Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Желтоқсан жаңғырығы 1017 1 пікір 13 Желтоқсан, 2024 сағат 14:19

Тарихи шындық және көркемдік таным

Суреттер: Автордың мұрағатынан және e-history.kz, qazdauiri.kz сайттарынан алынды.

Тарихи шындық және көркемдік таным: ақын Сайлаухан Сағдолдиннің «Желтоқсан қаһармандары» атты поэмасының эстетикалық мәні хақында бірер сөз. 


Ақын, қоғам белсендісі С.Сағдолдинды Шығыс жұртшылығы жақсы біледі десек, артық айтқандық емес. Сөз өнерінің құдіретін құндағынан бойына сіңірген қаламгер бүгінде қазақ руханиятының айшықты тұлғаларының бірі.  Аузы дуалы, сөзі уәлі сөз зергерінің шығармашылық өмір жолы қоғамға, жас буынға үлгі болар ғибратты құндылық. Өлең сөз өлкесіне қаршадай бала кезінен келген қалам иесі қазіргі күні рухани-эволюциялық тұрғыдан кемелденген болмыс иесі әрі абыз тұлға. Қазақтың хас батыры, Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлы қарт адамды шал, қария, ақсақал, абыз деп төрт түрге бөлетінін білеміз. Аталған қарттың төрт аспектілеріне былайша анықтама береді. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шықпайтын қартты – шал; әулетіне ақыл-кеңесін, бағыт-бағдарын беріп, бірлік, берекесінің шырақшысын – қария; ауылдың қамын ойлап, намысын биік ұстап, азаматтарының мерейін асырып, «тентегін тезге салатын» қартты ақсақал; елдің сөзін сөйлеп, ұлт мүддесін қара басының «менінен» жоғары қойып, дау-дамайына араласып, оң шешіміне ықпал етіп, ел тарихы, сырлы шежіресінен тағылымды, тұщымды әңгіме өрбітіп, ұлттық болмыс, рух, сана тәрізді құндылықтарды бойына сіңіріп, қоғамға аталған ізгіліктерді насихаттаушы тұлғаны абыз деп атаған. Бұл мақаламызды абыздық дәрежеге көтерілген, ұлт руханиятының шырақшысы, елінің ақылманы, эпик ақын С.Сағдолдиннің «Желтоқсан қаһармандары» атты деректі тағылымдық, патриоттық мәні терең дастанына арнамақпыз. Тәу етер тәуелсіздігіміздің баспалдағы – 1986 жылғы «Желтоқсан көтерілісінің» (оқиға емес – Д.Б.) тарихи бағасын берген, қаһарман-боздақтардың ұлы ерлігін әспеттеп, насихаттаған кең тынысты эпикалық рух жыры!

Әдеби, ғылыми процесте өміршеңдігін жоймайтын негізгі теориялық мәселелердің бірі – тарихи шындық пен көркем шындықтың өзара үйлесімі табуы. Көптеген қаламгерлер осы гормониялық принциптің нәзік иірімдерін түсіне, аталған қағиданы ұстана алмағандықтан туындыларында олқылықтарға жол береді. Мысалы, тарихи шындықты бүкпесіз, боямасыз қаз-қалпында беруді мақсат етіп (бұл негізі дұрыс мақсұт. Алайда...), тек ұйқасына ғана мән беріп /...Бір сөзін бір сөзіне қиыстырар, Әрбірі келгенінше өз шамасы... Абай/, шығармасының көркемдік бояуын солғындатып алу немесе керісінше, көркемдік айшығын, реңкін арттырамын деп тарихи шындықты тым «безендіріп» жіберу /...Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы, Сонда да солардың бар таңдамасы... Абай/ мәселесі орын алатыны жасырын емес. Сол себепті тарихи шындық және көркем шешімнің (шындықтың) анықтамасы, айырмашылығы, өзіндік ұқсастығын түсіне білу қабілетін шыңдап, туынды жазу барысында екі құбылыстың тепе-теңдігін сақтай, сабақтастыра білу машығын меңгергені абзал. Бұл тұжырымымызға хәкім Абайдың «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы...» деген туындысында өлең сөздің поэтикалық: теориялық, көркемдік (тарихи және көркем шешіміне де), эстетикалық талғамы мен жүйесіне биік талап пен талғам қойып, сөздің «патшасы» поэзияның жаңа үлгі, қалыбын, шартын көрсеткенін мысал ретінде тілге тиек етуге болады. Жоғарыда сөз болған мәселелерді тәжірибелік тұрғыдан жүзеге асырудың әдісі мен әдіснамасын да: «қиыннан қиыстырар ер данасы» ұсынады.

