Ғаламды шарлаған қалам
Қашықта жүргенімен, қаламының құдіреті арқылы-ақ қасыңдағы сырласыңдай қадірлі, жазуымен-ақ жаныңа жақын тартатын адамдар болады. Олармен екі күннің бірін бірге өткізіп, егіз қозыдай қатар жүру шарт емес, тіпті жылдар бойы жолықпауың да мүмкін. Бірақ қашаннан кеудеңнің түкпірінен еншілеп қойған өз орны бар, сөредегі кітабына көзің түссе де, баспасөзден пікірін оқып қалсаң да, тіпті басқа бір мінәйі себеппен жадыңа оралса да, жүрегің жылып, жаның жадырап сала береді – әне, шығармашылық қуаттың тылсым құпиясы! Спорттың жілігін шағып, майын ішкен майталман журналист, жазушы Несіп Жүнісбайұлы – біз үшін осындай орны бөлек тұлға.
Ұстаз бен шәкірт
Жасыл алаңдағы айқасқа аңсары ауып, жанкүйерліктің жазылмас ауруы қанына сіңген жан жарыс тамашалаумен ғана шектелуші ме еді. Көгілдір экран арқылы ес-түсті алған ерен бәсекенің дуын сезінгенмен, ол туралы дуалы ауыз дүлдүлдердің не дегенін білгенше дегбір кетпей тұра ма? Қазір ғой, еңкейген кәрі де, еңбектеген бала да қолынан түспейтін қолақпандай телефон арқылы дүниенің жаңалығын үйден шықпай-ақ біліп отыр, ал баяғыда доп додасы немесе басқа да дүбірлі бәйге кезінде қалалықтар таң атпай газет алуға ұзын-шұбақ кезекке тұрса, ауылдағылар астындағы жабы торысынан да өткен жайбасар пошташының қарасын көргенше жаны жай таппас еді. Зарықтырып жеткен газеттің соңғы бетіндегі репортажға ғашығының хатындай ынтыға үңіліп, тіпті петитпен терілген алақандай ақпаратына дейін құныға оқып, құмардан шығар еді. Сосын басылымның бағалы бетін тәптіштеп қиып алып, сары майдай сақтап қояр еді...
Тәннің саулығы мен сұлулығына ғана бас иген балаң шағы баяғыда-ақ артта қалған «спорт деген бір сиқыр» енді дене шынықтыру деңгейінен өсіп, ірі әлеуметтік құбылысқа айналды. Оның дамуы, таралуы, танылуы тек сол салаға жауапты құрылымдардың ғана жұмысы болудан қалып, «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызатын» БАҚ-тың, баспасөздің де рөлі аспандап шыға келді. Қазақта қалам пен қайраттың байланысы тығыз болуы керектігін алғаш ұғынып, сол бағытта тынымсыз тер төккен адам – Сейдахмет Бердіқұлов еді. Рас, ұлы Мұхаң – Мұхтар Әуезов те футболға қызыққан, осыдан 100 жылдан астам уақыт бұрын «Жарыс» командасында өзі де доп тепкен, Сәбең – Сәбит Мұқанов та, Сәкен Сейфуллин де, Сәуірбек Бақбергенов те спорт тақырыбында біршама қалам тербеген. Десек те, спорт қаламгерлігін мақсатты да жүйелі түрде қолға алып, кәсіби деңгейге көтерген тұңғыш тұлғаның Сейдағаң екеніне ешкімнің дауы болмас.
ХХ ғасырдың 70-80-жылдарындағы «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш») газетін «нағыз шебер журналистер шыңдап шығаратын ұстахана» десек жарасқандай. Сейдағаң – бас бапкер болса, Жанболат Аупбаев, Жарылқап Бейсенбайұлы, Жұмабай Шаштайұлы, Ержұман Смайыл, Ерғали Сағат, Ертай Айғалиұлы, Қайнар Олжай, Дүрәлі Дүйсебай, Қыдырбек Рысбек және т.б. сайыпқырандар – команданың жұлдызды ойыншылары еді. «Солардың ішінде шоқтығы биігі Несіп Жүнісбайұлы еді» десек, артық айтқандық болмас, өйткені сол «бас бапкердің» өзі айрықша құмар спорт тақырыбын эстафета таяқшасынша іліп әкетіп, әрі қарай жалғастырған – біздің Несағаң екені анық.
