Сенбі, 30 Қараша 2024
Білгенге маржан 790 2 пікір 28 Қараша, 2024 сағат 14:50

Империя құрамындағы ұлттардың жұтылуы

Сурет: nur.kz сайтынан алынды.

Сонау, он алтыншы ғасырдың аяғына таман Қиыр Шығыстағы чжурчжэн көсемдерінің бірі - Нурхаци айналасындағы көптеген чжурчжэн тайпаларын және моңғол аймақтарын өзінің қоластына бағындырып, тұтас бір мемлекет құрады. 

Сөйтіп, 1616 жылы өзін императорлыққа тағайындап және өзін XII-XIII ғасырдағы Цзинь империясының дәстүрлі жалғасы деп жариялайды.

Кейіннен қасындағы Мин империясына қарасты Ляодун түбегін қосып  алады. 1636 жылы таққа келген императордың ұлы Абахай - Цзинь атауын  Цин деп өзгертіп, сондай-ақ чжурчжэн тайпаларын манчжурлар деп атайды.

Бір орталыққа бағындырылып, әбден күшейіп алған соң бұл империя, 1644  жылы Ұлы Қытай қорғанын асып өтіп, Бейжің қаласын алады. Әрі қарай ұзақ  жылғы соғыстан кейін, бүкіл Қытай елін өзіне қаратып, өздері құрған Цин мемлекетіне бағындырады.

Осы арада мынаны ескерте кетейік: XVII-XVIII ғасырларда Батыс  Еуропалықтар, манчжурлар мен моңғолдарды «Қытай Тартариясы»  («Китайская Тартария») деп атады. Осыған орай, сол Қиыр Шығыстағы  шығанақ «Татар шығанағы» деп аталады.

Сонымен ары қарай кеттік.

1946 жылы Манчжуриядан Кеңес әскері шығарылғаннан кейін, (егер Кеңес  әскері шығарылмағанда, осы ел не Ресейдің құрамында, не болмаса жеке  республика болып қалары еді-ау дейсің) бұл өлке Қытай Коммунистік  партиясының бақылауына өтеді. Жергілікті манчжур халқымен арадағы  көптеген қақтығыстан кейін, 1948  жылы кезіндегі империя құрған және ұлы  Қытайды бірнеше ғасыр уысында ұстаған, бұл әйгілі Циндік Манчжурия  Қытайдың құрамына қосылады.

Қазір бұл манчжур халқы да, Тибет елі секілді өзінің тілі мен дәстүрінен, ұлттық болмысынан, әдеп-ғұрпынан айырылып, бір тұтас қара қытай болып кетті.

Қарап отырсаң, бұл күндері Қытай еліндегі, Шыңжаңды мекендеген, бізге ағайын, түркі халқы болып саналатын ұйғыр ұлты да, осылардың күнін кешуде. Егер, ақиқатын айтатын болсақ, Ұлы қорған иесінің қазіргі жүргізіп жатқан «ұлттарды жұту» саясаты осылай жалғаса берсе, алдағы 2030 жылға дейін, бұл ұлттардан түкте қалмауы мүмкін, солай болады да.

Солтүстіктегі көршіміз - Ресейдің ішіндегі ұлттар да (Мордва, Марий, Карелия, Шуваш, Қалмақ, Хакас, Татар, Башқұрт т.б.) жойылып бара жатыр  деуге болады.

Мысалы, Қалмақты алайық: Бұлардың ана тілі, дәстүрі, тарихы, өзіндік келбеті әлдеқашан жоғалған. Саны жағынан да, жүз мыңнан сәл ғана асады.

Сонымен қатар, Ресейдегі ассимиляцияға түскен, өз қанын жоғалтқан (өзге ұлттармен отбасын құрғандар) ұлттардың қатарында екен. Бұл халықтардан енді он, он бес жылдан кейін түкте қалмайды-ау деп ойлайсың.

Осыған орай, еліміздің солтүстік облыстарының жергілікті қазақтарын билігіміз қалай да сақтап қалуы керек! Бұл жақтың қазақтарында да өзге ұлтпен отбасын құрғандар өте көп кездеседі. Яғни, өзінің тегін, қанын жоғалтып бара жатқандар. Ана  тілі мен дәстүрінен ажырап қалған жанұялар жиі кездеседі.

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1610
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3447
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6872