Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Алашорда 2492 4 пікір 3 Желтоқсан, 2024 сағат 15:25

Шерубай Құрманбайұлы және Алаш шеруі

Сурет: farabi.university сайтынан алынды.

Шерубай Құрманбайұлы. Бұл есіммен сонау 90-жылдардың ортасынан бері таныспын. Тәуелсіздіктен кейін бірден алқымнан ала түскен тұрмыстық қиыншылық тырнағын терең батырып тұрған кез. «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына кетіп», кеңестік үкіметтің қолдауы арқылы бағы жанған ғылымның күйі кетіп, есеңгіреп қалған. Тіршіліктегі қиыншылыққа төзбей, шыдамай мехнатты көп, табысы мардымсыз ғылымды тастап кеткен жастардың көбейген тұсы. Алматыға терістіктегі Қостанайдан ғылым қуып келген біздерге, «сырт көз – сыншыл» дегендей, қазақ ғылымның қара шаңырағы - Ғылым Академиясының ғимаратында жастардың қатары сирек, селдір көрінді. Шындығын айту керек, көңілсіздеу көрініс еді.

Дегенмен де, М.Әуезов атындағы ғылыми институтта қызмет жасап, Алаштың көрнекті қайраткері Смағұл Садауақасұлының әдеби мұрасы тақырыбынан кандидаттық диссертация қорғап, ғылым кандидаты атанған Дихан Қамзабекұлы, Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан туралы толымды, арынды зерттеулер жүргізіп жүрген Сұлтанхан Аққұлы замандастарымыздың қаракеттеріне қарап, үлгі алғандықтан ба, көңіліміз – тоқ. Осылар ұқсап қарекет етсек, ғылымдағы мақсатымызға жетеміз ғой деп үміт отын өшірмей, керісінше, қайта жандандырып жүрген кезіміз.

Бір күні Дихан Қамзабекұлы Ғылым Академиясының жастары бас қосып, Ғалымдар үйінде дөңгелек үстел ұйымдастырылатынын айтып, соған қатысуға шақырды. Жиынға жиналғандар әр салада ғылым қуып жүрген жастар екен. Дихан, Сұлтанхан бастаған бірнеше жігіт Алаш тақырыбына қатысты зерттеулердің маңыздылығы турасында сөз қозғады. Солардың қатарында Шерубай Құрманбайұлы Алаш қайраткерлерінің тілдік мұрасы туралы ой қозғап, пікірін ортаға салды.

Дене бітімі сапта сымдай тартылған сарбаздай, жұқалау келген ақ құба жігіт. Білдей ғылым кандидаты. Кейін білдік, шешен жігіт 90-жылдары аңызға айналған атақты Мұқағали ақынның жерлесі, ақиық ақын оқыған Қарасаз мектебінің түлегі екен. Ғалымының бойындағы іздемпаздық, еңбекқорлық, ғалымдық талант-қабілетке Қарасаз сынды құнарлы топырақтың, киелі өлкенің үлесі бар екені сөзсіз деп таныдық.

Жастар жиынында Шерубай мырзаның ғылымдағы жетістігіне қызыға, тамсана қараған едік. Сол жиналыстан жас, жігерлі замандастарымыздың жалынын көріп, әлі ғалым атанбаған, бірақ үмітке тұмшалана оранған көңілдің жалауын желбіретіп қайтқанбыз...

Бүгінгі қазақ тіл білімі саласының майталаманы, филология ғылымдарының докторы, академик Шерубай Құрманбайұы туралы көрген-білген, көңілге түйген ойларымды ортаға саларда тақырыпты қалай қойсам екен деп ойландым. Ақыры «Алаш шеруі» деген тіркесті кейіпкердің есімі мен сойына тіркедім. Сөз әуезділігінде бірыңғайлықты, үндестікті талғағанмен, жекелеген сөздерден құралатын сөйлем әуезділігіне терең мағына орнатуды көздедік. Оның мәнісі мынада: сол бір 90-жылдардағы бір топ жалынды жастардың ғылым жолында тыңнан бастаған Алаш тақырыбы - «Алаш шеруі» бүгінгі қазақ ғылымының күрделі саласына айналды. Сол «шерудің» алғашқы толқынында болған біздің кейіпкеріміз - Шерубай Құрманбайұлы бүгінгі таңда қатары молайған, шеруі ұзарған саптан шықпай, тынымсыз еңбек етіп келеді.

