Жексенбі, 22 Желтоқсан 2024
Аласапыран 1498 36 пікір 13 Желтоқсан, 2024 сағат 14:59

Париждегі кездесу: Трамп пен Зеленский не сөйлесті?

Сурет: Piroschka Van De Wouw / Reuters.

Әлгінде Парижде АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Трамп пен Украина президенті Зеленский һәм Франция президенті Макрон үшжақты кездесу өткізгенін білесіздер. Бұл кездесуді президент Макрон ұйымдастырып, тараптар Ресей-Украина соғысын келіссөз арқылы реттеу жөнінде пікір алмасқан.

«Reuters» агенттігі жуырда аталған кездесуге қатысты бірсыпыра ақпараттарды сарап қылыпты. Агенттік дерегінше, аталған кездесуде Макрон мен Зеленский «бірауызды» болған, бірақ Трампты «өзекке теппеуге» тырысқан. Ал Трамп өзін «достық құрметпен емін-еркін» ұстап, аз сөйлеп, көп тыңдаған. Трампқа жақын бірнеше дереккөздің айтуынша, Трамп одан әрі қалай әрекет ету керектігін шешу үшін өзара түсіністік орнатуға ұмтылған.
Трамп, Зеленский мен Макрон 35 минут бойы кеңесшілерсіз сөйлескен. Олар Ресей-Украина соғысын бейбіт жолмен реттеудің нақты мәселелерін талқыламаған. Бірақ Трамп оқ атуды дереу арада тоқтатуды және келіссөздер жүргізуді қолдайтынын қайталап айтқан.

«Кездесу барысында кейбір түйінді жайттар талқыланған. Мысалы, бейбітшілік үшін Украинаға кепілдіктер қажет, себебі соғысты уақытша тоқтату жеткіліксіз. Путин бұл үзілісті бұрынғыдай әп-сәтте бұзуы мүмкін», - деп жазады «Reuters» агенттігі.

Макрон мен Зеленский кездесу барысында өз көзқарастарын білдіріп, АҚШ қолдауынсыз Киевке өте қиын болатынын айтқан.

Украина Президентіне жақын шенеунік «Reuters» агенттігіне пікір білдіріп: «Президент Зеленский: «Путин халықаралық аренада тек Трамптан және Қытайдан ғана қорқады», деп бекер айтқан жоқ. Сондықтан берік бейбітшілікке қол жеткізу үшін Вашингтон «шынымен де күшті» болуы тиіс», - дейді.

Макрон мен Зеленский аталған кездесуде Трампқа: «2024 жылғы Путин 2017 жылдағыдай күшті емес», - деп айтқан.

Бұған дейін Доналд Трамп Парижде өткен келіссөздерден кейін, Ресей-Украина соғысын тоқтату туралы келіссөздерді бастауға шақырған болатын.

Кремль: «Ресейде келіссөздерге жол ашық», - деп жауап берді, бірақ ол үшін Владимир Зеленский Украинадағы Ресей басшылығымен кез келген байланысқа салынған тыйымды алып тастауы тиіс.

Трамп Париждегі кездесудің қорытындысына түсініктеме бере отырып, «New York Post» газетіне берген сұхбатында Зеленский «бейбітшілікке дайын» екенін айтып: «Путин жеңіліп қалды», - деп сөйлеген.

Әбіл-Серік Әліакбар

Abai.kz

36 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 1961