ГУ - жалпақ жұртқа белгілі оқу ордасы. Ал Алмабекті көпшілік біле бермейді. Оны білудің де қажеті жоқ. Ол арман қала - Алматыға оқу іздеп келіп, алма ағашы жайқалған шаһарға топ ете қалған ауыл баласының образы. Яғни, алмалы шаһардың Алмабегі. Қатардағы көп студенттің бірі. Бірақ біреу үшін сыршыл, тағы біреу үшін сырашыл, енді біреу үшін қол жетпес арман... Сол Алмабекке көңілі шындап құлаған қазақтың бір ару қызы төмен етектіге тән әдеттегі әдеп-мәдебіңді жинап қойып, бақ ішіне барып, осылай деп «сыңсыпты». Қалашықтың біраз қызының жүрегін аунатқан Алмабек сері журфакты да ауық-ауық шулатып жүретін. Бүгінгі белгілі профессор, ол кездегі өрімдей жас оқытушы, деканның орынбасары Шәрбан Нұрғожина Алмабекті жер түбінен іздеп тауып алып, іреп сойып жататын.
Шәрбану шақырып ап Алмабекті,
Ендігәрі сабақтан қалма депті..., -
деп әндететінбіз мұндайда. Сол Алмабек бүгінде жер басып жүргендердің қатарында жоқ. Бұл жалғанмен ертерек қоштасты. Тек осылай Каз ГУ-дің аңыздарын еске алғанда ғана оның елес-бейнесі жарқ ете қалады.
Алматы, Каз ГУ, Алмабек
Ағарып атқан таңда кеп,
Алаулап от боп жанған ек.
Есімде, бәрі есімде,
Алматы, Каз ГУ, Алмабек...
(Студенттік фольклордан)
Алматы - қалың елдің жүрегін жаулаған әсем қала. Каз ГУ - жалпақ жұртқа белгілі оқу ордасы. Ал Алмабекті көпшілік біле бермейді. Оны білудің де қажеті жоқ. Ол арман қала - Алматыға оқу іздеп келіп, алма ағашы жайқалған шаһарға топ ете қалған ауыл баласының образы. Яғни, алмалы шаһардың Алмабегі. Қатардағы көп студенттің бірі. Бірақ біреу үшін сыршыл, тағы біреу үшін сырашыл, енді біреу үшін қол жетпес арман... Сол Алмабекке көңілі шындап құлаған қазақтың бір ару қызы төмен етектіге тән әдеттегі әдеп-мәдебіңді жинап қойып, бақ ішіне барып, осылай деп «сыңсыпты». Қалашықтың біраз қызының жүрегін аунатқан Алмабек сері журфакты да ауық-ауық шулатып жүретін. Бүгінгі белгілі профессор, ол кездегі өрімдей жас оқытушы, деканның орынбасары Шәрбан Нұрғожина Алмабекті жер түбінен іздеп тауып алып, іреп сойып жататын.
Шәрбану шақырып ап Алмабекті,
Ендігәрі сабақтан қалма депті..., -
деп әндететінбіз мұндайда. Сол Алмабек бүгінде жер басып жүргендердің қатарында жоқ. Бұл жалғанмен ертерек қоштасты. Тек осылай Каз ГУ-дің аңыздарын еске алғанда ғана оның елес-бейнесі жарқ ете қалады.
Биыл Каз ГУ-дің құрылғанына 75 жыл толды. Егер белгілі бір кісі 75 жасқа келсе, оның көңілін көтеру үшін: «Тойыңа жұрт жиылсын, Кеудеңе нұр құйылсын. Жігіт жасы - жетпіс бес, Біздерге де бұйырсын», - деп сайрай жөнелер едік. Ал бұл жетпіс бес - оқу орнының жасы. Талайды түлетіп ұшырған қасиетті құтмекеннің жетпіс бесінші белесі.
