Жұма, 11 Шілде 2025
Деп жатыр 351 0 пікір 11 Шілде, 2025 сағат 13:25

Бұрынғы КСРО елдері Ресейден алшақтап жатыр...

Сурет: news.sb.by сайтынан алынды.

Соңғы айлар Кремль идеологтарының кәуедей басын қазандай етіп, алашапқын күйге түсірген оқиғалар тізбегіне толы болды десек қателеспейміз. Бұл өз кезегінде Мәскеудегі саяси-технологтар мен идеолоргтарды алаңдатпай қоймады. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталы жазды. 

«Посткеңестік елдер – Армения, Әзірбайжан, Қазақстан уысымыздан шығып бара жатыр», - деп дабыл қағып: «жағдайды бақылаудан шығармаудың жалғыз жол – қатал шаралар», - деп іске кірісіп кетіпті.

Ресейлік БАҚ-тар Кремльдің жұмсақ күшінің жаңа жұмыс жоспарларын жазып-тарата бастаған. Бұрынғы КСРО құрамында болған елдермен жұмыс жүргізу жоспарын жаңартудың екі негізгі себебін жіпке тізіп жазады.

Ресей идеологтары: «Армения мен Әзірбайжан жүйелі дағдарыстың көрсеткіштеріне айналды. Ресейдің посткеңестік кеңістіктегі ықпалы өзара іс-қимылдың нақты механизмдеріне емес, кеңестік инерцияның қалдықтарына негізделген. Күні кеше ғана стратегиялық серіктес деп танылғандардан да айырылып жатырмыз. ТМД елдері енді Ресейді орталық ретінде қабылдамайды. Біздің дипломаттар 90-шы жылдардың тәсілдері бойынша жұмыс жасауда. Ал бәсекелестеріміз ықпалдасудың жаңа әдістеріне көшкен», - деп шуылдауда.

Осылай деген Ресей идеологтары посткеңестік кеңістіктегі негізгі бәсекелестері ретінде – Батыс пен АҚШ-ты, Түркия мен Қытайды атайды.

«Батыс – қоғамдық ұйымдар мен білім саласы арқылы әрекет етуде. Ал Түркия – пантүркизм идеологиясын күшейтуде. Қытай – инфрақұрылымдық жобалар арқылы өз ықпалын күшейтуде», - дейді. Дейді де: «Бұл жағдай Ресейге ықпал етудің жаңа тәсілдерін, ықпалдасу тетіктерін әзірлеуді және тиісті мамандарды даярлауды талап етеді», - деп жазады.

РЕСЕЙ ЫҚПАЛЫН ҚАЙТАРУДЫҢ 4 БАҒЫТЫ

Ресей идеологтары посткеңестік кеңістіктегі ықпалын сақтаудың немесе қайтарудың 4 негізгі бағытын атап жазады.

Бірінші: «Ақпараттық арнайы жасақ» құру. Бұл бойынша мынадай қадамдар қарастырылған:

1 – жергілікті тілде желілік медиа құру.

2 – жергілікті элита ішінен іріктеп-таңдап, «ықпал етуші агенттер» жасақтау.

3 – білім саласында ықпал ету тетіктерін көбейту.

Екінші: «Экономиканы қару ретінде қарастыру». Бұл бойынша келесідей жоспарлар түзілген.

1 – қайтарымсыз көмекті тоқтату.

2 – кез келген таңдауды саяси мүддемен байланыстыру.

3 – инфрақұрылымдық жобалар арқылы тәуелділікті арттыру.

Үшінші: «Дипломатияның жаңа тәсілі». Бұл бойынша келесідей жұмыстар жоспарланған:

1 – жергілікті жағдайға бейімделген жаңа кадрлер дайындау.

2 – кез келген қауіп-қатерге дер уағында жауап қату.

3 – «қызыл сызықтар» жүйесін енгізу. Одан аттап кетсе, дереу санкция салып, тәртіпке келтіру.

Төртінші: «Идеологиялық ықпалды артыру». Бұл бойынша мынадай жұмыс жоспары әзірленген:

1 – орыс өркениеттік модельінің нақты тұжырымдамасын іске асыру.

2 – көрші елдерде Ресей мүддесіне адал саяси элита даярлау.

3 – ортақ платформалар мен форматтар арқылы мәдени экспанцияны арттыру.

Осылайша Ресей идеологтары посткеңестік кеңістіктегі ықпалын күшейтудің жоба-жоспарын әзірлепті. «Алдағы 2-3 жылда Ресей посткеңестік кеңістіктегі ықпалын арттыратын болады, немесе аталған аймақтан біржола айырылады», - дейді Мәскеудегілер.

Түйін: Қауіп еткеннен айтамыз, Ресей идеологтарының бұл жоспарына посткеңестік елдер ылдым-жылдым қарсы шаралар даярлауы керек. Ресейдің «Ақпараттық арнайы жасағы» еліміздің ақпараттық кеңестігінде еркін тойтаңдауына әсте жол беруге болмайды! Бұл мемлекет үшін өте-мөте қауіпті. Сол себепті, Қазақстанның күштік құрылымдары әрекет етуі тиіс деп есептейміз.

Abai.kz

0 пікір