Жұма, 27 Желтоқсан 2024
549 0 пікір 26 Желтоқсан, 2024 сағат 16:10

Ақтаудағы ұшақ апаты: Әшімбаев пен Бектенов не дейді?

Ақтау маңындағы ұшақ апатына байланысты түрлі жорамал айтылуда. Әлеуметтік желіде тараған фото және видеоларға байланысты желі қолданушылары сан түрлі нұсқаны атауда. Ұшақтың техникалық ақауының болуы, ұшақтың құстармен соқтығысуы, ұшаққа дрон немесе әуе қорғаныс жүйесінің шабуыл жасауы және басқа нұсқалар айтылуда.

Мамандар ұшақ апатының нақты себебін анықтау үшін уақыт пен сараптама қорытындыларын күту қажет екенін айтты. Ұшақ апатын зерттеуге Қазақстан, Әзербайжан, Ресей мамандары мен халықаралық сарапшылар қатысады. Ұшақ апатының себебін анықтау мақсатында қара жәшікті оқу, тірі қалған жолаушылардан және ұшақ экипажынан апатқа қатысты пікір алу, әлеуметтік желіде жарияланған фото және видеоларды сараптамадан өткізу, ұшақтың әр бөлшегін қарастыру және басқа іс-шаралар жүзеге асырылуда.

Қайғылы оқиғаға байланысты билік өкілдері де пікір білдіруде. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Azerbaijan Airlines компаниясының ұшағының апатына байланысты: «Әуе апатының, ұшақтың зақымданған тұстарының және бұл қайғылы оқиғаның нақты себебі әзірге белгісіз. Арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Қазақстанның, Әзербайжаннның, Ресейдің тиісті органдары жұмылдырылған. Бұл елдердің өкілдерімен бірге біздің мамандарымыз да жұмыс істеуде. Фотоға қарап бірден шешім шығарып, бұл осындай әрекеттің салдарынан деу немесе тағы басқаны айту бұл - негізсіз мәлімдемелер, спекуляция», - дейді.

Ол мамандардың ұшақ апатына байланысты пікірлеріне құлақ асып, қорытындыны күту керектігін айтты. Дәлелсіз долбарлар мен негізсіз жорамалдар жасамауға шақырды.

«Комиссия, мамандар, сарапшылар жұмыс істеуде. Олар барлығын қарайды, өздерінің қорытындыларын жасайды. Қазақстан да, Әзербайжан да, Ресей де ақпаратты жасырып қалуға ниетті емес. Барлық ақпарат қоғамға ашық жеткізілетін болады. Оған қатысты ешкімде күмән болмауы тиіс. Мамандарға қорытынды жасауға мүмкіндік беру керек және оны азаматтарға жеткізу қажет», - дейді Әшімбаев.

Ұшақ апатына байланысты комиссияны басқаратын вице-премьер Қанат Бозымбаев апаттың себебіне қатысты тұжырым жасауға әзірге ерте деген ойда. «Алдын-ала мәлімдемелер жасай алмаймын. Тіпті болжамды тұжырым жасауға да ертерек. Мән-жайды анықтап жатқан мамандар бар», - дейді ол.

Ұшақ апатынан кейін ел премьері Бектенов те пікір білдірді. Ол авиациялық қауіпсіздікті күшейту керектігін айтып, тапсырма берді. «Бірінші кезекте жоспардан тыс тексеру жүргізу және әуежайлардың, әуе кемелерінің техникалық жағдайын ерекше бақылауға алу қажет. Өткізіліп отырған іс-шаралар шеңберінде отандық авиакомпаниялар экипаждардың біліктілігін, рұқсатнамаларын және құзыретін қайта тексеру керек. Сонымен қатар әуе оқиғаларына жедел ден қою мақсатында апаттық-құтқару жұмыстарын жетілдіру және мүдделі мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажет. Орын алған жағдайдан осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін нақты ұсыныстарды әзірлей отырып дұрыс қорытынды шығару керекпіз», — дейді ол.

Ақтау маңындағы ұшақ апаты 2024 жылдың 25-желтоқсанында болды. Ұшақ бортында 67 адам болған. Апаттан 29 адам тірі қалды.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

46 - сөз

Тибет қалай Тәуелсіздігінен айырылды?

Бейсенғазы Ұлықбек 2052