Жалғастыру былай тұрсын, ұстаз бен шәкірттің қалам жарыстырып, қатар жазғаны да бар. Мен бұл қызық жайтты алдымен Қ.Олжай ағадан естіген едім, кейін Несағамның өз естелігінен де тауып алдым:
«Сейдахмет ағаның илеуіне түскеніме төрт жылдай өтіп (1978 жылды айтып отыр – С.С.), бұзау терісіңдей былқылдап қалған шағым... Бір күні мені Сәкең шақырды.
– Несіп, анау Аргентинада не болғалы жатқанын білесің бе?
– Әрине, аға, футболдан XI әлемдік чемпионат өткелі жатыр ғой...
– Соған даярлық қалай?
– Тастай, аға! Ол додаға қатысатын 16 команда жайлы жарық дүниедегі жарияланған барлық деректерді көзінен тізіп жинап қойдым.
– Браво! Онда былай істейік, Несеке, осы чемпионаттың 16 жүйрігі жайлы мен де қалам сілтегім келіп, қолым қышып жүр. Жарайды десең, екеуіміз жарыса жазайық!
– О, аға, мынауыңыз керемет қой! «Лениншіл жастың» футбол жанкүйерлерін Құдай жарылқады десеңізші. Тек...
– Немене, маған қимай отырмысың досьелеріңді?! Мен өзім де құр қол емеспін...
– Жоқ, аға, сізге қимағанды қайда апарамын?! Тек сіздің жазғаныңыз көкте қалықтап, менің жазғаным жер бауырлап жатпаса болды да... Жүрегім дауаламай тұрғаны...
– Сөзді қой, бала. Баста! «Көз қорқақ, қол батыр» деген. Алға!
...Шіркін, «Лениншіл жас»-ай! Заманыңның Ақжелкен кемесі болғаныңды көнекөз бір оқырманың жоққа шығармас-ау. «Аргентина: әлемдік доп-дода» айдарымен жарияланымдар дүңк-дүңк шыға бастаған соң-ақ Аргентинадағы футбол чемпионатыңыз үдере көшіп Қазақстанға, оның ішінде «Лениншіл жас» газетінің беттеріне қоныс тепкендей болды...»
Сөйтіп, қысқасы, чемпионат басталатын 2 маусымға дейінгі аралықта додаға қатысатын 16 команданың 14-і таныстырылып бітіп, тек екеуі – Франция мен Аргентина ғана қалады. Сонда Несекең: «Ақыры үлгермедік қой, осы екеуінің бірін чемпионат соңына қалдырып, чемпион болған кезінде жарияласақ қайтеді?» – деген ұсыныс тастайды. Мұны қолдай кеткен Сейдағаң: «Гениально! Әй, қайсысын... Менің ойымша, Аргентина чемпиондыққа бір табан жақыңдау. Өз ауылы, өз ауасы, өздері намысты, от мінез халық, қарсы болмасаң, Аргентинаны қалдырайық!» – дейді. Құдай аузына салған шығар, расында да Аргентина чемпион болып, ақырында оқырманға «таныстырылмай» қалған жалғыз команда алтыннан алқа таққан күннің ертеңінде ол туралы «Танысыңыз, әлем чемпионы!» деген мақала жарқ ете қалады. Бұл естелігін Несағам «Біз қалай чемпионатқа бармай-ақ Аргентинаны әлем чемпионы атандырдық?» деп атапты...
Он олимпиада, бес әлем чемпионаты!
