«Хан Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклі көрерменге жол тартты
Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры 2024 жылдың 29-30 қараша және 1 желтоқсанында өнер сүйер қауымға Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның есімін ұлықтау және Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл толуына орай «Хан Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклін ұсынады.
Екі бөлімнен тұратын тарихи драманың композиторы –Хамит Шаңғалиев. Танымал жас қаламгер Алмас Нүсіптің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» драмалық шығармасының желісімен жазылған либреттоның авторы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президентінің мемлекеттік стипендиаты Маралтай Ыбыраев.
«Хан Сұлтан. Алтын Орда» опералық спектаклінің жазылуына тарихи тұрғыдан кеңесші қызметін атқарған ғалымдар: Ортағасырлық Қазақстан тарихына арналған 4 монографиялық зерттеудің және 170-тен астам ғылыми және ғылыми-популярлық еңбектің авторы (оның ішінде Жошы ұлысы (Алтын Орда) тарихы бойынша еңбектері де бар) тарих ғылымдарының кандидаты, профессор - Нұрлан Атығаев, Алтын Орда тарихы бойынша 5 кітаптың және 170-тен астам ғылыми мақаланың авторы, Алтын Орда және татар хандарын зерттеу орталығының жетекшісі, «Алтын Орда шолуы» журналының бас редакторы - Ильнур Миргалеев және «Мармара» университетінің профессоры, Алтын Орда және Алтын Ордадан кейінгі хандықтардың тарихына негізделген еңбектер мен қырықтан астам жеке авторлық және аударма кітаптардың авторы, түркиялық тарихшы - Ілияс Кемалоғлу.
«Хан Сұлтан. Алтын орда» операсының қоюшы режиссеры итальяндық- Davide Livermore. Ол Италия Жұлдызы Орденінің офицері және Luciano Pavarotti, Plácido Domingo, José Carreras, Mirella Freni және Zubin Mehta сияқты әйгілі орындаушылармен, сондай-ақ Luca Ronconi, Андрей Тарковский және Zhāng Yìmóu сияқты танымал режиссерлермен де жұмыс істеген. Италияның ең ірі сахналарында, олардың ішінде Миландағы - La Scala, Рим опера, Туриндегі - Teatro Regio, Генуядағы - Carlo Felice театрында спектакльдер қойған тәжірибелі маман.
Операның бас кейіпкері Хан Сұлтан – Ұлыстың негізін қалаушы Жошы ханның үшінші әйелі, Алтын Орданың ұлы билеушілерінің бірі- Берке ханның анасы. Хорезм шах Ала-ад-Дин Мұхамед ІІ-нің үлкен қызы. Әйгілі Жәлел-әд-Диннің туған қарындасы. Тарихта Хан Сұлтан туралы қалған аздаған деректің өзі бүгінгі зерттеушілер мен көркем шығармашылық өкілдері үшін баға жетпес қазына. Хан Сұлтан бейнесі – өзінің ерекше тағдырымен де қымбат тұлға. Опера Шыңғыс ханның мұсылман әлемінің үлкен мәдениет ошағы, түркілердің құрған үлкен саяси бірлестігі Хорезмшах мемлекетін жаулау кезеңінен басталып, Алтын Орданың алғаш қалыптаса бастаған кезімен аяқталады. Хан Сұлтан өзінің ақылымен, мінезімен және саясатта біліктілігімен өзін де, ұлдарын да Алтын Орданың белді қайраткеріне айналдырған тұлға.
Жаңа туынды классикалық опера болғанымен, заманауи техникалық мүмкіндіктердің озық үлгілерін пайдаланады. Сондықтан, технология зымыраған заманда видеоконтентті де ұтымды қолдану қарастырылған. Өмір өзегінің символы ретінде алынған тораңғыл ағашының да сахнада өзіндік қолдану әдістері көрерменге әсер қалдыратынына сенімдіміз.
Жаңа операның сценографы - Элеонора Перонетти. La Scala және Франция театрларының сахнасын көркемдеген белгілі маман. Жарық директоры Стабиле ди Катания театрының жарық жөнінде суретшісі, дүние жүзінде режиссура әлеміне әйгілі Гаэтано Ла Мэла. Қоюшы хореографы танымал балетмейстер Алдыбекова Әсем. Контент – D-Wok.
Ұлттық туындының костюмдерінің бас суретшісі – PRIMO STUDIO ательесінің негізін қалаушысы әрі арт директоры Ерімбетова Айнұр. Екінші суретші Алтын Серікбаева. Тарихи қойылымның киім үлгілеріне келетін болсақ классикалық стиль мен заманауи көзқарасты етене үйлестіріп, арнайы түстер таңдалған. «Хан Сұлтан.Алтын Орда» операсына арнайы 173 киім сахналық тігілді. Сонымен қатар, солистер, оркестр, хор, балет топтары т.б қатысушыларды қосқанда 300-ге жуық өнерпаздар сахнада бас қосады.
«Осы операны қоюды алғаш режиссерға ұсынғанда, тарихын тереңнен тартқан Жошының ұлысын, бай салт-дәстүрімізді, халқымызға тән қасиеттерді, адами құндылықтарды, отбасы тәрбиесі, әйелдің қоғамдағы ролі т.б. баса көрсетуді ұсындым. Мысалы, Хан Сұлтан сонау Шыңғыс хан билеп-төстеген заманда Ұлы Дала қызына тән батылдығымен, еркіндігімен, Ресей князьдерімен дипломатиялық қарым-қатынас жүргізген қабілетімен тарихта қалған. Осындай түркі әлемінің аналарын бүгінгі ұрпаққа насихаттау үшін, бір жағы оларға әділ баға беру үшін, біз Ұлы Даланың қайсар қыздарын сахналауды жалғастыра беруіміз керек деп ойлаймын, - деді осы қойылымның идея авторы және Абай атындағы Қазақтың ұлттық опера және балет театрының директоры Көпбасарова Айнұр.
Түркі әлемінің түп тамыры – Алтын Орданың саяси сахнасында маңызды рөл атқарған Хан Сұлтанның бейнесі осылайша халыққа жол тартады.
Жақында асыға күткен оқиға орын алмақ. Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы. Бұл туынды түрлі елдердің шығармашылық тұлғаларын біріктірді.
Сіздерді 29, 30 қараша және 1 желтоқсан күндері күтеміз!
Келіңіздер! Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театры тарихының бір бөлігіне айналыңыздар!
Билеттер Абай ат. ҚазҰОБ кассасында сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін сатылады.
Тел. +7 (727) 272-79-34; Анықтама телефондары: 272-44-91, 272-79-63, 272-20-42
Онлайн билеттер: www.ticketon.kz
Instagram / Facebook / VKontakte / Telegram / Twitter: @abay.kaz.ntob
Abai.kz