Үшінші дүниежүзілік соғыс басталды ма?..
Ресей мен Украина арасындағы үш жылға жалғасып жатқан қанқасап соғыстың 2025 жылы қалай өрбитініне қатысты сарапшылар пікірі әрқилы. АҚШ-тың жаңа сайланған президенті Доналд Трамп 2025 жылы Ресей президенті Владимир Путинмен жолығңатынын мәлімдеді. Талқыланатын басты тақырып – Украинадағы соғысты тоқтату болмақ.
Біз бүгін өткен аптадағы Украина соғысына қатысты маңызды ақпараттарға шолу ұсынамыз...
РЕСЕЙ АҚШ-ТЫ ЖЕКПЕ-ЖЕККЕ ШАҚЫРДЫ
«Ресей өз қару-жарағының күшіне және олардың ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету қабілеттілігіне сенімді», - деп мәлімдеді РФ СІМ басшысының орынбасары Сергей Рябков. Ал Ресей көшбасшысы Владимир Путин «Орешник» пен АҚШ-тың әуе шабуылына қарсы қорғаныс кешендерінің арасындағы болжалды жекпе-жегі туралы мәлімдеп: «Келіңдер, қаруларымызды сынайық. Кімдікі мықты екенін көрейік», - деп сөйлеген.
Ресей СІМ өкілі: «Президент бәрін айтты. Біз өз қаруымыздың күшіне сенімдіміз, олардың көмегімен біз әрқашан өз қауіпсіздігімізді қамтамасыз етеміз», - деді.
Жақында өткен баспасөз мәслихатында президент Путин ресейлік «Орешник» зымыранына күмәнданған батыстық сарапшыларға қарата: «Дуэль жасайық. Ол үшін Батыс Киевте жойылатын нысанды таңдап, онда әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерін шоғырландырсын. Көрейік, біздің «Орешникті» ұстап қалса», - деген еді.
ҚАЗАНҒА СОҚҚЫ: ПУТИН «ҚАРСЫЛАСТАРЫНА» СЕС КӨРСЕТТІ
Өткен аптаның аяғында Украина Ресей субьектісі саналатын Татарстанға соққылаушы дрондармен шабуыл жасады. Ресей президенті Путин бұл туралы былай деп пікір білдірді: «Біздегі бірдеңені бұзуға кім, қанша тырысса да, ол бұл әрекеті үшін жауап беретін болады. Біздің елде бүліншілік жасауға тырысатынына өкінеді», - деді.
Сондай-ақ, Владимир Путин Татарстан басшысы Рустам Миннихановқа сөз арнап, өңір билігінің «Қазанда қарсыластар зақымдаған барлық нәрсені қалпына келтіретініне» сенім білдірді.
Миннихановтың мәліметінше, Қазанға шабуыл жасаған 8 соққылаушы дронның үшеуі қорғаныс өнеркәсібі кешенінің нысандарын көздеген. Қалған дрондар тұрғын үйлерге түскен.
ҮШІНШІ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК СОҒЫС: ПУТИН НЕ ДЕЙДІ?
«Ресейдің «қарсыластары» жағдайды шиеленістіруге тырысуда, бірақ ел-жұртты үшінші дүниежүзілік соғыспен қорқытудың қажеті жоқ», - деп есептейді РФ президенті Владимир Путин.
Кремль журналисі Павел Зарубин Путиннен: «Үшінші дүниежүзілік соғыс басталды ма», - деп сұрады.
Оған президент Путин: «Ешкімді қорқытудың қажеті жоқ, қауіптер көп, олар өсіп келеді. Біздің қарсыласымыз бүгін не істеп жатқанын көріп отырмыз. Жағдай ушығып барады. Егер қаласа, олар нашар өмір сүргілері келсе, одан әрі өршеленсін», - деп жауап берді Путин.
Путин 1853-1856 жылдардағы Қырым соғысын да еске алды. Ол кейбір тарихшылар мен мамандардың Қырым соғысын «Нөлдік дүниежүзілік соғыс» деп атайтынын атап өтті.
«Нөлдік дүниежүзілік соғыста барлық дерлік еуропалық державалар Ресейге қарсы қатысты. Осының бәріне қарамастан, жағдай өзгерді, Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңі басталды, онда бізге қарсы соғысқан елдер біздің одақтастарымыз болып шықты. Барлығы өзгеруде, тек Ресей мен оның халқының мүддесі өзгеріссіз қалады», - деді ол.
Қырым соғысы кезінде Ресей империясы еуропалық мемлекеттер мен Осман империясының коалициясымен соғысты. Соғыстың негізгі және ең қатал жауынгерлік әрекеттері Қырымда болды. Соғыс Париж келісіміне қол қоюмен аяқталды. Ресей Дунай мен Кавказдағы аумақтық сатып алуларынан, сондай-ақ Қара теңізді бейтараптандыру туралы тармақтардан айырылды, оның акваториясында әскери флотты ұстау құқығынан айырылды.
РЕСЕЙГЕ ҚАРСЫ ЖАҢА САНКЦИЯЛАР ДАЙЫНДАЛУДА
Еуроодақ 2025 жылдың ақпанында Ресейдің Украинаға қарсы соғысының басталғанына үш жыл толуына орай Ресейге қарсы жаңа санкциялар пакетін енгізуді жоспарлап отыр.
Бұл санкциялардың 16-шы пакеті болады. ЕО дипломаттары атап өткендей, шаралар «Мәскеуге нақты белгі беруге» бағытталған. Пакет шеңберінде ресейлік экономиканың «әлі күнге дейін қозғалмаған немесе жеткілікті дәрежеде қозғалмаған» нақты секторларына қарсы айыппұл шаралары көзделген.
Бұдан басқа, жаңа пакетке «ресейлік режимнің насихатшылары» болып саналатын және Украинаның аумақтық тұтастығына нұқсан келтіруге жауапты жеке тұлғалар мен ұйымдарға қарсы қосымша санкциялар енгізіледі.
НЕМІС ӘСКЕРЛЕРІ УКРАИНАДА ТӨБЕ КӨРСЕТЕ МЕ?
Германияның қорғаныс министрі Борис Писториус «Funke медиа» тобына берген түсініктемесінде: «Соғыс аяқталғанша Украина жерінде неміс солдаттары болмайды», - деді.
Сонымен қатар, ол: «Жауынгерлік әрекеттер тоқтатылған жағдайда әскерилерді жөнелту мәселесі қаралуы мүмкін, - деп болжады.
Министр Германия ірі экономика және Еуропадағы НАТО-ның жетекші елі ретінде бейбітшілік қалпына келген жағдайда «сыртта қала алмайтынын» атап өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Еуропада соғыс аяқталғаннан кейін Украинаға бітімгершілік миссиясын жіберу мүмкіндігі белсенді талқылануда.
Әбіл-Серік Әліакбар
Abai.kz