Сәрсенбі, 4 Желтоқсан 2024
Естелік 1117 2 пікір 2 Желтоқсан, 2024 сағат 13:13

Жанәбіл ақсақалдың алдынан бүкіл Шыңжаң қия өтпейтін!

Сурет: wikipedia.org сайтынан алынды.

Қаратаудан айрылған қалың орман,
Арқа сүйеп жұбанар Алатауға...

Бұл – қазақтың қабырғалы ақыны Кәдірхан Ғизатұлының Жанәбіл Смағұлұлы ағамызды жоқтап жазған толғауынан үзіп алынғап екі жол өлең.

Жеңіс Қалиязымұлы бастаған бір топ азаматтың ұйымдастыруымен Астанада Жанәбіл Смағұл ағамызға арнап үлкен ас берірілді.

Сол аста Кәдірхан ағамыздың оқыған сол жоқтау өлеңінің осы екі жолын естігенде, анау бір жылы Тұманбай аға айтып берген бір әңгіме ойыма оралды.

«Ауытжан, 1961 жылы Ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов дүниеден озғанда, мұндағы бүкіл қазақ, айтарға болмаса, иіні түсіп, жетімсіреп қалғаны бар. Қайғыдан қабырғасы қайысқан халық біріне-бірі көңіл айтып, көпке дейін еңсесін көтере алмай есеңгіреп жүрді... Мен ол кезде 26  жаста едім. Ұлы тұлғалардың орнының бөлек екенін сонда бірден аңғардым...», - деп еді, Тұманбай аға Мұхтар Әуезов туралы әңгіме айтып отырып.

Тұмаға айтқан – Мұхтар Әуезов дүнеден озған кездегі сол жағдай, сол күй бүгін Шыңжаңдағы үш-төрт миллион қазақтың да басына түсіп түрған шақ. Шыңжаңдағы қазақты қойып, Атажұртқа оралған мұндағы біздің өзіміздің қабырғамыз қарыс айрылып түсті. Дәл бүгінгі жағдайды ойлағанда, егер Тәуелсіз Қазақстан болмағанда, шекара сыртында қалған қазақтың тартар қайғысы мен азабы бұдан он есе қалың әрі көп олары сөзсіз еді.

Себебі, дау жоқ, тағы қайталап айтайын, Жанәбіл Смағұлұлы өзінің де, өзінің туған халқының да кеудесін ешкімге бастырмаған тұлға болатын.

Тіпті, Жанәбіл Смағұлұлының тікелей ықпалымен Уаң Ынмау Шыңжаңға Бірінші хатшы болып қайта оралға соң, Шыңжаңның одан кейінгі басшылары шешім қабылдағанда Жәкеңнің қабағына қарап қалған жағадайы бар.

Қарап отырсақ, Жанәбіл Смағұлұлы Орта Азияның қазіргі біраз президенттерінен артық болмаса, кем емес екен...

Сол үшін де осыдан он жыл бұрын жазған «Алатаудың бір шыңы – арғы бетте» атты мақаламызда: «Ешкім ренжімесін, кесіп айтайын, біреудің қол астында жүрсе де, қасқайып Жәнәбіл ел басқарған кезең – Қытайдағы қазақтың өз қолы аузына еркін жеткен, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған алтын дәуірі болып тарихта қалды. Ондағы қазақтар үшін енді ондай заман да, сол заманды билейтін Жәкеңдей марғасқа ұл да тумайды! Бүгінгі буынның ұлығы да, ұстанымы да басқа. Ғаламдасудың қара дауылы қандастарымызды қаңбақтай ұшырып, ықтырып барады. Шетелдегі қазақтар үшін ендігі болашақ – тек Қазақстанда!», - деп босқа айтаған едік.

Ақын Кәдірхан Қизатұлы мына екі жол өлеңімен бүгін сол ойымыздың дәл үстінен түсіп, қолқа-жүрегімізді солқ еткізді, онсыз да құлазып тұрған көңілімізді одан ары босатып жіберді, көзімізге ыстық жас келді...

Иә, Шыңжаңдағы қазақтың арқасүйер тауы құлады. Естіп жатырмыз, Жанәбіл ақсақалдың өмірден озғаны туралы қаралы хабарды естіген үш аймақтың қазағы Үрімжіні басып қалыпты. Ардақты ағамызды ақтық сапарға шығарып салуға жиналған жұртта есеп жоқ дейді...

Кеше Жәкеңнің ұлы Жігер мен келіні Нұрғаным, күйеубаласы Сыздық пен қызы Әлия аяулы әкелеріне арнап, Алматыда дастархан жайып, құран оқытыпты. Мыңға таяу адам келіп, Жанәбіл ағаның ұрпақтарына көңіл айтыпты.

Жоғарыда айтылған Астанада өткен асқа да ешкім-ешкімді арнайы атап шақырған жоқ. Тек, ас берілетін уақыт пен орынды көрсетіп, әлеуметтік желі арқылы жіберілген хабарламаны естіген бес жүзге таяу халық жиналып, оқылған құранға бет сипады. Жайылған дастарханнан дәм татты. Біріне бірі көңіл айтып, қайғыларын бөлісті. Қазақтың бұрынғы дәстүрімен апаларымыз жоқтау айтып, сай сүйегімізді сырқыратты. Естеліктер айтылып, Жәкең туралы ағынан ақтарылғандардың қатары тіпті көп болды.

Мұндай кезде қайғыңды бөлісіп, бір-екі ауыз жылы сөзін айтатын кісінің орны бөлек екен.

Асқар тауынан айырылып, еңсесі түсіп қалған осынау қайғылы жұртқа көңіл айта келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ермұрат Бапи, Аманжол Әлтаев, Жанарбек Әшімжанға жұрт қатты риза болып, алғыстарын айтты.

Коммунистік жүйе қанша жерден бір-біріне қарсы қойып, іріткі салғанымен, Үш аймақтың халқы Жанәбіл Смағұлұлы дегенде, ішкен асын жерге қоятын. Бүкіл шыңжаңның түкпір-түкпіріндегі қазақ атаулы оның қадірі мен қасиетін, іскерлігі мен азаматтық тұлғасын өте жоғары бағалап, алдынан қия өтпейтін!

Міне, сол кемеңгер тұлға өмірден өтіп еді, сол береке мен бірлік, құрмет пен ілтипат бірақ күнде тағы бұрқ етіп бір арнада тоғыса кетті.

Елу жылға таяу биік лауазымды қызметте жүріп, ондаған жыл зейнеткерлік өмір кешіріп, тіпті дүниеден озып кеткен соң да туған халқының қалтқысыз құрметі мен шексіз ілтипатына бөлене білу – анау-мынау тұлғаға бұйыра бететін бақыт емес!

Арғы-бергі заманды көрген, арғы-бергі бетте жасаған жұрт әбден салыстырып байқаған болар, біздің Жанәбіл ағамыз шын мәніндегі бақытты басшы!

Жанәбіл ағамыздың Алла алдынан жарылқасын! Тәуелсіз Отаны бар халық ешқашан жетімдік көрмейді!

Кәдірхан ақын айтқандай, Қаратаудан айрылған қалың орман, енді Алатауға арқа сүйеп жұбанады...

Ауыт Мұқибек

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1004