Біздің студент шағымызда Каз ГУ өзінің елу жылдығын атап өтті. Күнде думан, күнде той... Журфактың төртінші курс студенті Бауыржан Жақыпов «Кеудесі қыс гулеген, жаз гулеген, Біреу бар елу жаста Каз ГУ деген», - деп жұмбақтап жырласа, филфактың үшінші курс студенті Светқали Нұржанов «Каз ГУ-ім елудегі аман болсын, Сау жүрсін Каз ГУ-імнің құрдастары!», - деп ұстаздарына ақ тілек айтты. Ол кезде журфак пен филфак бір-бірімен жағаласып күнде айтысып жатар еді. Журфактың жын қуған ақыны: «Бетіңнен филфакский бір сүйейін, Қасыма ыңғайланып келші, қалқам», - деп ұмтылғанда онымен айтысып отырған көрші факультеттің кермаралы: «Ө-л-ә-ә!» - деп тұра қашатын. Басына киген бөркі керемет жарасатын жыр әлемінің «балапаны» Бейбіт Құсанбеков: «Бізбенен айтыспай ма, қайда филфак? Басынан жіберейік сипап-сипап», - деп қодиланып тұрар еді.
Алматының Жерұйығына айналған Каз ГУ қалашығының табиғаты бөлек-ті. Қалың көк майса шалғын, сыңсыған тоғай... Батыс беткейде гүлдері жайқалған Ботаника бағы... Қалтасы қағылған студенттер таңертең емтихан басталардан бұрын ұстаздың алдына қою үшін осы бақтан шоқ-шоқ гүл жұлып әкеледі. Сөйтсек, ол өзіміздің өсімдіктанушы әріптестеріміздің маңдай терін төгіп әзірлеп жатқан диссертациясының ғылыми жаңалықтары екен ғой. Қайтейік, обал-сауапты білмейтін бейбақ кезіміз.
Жалпы, ол кезде Алматының ауасы тап-таза болатын. Жаңбырының тамшысына дейін айрықша мөлдір еді. Алатаудың басына үйірілген бұлт біздің қалашықтың төбесіне төніп келіп, ақ жауынын селдетіп жібергенде жан сарайың тазарып қалады. Бұлттың ең бір төресі жаңбырдың ең бір маржанын Каз ГУ қалашығының үстіне әкеліп төгетін сияқты. Мұндайда көкірегін өлең қыспаса жүре алмайтын журфактың қияли қыздары: «Жаратқанға, құдіретке қырсығып, Тәңірия жатқан шығар кір сығып», - деп Қадыр ақынның нөсер туралы жырын жатқа соғып тұрады.
Қалашықтың шалғынды сабалаған әдемі жаңбыры ақындардың да шабытын оятады. Тау қозғалса қозғалмайтын Бақытжанның (Абызов) жүрегі жібіп, маңдайы жіпсіп, көзінен от ұшқындап, кеудесінен жыр саулайды:
Жердің беті нөсермен шайылғасын,
Өлең басып қалыпты қайың басын.
Шырқап кетіп барады бір сұлу қыз,
Менің махаббатымның қайырмасын...
Талай рет қалың нөсердің астында қалса да пана болатын жер іздемей, ыржалаңдап тұра беретін курстасымыз Құтмағамбет Қонысбайға: «Сен осы өмірі малмандай су боласың да жүресің. Неге қолшатыр сатып алмайсың?», - десек, ол: «Әй, айналайын, Алматыда жылына орта есеппен алғанда бес рет күшті жаңбыр жауады. Сонда соның жиырмасына шыдап келіп, енді қалған бесеуіне бола қолшатыр аламын ба?», - деп сөзге дес бермес еді. Сол қалған бес жаңбырға да қайсарлықпен төтеп беріп, сүйікті Қарақалпақстанына тартып тұрған Құтекең кейін бәрібір Алматыға қайтып оралды. Оның өзіндік есебіне жүгінсек, одан кейін де әйгілі шаһарда жүз жиырмаға жуық нөсер жаңбыр жауған сияқты. Бірақ бүгінгі жә деген экономикалық шолушы Құтмағамбет Қонысбайдың бала болып, қолына қолшатыр ұстағанын әлі күнге дейін көрмеппіз.