Сейдағаңның өзі сонау жылдары доп дүрсіліне елеңдеп, Лондон мен Мехико шарласа, үздік шәкірті оның бұл дәстүріне де адалдық танытты: талай халықаралық жарысқа журналист ретінде қатысып, әлемдік деңгейдегі сан доданы өз көзімен көріп, оның қызық-шыжығы мен егжей-тегжейін көркем тілмен кестелеп, қазақ спорт әуесқойларының қазынасына айналған қадау-қадау еңбектерін жазды. Соның бірі – 1984 жылы жарық көрген «Футболмен тыныстаған Испания» атты кітабы. Содан екі жыл бұрын испан жасыл алаңдарында өткен ХІІ әлемдік доп додасының қызығы мен қызуын сол күйі бере білген бұл керемет туындыны өзгелермен таласа-тармаса жүріп, жұлым-жұлымы шыққанша біз де оқығанбыз. Чемпионаттың ең тартысты һәм шешуші бәсекелеріне ғана толығырақ тоқталғаны болмаса, кітап футбол мерекесі аясынан асып, аталған елдің әдет-ғұрпы, мінез-құлқы, әлеуметтік ахуалын қамтыған әрі сапарнамалық, әрі танымдық таптырмас дүние болып шыққан. Өз басым әсіресе испандықтардың корридасы туралы дәл Несағаңның жазғанындай тұшымды еңбекті, арада қырық жыл уақыт өтсе де, әлі күнге кездестірген емеспін. Мінеки, оқыңыз:
«...Алаңда бүйірін соққан бұқа мен сабына әсем гүлдесте оралған екі сүңгісі бар бандерильеро! Бұл – корриданың ең бір ғаламат сәті. Музыка үні пышақ кескендей тыйылады. Тек сәт сайын өрши түсетін барабан үні. Бұл аса ауыр, қиын да қауіпті жаттығу орындалатын кезге өзіндік бір дайындық сияқты. Бұқа қапысын күтіп тұрғандай қимылсыз күйде қос сүңгісін жалт-жұлт сермеген адам ғана тынышсыз. Ол бір орнында секіре береді. Барабан дабылы ең шарықтау шегіне жеткенде, бейне біреу бұйрық бергендей-ақ бұқа секеңдеп тұрған бандерильероға қарай тұра ұмтылады. Мына жойқын екпіннен екінің бірі тұра қашар еді. Сонау биікте отырып, біздің жүрегіміз дүрс-дүрс соғады...
Бандерильеро секеңдеген қалпын біразға дейін өзгерткен жоқ. Бұқа өзіне бес құлаштай қалғанда ғана «келсең кел» дегендей қасқайып қарсы тұрды. Бұқаның мүйізі қарнынан енді-енді ілді-ау дей бергенде (біздің делегацияның бір қызы бетін басып, шыңғырып жіберді), бандерильеро аса шалт, аса ғаламат қуатпен оң жағына қарай оқыс секірді. Сол күйімен ауада қалқып қалды. Бұл – бір ғана секундтың ішінде жалт еткен көрініс. Бұқа бар қуатымен қайта ұмтылды. Мүйіз бен адамның арасында қарысқа да толмайтын қашықтық қалғанда бандерильеро қолындағы қос сүңгіні бар салмағын сала бұқаның күжірейген желкесінің тұсына қадады. Қадады да, бұқаның мүйізіне ілініп кетпеу үшін шұғыл оңға ойысты. Мұның бәрін ол бір-ақ демде, бір ғана сәтте, жерге түспей, ауада қалқып бара жатып орындады!
Матадор шықты ортаға... Бұқаның қозғалуға шамасы жоқтай. Тілін салақтатып басын жерге салып тұр. Қарсы алдында матадор, оң қолында оңтайлап ұстаған семсер, сол қолында сілтеуге даяр желбегей... Матадор желбегейін желпіп кеп қалды. Бұқа соңғы күшін жинап, тұра ұмтылды. Матадор алға аттай беріп, қолындағы семсерін құлаштай сілтеді. Өткір семсер ине қадағандай, бойлап жоқ болды. Бұқа тобықтан қаққандай матадордың аяғын сүзе құлады.
