Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
46 - сөз 1609 2 пікір 12 Желтоқсан, 2024 сағат 12:54

Абай Крылов мысалдарын қашан аударған?

Суреттер: wikipedia.org, gov.kz және Асан Омаровтың жеке мұрағатынан алынды.

Абай жинағын жаңартудың өзектілігі жайында бірер сөз

Рухани ұстазымыз – ұлы Абайдың туғанына 180 жыл толатын уақыт таяп-ақ қалды. Келер жыл «Абай жылы»   деп атала ма, жоқ па? Егер аталмаса, бұл бұрын-соңды ешқашанда болмаған «жаңалық»! Әзірге тым-тырыс,  өлі тыныштық. Юбилей жайлы ешкім де ләм-мим демейді, билік тарапынан да үнсізсіздік. Жоо-жоқ, дүркіретіп той тойлауға шақырудан аулақпын. Сөз Абайдың жинағы хақында. Ол – қазақтың бас кітабы болып келді. Сол деңгейінде қалуы үшін оны жаңарту керектігі сөзсіз. Қазіргі хәлі: әрбір шығармасына заман сұранысына сай түсінік берілмеген, хакімнің «Тасдиқ» деген басты еңбегі өз атымен бөлек жарияланбай, әлі күнге «38-ші қарасөз» болып жүр. Осыған Абайдың жазылған жылы белгісіз және датасы қате, яғни «адасып» жүрген оннан астам төл өлеңдерін қосыңыз.

Бір сөзбен айтқанда, Абайдың толық жинағында орын алған ақтаңдақтар бастан асады. Құр сөз болмауы үшін төменде «Абай Крылов мысалдарын қашан аударған?» деген ізденісімде назарларыңызға ұсынып отырмын.

Абай орыстың ақыны И.А.Крыловтан 12 мысал-өлең аударған. Кәне, қай жылы? Осы ретте тығырыққа тірелеміз. Неге десеңіз, Абайдың барлық жинақтары «1898 жыл» дейді, ал Тұрағұл болса, өзінің «Әкем Абай туралы» естелігінде «1894 жыл» дейді, әрі оны нақты дәлел-дәйекпенен бекітіп береді. Сонымен, айырма төрт жыл. Дұрысы қайсысы? Төменде осыны жіті тексеріп, яғни датаны нақтылап, соңғы нүктені қоюға ниеттіміз.

Алдымен Тұрағұл дерегін зейін қойып оқиық.  Тұраш аталған естелігінде: «Крыловтың переводтарын 1894 жылы Федоров деген уездной елге келгенде, менің әкемнің Лермонтовтың өлеңдерін перевод еткенін естіп, әкеме айтты: «Сіз Крыловты перевод етсеңізші, қазақтың ұғымына сол қолайлы, жеңіл ғой», – деп. Содан кейін Крыловты перевод етіп еді» деп мәлімдейді.

Нағыз арқатірек дерек, міне, осы! Тұрағұл әкесі Абайдың Крылов мысалдарын қай жылы, неліктен аударғанын қолмен қойғандай анықтап тұрып айтқан. Оның қателесуі мүмкін бе? Жоқ, олай емес. Бертінде архив дерегі – Семей облысы әскери губернаторы, генерал-майор Карпов қол қойған бұйрық табылды. Онда: «Утверждаются въ должностяхъ по выбору общества на трехлетие съ 1893 по 1896 года Чингизской, Волостнаго Управителя – Ибрагим Кунанбаевъ, кандидата по немъ – Азимбай Танырбердинъ» (1893 жыл, 11 қыркүйек) делінген. Тұраш: «1893 жылы сайлауда, баяғы Оразбай мен Күнту тағы да бірі Бұғылыға, бірі Мұқырға шығып, қалған елді өзің ие болып қайырып алмасаң болмайды деп халық ақсақалдары менің әкемді болыстыққа сайлаған» деген, соны архив растап берді. Сөйтіп, ояз Федоровты Абай болыстық қызметі бабымен күтіп алғаны анықталып отыр (Шыңғыс болысы өз елі, сол себепті ел шаруасы пысық жігіт Әзімбайдан аспаған, Абайға тек жалпы басшылық жасау мен Семейге барып, есеп беру ғана жүктелгенін айта отырайық).