Қазіргі сексеннің сеңгіріне шыққан ұстаздарымыздың бәрі де ол кезде жап-жас еді. Елудегі Зейнолла Қабдолов пен Тұрсынбек Кәкішев бір-бірін қалжыңмен қажап, қатарласып кетіп бара жататын. Қалашықтың киесі еді олар. Каз ГУ қалашығының әр нысанын перзентіндей мәпелеген аты аңызға айналған академик Өмірбек Жолдасбеков те елуге енді ғана келген жігіт ағасы болатын. Оның бүкіл болмыс-бітімі университетпен біте қайнасып кеткені көзінен де, сөзінен де сезіліп тұратын. Мен бірде Сингапур еліне барған сапарымда атақты Ли Куан Юді көрдім. «Сингапур ғажайыптарының» атасы бас-аяғы жиырма-отыз жылдың ішінде адам айтқысыз дәрежеде дамыған өз мемлекетінің әр ғимаратына биік қонақ үйдің терезесінен тамсана қарап отырды. Сол кезде «Ей, ұлы бақытты патшам!», - деп басталатын шығыс аңыздарының бәрі осы кісіге арналған секілді көрініп кетті. Қалашыққа әр шыбық қадалған сайын марқая түсетін қайран Өмірбек ағамыз да сол Сингапур сұлтанының күйін кешкен екен ғой.
Қапалы көңіл Қасымхан
Каз ГУ-дің қалашығы,
Көздерімнің тұңғиық қарашығы.
Сезімдерім секілді мөлдірейді,
Шалғында - дала шығы.
(Қасымхан Бегманов)
«Каз ГУ-дің қалашығы - Көзімнің қарашығы!» Екінің бірі жатқа айтатын, халықтық тіркеске айналып кеткен осындай өлең жолдары болады. Тіпті қапелімде авторы да еске түсе қоймауы мүмкін. Бірақ әлгі оралым жадыңда мықтап жатталып, миыңда шегеленіп қалады. Бұл бүгінгі белгілі ақын Қасымханның әйгілі өлеңінің алғашқы нұсқасы. Кейін Қасекең кемеліне келіп, ақындығы толыса түскен соң әлгі өлеңді ептеп модернизацияның тезіне салған секілді. Кейінгі жинақтарында «Көздерімнің тұңғиық қарашығы» деген тіркес пайда болды. Бірақ сексенінші жылдар жастарының зердесінде әдепкі нұсқа сақталды.
Бұл өлеңді жазған кезде Қасымхан Бегманов ақындық өнерге бір бүйірден кеп қосылған политехникалық институттың студенті еді. Жалпы, Алматының оқу орындарының ішінде әдебиетімізді дамытуға айрықша үлес қосқан политехтың орны бөлек. Иранбек Оразбаев, Шәмшәдин Әбдіраман, Әлібек Файзуллаев, Айсұлу Рүстемова, Жәния Ерәлиева, Дархан Бейсенбекұлы сияқты танымал ақын-жазушылар осы шаңырақтың перзенттері. Политехтың қыз-жігітері «Темір-терсектің ішінен жөні түзу ақын шығушы ма еді?!» деген бағзы заманғы дүмбілездеу долбардың быт-шытын шығарды. Бұл оқу орны қазақ өнерін де биік белеске көтерді. Әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің осы оқу ордасында құрылғанын, халқымыздың дарынды ұлы Бекболат Тілеуханның сол институтта оқығанын айтсақ та жеткілікті болар.
Оқуға түсуін түсіп алып, өз бесігіне әлі де бой үйрете алмай, жүрегі жыр аңсап жүрген болашақ машина жасау инженері Қасымхан Бегманов Қаз ГУ қалашығына, журфактың жатақханасына жиі келетін. Бірақ ертерек келіп еніп алмасаң, кешке қарай Каз ГУ-дің оқалы әскері - ОКД жатақхананың жанына мысық жорғалатпайды. «Мастанып алып атаққа, Құтырса кергіп жас пері, Жібере қоймас жатаққа, Құрекеңдердің әскері», - деп Ертай Ашықбаев бастаған ақындардың өлеңдетіп жүретін кезі осы тұс. Құрекең дегеніміз - қалашықтағы барлық жатақхананың Жегловы саналатын Құрманхан Нұрымбетов. Сол Құрекеңнің сайыпқыран сарбаздарының тегеурінді тосқауылынан өте алмай, журфактың ерні дірілдеген, көзі күлімдеген қыздарына жете алмай қиналған қапалы Қасымхан ақынның кеудесін әуелі ыза, сосын жыр буады. Енді ше... Қалашықтың іші сыйқырлы әлем. Самаладай жарқыраған шам. Екеу-екеу жұптасып, ен тоғайға еніп келе жатқан жастар. Алайда қызықтың бәрі армандай болған журфак пен филфактың жатақханасының ішінде қалып барады. Содан екінші курстың баласы әбден қапаланып, жанары жасқа шыланып, көкірегінен жыр төгеді. «Каз ГУ-дің қалашығы - Көзімнің қарашығы!» осылай туып еді.