Шерубай мырзаның ғылым жолында «ат жалын тартып», ерге қонған кезінде ұстанған тақырыбы – тіл білімінің терминдер саласы. Ғалымның кандидаттық диссертациясы Алаш қайраткері, агротехник-зоотехник Жұмахан Күдериннің «Өсімдіктану» оқулығындағы терминдер мәселесі, оның ұлттық термин жасаудағы мән-маңызын зерттеуге  бағытталды. ХХ ғасырдың басында  Алаш зиялылары ғылыми тіл мен қарапайым халық тілі арасындағы алшақтықты ұлғайтпай, халыққа түсінікті болуды мақсат етті. Олардың басты мақсаты халықтың сауатын ашып, қазақ елін мәдениеті дамыған мемлекеттер қатарына қосу болғандығы бүгінгі таңда белгілі таным. Жас ғалымның ізденістері нәтижесінде Алаш ағартушылығының оқулықтар жазу ісіне, оның ішінде жаратылыстану ғылымының оқу құралдары мен терминдерін қалыптастыруда айрықша үлес қосқан Ж. Күдерин өз жұртымен қайта қауышты.

Алаш рухымен ерік-жігерін қайраған Құрманбайұлы Шерубай терминдер саласындағы ізденістерін одан әрі тереңдетіп, сол 90-жылдардың соңында «Қазақ лексикасының терминденуі» атты сүбелі монография жазып, көп ұзамай докторлық диссертация да қорғады. Бұл жүген-құрық тимеген бесті айғырды бас білдіргендей қиямет әрі қызықты, табысты зерттеу болды.

«Орда бұзар отыздың» ішінде кандидаттық һәм докторлық диссертация жұмыстарды еңсерген талантты ғалымды оқу ордалары мен жоғары үкіметтік мекемелер қызметке тарта бастады. Ғалым өзі білім алған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ұстаздық қызметке, одан соң ҚР Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігінің құрылымдарында лауазымдық қызметтер атқарады. Министрліктің басқарма бастығы лауазымынан ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының кеңесшісі қызметіне дейін жоғарылайды. Ғылым жолында қызмет жасаған, кандидаттық және докторлық диссертция жұмыстарын қорғаған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтын да басқарды.

Ғалым әкімшілік қызметтерді атқара жүріп ғылымнан да қол үзбей, «Қазақ терминологиясы дамуының кезеңдік сипаты» (Астана, 2002), «Қазақ терминологиясы дамуының ғылыми қағидаттары» (Алматы, 2004), «Алаш және терминтану (ХХ ғасыр басындағы қазақ терминологиясы. 1910-1930 жылдар) (Алматы, 2008) атты монографиялық зерттеулерін жазды, ұстаздық қызметтен алыстамай шәкірттер дайындады.

Ғылымдағы алғашқы табысты қазыналы Алаштанудан тапқан Шерубай мырза сол саланы індете зерттеп, А. Байтұрсынұлы, Е. Омарұлы, Ә. Бөкейхан, Н. Төреқұлов, Х. Досмұмұхамедұлы сияқты Алаштың көрнекті тұлғаларының еңбектеріндегі ұлттық тіл, термин мәселелеріне қатысты кешенді зерттеулер жүргізіп, тіл білімінің көкейкесті мәселелеріне ерекше үлес қосып келеді.

