Сейсенбі, 26 Қараша 2024
Әдебиет 168 1 пікір 26 Қараша, 2024 сағат 16:51

Хан Каң. Батыс тоғай

Сурет: iz.ru сайтынан алынды.

2024 жылғы Нобель әдебиет сыйлығын алған Корей жазушысы Хан Каңнан бір әңгіме тауып алдым. Төте жазудан бері қотардым.

«Не айтпақшы екенін өзі де түсінбей қалды ма?» деп қоямын, бір ойым... Бұдан өзге де біраз әңгімелерін оқыдым. Бәрі бір ырғақ. Еш жаңалық жоқ.

Батыс тоғай

(Әңгіме)

Ол екеуі тоғайға тапберме жерден екі қабат үйді жалға алды.

Көктемде әппақ шие гүлінің күлтелері жылғадан құлдай шапқылаған бойы ақ бұлақтың жалына жармасып, қалқып бара жататын. Ал жаз түнінде алыстан көкектің шаттана шақырған үні құлаққа келетін. Кешқұрым екеуі ылғи да тоғайға барып сейілдейтін. Тоғай батысқа қарай жайыла түсіп, қою жапырақтары батар күннің көлбей түскен сәулесімен шағылысып, тоқтаусыз тербеліп тұратын.

Мизам шуақ басталғанда олар сол үйден көшпек болып, жүктерін сыртқа шығарып жатқан шақта, көрші үйдің әйелі оны іздеп келе қалды. Екеуі түстаныс қана болатын, мүлде тіл қатысып, сөйлесіп көрмеген-ді. Ол аққұбалу келген сарыкідір әйел болатын. Қос уыстап ала келген жап-жасыл шыланды* мұның алақанына салды.

– Қайда көштіңдер?

– Қалаға бармақпыз.

– Ит арқасы қиянға кетеді екенсіңдер ғой.

– Оншалық алыс емес.

Ол көрші әйелге күлімсірей тіл қатты. Көрші әйел қысылып қалып, қолын көйлегінің етегіне сүрткілеп, артына бұрылып жүре берді. Оның шыланға сықай толған жанқалтасынан қош иіс бұрқырады.

Сол үйден көшкеннен кейін қоңыр күз келді.

Бір күні кешке олар сандалдарын киіп, үйдің артқы балконына шықты. Батысқа қараған терезенің арғы жағында күн батып бара жатыпты. Сонау алыстағы қаз-қатар зәулім ғимараттардың терезелері кешкі шапақпен шағылысып, қызғылт сәуле шашады. Жақын маңдағы сауда сарайының астында арлы-берлі ағылған автокөлік пен сабылған жұрт. Қайсы бір жақтан полиция ысқырығының шырылдаған үні келеді.

Ол екеуі қос қабат терезені айқара ашып тастады. Терезе рамкасының жанындағы бөлгіш тақтайда құрыса бастаған шылан тұрған. Екеуі сол шыланнан бір-бір тал алып ауыздарына салып, тәп-тәтті шырынын таусап, үн-түнсіз алысқа көз салды.

*Шылан – жиде тектес жеміс.

Қытай тілінен аударған Түселхан Бобанұлы

Ұларбек Дәлейұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Сыни-эссе

«Таласбек сыйлығы»: Талқандалған талғам...

Абай Мауқараұлы 1544
Білгенге маржан

«Шығыс Түркістан мемлекеті бейбіт түрде жоғалды»

Әлімжан Әшімұлы 3335
Біртуар

Шоқанның әзіл-сықақтары

Бағдат Ақылбеков 6108