Қалашыққа қарап қаншама рет қасқырша ұлығанымен Қасымхан оқуын орта жолда тастап кетпей, машина жасау факультетін тәп-тәуір бітіріп шықты. Бірақ оның мамандығына сәйкес машина жасап жүруге уақыты да, құлқы да болмады. Оның есесіне жыр дестесінің әдемі үлгілерін жасады. Өзінің тіршілігін жасады. Айлығы шайлығына жетпейтін шайырларға қамқорлық жасады. Сөйтіп, Қасекеңнің әр түрлі себеппен жасауға қолы тимеген машиналарының орны толған сияқты. Енді бүгін елуден асқан белгілі ақынға: «Жігерің сенің жаси ма, Шабытың сенің таси ма? Мамандығыңды қор қылмай, Жасап бер маған, машина!», - деп ешкім де қатаң талап қоймайтын шығар...
Қалашыққа қызығу бір Қасымханның басындағы ахуал ғана емес. Әбілхан Қастеев секілді суретші болам деп, Каз ПИ-дің көркемсурет- графика факультетіне түскен Қазбек Исаевтың да, Ыбырай Алтынсарин секілді ұстаз болам деп мұғалімдер даярлайтын институтқа түскен Кәдірбек Құныпияевтың да, Сафи Өтебаев секілді мұнайшы болам деп қара алтын өндірудің құпиясын игеріп жатқан Жәния Ерәлиеваның да ортақ мұңы осы еді. Арқалы ақындарымыз соғыс жылдарында «Мұнайшылар, мұнай бер! Соны сізден сұрайды ел», - деп жырласа, біз енді мұнайшы қыздан өлең сұрайтын болдық. Олар қолдары қалт етсе, өздеріне армандай болған Каз ГУ-дің қалашығына жетіп келетін. Әсіресе, шабыты асып, қаны тасып жататын журфактың жатақханасын дала қасқырлары сияқты жиі торуылдайтын.
Ілгеріде Қыздар институтының жатақханасын «Ішінде көріктілер, сыртында бөріктілер тұрады. Ол не?» деп жұмбақтайтын едік. Сол сияқты қалашықтың қадірін ішіндегілерден гөрі сыртындағылар көбірек білетін. Қалашықтың абырой-беделін де солар арттыратын.
Есімде, әлі есімде...
Каз ГУ-дің арулары,
Арман қуған сонау бір ауылдағы.
Сендерді аңсап жыр жазған
Беймазалау
Жүрегім жануда әлі...
(Қасымхан Бегманов)
Каз ГУ қалашығының өзіндік менталитеті бірден қалыптаса қойған жоқ. Өйткені Бас поштаның жанындағы ежелгі тарихи ғимаратқа ел әбден көз үйреткен-ді. Киров көшесіндегі 136 үй талай ұрпақты түлетіп ұшырды. Университеттің қарсы алдында атақты «Аққу» кафесі бар еді. Кафе жанындағы тоғанда қос аққу жүзіп жүреді. Сабақтан шыққан серілер сонда барып «мамырлайды». Қаладағы бақ-бақ пішінді ең әдемі фонтан да осы маңда. Шабыт қысып, жүрегіңді жыр буып бара жатса, Жазушылар одағы іргеңде тиіп тұр... Бас поштаның алдындағы ұзыннан-шұбақ орнатылған газеттер тақтасы республиканың ең оқылымды ақпарат мінбері саналатын. Сабақтан қашып-пысып жүргендердің өзі де соны оқып сауатын ашатын. Университет студенттері ертелі-кеш поштадан шықпайды. Елден ақша күтеді. Хат жазады. Жеделхат жібереді. Әйтеуір соның маңайында үйіріледі де жүреді. Ол кезде жастар арасында кең танымал ақын Бақытжан Абызов: «Біз де аманбыз, аман әсем астана, Жаңа жылда барам елге уақытша. Хат жазып тұр жиі Главпочтаға, Көріскенше, сәлемменен, Бақытжан» деп телеграфтық стилмен әлдебір аруға өлеңхат жолдап жатар еді. Жұрт сәлемхат жазса, бұл өлеңхат...