Қандай қатал сурет?! Өте қатал, тым қатал, шектен тыс қатал! Солай ойладым. Корриданың президенті бастап орамал бұлғаған стадион толы көрерменге қосыла қол шапалақтап тұрып солай ойладым, өмірі көрмеген бұл суретке сенбей, өксіп жылаған өзіміздің қыздарға өкінішімді қосып тұрып солай ойладым, бір-біріне ұқсас әлгіндей оқиғалар тізбегін көргенде төбе құйқам шымырлай отырып осылай ойладым! Ел мақтаған матадор Ниньо де ла Капеа трибунадан лақтырылған гүлге көміліп тұрып, қолындағы қан саулаған құлақты алаңға таяу отырған әдемі әйелдердің біріне лақтырғанын көріп отырып та осыны ойладым! Үлкен бір шаңыраққа соғым болардай ғаламат дәу бұқаның әлгінде көрген сүйреткімен қос мүйізден іліп алып, дырылдатып сүйреп бара жатқанда да осыны ойладым! Араға бір-екі минут салып құмға ұйыған қанды жасыра салып, тағы бір бұқаны ортаға жібергенде де осыны ойладым...».
Олимпиадаға немесе басқа да халықаралық жарысқа барған журналисті құр қызық қуып жүрген жандай көретіндер де бар шығар. Бірақ негізгі жұмысын мүлтіксіз атқарумен қоса, арасында уақыт тауып, сол барған елінің салт-санасын, жөн-жоралғысын, тұрмыс-тіршілігін зерделеп, оны өз оқырманыңа осылай таныстыра алудың өзі керемет емес пе? Әрі қай жайтқа да ата-бабасынан бері мал бағып, төрт түліктің өзіндік орны мен қадір-қасиетін біліп өскен қазақтың баласы ретінде қарап, ой түюі де орынды. Жалпы, Несіп Жүнісбайұлы қай тақырыпты қозғаса да, нені суреттесе де, оған ұлттық ұстаным тұрғысынан, қазақы таным биігінен назар салады.
Бұдан кейін шыққан «Мексикадағы футбол тойы» да спортқа әуес жан біткенді өзіне әбден ғашық етті. Мен де ағамның «Шаңырағыңда Марадонадай саңлақ ұл өссін!» деген қолтаңбасы бар осы кітабын сөремнің төрінде аса құнды тәбәрікше тәптіштей ұстап келемін. «Үшінші раунд», «Ауылдан шыққан алыптар», «Мұстафа Өзтүрік», «Олимпийский маршрут», «Бас иемін!», «Ережесіз белдесу» секілді кітаптары да жанкүйер қауымның жанын рахатқа бөлегені ақиқат.
Рахатқа бөлейтіні – Несіп Жүнісбайұлы спорттың қыр-сырын жете меңгеріп, жілік шаққандай жеке-жеке талдап береді, былайғы жұрт байқай бермес қалтарыс-бұлтарысына шейін қалт жібермейді. Сосын қазақ тілінің нағыз шұрайы мен шырайын барынша баппен қолданып, бағын аша біледі. Футболдың, күрестің, бокстың, т.б. спорт түрлерінің қайсыбіреулер «тіс бата қоймас» деп тікелей аударып жүрген терминдері мен ереже-ерекшеліктерін қазақы қалыпқа сай, ұлттық ұғыммен шымқай орап ұсынғанда, ана тіліміздің қаншама мол мүмкіндігін пайдалана алмай жүргенімізге көзіміз жетіп, жер шұқып-ақ қалатынымыз рас. Спорттың өн бойына тән алып-ұшқан айрықша көңіл-күйді, доппен бірге дүрсілдеп отырар жүрек қағысын, жарыстың жанкүйер қанын қыздырар алапат аптығын дәл бере білер суреткерлік, жазушылық шеберлігі – өз алдына бір жыр.