Ақын С.Сағдолдиннің болмысына дарып, түпсанасында бекіген шығармашылық қабілет қаламгердің биологиялық жасымен бірге рухани-эволюциялық тұрғыдан кемелденіп келе жатқан процесс. Ал ізденіс бар жерде шығармашылық процестің иесі бір орнында тұрмайды. Ілгерілейді, шығармашылық лабораториясының әлеуеті артып, таным (теориялық, әдеби, тілдік, тарихи, мәдени, логикалық, эстетикалық, т.б.) көкжиегінің аясы, өрісі кеңейеді. Арқалы ақын С.Сағдолдин осы бағыттағы қалам иесі.

Жоғарыда хәкім Абайдың сөз өнері, өлең сөз хақындағы тұжырымын бекерге сөз қылмадық. Абайдың поэзияға қойылған биік талабы, эстетикалық өлшемі әрбір ақын, ақынжанды тұлғаның әдістемелік нұсқаулығына айналуға тиіс. Сонымен қатар эстетикалық өлшемшарт ұғымына да белгілі мақсатпен арнайы тоқталып отырмыз. Эстетика адамзат баласы өмірі, қызметінің барлық саласында көрініс беретін көпқырлы құбылыс. Эстетикаға сұлулық, көркемдік, айналадағы заттар мен құбылыстарды эстетикалық тұрғыдан түсінуге көмектесетін ғылым саласы деп тар мағынада анықтама беретініміз жасырын емес. Бұл ұғым тек сұлулықты зерделеуден ғана тұрмайды. Себебі эстетиканың: әсемдік, асқақтық, трагедиялық, комедиялық, ұсқынсыздық, құлдыраушылық, сұмдық, бейберекеттік, үйлесімділік деген категориялары бар. Бұл мақаламызда ақын С.Сағдолдиннің «Желтоқсан қаһармандары» деректі дастанын тақырыптық, идеялық, саяси-әлеуметтік, мазмұндық тұрғыдан талдаумен ғана шектелмейміз. Эстетикалық құбылыс, өлшем тұрғысынан баға береміз, зерделейміз.

Сөз зергері С.Сағдолдиннің аталған поэмасындағы тарихи шындық пен көркем шындық үйлесімін, дастандағы кейіпкерлер галереясының психологиялық, тарихи, әдеби, саяси, әлеуметтік және т.б. бейнесін ашу, тану, түсіну, насихаттау барысында эстетикалық категориялардың атқаратын қызметі зор.

Қаламгердің туындыларына эстетикалық құбылыс арқау болатынын аңғарамыз. Әрине тақырып, идея, авторлық ұстаным басты орында екенін білеміз. Дегенмен аталған құбылыстарды жеткізу барысында жоғарыда сөз еткен эстетикалық ұғымдарды өз шығармаларында тиімді, ұтымды қолданады. Бұл тұжырымымыз С.Сағдолдиннің эстет қалам иесі екеніне бірден бір дәлел. Қаламгер шығармашылығын эстетика ұғымының өлшемшарты қағидатына сай зерделесек, сөз зергері С.Сағдолдин эстет ақын.

Туындыгер С.Сағдолдин өзінің деректі дастанында тарихи деректерді хронологиялық біртұтастық принципі бойынша логикалық сауаттылықпен тиімді пайдаланып, терең таным, риторикалық оралымды кестелі тіл арқылы өре біледі. Бұл құбылыс деректі жырдың тарихи шындығын айшықтап, поэманың поэтикалық қуатын, көркемдік құндылығын арттыруға қызмет етеді. «Желтоқсан көтерілісіндегі» тарихи оқиғаны өлең сөз жанрында өзіндік стильмен жазу, жеткізу, интерпретациялау арқылы тарихи шындық пен көркем шындық ұғымын бір бүтін контексте тамаша үйлестіре білген.