Сөйткен жұрт жетпіс бесінші жылдан бастап Каз ГУ-дің қалашығына бой үйретті. Әуелі жатақханалар қоныс тепті. Содан соң биофак пен геофак, заң факультеті келіп, ту тікті. Сексен бірінші жылы журфак пен филфак жалауын қадады. Бұрынғы тарихи ғимарат та жетімсіреп қалған жоқ. Оған Театр және көркемсурет институты келіп орнықты. Соңғы кезде Ұлттық өнер академиясына айналған осы оқу орнын бітірген қыз-жігіттер қолына қалам ұстап, әдебиетке араласа бастады. Талай тарланбоз ақын-жазушыны бесігінде тербеткен қастерлі шаңырақтың қабырғасынан қасиет жұққан шығар...
Каз ГУ-дің қалашығы талайға арман болған шырайлы мекенге айналды. Өзінің кинотеатры, поштасы, телефонмен сөйлесу бекеті, бірнеше дүкендері, тамақтану мекемесі бар аймақта тұрып оқуға қыз-жігіттердің бәрі құмартты. Жастар қалашығы қазақ поэзиясына нәр берді. Қалашықтың арулары ақындар жырының басты нысанасы болды. Қалашықта тұратын қыз да - өлең, оны жатақханасына аман-есен алып келетін автобус та - өлең. Алда-жалда жаңағы ару сол автобустың ішінде болмай қалса, ол да - өлең...
Алау жұлдыз, жақты ол ұшқын,
Нәр алды жер кенезесі.
Сенсіз келген автобустың,
Жылап кетті терезесі, -
деп күңіренетін Бақытжан Абызов. Ал қашаннан еті тірі, тіршілікке бейім Қасымхан Бегманов өзі құмартқан аруды көп адам мінетін автобусқа емес, тұрмысы тәуірлер табан іліктіретін таксиге теліп, жырлайды:
Есімде, әлі есімде,
Көк көйлек киген қызбенен,
Көктемнің мөлдір кешінде,
Көшеден такси іздегем...
Шарықта, қиял, алып ұш,
Шаттықтан сырт көз мас дейді.
Айтқанмын жалған адрес,
Тоқтатып талай таксиді...
Ол кездегі қыздарға арналған өлеңдерде «Көк көйлекті қыз» тіркесі көп кездесетін. Көлбеңдеген көк көйлек жігіттердің көзіне тез түсе ме, әлде сол тұста мода болды ма, әйтеуір жастар поэзиясында сондай бір үрдіс қалыптасты. Көк көйлекті арулардан қалғысы келмеген болуы керек, журфакқа кеш түскен жасы егде тартқан жігіт ағасы Қарсыбек Көпжасаров үнемі көк шалбар киіп жүретін. Ол да дуалы ауыздардың тіліне ілікпей қалған жоқ: «Каз ГУ-імде қара мұртты көп шал бар. Соның бірі - сары плащ, көк шалбар».
Жастар қалашығында арулар туралы талай ән өмірге келді. Бекжігіт Сердәлиев пен Нұрым Ерғалиев бірі гитарамен, екіншісі домбырамен қосылып ән салатын. Дауыстары сазды, тыңдаған жұрттың жүрегін шымырлатады. Бекжігіттің өзінің шығарған әндері көп. «Сендерге әрдайым орын бар, Ақ отау төріне қоныңдар», - деп қайырылатын танымал әннің авторы осы Бекжігіт екенін біреу білсе, біреу білмес.
Қалашықтың аруларына кейде осында оқып жатқан шетелдік студенттер де көз салады. Біздің кейбір қыздар да анда-санда желігіп, гуманитарлық көмек секілді мұхиттың ар жағынан келген қарақошқыл жігіттердің жетегінде жүретін. Бәлкім, қараторының әдемісі деп ойлайтын шығар. Солар үшін қазақтың талай баласы тіс сындырып, тұмсық қанатты.
