Сейсенбі, 26 Қараша 2024
845 0 пікір 22 Қараша, 2024 сағат 19:18

«AMANAT» фракциясы есірткі бизнесіне қатысы бары анықталған құқық қорғаушыларды өмір бойы бас бостандығынан айыруды ұсынды

Бүгін Мәжілісте «AMANAT» партиясы фракциясының жиыны барысында депутаттар есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселесін қарады. Негізгі талқылау тақырыбы – осы салаға қатысты заңнаманы қайта қарау, яғни есірткі бизнесін ұйымдастырушыларға тағайындалатын жазаны қатаңдату.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам дертіне айналған осы қатерлі індетке, яғни есірткіге қарсы күрес жүргізу қажет екенін бірнеше рет айтқан болатын. Атап айтқанда, Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Президент есірткі өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту міндетін қойып, олардың әрекетін аса ауыр қылмыстарға теңестірді.

Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов атап өткендей, осы мақсатта есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бойынша түзетулер әзірленіп, ол бірінші оқылымда қабылданды. Атап айтқанда, есірткі қылмысының, әсіресе есірткі өндірушілер мен «наркобарондардың» жазасын қатаңдату ұсынылады. Бұл ретте, Мемлекет басшысы әділ атап өткендей, ірі есірткі қылмыскерлері мен ұсақ закладчиктерге бірдей көзқарас танытуға жол берілмейді. Бүгінде есірткі қылмысы үшін сотталған 4 мыңнан астам адамның 1300-ге жуығы закладчиктер саналады. Сондықтан Мәжіліс Спикері алғаш рет қылмыс жасаған есірткі курьерлерінің жазасын жеңілдету мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

«Олардың арасында жасөспірім балалар, қаржы қыспағына іліккен жастар көп. Аталғандардың алды 10 жылдан астам бас бостандығынан айырылып отыр. Шынтуайтында, оларды осы заңсыз іске тартқан есірткі өндірушілер мен закладчик-жеткізушілердің жазасы пара-пар емес. Сондықтан Мемлекет басшысы айтқандай, олардың әрқайсысын бөлек қарап, жазаларының деңгейін заң жобасының екінші оқылымына дейін қарастыру қажет. Бұл ретте есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар құқық қорғаушыларды наркобарондарға теңестіруді және оларға өмір бойы бас бостандығынан айыруға дейін ең ауыр жаза қолдануды ұсынамыз», – деді ол.

Мәжіліс Спикері бүгінде Қазақстан есірткіні заңсыз тұтыну деңгейі жоғары елдердің қатарына кіретінін айтты. Жыл басынан бері 1 тоннадан астам «синтетика» тәркіленді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 56%-ға артық.

«AMANAT» партиясының Төрағасы есірткі қылмыскерлері жаңа ақпараттық технологияларды белсенді қолданатынына назар аударып, кибербақылау жүйесін күшейту мәселесі аса маңызды екеніне назар аударды. Сонымен қатар, халық арасында, әсіресе жастар арасында түсіндіру жұмысы айтарлықтай «ақсап» тұр.

«Жас азаматтар жеңіл жолмен ақша табуды ойлап, тағдырына балта шабады. Олар есірткі таратқаны, «закладка» жасырғаны үшін 10 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылу қаупі бар екенін білмей, бас бостандығынан айыру орындарына түседі. Өткен апта басында «Закладка» деректі фильмі жарыққа шықты. Оны осы уақыт аралығында миллиондаған адам тамашалады. Мұндай фильмдер мектептерде, колледждерде және университеттерде көрсетіліп, есірткінің қаупін ескерту керек. Мектептен үнемдегендер түрме тұрғызады деп бекер айтылмаған. Бүтіндей бір ұрпақтың шыңырауға құлауына жол беруге болмайды», – деді Ерлан Қошанов.

Өз кезегінде, Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Снежанна Имашева есірткі, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заң жобасында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Халық қалаулылары 50-ге жуық түзетулер енгізді, құжат сарапшылармен, ҮЕҰ өкілдерімен және Мәжіліс жанындағы Қоғамдық палата мүшелерімен кеңінен талқыланды.

«Біз Қылмыстық кодекске есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын заңсыз өндіру, прекурсорлардың заңсыз айналымы және өзге де әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін бірқатар өзгерісті тұжырымдамалық түрде мақұлдадық. Бұл ретте, қоғамдық емес орындарда есірткі құралдарын медициналық тұрғыдан тыс пайдалануға тыйым салу белгіленді. Заң жобасын қабылдау нашақорлыққа, жалпы есірткі бизнесіне мемлекеттік және қоғамдық қарсы іс-қимыл жүйесін жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді ол.

Фракция жиынында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов жыл басынан бері 3,5 мың есірткі қылмысы тіркелгенін айтты. Министрдің сөзінше, синтетикалық есірткілердің таралу көрсеткіші артып келеді. Егер 5 жыл бұрын заңсыз айналымнан 10 кило синтетика тәркіленсе, биыл бұл көрсеткіш 1,3 тоннаға жетті. Мұндай есірткілер көбіне интернет арқылы сатылады. Сондықтан тәртіп сақшылары сайттар мен Telegram-арналардағы жарнамаларды бұғаттау үшін «Кибербақылау» жүйесін қолдануда.

Ұлттық құрылтай мүшесі, адвокат Айман Омарова ірі есірткі өндірушілер мен делдалдарға тағайындалатын жазаның теңдей болуы маңызды екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазір заңнаманы әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сәйкестендіру қажет. Сонымен қатар ол қазіргі түзету жүйесінің тиімділігіне қатысты мәселе қозғап, оның қылмыскерлерді қоғамнан оқшаулаумен ғана шектеліп, оларды тәрбиелеуге тым аз ықпал ететінін атап өтті.

Үкімет және құқық қорғау органдарының өкілдері депутаттармен бірге есірткіге қарсы күрес саласындағы өзекті мәселелерді шешуге арналған заң жобасында қарастырылған тәсілдер мен нақты нормаларды талқылады. Олардың ішінде тақырыптық әлеуметтік зерттеулер жүргізу, кибербақылау жүргізу үшін жасанды интеллектті пайдалану, есірткіге тәуелділерді оңалтуға көмек көрсету және басқа да мәселелер бар.

Жиынды қорытындылай келе, Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов барлық ұсыныс ескерілген заң жобасы Мәжілістің алдағы пленарлық отырысында талқыланатынын атап өтті.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1535
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3315
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6019