Абай Ақшоқыда, қатты торыққан 1892-1893 жж. Лермонтов кітабы қолынан түспеген, өзінің сырлас, мұңдасын тапқандай болған.  Міне, Тұраш «ояз әкемнің Лермонтов өлеңдерін перевод еткенін естіп» деуімен осы фактіні бекітіп отыр.

Қорыта айтқанда, Абай Крылов мысалдарын 1894 жылы қотарған. Оған қылаудай шүбәміз жоқ. Әйтсе де, оқырманның көкей түкпірінде күмән-күдік қалмауы үшін тексерісті жалғастыра түсейін.

1894-1895 жылдары Абай ердің жасы елуде, бұл өзі аса бір мол жеміс берген уақыт. Төл өлеңдері онша көп болмаса да, қара сөздерін өндірте жазды, «Ескендір» поэмасын тәмамдады, Лермонтов пен Крыловтан аудармалар жасады. Оған өнерпаз жастарға ұстаздық қылған еңбегін қосыңыз (ақындық мектебі осы кездері қайта жанданды).

Ал, төрт жыл өткенде, 1898 жылы ше? Сенсеңіз, хәл-ахуал мүлдем басқа. Ақындық мектебі тарады, Абай ел жұмысынан аулақтады (ояз да өзге, Крыловты аударуды ұсынған Федоров емес). Ең басты назар аудару керектігі –  бұл Абай сабалған жыл. 1898 жылдың жазында Көшбике деген жерде, Мұқыр сайлауы кезінде. Әкемнің жаулары «Абайды ұрдық деген атын көтеріп мұратына жетті» дейді Тұраш. Сол күзде ұлы ақын әйгілі «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» өлеңін жазып, онда «қаны қара бір жанмын, жаны жара» дейді. Денсаулығы да, «ауру жүрек ақырын соғады жай» деп өзі мәлімдегендей,  алғаш рет сыр берді (қан қысымы өле-өлгенше мезі етті).

Осы айтылған жәйттерге орай, 1898 жылы Абайдың Крылов мысалдарын тәржімалауы мүмкін емес деп тұжырамыз. Бұл мен ашқан жаңалық емес. Кезінде Әбіш Жиреншин, Сәбит Мұқановтар жазған, ескерткен нәрсе.

Айтпақшы, 1898 жылы уездной (ояз) Федоров емес, Данилов деген болған. Абайға қамшы сілтенген аты-шулы Көшбике сайлауы қарсаңын абайтанушы Әбіш Жиреншин былайша айтады: «1898 жылы, Семей уезіне қарайтын елдің болыс, билерін сайлауға уезд начальнигі Данилов шығатын болды деген хабар ел ішіне дүңк ете түседі» (Абай шығармаларының бір томдық толық жинағы. –Алматы, 1961. – 47-бет).

Абай мысалдарды 1898 аударған деп көрсету – қалың жұртты шатастыратын өрескел қателік деуге керек. Неге? Себебі,  бұл Абайдың хакім биігіне шыққан шағы. Ең көлемді еңбегі – «Тасдиқ» (қазіргіше 38-сөз) трактатына жаны-тәнімен кірісуі сөзіміздің айғағы. Сондықтан аударма, мейлі, басқадай дүниемен дейік, Абай шыққан рухани шыңды бүркемелеп, тасалап тастау қиянат – рухына ауыр жаза болады.

Сонымен, қайталап айтайық, Абай Крыловты 1898 жылы емес, онан төрт жыл бұрын аударған. Оған ғылыми негіздер жеткілікті. Яғни Тұрағұлдың «әкем 1894 жылы Крыловты перевод етіп еді» дегені құран сөзіндей шындық. Ендеше өрескел қателікті неге түзетпеске?! Егер түзетпесек, ойшылдың эволюциясын дұрыс танып-білуге қолдан кедергі қойғандай боламыз.

