Жұма, 27 Желтоқсан 2024
Бәрекелді! 790 1 пікір 25 Қараша, 2024 сағат 14:14

Арманым «Атамұрадан» басталған

Суреттер atamura.kz, farabi.university сайттарынан алынды.

«Атамұра» баспасынан шыққан басылымдардың ерекшеліктері

Кітап – адамзаттың ең құнды байлығы, мәдениет пен білімді насихаттаушы, өмірдің мәнін түсіндіруші және адамның жақын досы.  Шекспир: «Кітап маған тақтан да қымбат», - депті. Ал, Ұлы Абай:

«Пайда ойлама, ар ойла,
Талап қыл артық білуге.
Артық білім кітапта,
Ерінбей оқып көруге», - деген сөз қалдырған.

Мен бала кезімнен-ақ, балалар әдебиетін мектеп бағдарламасына сай берілген кітаптармен бірге оқуды әдетке айналдырғанмын. Бірде анам екеуміз Алматының Гоголь көшесінде орналасқан «Атамұра»  кітап дүкеніне оқулық алуға бардық. Мен үшін бұл күн басқа әлемді ашумен тең болды. Шынымен, басқа әлем! Дүкеннің іші толы кітап. Барлығы әдемі безендірілген. «Мені оқы, менімен сырлас» дегендей, сөреден қол бұлғап, көз тартады. Кітаптың дизайны оның тартымдылығына қалай әсер ететінін сол жерде сезіндім. Дәл сол күннен бастап мен кітаптың ішіне ғана емес, сыртына, оның безендірілуіне, мұқабаның әдемілігіне назар аударатын болдым. Тіпті, баспа ісінің маманы боламын деген арман сол сәтте көңіл түкпірінде қылаң беріп, кейін журналистика факультетіне жетелеп келді. Өсе келе талғамымызға сай өзге де кітаптарға көз салдық. Қазақстанда дәл сондай кітаптарды шығаратын баспалар көп. Бірақ, елімізде баспа саласында өзіндік орны бар, ұлттық құндылықтарды насихаттайтын жетекші баспа ол  – «Атамұра» баспасы десек артық айтпаған болар едік.

ТӘУЕЛСІЗ ЕЛДІҢ БАСПАСЫ

«Атамұра» – полиграфия, баспа ісі, кітап саудасы бойынша маманданған корпорация. 1992 жылы 4 ақпанда құрылған. «Атамұра» атауымен баспа ісін бастаған сол кезде белгілі журналист, бүгінде Мемлекет және қоғам қайраткері – Мұхтар Құл-Мұхаммед. Республикалық «Жас Алаш» газетінің 1992 жылғы 25 шілдедегі нөміріне Мұхтар Құл-Мұхаммедтің сұхбаты шыққан. Онда: «Жаңа баспаның жұмысын бастау үшін банктен 20 проценттік өсімге келісіп несие алғанын, алған несиеге кепілдік берген сақтандыру компаниясына және 8 пайыздық өсімпұл төлейтін болғанын»  айтады.

Бүгінгі алып цех, іргелі ұжым – «Атамұраның» кітап бизнесі осылай басталған екен.

Тарихына көз жүгіртсек, ең алғаш сол 1992 жылы жоғары оқу орнына түсуге талпынған абитуриенттерге арналған көмекші құрал ретінде кітапшалар шығарды. Оны оқыған талапкерлерге қажетті пән бойынша қабылдау емтиханын тапсыру жеңіл болатын еді. Сол жылдардан бері баспа өзінің өнімімен халықты білім көзімен үздіксіз қамтамасыз етуде. Көмекші кітапша шығара бастаған баспа, кейін мектеп оқулықтарын, энциклопедияларды, шетелдің романдарымен қоса «Естеліктер» сериясымен кітаптар басып шығарды.

«АТАМҰРА» – ҰЛТТЫҢ МҰРАСЫН НАСИХАТТАЙДЫ

«Атамұра» баспасының басты ерекшелігі – ең алдымен, оның шығарған кітаптарының мазмұны мен сапасында жатыр. Баспадан шыққан әрбір басылым өз оқырманына тек ғылыми-зерттеу еңбектерін, классикалық әдебиетті ғана емес, сонымен қатар қазақтың ұлттық рухын, тарихи мұрасын жан-жақты танытуға арналған шығармаларды ұсынады. Осылайша, баспа қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған көптеген маңызды шығармаларды жариялап келеді.

Бүгінде Мұхтар Абрарұлының басшылығымен жұмысы жөнге қойылған «Атамұра» корпорациясының ісін бір кемітпей, керісінше дамыта отырып, қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан Рақымғали Абрарұлы Құл-Мұхаммед.