Жалпы баянды азаттығымыз, тұғырлы тәуелсіздігіміздің алғашқы баспалдағы – қасіретті «Желтоқсан көтерілісі», оның қаһармандары жайында аз айтылып, жазылып жүрген жоқ. Қылышынан қам тамған, Құдайсыз қоғамның насихатшысы, келмеске кеткен Кеңес үкіметінің отаршылдық әміршіл-әкімшіл жүйесіне қайсарлық, табандылықпен қарсы шыққан қазақ жастарының ерлік, өрлік рухы, құрбандығы арқылы қол жеткізген азаттығымыз, «Желтоқсан көтерілісі»,  оның қайраткер тұлғалары «мәңгілік» тақырыптардың бірі. Тарихтың ақтаңдақ парақтарының бірі ретінде өз бағасын толық ала алмай жатқаны да жасырын емес. Бірақ «Алмас қылыштың қын түбінде жатпайтыны» белгілі. Ақиқат алмас кездік тәрізді «жарқ етіп» шығып, әр дәуірдің перзенттері өздерінің азаматтық үнін білдіріп, өз бағасын беретіні кәдік.

Шығармашылық өкілдері өз ұлтының руханиятының, тарихи процесінің шырақшылары. Себебі ел тарихын қоғам өмірінде болып жатқан барлық құбылыстар бұл жандардың назарынан қалыс қалған емес. Қаламгерлер (ақын, жазушы, драматург), суретші-мүсіншілер, сазгерлер және тағы басқа өнер иелері аталған мәселелерге араласып, таным деңгейінде үнін қосатыны белгілі.

Ақын С.Сағдолдин да желтоқсан қасіретінің тарихи шындығын, ақтаңдағын көркем танымның пайымымен зерделеп, кестелі тілмен өрнектеп, тарихи-хронологиялық дәйекті деректермен әйдіктеп жеткізе білген. Кең тынысты эпикалық деректі дастанның туындыгерін эпик ақын ретінде де таныдық. Ендігі кезекте, эпик ақынның «Желтоқсан қаһармандары» атты деректі дастанын эстетикалық құндылық категориялары тұрғысынан зерделеп, тарихи шындық пен көркемдік танымның (шешімнің) үйлесімін пайымдасақ. Жоғарыда эстетиканың: әсемдік, асқақтық, трагедиялық, комедиялық, ұсқынсыздық, құлдыраушылық, сұмдық, бейберекеттік, үйлесімділік деген құрамдас бөлшектеріне арнайы тоқталып өткенімізді оқырман қауым жақсы біледі.

Деректі дастанында ақиқаттың ақ байрағын көтере білген эпик ақын С.Сағдолдин өзінің поэмасында:

...Азаттық таңын 300 жыл,
Аңсаған елім кешегі.
Құлдықтын киіп қамытын,
Кетірген талай есені.
Адам айтса нанғысыз..., - деп, тарихи шындықты арқау етеді. Көп жағдайда тәуелсіздік мәселесін Кеңес үкіметінің құрамына енген кезеңмен байланыстыратынымыз жасырын емес. Бірақ қазақ халқының патшалық Ресейдің бодандық бұғауға түскен XVIII ғасырдың отызыншы жылдарынан (дәлірек айтсақ, 1731 ж.) басталып, XІX ғасырдың алпысыншы жылдарында бұл үрдістің аяқталғанын тарихи деректерден білеміз. Бодандық қамыт қазақ халқының барлық бағыттағы еркіндігіне тұсау салды. Академик-жазушы М.Әуезов ұлттық әдебиеттану ғылымында «Зар заман» деген ұғымды (терминді) енгізіп, олардың шоғырлы өкілдері ретінде: Дулат Бабатайұлы, Шортанбай Қанайұлы, Мұрат Мөңкеұлы, Әбубәкір Кердері, Албан Асан, т.б. атайды. Дала данышпандары саналған бұл марғасқалардың шығармашылығы патша өкіметінің отаршылдық саясаты, езгісіне қарсы қуатты құрал ретінде бағытталды. Туындыгер С.Сағдолдин аталған тарихи деректі поэмасында отаршылдық езгінің сексен жылға жуық уақыт бойы емес, оның тарихы осыдан үш ғасыр бұрын басталғанын сөз етеді. «Зар заман» ақындары өкілдері мен сөз зергері С.Сағдолдиннің туындыларындағы үндестік, ой сабақтастығы, тарихи шындықтың көркем таныммен берілуі бекер емес. Себебі тәуелсіздік ұғымы қазақ халқының әрбір перзентіне қымбат құндылық.