***

Енді айтылмай бір сөзіміз қалып барады. Ол – Абайдың Крыловты алғашқы  рет 1880-ші жылдары  аударғандығы, ал 1894 жылы соны жалғастырғандығы. Осы пайымға дәлелдер алайық.

Абайтанушы қауым біледі, Мұхтар Әуезов Абайдың Крыловтан аударған бес мысалын ерекше жоғары бағалаған. Олар: «Есек пен бұлбұл», «Қарға мен бүркіт», «Шегіртке мен құмырсқа», «Піл мен қанден», «Түлкі мен қарға». Ал қалған 7 мысалды қатты сынап, оларға Абай аудармасы болмауы мүмкін деген күдікпен қараған. Себебі, алдыңғы бесеудің көркемдік шеберлігі жоғары, кейінгі жетеудікі төмен. Расы солай, мұны қайтіп түсіндірмекпіз?

Өз білуімде, соңғылар 1880-1881 жылдікі, олар тырнақалды аудармалар (Абай осы жылы жазған «Жаңа закон» өлеңі де көркемдік деңгейі сай емес деген желеумен жинақтардан сырт қалып келеді). Бұл жігіт Абай ақындық тәжірибе жинақтаған, әлем классиктерінен үлгі алып, үйренуші болған шақ. Мысалға «Әзім әңгімесі» мен «Масғұт» поэмасы Пушкиннен үлгі алудан туылғаны аян. Сол сияқты Лермонтовтың екі өлеңін тәржімалаған. Әжуа, мысқыл, сықақты жаны сүйетін Абай Крылов мысалдарын айналып өте ала ма? Сірә да, жоқ. Онан үлгі алуы һәм қазаққа ұғымды сарындас-аударма жасап, төл туынды дерлік өлеңдерді дүниеге әкелуі күтулі заңдылық. Нақты факті керек десеңіз,  «Есек» деген (мазмұны Шығыс елдерінен алынған) мысал-өлең Крыловта жоқ, оны Абайдың төл шығармасы демей көр.

Абай Крыловқа ертеректен құмартқанына бұл жалғыз дәлел емес. Абайда «Қарға мен түлкі» мысалының екі нұсқасы бар. Бұл нені білдіреді? Сірә да, біріншісі 1880-ші, екіншісі 1894 жылы аударылған. Екі мысалдан да үзінді келтіріп, салыстыра отырайық.

Бірінші нұсқа:

Боқтықта талтаңдап,
Жан-жаққа жалтаңдап,
Бір қарға жүр еді.
Бір жатқан ірімшік
Көзіне түседі,
Көңілі өседі, – деп басталып, әрі қарай ірімшікті тістеп алып, ағашқа қонған қарғаны жем іздеген түлкінің көргені, оны мақтауға кіріскені баяндала келе, мысал-өлең:

Көп жерден қалқам-ай,
Құмарым тарқамай,
Сізді іздеп келіп ем.
Сүйінсін құлағым,
Тарқасын құмарым,
Әніңе бір салшы,
Асық боп келіп ем.
Мақтауға есіріп,
Барынша көсіліп,
Ырғалып қарқ етті,
Ірімшік салп етті.
Тап етті, шап етті,
Ап кетті қу түлкі.
Антұрған, сол тұрған
Жеріңде бол күлкі, – деп аяқталған.