Каз ГУ қалашығының ел-жұрттың зәресін алып, суық тартып кеткен кезі де болды. Сексенінші жылдардың аяғында жатақханаларда тұратын қазақтың үріп ауызға салғандай өңкей бір келісті қыздары бірінен соң бірі жоғала бастады. Артынша қалашық сыртындағы қалың жыныстан олардың өлі денелері табылып жатты. Сөйтсек, бір сұмырай кітапханадан кеш оралып келе жатқан бойжеткендерге қапылыста тап беріп, құрбандығына айналдырады екен. Сөйтіп, Каз ГУ-дің қалашығы бақтың да, сордың да мекені болды.
Бізді бөлеген бесік
Каз ГУ-дің ақындары
Найзағайлы нөсер боп шатырлады.
Нағашым жоқ Каз ГУ-де,
Неге екенін,
Әйтеуір жақын бәрі...
(Қасымхан Бегманов)
Каз ГУ қалашығы студентті бес жыл бойы алақанға салып әлдилейді. Алғашқы жылы қалашықтың қақпасын имене аттаған қоңырқай өңді ауыл баласы оқу бітіргенде сымдай тартылып шығады. Қадырдың өлеңін сәз өзгертіп айтсақ, «Бірінші жыл ауылы естен кетпей, Декан түгіл Айбастан жасқанады». Айбас - студенттер кеңесінің қаһарлы төрағасы. Онымен ойнауға болмайды. Аяғыңды қия бассаң, жатақханадан аластап жібереді. Қалашықтың қара ағаштарының саясына түнегің келмесе, арыстанды «апа» деп, жолбарысты «жезде» деп күн көресің. Сосын «Бастықтардың бәрі бірдей қоймас бізді ұғып, Күндіз-түні айқайлайды Айбас Сыздықов», - деп үнің құмығып әндетесің. Бес жыл өткен соң:
Жабдық дайын, көш-керуен түзелді,
Әңгіме бар айтылар:
Аман-есен тапсырайық біз енді,
Алматыңды қайтып ал, -
деп Ертай Ашықбаев айтқандай, елге бет түзейсің. Алыс ауданға барып, қаламыңмен несібе тересің. Қаласаң, астанаға қайтып ораласың.
Жатақханалардың іші ғана емес, сырты да күлкіге толы. Қалашықтың университетке қарай бастайтын жолында шақырайған күн астында күн ұзаққа жалғыз фотограф тұрар еді. Қасында еліктің мүсіні бар. Соның маңайына студенттерді тұрғызып қойып суретке түсірмек. Бірақ әлгі пақырдың жанына ешкім де жоламайды. Сірә, өзі де адамға жұғымы жоқ біреу болса керек. Фотограф деген жолдан ары-бері өтіп жатқан жұртты шақырып, елдің назарын аудармас па?! Ал мынау аузын буған өгіздей мелшиген бірдеңе. Ешкімде шаруасы жоқ. Елігімен екеуі кешке дейін күнге қақталып тұра береді. Соны келемеждеп мынадай өлең шығардық:
КазГУ-градта фотографтың бағы асты,
Жанындағы елік қандай жарасты!
Демалуға мұрша бермей байғұсқа,
Студенттер өшіретке таласты.
Қалашықтың ауласындағы әскери кафедра сабақтары - өзгеше өмір мектебі. Бұл кафедра жастарды батылдыққа, ептілікке, ширақтыққа баулиды. Талтайып жатып ататын ЗУ-23 зениттік қондырғысының о жер, бұ жерін шұқылап жүріп, біраз нәрсе үйреніп шығасың. «Киіміңнің бәрі де өзгенікі, Өзіңдікі тек соққан жүрек қана», - деп Қадыр ақын айтқандай, сабақ болатын күні әскери форманы да басқадан сұрап, сабылып жүрген жұрт. Әсіресе, төменгі курстың студенттері ақкөңіл, қолы ашық ақын Қайрат Әлімбековті көп жағалайды.
Қайрат аға, аюдай қорбаңдаған,
Дәл келе ме, военка формаң маған?, -
деп шетінен қиылып келіп, есік көзінде мөлиіп тұрады. «Бет дегенің жетеді, сүйіңдер», - деп елдің бәрін құшағына тартып жүретін жаны жомарт Қайрекең барын аямайды.