Мың тоғыз жүз сексен алты,
Жыл көктемі наурыз.
Өшпестейін соңына,
Салып кетті ауыр із.
Әміршіл, өктем билік күш,
Соқтырды құйын-дауылды...
...Табаннан өтті ызғар, сыз.
Он алтыншы желтоқсан,
Қонаев түсті тағынан.
Билігі кетті қолынан,
Басым боп соры бағынан...
...Он жетінші желтоқсан,
Қыс ызғары табанда,
Наразылық шеруін,
Бастады жастар алаңда..., деп тарихи мәні бар деректі даталарды «сөйлете» отырып, тарихи шындықты көркемдік қалыпқа салып жеткізеді. Сондай-ақ /Мың жеті жүз жиырма жас, Қалғаны ажал оқпанда/;  /Кінәсіз кінә арқалап, Екі жүз ұл, қыз сотталды/; /Сегіз мың бес жүз жас жанды, Қапасқа тергеп тыққаны/; / Мың тоғыз жүз тоқсан бір, Жылында бақыт таңы атты/; / Азаттық таңын 300 жыл, Аңсаған елім кешегі/; / Жиырмасыншы ғасырдан, Еншіміз алған азаттық/; / Отыз үш толды теңдікке, Тер төгіп жеткен бақ таңға/ деген тармақтардағы деректік мәні бар жылдар мен сандардың берілуі бұл поэманың тарихи шындығының аппаратын айшықтап тұр. Аталған деректерді эпик ақын С.Сағдолдин тарихи-хронологиялық реттілік жүйесімен пайдалана білген. Бұл сөз зергерінің тарихшы ретіндегі тағы бір қырын айғақтайды.

...Қаңғып келген шүрегей,
Орнына Колбин орнықты.
Жаралғанда уызға,
Жарымаған қағынан... аталған жыр жолдары арқылы ақын С.Сағдолдин поэмадағы сұрқай кейіпкердің ішкі-сыртқы болмыс, бітімін, мінез-құлқын, ұсқынсыз портреттік сипаттамасын шебер түрде береді. Демек бұл тармақтардан эстетикалық категорияның бірі – ұсқынсыздық құбылысын аңғарамыз. Сонымен қатар дастанға арқау болған кейіпкер Колбиннің комедиялық (бұл да эстетикалық категорияның бірі) бейнесін «шүрегеймен» паралелль қою арқылы, метафоралық тәсілмен жеткізеді.

Ұсқынсыздықпен тақтілес (бірақ ұқсамайды) категорияның бірі – құлдыраушылық. Өнердің бір түрі саналатын сөз өнеріндегі тарихи шындықты, көркемдік, поэтикалық жүйенің әлеуетін, кейіпкерлер галереясының болмысын ашуда, жеткізуде эстетикалық категориялар айрықша рөл атқаратын факторлардың бірі.

...Санаспады халықпен,
Солақай, соқыр саясат.
Таптады адам құқығын,
Өктемдікпен табанға... деген шумақ құлдыраушылық ұғымына мысал бола алады. Халық сенім артқан, арқа сүйеген идеология, билік өкілдерінің рухани тұрғыдан құлдырағанының көрінісін ащы, ажуа тілмен сарказмдық тұрғыдан шенейді.

...Айып тақты, кінәләп,
Нашақор, бұзық, мастар деп.
Жазықсыз жас жандарын,
Жазалады қинады.
Карақшы, бұлар қаскүнем,
Өкіметке қастар деп.
Мұздай қару құрсанған,
Қара күш шойын білектер.
Шыққанды алдан шынғыртты,
Арматур, сапер, күректер.
Сұп-суық сумен атқылап,
Аяусыз соқты жастарды.
Айуан пенде, тоң мойын,
Өңшең қара жүректер.
Қазақтың ару қыздары,
Жұлынды шашы, басылып,
Қарусыз қайран ете алмай,
Аяққа ары тапталып,
Бас жарылып көз шығып,
Жатса да жан жоқ, жан аяр,
Қанішер, қансыз қанпезер,
Қан төкті, судай ақтарып.
Астаң-кестең дүние,
Кеңірдек қолда керіскен.
Өмір мен өлім айқасы,
Жан алып, жан беріскен.
Шыңғырған үннен шытынап,
Жарылды алаң мұздағы... деген жыр жолдары арқылы эпик ақын С.Сағдолдин қазақ жастарының сол кезеңдегі ауыр қасіретін сұмдық пен бейберекеттік (хаос) категориясы тұрғысынан жеткізіп, тарихи шындықты көркем таныммен сипаттайды.

...Желтоқсан суық ызғары,
Желдетіп соғып, терістен.
Қатігездікпен аяусыз,
Қинады, азап шектірді.
Өрімдей жалын жастарды,
Қып-қызыа қанға бөктірді.
Тоғытып малша көлікке,
Лақтырып қала шетіне.
Тастаған шақта жалаңаш,
Кеудеге ыза, кек тұнды.
Кек тұнды жүрек түбіне... Қазақ жастарының зұлматқа толы ахуалы эстетиканың бір категориясы – трагедиялық сипат арқылы ақын поэмасында көрініс береді.