Өнерге іңкәр саф көңіл
Н.Жүнісбайұлы шығармашылығында қазақ спортшыларының портреттік галереясы ерекше орын алатыны рас. Мұнда сонау Қажымұқаннан тартып, Әбілсейіт Айханов, Әбдісалан Нұрмаханов, Әмин Тұяқов, Ғұсман Қосанов, Тимур Сегізбаев, Құралбек Ордабаев, Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Мұстафа Өзтүрік, Асылбек Қилымов, Гүлнар Сахатова, Нұрбақыт Теңізбаев, Мәулен Мамыров секілді түрлі аламанда қазақтың атын шығарған саңлақтардың бейнесі сап түзеп тұр. Бекзат Саттархановқа қара сөзбен жазылған реквиемінің өзі неге тұрады?!
Әншейінде көп сөзге жоқ, тоқ етерін бір-ақ айтардай томаға-тұйық көрінетін спорт марғасқаларының Несағаңмен тілдескенде емен-жарқын ашылыңқырап, еркін сөйлей бастайтынын аңғару қиын емес. Өйткені, біріншіден, олар бұл кісіні «өз ортамыздың адамы» деп біледі, өзімсіне жылы ұшырай қарайды, қалтқысыз сенеді, екіншіден, кез келген адаммен тез тіл табысып, тірі пендеге айтпас жан сырын майдан қыл суырғандай суыртпақтап, сөйлете білетін кәнігі кәсіби шеберліктің алдында бәрібір дәрменсіз, үшіншіден, әрқайсысының спорттағы әр қадамын, еңісі мен жеңісін өзінен артық біліп, сайрап тұрған маман еріксіз құрмет пен ықылас сезімін оятары сөзсіз.
Алайда Несіп ағамыз тек спорт тақырыбында ғана қалам толғады десек, қателесер едік. Ол – мұнымен қатар руханият тақырыбына келгенде де су төгілмес жорға. Құнарлы тіліміздің мол мүмкіндігін спорт тақырыбының өзінде қалауынша қамтып жүрген жазушы ұлттық өнер мен мәдениет саласына келгенде тіпті еркін көсіліп, ерекше шабытпен жазады. Қайбір жылы аяулы Ақаңның, қазақ руханиятының қайталанбас білгірі һәм жанашыры Ақселеу Сейдімбекті еске алу сипатында жазылған «Ақселеу жұмбағы» деген эссесі талай адамның көзіне жас алдырғаны да есте. Сондай-ақ жазушы Софы Сматаевтың әйгілі романынан тартып, жалпы шығармашылығы жөнінде сыр шерткен «Елім-айлап» еңіреген қаламгер», «Қазақтың ән биігі» (Қайрат Байбосынов хақында), «Шырқашы, Жәнібек!» (Жәнібек Кәрменовпен шер тарқатысу), «...Жан бөлек» болғанымен, тағдыр ортақ, аға!» (Асанәлі Әшімұлымен сырласу), «Күйдің Генералы» (Генерал Асқаров жөнінде), «Чемпион-әнші» (Димаш Құдайберген феномені туралы) секілді эсселері ойлы оқырманды елең еткізді. Себебі бұл туындыларының өн бойында автордың хас өнерге іңкәр саф көңілі де, әдеби-мәдени әлемнің ұңғыл-шұңғылына жетік біліктілігі де, шығармашылық адамының сан қатпарлы жандүниесіне үңіле білетін сұңғыла зеректігі де қоса өріліп, көрініп жатыр.