Бірде журналистика факультетінің студенттері сол тұста аты дүрілдеп тұрған «Лениншіл жастың» журналистерін кездесуге шақырды. «Лениншіл жастың» қаламгерлері бұл шақыруға асқақтықпен жауап берді. «Бір ғана шартымыз бар. Журфак кездесу өте салысымен бізбен футбол ойнайтын болсын!». Журфак келісті. Жастар газетінің бұлай деп талап қоятын жөні бар еді. Бұл басылымды қазақ спортының бапкері атақты Сейдахмет Бердіқұлов басқаратын. Сейдағаңның сайыпқыран шәкірттері спорттың қай түріне де, әсіресе аяқдопқа керемет бейім-ді. «Лениншіл жастың» футбол командасына талай Олимпиадалар мен әлем чемпионаттарын көзімен көріп, Пелемен тілдесіп, Платинимен пікірлескен Несіп Жүнісбаевтың өзі жетекшілік ететін. Сол атышулы команда міне, Каз ГУ-ге келе жатыр. Көрген де арманда, көрмеген де арманда. Ал енді олармен ойнап, шеберлік байқасу дегенің...
Кездесу өте әсерлі өтті. Студенттердің ағаларына қоймаған сұрағы жоқ. Мынадай беделді кісілердің қолын ұстап, қолтаңба алғандарына масаттанып, бақыттан басы айналған бозбалалар мен бойжеткендер. Тегінде, «Лениншілжастықтар» осы асқақ абыройымен тұрғанда кетіп қалғандары жөн болатын еді. Бірақ олар қарап тұрмай: «Әлгі футбол мәселесі не болды өзі, ойнаймыз ба, жоқ па?», - дегені. Содан жатақхана сыртындағы алаңға беттедік. Қалашықтың тұрғындары бұл ойынды рахаттанып тұрып тамашалады. «Лениншіл жастың» марғасқалары аяқпен де, баспен де өнердің жеті атасын көрсетті. Негізінде бұл басылымда атауы шартты түрде қойылған екі команда бар еді. Тілшілердің командасы - «Жалаңтөс», бөлім меңгерушілерінің командасы - «Апайтөс». Ал мына ойнап жатқан сол екеуінің құрамасы. Мен болсам ол кезде журфактың бесінші курсында оқимын, әрі «Лениншіл жастың» тілшісімін. Сондықтан қай жақ жеңсе де, мерейім үстем болмақ. Журфактың футболшылары да ешкімнен кем түспейтін. Гений Төлегенов, Қайрат Мұқатов, Ғалымжан Мелдешовтер қарапайым студент болса да кәнігі футболшы ретінде әлдеқашан мойындалған жігіттер еді. Әдепкіде ағаларын сыйлап, тартынып ойнаған журфактың командасы келе-келе қызып кетсе керек, журналистерді 4:1 есебімен жайратып салды.
Қайтып келеміз. Журналист ағалардың салы суға кеткен. Бәрі де үнсіз. «Журфактың шиборбай студенттері атақты «Лениншіл жастың» өзін жеңдік деп мақтанып жатыр-ау, ә?», - деді бір кезде Несіп аға қалашықтың қақпасынан шыға берісте. Сол кезде қу тілді Өтеген Оралбаев ағамыздың:
- Біздің өтірік жеңіліп қалғанымызды қайдан білсін!, - демесі бар ма! Жаңа ғана құрысып-тырысып келе жатқандар ду күлді. Лезде бәрі де көңілденіп сала берді. Бұл қалашықтың ешкімді ренжітпей қайтаратын осындай бір ерекше қасиеті бар еді. Сол қасиетінен әлі де ажырамаған сияқты.
Каз ГУ-дің қалашығы біздің мақтауымызға әсте зәру емес. Он мақала жазсаң да оның бар қасиетін аша алмауың мүмкін. Бірақ қиярды да пиармен жейтін заманда өзіңді тербеткен алтын бесік туралы жылы сөз айтқанның не айыбы бар деп ойладық...
Бауыржан Омарұлы
«Ана тілі» газеті,10-Қыркүйек. 2009 жыл.