«Қазақ тіл білімінің, - дейді ғалым, - оның ішінде ғылыми терминологияның қалыптасуы мен дамуы туралы сөз қозғағанда, алдымен Ахмет Байтұрсынұлының есімі ойымызға оралады. Себебі – қазақтың ұлттық ғылым тілінің, терминологиялық қорының дамып, қалыптасуының тұтастай бір кезеңі ғалым еңбектерімен, оның ғылыми-педагогикалық, ағартушылық және ғылыми-ұйымдастырушылық қызметімен, қайраткерлігімен тікелей байланысты. Сондықтан да қазақ терминологиясының тарихы, оның даму, қалыптасу кезеңдері туралы сөз қозғағанда Ахмет Байтұрсынұлының ғылыми шығармашылығы мен қоғамдық қызметіне жан-жақты тоқталу, оны терең зерттеу өте маңызды. ...Ахаң бастаған Алаш зиялылары тарапынан алғаш рет терминологияны дамытудың бағдары белгіленді. Терминологияға қатысты айтқанда отыз-қырық жылды дей алмасақ та, жиырма жылдай уақытты, дәлірек келгенде, 1910-1930 жылдар аралығын «қазақ терминологиясы дамуының Байтұрсынұлы кезеңі» деуге толық негіз бар. Өйткені ғасыр басынан 30-жылдарға дейінгі қазақ терминологиясының дамуы Ахмет Байтұрсынұлы есімімен тығыз байланысты. Өйткені ол өзі жүздеген терминдер жасап, оларды қолданысқа енгізіп, ұлт тілінде термин жасаудың үлгісін көрсетті».

2022 жылы ұлт ұстазы А. Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде Қазақстанның барлық өңірлерінде, сонымен қатар Астана, Алматы, Түркістан сынды қалаларында шетелдік ғалымдардың қатысуымен А. Байтұрсынұлына арналған Халықаралық ғылыми конферециялар өтті. Баяндамашылар тобында Шерубай мырза жүрді.

Ахаңның шығармашылығын әлемдік деңгейде насихаттау мақсатында Үкімет шетелдік әріптестерімен тізе қоса отырып, Қазақстаннан тыс жерде бірнеше Халықаралық конференция ұйымдастырды. Соның бірі Түркияның Стамбұл университетінде өтті. Конференцияға қатысу үшін бір топ қазақстандық алаштанушы ғалымдарға Стамбұлға ат басын тіреу нәсіп болды. Алқалы ғылыми жиында Қазақстандық делегация тобынан бірнеше ғалымға арнайы баяндама жасау мүмкіндігі берілді. Сол мүмкіндіктің бірі Шерубай Құрманбайұлының еншісіне бұйырды.  90-жылдарда Алаштануда алғашқылардың бірі болып топжарған ғалым Түркияның Стамбұлында тағы жарқ етті. Осылайша, баяғы кішкене топтың жігер-жалынымен көмкерілген Алаш шеруі мемлекеттік деңгейге көтеріліп, Түркияда жалғасты. Бұл қыр астынан кішкене бұлақ болып бастау алып, оның өзегі өзенге ұласып, өзен құлдилап теңізге құятыны секілді көрініс еді. 90-жылдары басталған «Алаш шеруінің» бүгінгі таңда салтанат құруына Шерубай Құрманбайұлы сынды алаштанушылардың еңбегі зор болғаны ақиқат.

Қазіргі таңда ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы Әлихан Бөкейханұлының тілдік тұлғасын сараптауға бағытталған күрделі кешенді зерттеу жұмысын жүргізіп келеді. Ғалымның ғылыми зердесінде ұлт көсемінің тілдік тұлғасының ерекшеліктері айқындалып, оның қазақтың жазба әдеби тіліне қосқан үлесін және қазақ тіліндегі ғылыми стильдің қалыптасуына жасаған ықпалын талдауға, ұлт көсемінің аудармалармашылық ерекшеліктерін, ғалымның сол кездегі тіл саясатына қатысты көзқарастары мен ұстанымдарын зерделеуге бағытталған.

Алғашқы ғылыми табысты Алаш тақырыбынан тапқан ғалымның іздемпаздық мұраты Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның әлеміне сатылап келуінде пәлсафалық негіз бар. Алаш тақырыбына ат байлаған шынайы, нағыз ғалым Әлихан Бөкейханнан шылбыр үзіп, алыс кете алмасы анық!

Жас кезінен «Алаш шеруінен» шыңдалып, тұлпар болып бәйгеден озған, ғылым жолында биік таудағы шынар ағаштай берік болып толысқан ғалым Шерубай Құрманбайұлының әлі де толағай табыстарға қол жеткізетініне замандас ғалым ретінде сеніміміз кәміл!

Алмасбек Әбсадық,

Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958