Бейсенбі, 4 Маусым 2026
Жаңалықтар 119 0 пікір 4 Маусым, 2026 сағат 15:29

Үздік әскери түлектерге "аға лейтенант" шені беріледі 

Сурет: Ақорда сайтынан алынды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әскери оқу орындары үздік түлектерінің қатысуымен өткен алқалы жиында заманауи қазақ әскерінің мәртебесі мен жас офицерлерге артылатын жауапкершілік туралы айтты.

Президент өз сөзінде былтыр әскери оқу орындарының озат бітірушілерін қолдау мақсатында маңызды бастама көтергенін және соған сай нақты тапсырма бергенін еске салды. Осы шешімнің нәтижесінде биыл ел тарихында тұңғыш рет ерекше дәстүр қалыптасып отыр.

Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден «аға лейтенант» шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік, – деді Жоғарғы Бас Қолбасшы жас офицерлерге арнаған сөзінде.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскери шен мен лауазымның салмағына тоқталып, Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің «атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын» деген сөзін мысалға келтірді. Президенттің пайымдауынша, нағыз сарбаздың қадір-қасиеті иығындағы жұлдыздарымен ғана емес, ең алдымен, ел алдындағы адал еңбегімен көрінуі тиіс.

Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді. Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанатты шараға жас сардарлармен бірге олардың ата-аналары да арнайы қатысты. Мемлекет басшысы ел қорғауға лайықты отаншыл, намысты азаматтарды тәрбиелегені үшін сарбаздардың отбасыларына шынайы ризашылығын білдірді.

Жиын соңында Президент жас офицерлердің алғашқы әскери шендерімен құттықтап, олардың қиын да жауапты қызметтеріне табыс тіледі.

Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын! – деп түйіндеді сөзін Мемлекет басшысы.

Abai.kz

 

0 пікір