Әдебиет, «Спорт» һәм «Намыс»
Несағаңның оқыған жанды бірден үйіріп әкетер әсем жазуына сүйсініп отырып, «шіркін, бұ кісі көркем әдебиетке неге көбірек араласпады екен?» деген ойға қалатынымыз анық. Әйтпесе әп-әдемі-ақ бастамап па еді? 1983 жылы «Рингтегі тағдыр» атты повесі (қазір хикаят деп жүрміз ғой) «Жалынның» жабық бәйгесінде жазушы Марат Қабанбайдың «Жиһанкез Титиімен» қатар екінші жүлдеге ие болды (бірінші орын ешкімге берілген жоқ). Н.Жүнісбайұлы бұл туындысында Олимпиададағы бокс финалын негізгі оқиға орны етіп ала отырып, басты кейіпкердің (оның Серік Қонақбаев екенін ішіміз сезеді) балаң шағынан осы бас айналдырар табысқа жеткенге дейінгі бүкіл өмір белестерін, қалыптасу жолдарын қадау-қадау детальдармен бірте-бірте аша түсіп, ақырында бүтін бейне түзіп шығады, тұтас тағдыр көрініс табады. Ал әйгілі Сүгір күйшінің ғұмыр тарихындағы бір үзік сырдан қандай мұңды да сазды әңгіме тудырған?! «Кертолғау» атты осы әңгіменің мына бір тұсын бірге оқиықшы:
«Әуелі кең әлемді бір кеудеге сыйғызғысы келетін керемет бір толқыныс домбыра шанағынан ықылық атып, сыртқа қашты. Дереу асқақтаған астыңғы шекке мұңы басым үстіңгі шекті қоса қойды: тата-тата-та, та-та-тата-там, та-та-тата-та, тат-тата-там... Күй баяу ғана, бұйығы, ойлы басталды. Тізгінді тежеп отырған Сүгірдің өзі. Күйдің керемет те келісті тұсын тартып отырып, әзірге беймәлім жалғасын ойлап отыр. Сол тұсқа келгенде қайтер екен?! Саусағының өзі сұңқыл саздың заңды жалғасын тауып кете берсе жөн-ақ. Дәл сол жерде аяғына қан түскен аттай сүрініп кетсе, өлім ғой.
Күйдің басталған тұсындағы толғағы ащы бөлігін тағы бір қайталап алды да, орта сағаға түсті. Қағысы сәл ширады. Жауырынының жіпсігенін сезді. Орта сағада ойқастап-ойқастап алып, үш перне жоғары көтерілетін де, сол жерде қос ішектің ең бір сазды тұсын тауып басып, құйқылжытып кететін. Тура бір су шайқалмас жорғаның жүрісі дерсіз, тайпалтып жөнелді. Тыңдаған жанның тұла бойы отқа түскен темірдей балқып жүре берер сәті осы.
Жігіттер «бұл не керемет күй?» дегендей, ауыздарын ашып қалған. Далада жел соғуын, құс ұшуын тоқтатқандай. Тек қана тұла бойыңды теңдессіз сұлу сипағандай, ессіз бір сезімнің теңізінде қалқандай қалқып кете барасың...».
Алайда Несіп Жүнісбайұлын жазушы ретінде әйгілеген шығарма – «Әкемнің қамшысы» болар, сірә. Туасы қарапайымдығынан танбайтын автор повесть деп бергенімен, романның жүгін көтеріп тұрған шығарманың қазақы әңгімешілдік баянмен жаймашуақ басталуы да, орта тұстағы ширыға түскен иірімге толы қым-қуыт шиеленісі де, оқырманды үздіктіре, ынтықтыра келіп... бастан қамшымен тартып жібергендей есеңгірете аяқталатын драмалық түйіні де бір-бірімен үйлесім тауып, өзара жымдасып тұр. Жазушының теңеуі дәл, суреті мол құнарлы тілінен («Алақанына аналық махаббатын май етіп жағып, сонымен сылап жатқандай...») бөлек, оқиға құру, образ жасаудағы зерделілігінен басқа, бұл туынды тұтас қоғамымызды түбіне тартып бара жатқан қорысты батпақтың қоясын ақтарып, сол арқылы озық ой, үлкен идея айта алуымен құнды.