Баспаның негізгі мақсаты – ұлттық мәдениет пен білімді насихаттай отырып, болашақ ұрпаққа қажетті рухани азық беру. Рақымғали Абрарұлы жетекшілік ететін алып корпорация – «Атамұра» әуелгі мақсатынан, алғашқы мұратынан бір айнымай келеді. «Кітаптар перзентханасы» - ұлттық рухты көтеру жұмыстарын қазақ әдебиетінің классикалық шығармалары мен жаңа заман талабына сай шығармалар арқылы жүзеге асыруда.

Баспаның ерекше атап өтетін бірнеше өнімдері бар. Олар баспаның тарихында аса маңызды орын алған. 1993 жылы «Атамұра» баспасынан «Қазақ әлемі» кітабы жарық көрді. Астына «Қазақтың саны қанша?» деген тақырыпша қосылды. Кітаптың авторы – белгілі демограф Мақаш Тәтімов.

160 беттік кітаптың әр бетінде цифрлар мен кестелер түзілген. Бұл баспаның редакторы мен корректорының өте мұқият болуын талап етті. Кітаптың мұқабасын безендірген өрнек одан әрі қарай «Атамұра» баспасының төлтаңбасына айналды.

1995 жылы «Атамұра» баспасында «Қазақстан тарихы» атауымен қазақ мектептерінің 10 сынып оқушыларына арналған оқулық басылды. Осылайша мемлекеттік емес, жекеменшік баспа алғаш орта білім беретін мектепке арнап оқулық шығарды. Оны Қазақстан Республикасының Білім министрлігі бекіткен.

2005 жылы 5-сәуірде «Атамұра» баспасы өз оқырмандарын ғана емес, әлемнің кітапқұмар тұрғындарын дүр сілкіндірді. Қазақ тілінде «Захир» атты романды ұсынды. Бұл кітап 83 елде бір күнде 8 миллион данамен шығып, саудаға түсті.

1995 жылы шыққан «Абай» энциклопедиясы баспаның зор табысы болды. 720 беттік қалың кітаптың аннотациясы оның қандай екенін айқындап тұр. Онда «Ақынның өскен-өнген ортасы, бай мұрасы, дүниеге көзқарасы, эстетикасы, поэтикасы, қоғамдық-саяси ой-пікірлері, тағылымы, дәстүрлері жан-жақты сөз болады» делінген.

«Атамұра» баспасының ата-бабаның салт-дәстүр саласындағы келесі көз қуандыратын өнімі Ахмет Тоқтабайдың «Қазақ тазысы» кітабы. Ол баспадан 2013 жылы түрлі-түсті альбом түрінде шықты. Үш тілде: қазақша, орысша және ағылшынша.

Бұл баспаның өнімін әр көрме мен іс-шаралардан да көруге болады. Баспа «Ұлы Жібек жолымен» ХІІ Халықаралық кітап және полиграфия көрмесі аясында Б. Соқпақбаевтың екі тілде қайта басылған «Менің атым Қожа» және «Балалық шаққа саяхат» атты кітаптарының тұсаукесерін өткізді.

Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетіне барып, Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер кафедрасының студенттерімен және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, «Ұлт руханиятын дамытудағы баспаның рөлі мен мектеп оқулықтарының қоғамда алатын орны» деген тақырыпта шеберлік сағатын өткізіп қайтты. Жер-жаһандағы баспагерлердің басын қосатын Франкфурт қаласындағы дәстүрлі 76-шы кітап жәрмеңкесіне қатысты. 130 мемлекет қатысқан кітап көрмесіне «Атамұра» баспасы да өз өнімдерін ұсынды. Осылайша баспа өзінің мәртебесін жаңа деңгейге көтеріп, биік шыңдардан көрінудің бір тәсілі.

«Атамұра» корпорациясы қазіргі таңда кітап басу саласының үздігі ғана емес, халыққа рухани және мәдени тәрбиені насихаттаушы да. Күн сайын өзгеріп жатқан баспа технологиясын да алдымен «Атамұра» қолданатыны да шындық. Оның әрбір жаңа кітабының астарында тарихи құндылық, мәдени мұра мен терең оймен қатар,жаһанданудың жаңалықтары жатыр. Ендеше,бұл баспа—болашақтың баспасы.

Сурет автордың жеке мұрағатынан алынды.

Айым Алмасқызы Нұрқалиева

ҚазМУ-дың журналистика факультетінің 1 курс студенті

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2053