Енді екінші нұсқаға көз салайық. Ол:

Жұрт біледі, күледі,
Сұрқия тілдің жаманын,
Қошаметшілердің амалын.
Сонда да солар қайда жоқ?
Ептеп айтса, ересің,
Артынан өкінсең де пайда жоқ, – деп басталып, жоғарыдағы сюжет тың ұйқаспен баяндалала келе, соңы:

...«Қалайша біткен, япырмай,
Мұрныңыз бен жүніңіз!
Періштенің үніндей
Деп ойлаймын үніңіз.
Осы көрікпен, бұл жүнмен,
Әншілігің белгілі,
Ұялмай, қалқам, бір сайра,
Біз де алалық үлгіні.
Құс төресі біздерге
Сіз боларсыз бір күні».
Басы айналды қарғаның
Сұмның айтқан сөзіне.
Қуанғаннан бөртініп,
Бір мастық кірді өзіне.
Өзіне біткен өңешін
Аямастан қарқ етті,
Ірімшік жерге салп етті,
Іс бітті, қу кетті, – деп аяқталған.

Зейін қойып оқысақ, соңғы нұсқаның ұйқасы әдемі, көркемдік шеберлігі кемел. Яғни қаламы жүйрік тәжірибелі ұстаздың қолтаңбасы менмұндалап тұр. Демек, соңғы нұсқа 1894 жылдың туындысы. Ал, әуелгі (1880-1881 жж.) аударма мысалдар, Мұхаң айтқандай, кем-кетіктен ада емес. Атап айтқанда, «Емен мен шілік», «Қазаға ұрынған қара шекпен», «Жарлы бай», «Әншілер», «Ала қойлар», «Бақа мен өгіз» өлеңдерінің деңгейі «біздер тырнақалды туындылармыз» деп әйгілеп тұр.

Қорыта айтқанда, Абай Крылов мысалдарын екі кезеңде (1880-1881 және 1894) қотарған. Келешек жинақтарда аударма мысал-өлеңдер осылай екі мерзімге бөлініп жарияланса, әділеттілік болмағы шүбәсіз.

Әрхам Ысқақов 1909 жылғы Абайдың тұңғыш жинағына әкем Кәкітай корректор болған деп жазады. «1906 жылы сапардан Кәкітай бір айда қайта оралды. Корректорлық міндетін өз мойнына алатын болыпты. Петербордағы баспахана бір баспа табақ қағазға басып, Семейдегі Әнияр үйіне жіберіп тұратын болды. Әнияр Кәкітайға жеткізіп тұрды. Кәкітай оның қатесін түзеп, қайта Петерборға жіберетін болды. ...Әріп терушілердің қазақтың сөзін ұқпауынан қатесі көп болды, толық түзеуге мүмкіндік болмады» дейді Әрхам ақсақал. Асыл мұрада мәтіндік қатенің көптігіне, әрине, араб ғаріптерін жетік білмеген терушілер кінәлі. Ал, өлеңдер, аудармалар датасында кеткен қателіктерге Кәкітай себепкер екені шүбәсіз. Әкесінің уақыт тығыздығы жағдайында барлық датаны жалғыз өзі қойып шыққанын Әрхам естелігінен  естіп-біліп отырмыз.

Сөз басында «Абай жинағы – қазақтың бас кітабы» дедік. Соның хәліне қайтып оралайын. Көп қателер, ең болмағанда, көпе-көрнеу өрескелдері түзетілді ме? Жоқ, айта көрмеңіз. Абай кітабы еш өзгеріссіз, кеңестік дәуірдегі жинақтар үтір, әрпіне шейін көшіріліп, қайта басылуда, қан жүгірмес, қатып қалған мумияға таяу демеске лажымыз жоқ. Бүйтіп, асыл мұраны советтік дәуір тұтқынында қалдыра берсек, бәһра болмайды. Өзге іс-шаралардың бәрі бекер, ағайын.

Хакімге ескерткіштер қойылар, ғылыми-зерттеу орталықтары ашылар, бірақ онымен халық пен Абайдың арасы жақындай алмайды. Абайсүйер қауымға ең керегі – түзетілген, жаңа үлгіде даярланған әрі тиражы мол Абайдың толық жинағы! Сол кітабы арқылы жастарды дүниеге ұстаздың көзімен қарауды үйрету ең басты шаруа деген пікірдемін.

Асан Омаров,

абайтанушы

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1958