Әдебиетке тереңдеп баруға мұрша бермеген негізгі үш себеп ретінде Несағаңның өзі мыналарды атайды:
– Біріншіден, бес томдық «Олимпийский маршрут» кітабы. Құдай сәтін салып, жолым түскен, өз көзіммен көрген Олимпиадалардағы қазақ спортының шежіресі, жеңістеріміз бен жеңілістеріміздің жыры мен сыры іспетті бұл бес томдық менің 30 жылдай уақытымды алды. Әрине, бұлар да – менің төл еңбегім, туындым, бірақ көркем әдебиетке жұмсар қуатымды құрбан еткені де рас. Екіншіден, «Спорт» газетіндегі бас редакторлық қызметім. Редактор болу – зор мәртебе, атақ-абырой ғана емес, ол – жауапты міндет, үлкен өнер! Мен «Спорт» газетіне бас редактор боп 1991 жылы тағайындалдым. Содан ұзын-ырғасы он үш-он төрт жылдай басылым басқардым, басқалардың жазғанын өңдеп-жөндеп, түзеп-күзеудің өзімен-ақ күшім сарқылды. Үшіншіден, нағыз жазар шағымдағы қажыр-қайратымның көбін «Намыс» футбол клубын құруға, жасақтауға, оны аяғынан қаз тұрғызуға жұмсаппын...
Рас, Несағаңның 90-жылдардың басында тек қана қазақ балаларынан тұңғыш «Намыс» ұлттық футбол клубын ұйымдастырған еңбегін ерлік деп бағалауға болады. Бүкіл ел бойынша сұрау салды, ойдан-қырдан іздеді, жарғақ құлағы жастыққа тимей қабілетті қаракөздерді тапты. «Намыс» командасы бес жылдай өмір сүрді. Кейін бүкіл қазақ дейтін ұлттан, біртұтас Қазақстан дейтін мемлекеттен сол команданы ұстап тұра алатын, жүрегі ұлт деп соғатын бір азамат табылмай, зор машақат еңбекпен, жүрегі ұлт деп соғатын бір азамат табылмай, зор машақат еңбекпен, ауыр азаппен құралған ұжымның тоз-тозы шығып тарап жатқанда, Несағаңның шықпаған құр жаны қалғандай еді. Сол балалардың Нұрбол Жұмасқалиев бастаған бір тобы премьер-лига клубтарында, алды ұлттық құрамада ойнады. Қаржылай көмек болғанда, ол бастаманы әрі қарай тұрақты жүргізуге де болар еді. Амал не...
***
Бүгін, 10 желтоқсанда осы қалам мен спортты қатар алып жүрген жазушы, журналист, тоғызқұмалақтан спорт шебері, жоғары дәрежелі төреші, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Несіп Жүнісбайұлы жетпіс төрт жасқа келді. Осыған дейінгі жазған еңбегін елеп-екшеп, шығармаларының бес томдығын әзірлеумен қатар жақында оның «Олимпийский маршрут» циклінің соңғы – бесінші кітабы жарыққа шықпақ. Мұның ішіндегі бір ерекше нәрсе – Несағаң «ХХІІ ғасырдағы қазақ спортшыларына хат» жазыпты. Жаңа ғасырға дейін әлі 76 жыл уақыт бар. Құдай жеткізсе, ол ғасырда да қазақ халқы, Қазақстан мемлекеті өмір сүріп, гүлденіп, көркейіп тұрар деген үміт күшті, сол болашақ ұрпаққа ағамыздың нендей аманат айтқаны бізге де қызық болып тұр.
Сосын Несағаң өзі «қазақтың Қажымұқаннан кейінгі бас балуаны» деп есептейтін Әбілсейіт Айхановтың өмірі мен тағдырын сыр ғып шертетін «Жердің жарығы» атты екі томнан тұратын роман жазып жатыр екен. Алғашқы кітабын аяқтап та қалыпты. Бәсе, біз білетін Несағаң осыған дейінгі көрген-түйгенін парықтаумен ғана шектеліп отырмаса керек еді. Қайта ендігі атқарар ісін, толғар тақырыбын ойластырып, мерейлі күнді шығармашылық көңіл-күйде қарсы алуға тиіс қой!
Себебі, қаламның киесін ұққан, санасы сергек, ойы жүрдек адам бәрібір жазбай отыра алмайды...
Сәкен Сыбанбай
Abai.kz