Эпик ақын С.Сағдолдиннің деректі дастанындағы:

... «Елім» деп соққан жүрегі,
Намысты, арлы, ибалы.
Жастарым бейбіт шеруде,
Тәртіпті, заңды сыйлады...
...Қатігез күштен қаймықпай,
Қатерге тіккен бастарын.
Қайрат, Ербол, Ләззат,
Сәбира сынды жастарым.
Ерліктің жақты алауын,
Елімнің, батыр ұл-қызы.
Аласартпады адамдық,
Ар-намыс биік асқарын... деген жолдарынан эстетикалық категорияның әсемдік, асқақтық деген өлшемшарттарының мысалын байқаймыз. Қазақ халқының үш жүз жылдық бодандық бұғауының үзілуіне себепкер болған: Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира және өзге де көптеген желтоқсаншы-ұлт қаһармандарының биік болмысы, қайсар мінезі, өрлігі, ерлігіндегі тарихи шындық деректі поэманың алтын арқауы, жауһар жүлгесі. Тарихи шындық, көркемдік құбылыс, әдеби, ғылыми теориялық әдіс-тәсілдер, эстетикалық категориялардың барлығы шығарманың сапасы, поэтикалық қуаты үшін қызмет ететін факторлар, қосымша құралдар ғана екенін қаперімізден шығармауымыз керек. Туындыгердің хәкім, ақын Абай айтқандай, «қиыннан қиыстыра білу ерлігі, даналығы» ізденісі, тәжірибесі, машық, дағдысына байланысты болады.

Деректі дастанның шарықтау шегі, көркемдік шешімі, прологы:

...Ынтымақ, бірлік, достастық,
Елдіктің – ұлы ұйытқысы.
Бейбіт өмір тыныштық,
Тәуелсіздіктің жемісі.
Ендеше, елім қазағым,
Асудан асқар аса бер.
Өркениет еліне,
Қарыштап, қадам баса бер.
Тәуелсіз елдік тұғырың,
Биіктей берсін болып төр,
Баянды болсын бақытың,
Көркейіп мәңгі жасай бер!... деген жыр жолдары арқылы үйлесімділік (эстетикалық категорияның тағы бір құрамдас бөлігі) категориясымен тәмамдалады. Сонымен қатар әсемдік, асқақтық құндылықтары да поэманың соңғы шумақтарында өзара сабақтастықта тамаша үйлесім табады.

Қорыта келгенде, кең тынысты эпик ақын С.Сағдолдиннің «Желтоқсан қаһармандары» деген деректі поэмасы ұлтымыздың әдебиетіне қосылған тәлімдік-тағылымдық, патриоттық мәні терең құнды туынды деп пайымдаймыз. Тұрлаулы тарихы бар қазақ халқын тәуелсіздікке жеткізген желтоқсан қаһармандарының тарихи ерлігін насихаттайтын рух жыры. Ел бақыты жолында өмірлерін арнап, шейіт болған желтоқсаншы-боздақтарға, қазіргі таңда халқының азат өмірінің куәсі болып, өздері де баянды ғұмырдың  иелері болған өзге де желтоқсаншы-қаһармандардың құрметіне арнайы жазылған рухани ескерткіш. Халқына бергенінен беретіні әлі де мол сөз зергері, ұлт руханиятының шырақшысы, елінің ақылман тұлғасы Сайлаухан Сағдолдинге қуатты денсаулық, шалқар шығармашылық шабыт тілейміз! Асқары аласармай, биігі бәсеңдемей, «Музасымен» (өмірлік серігі, біздің ақ әжемізбен) бірге ғасыр ғұмыр сүріп, ұрпақтарының қызық-рахатын көріп, ел руханиятына қызмет ете беруіне шын жүректен ниеттеспіз!

Мақаламызды эпик ақын Сайлаухан Сағымұлы Сағдолдинның: «Алшаң басып жүргеніміз қаһарман ұл-қыздарымыздың, жаужүрек батырларымыздың арқасы емес пе!? Желтоқсан қаһармандарын жыл бойы жырласақ та артық емес, өйткені осы тәуелсіз, бақытты өміріміз үшін біз оларға мәңгілік қарыздармыз!» деген тұжырымымен тәмамдаймыз.

Дәурен Бақдәулетұлы,

әдебиет зерттеуші, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1963